ЖАЗУШЫ САЙЫН МҰРАТБЕКОВТЫҢ ПОВЕСТЕРІНДЕГІ КӨРКЕМДІК ШЫНДЫҚ

Өткен ғасырдың 60–70-жылдарында қазақ әдебиеті атты көшелі де келісті көшке бір топ ақын-жазушылармен бірге белгілі қаламгер Сайын Мұратбеков те келіп қосылды. Оның прозасы ұлтымыздың ұстыны болған ауыл өмірін замана биігінен шынайы суреттеуге арналған еді. Солардың арасынан «Басында Үшқараның», «Жусан иісі» атты повестері «Бір ел – бір кітап» оқырмандар акциясы ауқымында 2014 жылы көпшіліктің талмағы мен талқысына ұсынылды. Бұл акцияның мақсаты анық: көркем әдебиетті насихаттау. Сол арқылы бүгінгі ұрпақтың рухани әлемін байыту; олардың сана – сезімін, ұлттық болмысын өркениет дамуына сай халқымыздың бай құндылықтарына, қадір-қасиеттеріне, төл тіліне, діліне деген аса құрметті биіктете түсу болып отыр.

Қазақ әдебиетінде ауыл тақырыбы арқылы халқымыздың бойындағы іңкәр сезімдерді, қуаныштары мен мұндарын, реніші мен риясыз қабілет-қарымдарын шынайы әрі көркем суреттеген, сөйтіп, ойлы да ойнақы, сергек те сезімтал кейіпкерлер психологиясының иірімдеріне терең барлау жасаған көрнекті қаламгерлердің бірі – Сайын Мұратбеков болатын. Жазушының «Басында Үшқараның» повесінде дәл осындай көркем де келісті оқиға-өмір суреттелген.

Повесте тоғыз жыл бойы туған ауылына ат ізін салмаған басты кейіпкер – Әсеттің ендігіде өз еліне, әпкесінің тұңғыш қызының ұзатылу тойына келеді. Қызмет деп, жұмыс деп туған аулы мен әпкесін соншама жылдар бойы көрмеуі де ұлттық болмыстан бірте-бірте ажырауымыздың сыры деп ұғынамыз. Осы жылдар ішінде Әсет үйленген. Ғылым жолын қуған. Кандидаттық диссертациясын қорғап шыққан. Балалы да.

Әйтсе де, Әсеттің осынау повесте адами қасиеттерден кеңде еместігі анық байқалады. Поезда келе жатқанда жолсерік қыздың қазақ қызына тән барша әсемдікті бір бойына жинап алған тұла бойына өзінің ынтық көңілі арта түседі. Күтпеген кездесудің өзі Әсеттің жанына көрген түстей әсер қалдырады. Өзімен бірге ауылда өскен, бір сыныпта бірге оқыған Зағипа да Әсеттің өміріне тап сондай ықпал жасаған. Бала махаббатының куәсіндей сырға бөленген. Зағипамен сегізінші класта емтихан тапсыру күндерінде алғаш рет Әсет сүйіспеншілік сезімін бастан кешкен. Сегізінші сыныпты бітірген Зағипаның мінезі әскер қатарынан ауылға бір жігіт келген соң күрт өзгереді. Кейін малшы жігітке тұрмысқа шығып кетеді.

Соңыра Әсет өзі өсіп, өзі оқу бітірген ауылына келген кезде өзінен бірер жас үлкен Сәулетайға ғашық болады. Сәулетай оны алғашқыда менсінбейді. Бірақ, Әсет оның мазақтағанына қарамастан, онымен балаша алысатын. Сөйтіп жүріп, не ойынға, не шынға жатпайтын қызық қарым-қатынас арқасында Әсет ер азаматқа тән мінез көрсетіп, Сәулетайды күндердің күнінде сүйіп алады. Бірақ, бұл сүйіспеншілік пе, махаббат па, екеуі де түсініксіз болатын. Сол бір көктемде ауыл шаруашылығы институтынан ауылға практикаға келген бір студент жігітке Сәулетайдың көңілі ауып кетеді. Әсет қаншама рет қызды өзіне қайтармақшы болып әрекет еткенімен, бұл ниетінен ештеңе де шықпайды.

