Дулат Бабатайұлы – туған елінің тарихи бір кезеңін жырлап өткен қайталанбас ақын. Ол патшалық Россияның қазақ өлкесін күшпен отарлау кезеңін, одан туған зобалаңдарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген ел басы адамдарының бірі.
Отарлау саясаты іске асуына байланысты қазақ елі бұрынғы дәстүрлі басшылықтан (хандық биліктен) , ата-баба жайлаған жер-судан , ұлттық меншіктерден айрылып, салт-сана бұзылып, үйреншікті ғадет-ғұрып, наным-сенім өзгеріп жатқаны ауыр қасірет ретінде танылады. Қоғамның заңды өзгеруі жолынан тыс, күшпен, зорлықпен еніп жатқан жаңа қарым-қатынас, сауда-саттық , ақшалы алаяқтар әрекеттері қазақ шаруаларына қаншалықты ұнамаса, ақынға да соншалық жат құбылыс ретінде көрінеді. Сондықтан да, Дулат — өзі жасаған заманға , отаршылар зорлығына , ол қауымға қызмет еткен әкімдерге , аға сұлтандық билікке түбегейлі қарсы шыққан , халқының тәуелсіздігін көксеген әрі күрескер, әрі реалист ақын.
Дулат Балқаш пен Аякөз маңын жайлаған Найман-Сыбан елінен шыққан. Бізге жеткен өлеңдерінде кездесетін кейбір деректерге қарағанда, Дулат ескіше оқыған, сауатты ақын болған. Ол өз өлеңдерін кейініректе қолжазба кітап етіп тізіп жүрген.
Дулат-қазақтың көп жеріне мәлім ақын. Ол өзі туған өлкеде тұрып қоймай, Шығыс, оңтүстік Қазақстан жерлерін және Арқаны түгел аралаған. Ертедегі ақындар үлгісінде тәрбиеленіп өскен. Әуелі ақын айтыс, әзіл-оспақ ретіндегі өлеңдер шығарып айтып жүрген. Бірақ кейін ол ел арасы, ауыл іші, жергілікті тақырыпты жырлаудан гөрі саяси әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді жырлауға ойысқан.
Дулаттың өмірі туралы деректер және оның өлеңдері Кеңес дәуірінде жиналып, зерттеле бастады. Мәселен, ақынның кейбір өлеңдері мен өмірбаяны туралы деректі біз ең алғаш орта мектептің сегізінші класына арналған С.Мұқанов пен К.Бекхожиннің 1939 жылғы хрестоматиясынан ұшыратамыз. Онан кейін профессор Қ.Жұмалиев өзінің 1940-1941 жылдары мектеп оқушыларына арнап жазған қазақ әдебиеті оқулығында Дулаттың өмірі мен кейбір шығармаларын талдап, ақын туралы өз қорытындысын жасады.
Біраз жылдар зерттеушілердің Дулатты нағыз кертартпа әдебиет өкілі санап келгені мәлім. Өз заманына орай ақын көзқарасына тән тарихи шындық сырын таныттық.Қазіргі уақытта ақын туралы ғылыми жаңа түсініктер орнығып келеді.
Дулат өлеңдерінің қазіргі мөлшері оның басқа замандастарының өлеңдерімен салыстырғанда әлдеқайда мол. Олардың ішінде ұзақ арнау өлеңдер, нақыл-өсиет ретінде айтылатын дидактикалық терме, ертек-аңыз сюжетінде жазылған толғау және бірнеше мысал сөздер бар. Шығармаларының идеялық мазмұны да әр алуан. Олар негізінен қазақ қоғамындағы белгілі кезеңнің тарихи шындығын қамтиды.
Дулат “Бірінші сөз” деп аталатын өлеңінде туған өлкесінің сұлу табиғатын ардақтап, өзін соны қорғаған қызғышқы теңейді.
Дулат өзінің “Бесінші сөз” немесе “Ата қоныс Арқада” деп аталатын өлеңінде Арқаны жайлаған қазақтардың бір кездегі тарихын баян етеді. Ол қазақ халқының жоңғарларға қарсы ерлік күрес жүргізу арқылы.елдігін сақтап келгенін, туған жерін қалмақтардан қорғай білгенін айтып, сол кездегі ерлікті, дербестікті мадақтайды.
Ақын шығармаларынан орын алатын маңызды мәселенің бірі-оқу, өнер-білім. Дулат та басқа ақындар сияқты надандыққа, әдепсіздікке қарсы шығып, қазақ қоғамындағы адамгершілікке жат қылықтардың өріс алу себебі-осы надандық індетінің салдары деп түсінген. Сондықтан оқып білім алған адамдардың қоғам өмірінен алатын орындары өзгеше деп бағалаған. Адам бойындағы даналық пен жақсылық-бәрі тәрбиенің, оқудың нәтижесі. Елді оқыған, тәрбиелі6 білімді адам басқарса, зұлымдық пен озбырлық дегендерге жол берілмес еді,-деп түйген.Жалпы адамның “жақсы” , “жаман” болып бөлінуі де сол парасаттылығында; Ойлы, ұстамды, білімді, өнерлі болуы, ақылының өсуі-бәрі оның ізденіп тапқанына, содан соң бойына дарытқанына байланысты демекші.
Дулат өлеңдері ойлы, нәрлі, образды. Нысанасына дәл тиерлік өткір. Ақынның шығармаларын оқығанда көз алдыңнан қазақ қауымының сан алуан жағымсыз тобы тізбектеліп өтіп жатады. Кердең-кербез құркеуде ұлықтары, малын жанына балап, жалаң-жадағай жылмаңдаған, сүмеңдеген сараңдары, ойлағаны-сұмдық, істегені-қулық, алаяқ би-болыстары, дөң-дөкір, ұры-қары, қу-сұмдары өздеріне ғана тән мінездірімен ерекшеленеді. Ұлық алдында ұяңсып, жуасып, қылықтана қалатын, ал ұлық кетсе, елген қасқырша шабатын Сүлеймен болыстың екіжүзді мінезін дәл басып, шебер бейнелейді.
Ақындық сөздің рухани күшіне мән бере білген Дулаттың өз өлеңіне қояр мақсаттары да айқын. Ол сусағандарға сусын боп, таңдайын жібітер сөзді, шаршағанды тынықтырар, күш-қуат берер жырды шығаруға талаптанған. Өлеңнің мақсаты ел-жұрттың жүрегіне жылы тиіп, олардың көңіліне дем, қайғысына ем болу,-деп ұғады. Яғни, өлеңді еріккеннің ермегі емес, рухани керегі деп біледі.
Асылы, Дулат шығармаларының басым бөлігі-дидактика. Әсіресе, ақынның “Өсиет нама” жинағына енген шығармалары осындай.
Дулат өлеңдерінің мазмұны, тілі халық ауыз әдебиетімен ғана үндесіп жатпайды. Соған қоса Абай, Ыбырай, Махамбет, Шортанбай, Мұрат сияқты кейінгі ақындарға жалғасып, пікірлесіп жатады.
Дулаттың “Он бес деген жас қайда” деген жыры адам өмірі жайлы айтылатын, Бұқар, Шал,Шортанбай, Сүйінбай толғауларымен үндесетін тақырыптас өлең.
Дулат шығармалары қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына өз үлесін қосты. Ол поэзиямыздың мазмұнын байытты, оның көркемдік түрі жағынан да жетіле түсуіне көмектесті. Сын-сықақты жиі қолданып, өлеңдердің бұл саласының дамуына да өз үлесін тигізді. Әдебиетіміздің реалистік бағытын нығайтты, образдылық, көркемдік бояуын күшейтті.