XVIII ҒАСЫРДА ТАРХАНДЫҚ ИНСТИТУТТЫҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДА ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛУЫ

Академик М. Қозыбаев «Өркениет және ұлт» деген кітабында: «Отан тарихында ең зәрулі проблема – оны тарихи қайраткерлермен тұлғалау. Күні кешеге дейін жеке адам мен халықтың қатынасы толық ашылмай келді. «Қайраткерлер» ұғымы қызметкерлер, мансап иесі дәрежесіне төмендетілді. Қайраткер – жасампаз адам, жоқтан бар жасаушы, өз мүддесін халық мүддесімен қабыстырып, өз халқының өркениеті көгінде жарастырушы болса керек», – деп жазған болатын. Тұлға тарихын зерттеу, олардың қазақ қоғамындағы алатын орны мен қазақ халқының отаншылдық елжанды тарихының тағылымына қосқан үлесін саралай отырып зерделеу, тағылымдық жақтарын ашып көрсету, бағалау бүгінгі күні тарихымыздың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Қазақ тарихындағы мемлекеттілік, оны басқару жүйелері дала демократиясына негізделгені белгілі. Хандық жүйедегі дала демократиясы билеуші жанындағы билер, батырлар, тархандар сынды әлеуметтік институттардың ел билеу ісіне араласуына жол ашты.

Ресей патша өкіметі XVIII ғ. 40- шы жылдарынан бастап, қазақ қоғамына ортағасырлық түркілік қайта жаңғыртылған тархандар институтын енгізді. Белгілі ғалым Ермұхан Бекмахановтың дерегінше, тархандық шен феодалдың көрнекті өкілдеріне мемлекет алдындағы аса бір атқарған қызметтері үшін берілген. Тархандар қазақ қоғамының феодалдық билік басындағылар тобына жатқызылып қоғам өмірінде ерекше артықшылығы болды.

ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Ресей патшалығы империялық отарлау саясатын Орта Азияға қарай бағыттай бастады. Отарлаудың алғашқы белгілері бодандық ноқтасын киген елдердің саяси жүйесі мен мемлекеттік құрылымдарын реформалау ісінен басталды. Ресей патшалығы бұл саясатты алдымен башқұрттар қоғамында жүргізді. Башқұрттарға тархандық грамотаны үкімет пайдасына елшілік мәмілегерлік тапсырмаларды орындағаны үшін берілген. Мәселен, Кіші жүз қазақтарының Ресей протектораттығын қабылдауындағы орыс елшілігінің құрамында болып, Әбілқайыр ханмен жүргізген келіссөздер мен ханның депутациясын Петерборға апарып келген елшілік қызметі үшін башқұрт Таймас батырға және оның алты ұлына Ресей патша үкіметі тарапынан 1733 жылы 27 сәуірде ұрпағына мұраға кететін тархан атағы берілді. Сондай-ақ 1734 жылдың 24 желтоқсанында Алдар Есенгелдинге де Әбілқайыр ханды ұлысымен Ресей империясының құрамына енгізу жөніндегі сіңірген еңбегі үшін ұрпағына мұраға кететін тархан атағы берілді.

Башқұрттардың белгілі азаматтарына тархандық атақ беру тәжірибесін қазақ қоғамына да енгізуге болатынын түсінді. Патша үкіметінің таңдауы Әбілқайыр хан жанындағы елге беделді би-батырлар ішінен Орта жүздің Арғын руының ру басы Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы мен Кіші жүздегі Жетірулықтардың ру басы Тама Есет Көкіұлына түскен. Ресей патша өкіметі тархан атағын 1742 жылдың 26 тамызында Шақшақ Жәнібекке берді. Шақшақ Жәнібекке берілген тархандық ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тархандық. Мұндай тархандық жағдайында тарханның баласы да тархан аталып, әкесінің тархандық құқықтық пәрменділігін пайдалану құқы берілген. Жәнібек тарханның немересі Мұса Дәуітбайұлы да мұралық жолмен тархан атағын иеленген. Ал, Жәнібек тарханның шөбересі Шеген Мұсаұлы 1848 жылдың желтоқсан айында мұралық жолмен берілуге тиісті тархандық атағын беруін сұрағанымен, патша үкіметі оған тархандық атақ бермеді.

Көне түркілік «тархан” дәрежесі XVІІІ ғасырда Жоңғария мемлекетінде барынша көрініс табады. Жоңғар билеушісі Қалдан Серен Абылай сұлтанды тұтқынынан босатудағы келіссөздер нәтижесінде Арғын Малайсарыға 1743 жылы тархандық грамота береді. Ресей мен Жоңғар билеушілері қазақтың Орта жүзіне өздерінің саяси ықпалын жүргізу мақсатында тархандық грамоталарын жарыса бере бастаған. Бір ғажабы Шақшақ Жәнібектің Ресейден, ал Малайсарының Жоңғариядан «тархан” атағын алуы қатар болған.

Патша үкіметі 1743 жылы 3 шілдеде Кіші жүзден Тама Есетке тархан атағын берді.