Әсет ауылға келгенде оның сезімін және де оятқан қыздың бірі – Шынар. Шынардың бейнесі автордың суреттеуінше сүйкімді-ақ. Секпілдеу жүзді болса да тартымды. Шынардың нағыз дер шағы. Балғын кезі. Піскен уақыты. Уыздай уылжыған шағы. Әрі сөзге ұтқырлығы, әрі әдемі қылығы жазушы тілінің көркемдігі арқылы өте шебер өрнектелген. Мысал келтірелік: «Қыз денесінің балғындығы, піскендігі керемет еді. Әсеттің әзілдегісі келді, оны кішкене балаша аяғын жерге тигізбей тік көтеріп тұрғысы, мазақтағысы келді, қыздың мектепті бітіргенін біле тұра:

– Айналайын, нешінші класта оқисың? – деді. Қыз жымың ете қалды, қу қыз іші бәрін сезіп тұр».

Және де үзінді келтірелік.

«– Айналайын, жасың нешеде?

– Айналайын, он сегіздемін.

– Айналайын мен жиырма сегіздемін.

– Маған жасыңыздың керегі жоқ. Нүкте.»

Әсет ендігіде үйлі-жайлы, балалы болғанына қарамастан, ауылға келгенде осынау әсем де сүйкімді, сөзге шешен де қылықты Шынарға ғашық болып қалады. Тіпті, оның үйіне барады да. Бірақ, оның үйіндегі әкесі Шалғынбай мен жасы кіші інісінен қаймығып, үйіне кіруге бата алмайды. Әйтсе де, Шынармен ауыл тойында кездеседі. Бірақ, Шынар ендігіде Әсетке көз қырын салмайды да. Ол бұл жолы Әсеттің нағашысының баласы Әдібаймен бірге билеп жүреді. Соның еркінде болады.

Әсет сол түннің ертесінде қалаға аттанады. Бірақ, өзімен бірге сыныпта бір кезде бірге оқыған, бүгінде алты баланың анасы, қой бағумен өз тірлігін тербетіп жүрген Зағипаның той соңында айтқан әні көкірегіндегі талай мұң мен шердің, сырдың құлпын ашып кеткендей әсерге бөленеді.

Шынында да, Үшқараның басында су болып аққан дария, сұлу қыз бен көркем жігіттің бәрі сонда болса, сол арадан япырым-ай неге келдім деген сауал Әсеттің де көңілін сол сәтте ойсыратқан еді. Бәлкім, сол Үшқарада да Әсеттің туып-өскен Ешкіөлмесінің бір жотасы шығар. Қалай десек те, туған ауылға келіп, балғын балалық шақтағы, бозбалалыққа өтер кездегі, ендігіде ес жиып, отбасылы болған уақыттағы Әсеттің санасын жарқ еткізген, жүрегіне от жаққан сәттер, туған жерге деген перзенттік борышының ешуақытта да түгесілместігін аңғартатындай. Жазушы повесінде ауыл өмірі, тіршілігі, оның салт-дәстүрі, іс-әрекеттері қала тірлігіне бейімделіп қалған Әсетті бастапқыда зеріктіргенімен, оқиғалардың дамуы, саналуан кейіпкерлердің мінез-әрекеттері ауыл өміріне деген оқырман қызығушылығын арттыра түседі. Ауылға деген махаббат сезімі нығаяды. Туған жерге деген сағыныштан үлкен нәрсе жоқ екендігіне иландырады. Ауылда өскен, оның топырағын кешіп, шалғынында аунап өскен, балаң бозбалалық, жігіттік дәуірін өткізген біздің замандастар үшін осынау көркем туынды сол уақыттың шынайы шындығы іспеттес екендігіне еш күмән жоқ.

Повестегі Әсет, Зағипа, Шынар, Сәулетай, вагондағы жолсерік қыз, бәрі де өзіндік бейнелер. Олардың іс-әректтері, мінез-қылықтары әртүрлі, саналуан. Сол ерекшеліктерімен повестің мазмұны мен мәнін, көркемдік-психологиялық иірімдерін толықтыра түскен.

Әсет сұлулықты, әсемдікті сүйеді. Әйел балаларына деген оның көзқарасын түсінуге боларды. Өйткені, ғашықтық сезім адам баласына тән. Бірақ ғашықтықты көрсеқызарлықпен салыстыруға болмайды. Мәселен, повестің бастапқы бетінде-ақ Әсет жолсерік қыздың сүйкімділігіне, қазақ қызына тән ибалығы мен адам баласын үйіріп әкетер тәтті де өзіне тартар бойжеткен қылығына қызығады. Сонымен бірге, ауылға түсіп қалмай-ақ кетіп қалуға пейілді де еді. Бірақ, оқиға олай дамымайды. Әсет өз аулында қалады. Себебі, қалай дегенмен де, Әсет жігітшіліктің аулымен қоштасқан шақ еді ол кез. Уақыт бәрібір өз дегенін істейді емес пе.

