Шеміршек ұлпасы адам мен омыртқалы жануарлардың денесінде болады. Клеткалардан және клеткааралық заттан тұрады., соңғысы тығыз болады. Шеміршек тіректік функция атқарады. Шеміршек ұлпасының үш түрін ажыратады: гиалиндік, серпілмелі және талшықты.
Гиалинді (гректің гиалос — әйнек) шеміршек ұлпасы гиалин шеміршегін құрайды. Шеміршек ұлпасының ең көп тараған түрі. Адам мен сүтқоректілер ұрығының қаңқасы шеміршектің осы түрінен тұрады, ал ересек организмдерде гиалинді шеміршек сүйектердің буын беттерін қаптайды, кеңірдек пен ірі бронхтардың қабырғасында, қабырға ұштарында, мұрын пернесінде кезедеседі. Шеміршектердің ішіндегі қаттысы, гиалинді шеміршек жалпы шеміршек ұлпасы сияқты хондриобластлар мен хондриоциттер деп аталатын клеткалардан, клеткааралық аморфты және талшықты заттан тұрады. Гиалинді шеміршектің талшықты клеткааралық заты қышқыл мукополисахаридтерден тұратын аморфтық клеткааралықзаттың ішінде орналасқан коллаген талшықтарының өте жіңішке шоғырларынан тұрады. Гиалинді шеміршекті шеміршек қабықшасы немесе перихондр деп аталатын тығыз дәнекер ұлпасы қаптап тұрады. Перихондрдың құрамында жас шеміршек клеткалары – хондробластар сонымен бірге фибробластлар мен фиброциттер және коллаген талшықтарының жуан шоғырлары болады. Олардың арасында борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпасының өте жұқа қабатымен қапталған қан тамырлары және невтер болады.
Шеміршектің орта зонасының хондробластлары бірте – бірте диференцияланып (жіктеліп), хондроциттерге айналады. Олар коллагендік талшықтар мен клеткааралық аморфты затты синтездеу қабілетінен ажырайды. Шеміршектің тереңдігі зоналарында хондриоциттер дөгеленеді және амитоздық тәсілмен бөліне бастайды. Бірақта шеміршек ұлпасының клеткааралық заты тығыз болғандықтан, олар бір – бірінен қашықтай алмай, клеткалардың изогендік топтарын құрайды. Изогендік топтарды шеміршек капсуласы қоршайды. Шеміршек ұлпасында қан тамырлары болмайды. Шеміршектің қоректенуі перихондрдың тамырлар торы арқылы қамтамасыз етіледі.
Серпілмелі шеміршек ұлпасы адам мен сүтқоректілердің құлақ қалқаншасында, сыртқы есту жолында, көмекей үсті шеміршекте және көмекейдің кейбір шеміршектерінде кездеседі. Құрылысы гиалинді шеміршек ұлпасына ұқсас.
Айырмасы клеткааралық затында жіңішке коллагендік талшықтардан басқа жуан эластиндік талшықтардың торы болады. Серпілмелі шеміршек ұлпасында гиалиндік шеміршекке қарағанда клеткалардың изогендік топтары аз болады. Серпілмелі шеміршекте кальций тұздары байқалмайды.
Талшықты шеміршек ұлпасы адам мен сүтқоректілердің омыртқааралық дискілерінде, санның жұмыр сіңірінде, жамбастың шат сүйектерінің байланысқан жерінде, төменгі жақ буынында байқалады. Талшықты шеміршектің құрылысы гиалинді шеміршекке ұқсас, айырмасы клеткааралық затының коллагендік талшықтарының шоғырлары біршама жуан болады. Шеміршек ұлпасы склеротомның мезенхимасынан дамиды, регенерациясы перихондр арқылы жүреді.