1755-1756 жылғы башқұрттардың ұлт-азаттық көтерілісіне дайындық кезінде башқұрт көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Бурзян болыстығының старшыны – Бекболат Арқаев қазақ тарханы – Тама Есет бастаған Жетірулықтар ауылдарымен байланысып, қазақ-башқұрт бірлесіп патша үкіметіне қарсы көтеріліске шығуға өзара құпия келіссөздер жүргізеді.

1755 жылы башқұрттың атақты тарханы Жұмағазының ұлы Бердіғұл тархан өзіне қарасты 100 қосын отбасымен Жетірулықтар аулына келген. 1756 жылы патша үкіметі Бердіғұл тарханды ұстап әкетеді. Орынборда жүргізген «тергеу» кезіндегі азаптан башқұрт тарханы қаза болған. Деректер башқұрт-қазақ тархандарының жақсы қарым-қатынаста болғандығын және олардың көтерілісті ұйымдастыруда басшылық жасағандықтарын дәлелдейді.

Қазақ-башқұрт арасындағы қарым-қатынасты біржолата үзуді көздеген патша әкімшілігі отарлық саясаттың жүзеге асуына кедергі болған Есет тарханнан құтылу жолын «өздерінше» қарастырған.

1755-1756 жылдардағы башқұрттардың ұлт-азаттық көтерілісін басқан патша үкіметі 1757 жылы арнайы көтерілісті ұйымдастыруға қатысқандар мен күдіктілерді ұстап жазалауға бұйрық түсіреді. Мұнан кейін көп ұзамай қайтыс болған Есет тарханның қазасына патша үкіметінің қатысы болуы әбден мүмкін.

Орта жүз бен Қытай арасындағы оң қарым-қатынасты білген патша үкіметі оны қайткенде де бұзуға тырысты. Патша үкіметі қалайда қазақ-қытай қатынасын бұзу үшін, Абылай сұлтанға ақшалай, заттай сыйлықтар беру арқылы Қытай жағынан бас тартқызуды, Кіші жүз ханы Нұралыны Қытайға қарсы соғыс ашуға көндіруді А.Тевкелевке тапсырған. Осындай саясаттарын іске асыру мақсатында, тархан атағын беруді одан әрі дамыта түсуіне байланысты, патша үкіметі 1759 жылғы 9 қаңтарда Дәуітбай Жәнібекұлына тархан атағын берді. Тархандық институтты пайдаланып, саяси ықпал ету арқылы өз мақсаттарын жүзеге асыруды көздеді.

1760 жылы генерал-майор Вейморн Орта жүздегі Атығай Құлсары тарханнан Қошқарбай батыр тұтқындап отырған Ресей адамдардарын босатуға көмектесуін сұраған. Құлсары тарханға қытай мен монғол әскерлерінен төніп тұрған қауіп болса, бүкіл Орта жүзді патша үкіметінің қорғайтынын жеткізген. Бұл мәліметтер Құлсары тарханның қазақ-орыс қатынастарында тархандық грамотасын еркін пайдалануына мүмкіндіктер ашқандығын ал, патша әкімшілігінің қазақ-орыс қарым-қатынас мәселелерін тархандар арқылы шешуді ұйғарғандарын көрсетеді.

Патша үкіметі 1787 жылдың 19 қарашасында Сырым Датұлы мен Бөкенбай Тіленшіұлына бас старшындық атағымен бірге ұрпақтарына мұраға кететін тархан атағын беріп, Ресей патшайымының қолы қойылып патша сарайының мөрі соғылған тархандық грамотаны қоса тапсырады. Сырым Датұлы мен Тіленші Бөкенбайұлына ұрпағына кететін тархандық атағын берулерінің саясатына келсек:

— қазақ қоғамындағы сұлтандар институтының дағдарысын қолдан жасау мақсатында, өздері ХVІІІ ғ. 40 жылдарынан бастап дәстүрлі қазақ қоғамына енгізген тархандар институтын одан әрі дамыта түсті;

— тархандардың әлеуметтік статусын көтеру арқылы ақ сүйек өкілдері сұлтандардың дәрежесін қара сүйек өкілдері тархандармен теңестіру еді;- қазақ қоғамындағы дәстүрлі хандық биліктің мұрагерлерінің өкілдері сұлтандарға тархандардың дәрежесін теңестіруді қолдан жасап, сұлтандар дәуренінің тағдыры патша үкіметінің қолында екендігін сездіру болатын.

Тархандар тек өздеріне қарасты ауылдарға ғана жауапты болмады. Мысалы, 1788 жылы Сегізбай тархан Көлбекұлы, Сыпыра Қарабатырұлы, Көккөз, Тұрымбет билер бастаған ақсақалдар ордадағы барлық мәселеде кеңес беріп отыратын ақсақалдар билігі кеңесінің алқасын құраған.

Отаршылдық мүдделерін жүзеге асыру мақсатында Ресей тархандық институтты дамыта түсті. II Екатерина патшайым 1793 жылдың 28 ақпанында Кіші жүздегі Алаша руының биі Сыпыра Қарабатырұлының тархан атағын тану жөнінде грамота берді. Алаша руының биі Сыпыраға тархандық беру кезінде Сырым тархан бастаған көтерілісшілер мен патша үкіметі арасындағы шиеленіс және Сырым бастаған тархан-билер мен сұлтан-төрелер арасында өзара тартыс күшейді. Осы тұста, патша үкіметінің көздегені, Сырым тарханның серіктеріне тархандық шен беру арқылы оларға ықпал жасау болатын.