Ал, Зағипамен арадағы сүйіспеншілік – адам өміріндегі балалық шақта болған балаң махаббат. Оның өмірі келте, яки баянды болатындығы да басқа мәселе. Алайда, Әсет пен Зағипа ортасындағы балалықтан айырылмаған махаббаттың ғұмыры ұзаққа бармайды. Бірақ, осынау сәт екеуінің де жүрегіне өшпестей із қалдырғаны көркем шығармада еске түсіру, өлең жолдары арқылы оқырманның жадын жаңғыртады. Бозболалық шақтағы Сәулетайға ғашық болу да – Әсеттің махаббат қамалын алудағы сәтсіз амалдарының бірі. Бұл ретте Сәулетайдың жүрегі басқа адамды қалайды.

Ал, отбасылық болған шақта бойжеткен Шынармен арадағы жылы қарым- қатынас, әрине, мүлдем өзгеше. Әсет үйленген. Алайда, оның жүрегінің отына Шынар әдемі де ұтымды, тапқыр да қылықты мінезімен, сөзімен алау жағады. Адам табиғаты да қызық. Әсет Шынармен одан әрі де кездескісі келеді. Жүрегі соны қалайды. Бірақ жалт етіп, жарқылдаған мінезімен көрінген Шынардың бейнесі де ерекше. Ол ендігіде өзімен қатар-құрбылас жігіттің көңіл иірімдерінің құшағында болады. Өмір шіркіннің небір қатпарлары кездесетіні секілді адам болмысының, оның ішкі және сыртқы әлемі де саналуан құпиялар мен сырға тола болатынына осынау көркем дүние дәлел.

Мұндағы кейіпкерлердің дүниетанымы, түсінігі, нанымы, іс-әрекеттері әрқилы. Кінәлағың, айыптағың келмейді. Әрине, оқырман ретінде олай емес, былай болғанда дегіңіз келері хақ. Бірақ шығарма-өмір дегеніңізге көнер ме екен?!. Авторлық стиль, қаламгердің уақыт және жазушылық жады повесть тағдырын өзгеше өрнектеген. Сонысымен де көркем туынды тағылымды.

Жазушының «Жусан иісі» атты повесі тұтастай алғанда, халқымыздың құнарлы да кестелі сөздеріне өте бай. Алыста қалған балалық шаққа оралу қазақ қаламгерінің көпшілігіне тән. Жусан иісі мен балалық шақтағы оқиғалардың көз алдымызда тізбектеле өтуі қаламгердің сөз өнеріне деген адалдығын айқын аңғартады. Күні кешегі десек те, араға жетпіс жылдай уақыт тастаған қанды соғыс кезеңіндегі қазақ аулының, оның адамдарының қиын да, күрделі тіршілігі жазушы туындысы арқылы көркем сөз құдіреті нәтіжесінде ой әлеміне, қиял дүниесіне жан дарытады.

Соғыс жылының ойын балалары. Олар да үлкендерше екі топқа бөлініп алып, атысады. Жан берісіп, жан алысады. Бірақ, бір-біріне мейірімді. Әрине, олардың да Садық секілді атаманы, көбінесе үндемей жүретін Қосым сияқты тырнауық атанғандары, Есікбай есімді төбелесқор, сотқорлары бар-тын. Сырттан көшіп келген Аянды осы балалар құрметтеп қарсы алады. Онымен дос болуға ұмтылады. Өздерін жақсы көрсетуге әрекеттенеді. Өйткені, жақсы атану, жақсы жақтан көріну – сол жылдардағы ойын балаларының басты қасиеті болатын. Бұл балалар да өзге балалар секілді суға шомылады. Ойын рахатына батады. Тіпті, төбелесіп те қалады. Бәрі де ойын балаларына тән жағдаяттар көрінісіндей әсерде қалдырады.

Алғашқы танысу сәтінен бастап Аян өзінің бойындағы кейбір мінез- қылықтарымен өзінің өзгеше екендігін аңғартады. Ол басқалар секілді төбелеспейді де. «Менің көкем де жоқ, апам да жоқ, сондықтан төбелессем әжем ұрысады ғой» дейді ол. Сөз қуып, айтыспайды да. Ондай кикілжің сәттерде ол жаңа достарынан сырт айналатын. Бірақ, жаңа ортаға келген Аянды тұқырта түсуді, өзіне тәуелді ете түсуді ойлап, төбелескіш Есікбай оны мазақ ете бастайды. Аян бастапқыда бұған мән бермегенімен, онымен жекпе-жекке шығып, төбелесуге бел буады. Сөйтіп, сайға барып төбелеседі. Ауыл адамдары көрмесін дейді. Есікбай бұл жолы Аяннан оңбай таяқ жейді.

