ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ САБАҚТАРЫНДА ҚОЗҒАЛЫС ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Бүгінгі күнде жас ұрпақты ең жас кезінен дене күштері мен рухани күштері сайма-сай жетіліп, шынығып өсетіндей етіп тәрбиелеу ісін қамтамасыз етуді мемлекетіміз аса маңызды міндеттердің бірі деп санайды.

Дені сау ұрпақ –ұлт болашағы. Еліміздің даму бағытын бекіткен «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене тәрбиесімен, спортпен шұғылдану мәселесі қаралған. Дене тәрбиесі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласының бір тармағы болып табылады және ол жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне, ұзақ уақыт шығармашылық еңбекке жарамды адамды қалыптастыруға, оны Отан сүйгіштікке дайындауға қызмет етеді.

Дене тәрбиесін жүзеге асыру – денсаулықты нығайту, білім беру, дамыту, тәрбиелеу міндеттерін шешуге арналған педагогикалық жұмыстардың бірі бола отырып, жеке тұлғаның денсаулық деңгейін арттыру, табиғи күш-қуатын нығайту, дене мүшелерін гигиеналық негіздері мен дене-қозғалыс қабілеті мүмкіндіктеріне сай, өз бетінше қимыл-қозғалыс жаттығуларын орындап, өзін-өзі үнемі дамытып, көңілді де сергек жүруге баулиды.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалық қағидасы бекітілген, бұл білім мекемелерінің мұғалімдеріне, педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға мүмкіндік береді.

Ойын дегеніміз – адамның ақыл-ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан-ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе. Ойын – оқушы әрекетінің бір түрі. Оқушыларды оқыту және тәрбиелеу мақсатындағы қарым-қатынастың әдісі мен құралы. Ойын әрекеті естің, барлық таным процесіне әсерін тигізеді. Адам әрекетінің еңбек, оқу сияқты негізгі түрлерінің бірі – бұл ойын. Ойын – бұл жағдаят жағдайында қоғамдық тәжірибені игеру және қайта туғызуға бағытталған әрекет түрі. Ойын барысында тұлғаның мінез құлқын өзі басқаруы жетіліп, қалыптасады.

Отандық педагогика және психология ғылымдары саласында ойындық әрекет бағдарламасын М.Тәнекеев, Е.Сағындықов, М. Болғамбаев шетелде К.Ушинский, А.С.Выготский, Я.А.Каменский, Н.Ф.Талызина, С.Рубинштейн, Д.Эльконин, Ж.Пиаже және т.б.жасады. Олардың еңбектерінде тұлғаның даму сатыларында, негізгі психикалық қызметтері дамуындағы, тұлғаның өзін-өзі басқаруы,өзін-өзі билеуіндегі, әлеуметтену үрдісінде-адамның қоғамдық тәжірибені пайдалану және игерудегі ойынның рөлі зерттеліп, негізделген.

Тәнекеев М.Т. «Қандай ойын болмасын баланы бір нәрсеге үйретеді. Ең бастысы, баланы мұқияттылыққа, еңбекке, жолдасымен ынтымақты болуға үйретеді» — дейді [1.36 б].

Қалниязова А. «Алты жасарлар ойнай отырып, логикалық қабылдау арқылы оқуды және математиканы таным қызығушылығын меңгереді. Бұдан бірте-бірте ойыннан кейін оқу әрекеті орын алады» — деген пікір айтты[2.9 б].

Қандай ойын болмасын жастарды тұрмысқа қажетті қасиеттерге машықтандыруды мақсат етеді. Сондықтан да мұны тәрбие ретінде қабылдаймыз. Дене тәрбиесі сабағында ойындар неғұрлым көп өтілген сайын бұлшық ет топтарының да оған қатысу мүмкіндігі мол болатындығы белгілі. Ал ойынның көп болуы дене қабілеттері ғана емес, дененің жалпы дайындық деңгейлерін де дамыта түседі. Дене тәрбиесі сабағы қозғалыс, қимыл –әрекет сабағы болғандықтан сабақ кезінде оқушылардың бүкіл мінез-құлқы , көңіл күйлері айқындалып, көзге көрініп тұрады. Сабақ кезінде оқушы қуанады, ренжиді, қиналады, рахаттанады, күледі, жылайды. Осы көңіл күй, оған қатысты мінез-құлық бірге оқыған сыныптастар арасында болғандықтан олар өздерін ұстап, сабырлы болуға тырысады, кенеттен келген ашуын басуға, ұстамдылыққа үйренеді, өзінің көңіл күйін реттеуге, көркем мінезді болуға қалыптасады.

Дене тәрбиесі үрдісінде спорттық және қозғалмалы ойындардың элементтерін қолдану – ойын әдісі деп аталады. Ойын әдісінің мынандай өзіне тән ерекшеліктері мен белгілері бар:

1.Белгілі бір мақсатқа (жеңіске) жету үшін ойынның жоспары және тәртібі арқылы ойнаушыларды ұйымдастыру.

2.Ойын әрекеттері кезінде ойнаушылардың бәсекелестік, жеңіске деген ұмтылысының, көңіл-күйлерінің көтерілуі.

  1. Танекеев М.Т. Қазақтың қимылдық ойындары. // Организация и методика физической культуры. Науч.тематическ. Сб. Алматы, 1997. 36 беттер.

2.Қалниязова А. Білім берудегі ойындық оқыту технологиясының алатын орны // ҚазҰУ:Филология сер. — 2003. -N5. 9 бет