1799 жылдан бастап Бөкей сұлтанның Нарын құмын мәңгілік иеленуге рұқсат сұрап берген өтінішін 1801 жылғы 11 науырыздағы император І Павел қанағаттандырды. Ішкі Орданың құрылуына биліктегі топ өкілдері аса қуана қоймаған. Өйткені орыс шекарасына ішкері орналасу – патша үкіметінің Ішкі Ордаға әлеуметтік-саяси ықпалын күшейтеді. Ішкі билік пен басқару ісіне үкімет тікелей араласады. Ордалық би-сұлтандар бұрынғы дәстүрлі билік дербестігінің жойылатынын түсінген.

Сырым тарханның саяси ұстанымы хақында профессор Х. Әбжановтың: «Сырым Датұлы объективті қажеттіліктен дүниеге келген хандық билікті құлату үшін қол жиған жоқ, отарлаушылардың сойылын соғып, ақсүйектік, ұлтжандылық тарихи-табиғи болмысынан ажыраған Нұралы ханды нысанға алып, биліктен тайдырды»,– деген пікірі Сырым тарханның азаттық үшін күрестегі саяси көзқарасын анықтай түседі.

1806 жылдың 31 мамырында Кіші жүзде Хан кеңесі құрылды. Оның құрамына әр рудан 6 кеңесші кірді. Ереже бойынша: Хан кеңесіне шекарадағы барымта-бүліктерді болдырмай, тыныштықты қамтамасыз ету міндеттелді. Қандай да болмасын мәселелер Хан кеңесінде қаралуы тиіс болды. Империяның қазақ даласындағы отаршылдық саясатын Хан кеңесі арқылы заңды түрде жүзеге асыру еді.

1807 жылғы 16 қыркүйекте Орта жүздегі сұлтандар мен Мұса тархан, Меңдібай батырлар Бағланды қорғанының командирі полковник Петров пен тілмәш Юсуптың қазақтарға түрлі қысым көрсеткені туралы Г.С. Волконскийге шағым түсіреді. Губернатор шағымды тексеруге жолдайды. Патша әкімшілігі қазақтардың шағымын аяқсыз қалдыруға бүлік шығаруынан қорыққан.

Қазы тархан Сырымұлының бір басына патша үкіметі бірнеше шен атақ берді: хорунжий, сотник, есауыл, әскери старшын. Деректер патша үкіметінің атақ-дәрежені беруде бірте-бірте сатылап, Ресей әскерилерінің атағын енгізгендігін және әскери атақ дәрежелерін енгізудегі ұстанымдарын көрсетеді.

Орта жүзде Жәнібек тархан ұрпақтары ел басқару дәстүрін жалғастырған. Жәнібек тархан шөбересі Шеген Мұсаұлы 4 мың түтін Арғын руының Жоғарғы Шекті бөлімін басқарған. Мұса тархан немересі Қазыбек Шегенұлы хорунжий атағымен 37-дистанцияны басқарған. Мұның өзі тархандар әулетінің ел басқару билігінде ұзақ уақыт бойы болғандықтарын дәлелдейді.

Бөкей Ордасындағы жаңа ру басқарушылары, сұлтандар, билер, старшындарға қосымша «тархан», «хан биі», «хан қызметкері» т.б. атақтары берілді.

1867-1868 жылғы реформа нәтижесінде дәстүрлі басқару жүйесі жойылған соң тархандық атақты берудің қажеті болмай қалды. Сенат 1869 жылы жарлығымен тархандық атақты беруді мүлдем тоқтатты. Тархандар қазақтардың башқүрттармен және қалмақтармен екі арадағы шиеленіскен өшпенділігін басуға белсене қатысты. Сол еңбегі үшін олар өздерінің отбасы мүшелерімен қоса мемлекетке алым-салық төлеуден босатылды. XIX ғасырдың орта кезіне қарай тархандардың қатары азая бастады. Бұл кезде Қазақстанда тархан атағы бар 20 адам ғана қалды.

Қазақтармен қарым-қатынас жасауда Ресей патша үкіметінің қазақ даласында өздерінің берік құрылымдарын орнатуды көздеген саяси мақсаттары еш нәтиже бермеді. Бұл жөнінде Кросовский: «Орыс ұкіметі тарапынан жасалған шаралардың барлығы орыс үкіметінің қазақ даласын басқаруға дәрменсіздіктерін көрсетті. Әр уақытта қақтығысқа соқтырып отырды. Оларды татуластырудың орнына, қазақ руларының арасына араздық отын тұтатып отырды деген пікір білдіреді.

Ресей патша үкіметінің қазақ қоғамының дәстүрлі әлеуметтік институттар жүйесіне енгізген тархандық институт патша үкіметі тарапынан енгізілген әлеуметтік институттарының алғашқыларының бірі болды.