Күзде оқу басталып, балалардың бәрін бір сыныпқа жинап, Иманжанов атты ағай балаларды сауаттылыққа оқыта бастайды. Аян әрі сергек, әрі зерек болады. Соғыстағы ағасына хат жазуды да бәрінен бұрын үйренеді. Өзгелердің хат жазуына көмегін тигізеді. Күндердің күнінде Аян өзінің қасқа бұзауын үйретемін деп, оның үстіне мінеді. Семіз бұзаудан құлаған Аянның тобығы тайып кетеді. Содан ол оңалмайды. Тобығы шығып ойнап қалады. Сөйтіп, ол балаларды сырттай қызықтап отырумен ғана шектеледі.

Әкесі соғысқа аттанған, туған анасы содан соң екі айдан кейін бақилық болған бала Аянның тағдыры соғыс ауыртпалығының белгісіндей оқырман көңіліне түйіледі. Ол төркінін сағалап келген, тіршілік ету үшін қалбақтап күн кешкен әжесінің шынайы қолғанаты еді. Сол ауылдағы бір топ балалардың қайсыбіріне кінә артарсыз. Бала ғой бәрі де. Ойларында, көңілдерінде мысқалдай кір жоқ. Бәрінің қимылы, қылығы – табиғи. Балалық шаққа сай жарасымды. Тіпті, Аянның әжесі өліп қалғанда бір-бірінен сүйінші сұрағандай сол қаралы хабарды лезде жеткізгендерін айтсаңызшы. Дауыс шығарып, көңіл айтуға келе жатқандарға жалтақтай қараған Аян ендігіде не істер екен деп, балалардың оны қызықтағанына да не дерсіз. Әжесі өліп жатқанда, Аян неге жыламайды деп те, оған естірте тіл қатқандарына қараңызшы.

Қаралы сәтте Аян өз тұрғыластарына ертегі айтып береді. Ертегіні күлкілі сипатта баяндайды. Бәрі сықылықтап мәз болады. Оның және де айтуын өтінеді. Түннің бір уағына дейін ертеде өткен бір жетім баланың хикаясын айтумен сол күні кезекті ертегісін доғарады.

Ең соңғы тіршіліктегі тірегі – әжесін қара жердің қойнауына бергенде де Аянның көзінен мөлтілдеп жас тамбайды. «Жетім қозы – тасбауыр» демекші, ендігіде қорған болар, қалқан болар әжесінің тумаласы Бапай шалдың үйіне күнелту, күн көру үшін кете барады. Ерте есейіп, ерте жетілген Аянның балалығынан гөрі естілігі повесте айқын аңғарылады. Әжесінен естігендіктен болар, ол ауа райының күні ертең ашық болатынын көктегі жұлдыздардың жарқырай көрінген хал-ахуалына қарап пайымдайды. Бапай шалдың үйіне көшкен сәтте, жалғыз сиырының жетекке көнбей, ыңырана мөңірегеніне қарап, «Жануар бәрін біледі» дейді үлкендерше үн қатып. Қоңыр сиыр кейуананың дүниеден қайтқанын сезеді-ау, дегендей ой санаға түйіледі.

Өзі жетім болғандықтан, ертегіні «баяғыда бір жетім бала болыпты» деп, бастайтын Аянның ертегілерінен тек жақсылықтың, адалдықтың, батырлықтың лебі сезілетінін оқырман жете түсінеді. Жауға қарсы сілтенетін көк семсері пулеметтен де, автоматтан да айбарлы болып аңғарылады. Балалардың өзі осынау ертегіні тыңдай отырып, менде де сондай семсер болса, фашистің қақ басынан шауып алар ем, сөйтіп, әкеммен майданда жолығар ем, деп арман етеді. Олай үміттенуіне Аянның айтқан ертегілері мықты әсер етеді. Сол сәттерде ойын балалары әлемде қайғы-қасірет әкелетін қанды соғыс бар екенін, ол жерде әкелері мен ағалары соғысып жатқанын біржолата ұмытып, Аянның ертегілерін еліте тыңдайтын. Ауыл шетіндегі атқора төбесіндегі үйілген шөптің ішіне тығылып, қыстың суық түндерінде ертегі айту және ертегі тыңдау да балалық шақтың тәтті күндері болса керек, сірә.

Әрине, Аян мен оның жанындағы балалар сонымен бірге балалық еліктеу мен солықтауға беріліп, үлкендерше темекі тартуды әдет етеді. Үйреніп те алады. Күн сайын ертегі. Күн сайын үлкендерше темекі тарту үдерісі. Бұның ақыры атқораның төбесіндегі шөптің өртенуімен тынады. Өрттен қашқан балалардың соңында дерті бар аяғының кесірінен ұзаққа қаша алмай, Аянның жалғыз өзі қалады.

Өртті көрген, сол қолын соғысқа берген бригадир Түржан қатыгездікпен Аянды қатты соққының астына алады. Бұның бәрін балалар көріп тұрады. Бірақ, Аянға көмек беруге батылдары жетпейді. Аян қатты тепкіге тап болады. Қорғаушысы, панасы жоқ Аянның ауыр халі тым аянышты. Тым мұңды. Темекінің зардабы өртке ұласқан, одан соң өз тағдырын белден соққан жағдайдан кейін Аян ендігіде өлсе де темекі тартпасқа шешім қабылдайды.

Аян әрі жетім, әрі аяғын тобығынан тайдырған соң балалардан мүлдем шет қалады. Жаны ауырғанына қарамастан, ол Асылбек сынықшыға аяғын қайтадан салып беруге өтінеді. Сынықшы өтінішін қанағаттандырады. Алайда, соғыстың тауқыметі мол күндерінің бірінде дала жұмыстарына қатысып, өгіздің үстінде отырып, жерді соқамен жыртып жүргенде жерге құлап, тобығын тағы да шығарып алады. Жұмыстан қажып, тамақты тоя жемеген Аян өзге балалар секілді ағымдағы күндерін соғысқа кеткен әкелері мен ағаларын сағына күтумен өткізеді. Олар келсе, бәрі де ойдағыдай болатындығына ешбір күмәндары болмайды. Әкелері мен ағаларының киімдерін еліте иіскеп, жусан иісіндей иісі бұрқырап шығатынын айтсаңызшы деп, ертеңгі күнге зор сеніммен илана өмір сүреді.

Повесте авторлық баяндау көркем шығарманың мазмұны мен идеясына тікелей қызмет етеді. «Қу соғыстың бесіктен беліміз шықпай жатқанда-ақ біздің жүрегімізге салған жарасы қаншама еді. Сол жараның тыртығы өмір бойы удай сыздап, жанға батып өтер-ау! Еш уақытта ұмытылмас. Асыр салар балғын шағымызда тағдыр біздің қабырғамызға да бар зілін салды ғой. Сонда да болса, басқамыздан гөрі Аянға қатты батып еді. Тағдыр оған дегенде ештеңесін аямады» деген сөйлемдердің салмағы соғыс өрті шалған жас ұрпақтың өмірі өксік пен өкінішке тола екендігіне кепіл бола алады. Әрине, қазіргі жас өскін бұны бастан кешпегендіктен, сағымы мен бұлдыры көптеу секілді түсінілетіні бүгінде мәлім.

Жетімдіктің соққысын мейілінше татқан Аянның жаны соншалықты сірі болғанына кейде қайран қаласың. Әлде өзінен өзгеге сенуді білмеген, қамқоры жоқ екенін жанымен де, тәнімен де сезініп, ерте есейген Аян қамырдай әбден иленіп, тіршіліктің, тағдырдың игеніне көнгендіктен бе екен. Бәлкім, солай да шығар. Қара қағаз Аянға да келеді.

Әркім де жылай алады, бірақ нағыз еркек болу керек деп жүрген Аян сол күні ел-жұрттан бөлектеніп, әр түн сайын ертегі айтып беретін атқора ішінің ең түкпіріне барып, бір уыс болып бүрісіп, екі алақанымен бетін басып, солқылдап жылайды. Жаны егілген баланың психологиялық хал-ахуалы, повестегі тұтас оқиғалар желісі, диалог сөздер, сөз бен ой жинақылығы көркем шығарманы көркем киноға өзінен-өзі сұрап тұрғандай әсер етеді.

Повесть соңында Аян балалар үйіне кетеді. Оның кейінгі өмірі авторға да беймәлім. Туған аулына да. Тағдыры талқыға түскен ойын баласының ғұмыры көзді еріксіз мөлтілдетеді. Қайран, соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ойын жасындағы жас өскіндер-ай! Халқымыздың көрнекті қаламгерінің «Жусан иісі» повесін оқығанда аға ұрпақтың, ел тарихының өткен парақтарын ақтара отырып, олардың жан-дүниесімен, ішкі әлемімен қайтадан таныстық. Несін жасырамыз, егілдік те.