Дүние жүзінде бауырымен жорғалаушылардың ғылымға 6600 түрі белгілі: алашқы кесірткелер — 1, тасбақалар — 230, крокодилдер — 22, кесірткелер — 3900, жыландар — 2500. Саны жағынан омыртқалылардың ішінде құстардан кейінгі екінші орында бауырымен жорғалаушылар.
Бауырымен жорғалаушылар құрлықта жұмыртқа салып көбейетін, нағыз құрлықта тіршілік етуге бейімделген жануарлар. Олар өте жылы аймақтарда тіршілік етедІ, сондықтан тропикалық аймақтан алыстаған сайын, олардың саны азая береді. Олардың кең аймақта таралуына негізгі себеп — температура, өйткені бұл суыққанды жануарлар тек ауа райы жылы болғанда ғана белсенді тіршілік етеді. Салқын болса інге кіріп жасырынады немесе жазғы ұйқыға кетеді. Бауырымен жорғалаушылар жануар тектес азықпен қоректенеді. Олар кесірткелер, насекомдар, моллюскалар, қосмекенділерді қорек етеді. Жыландар көптеген кеміргіштерді жейді, сонымен бірге үй жануарлары мен адамдарға да қауіп туғызады. Құрлықтағы тасбақалар жеміс-жидекті жеп бақтарға, судағы тасбақалар балықгы жеп аздап залалын тигізеді. Көптеген бауырымен жорғалаушылардың (жылан, тасбақа, ірі кесірткелер) етін адамдар тамаққа пайдаланады. Крокодилдерді, жыландарды, тасбақаларды терісі және мүйізді сауыты үшін аулайды. АҚШ-та және Кубада крокодилдерді өсіретін фермалар бар. Термезде, Кушкада, Бадхызда, Ташкеште және Бішкекте жылан өсіретін арнаулы питомниктер бар.
Бауырымен жорғалаушыларды қорғау. Қазіргі кезде жер жүзінде бауырымен жорғалаушылардың шамамен 6000 түрі белгілі, олардың 125 түрі ТМД-да кездесетін болса, оның 52 түрі Қазақстанда таралған. Денесінің сыртқы көрінісіне қарай олар — жылан, кесіртке және тасбақа тәрізділер болып бөлінеді.
Жыланның жер жүзінде 2500-дей түрі бар. ТМД-да 56, Қазақстанда 18 түрі таралған. Олардың 3-і улы, қалғаны өлкемізде усыз жыландар. Улы жыландар кәдімгі сұр жылан (обыкновенная гадюка), дала сұр жыланы (степная гадюка), боз жылан (щитомордник). Усыз жыландарға оқ жынан, қара шұбар жылан, су жыланы (уж), құм жыла (удавчик) т.б. жатады.
Ерте заманнан бері жылан адам баласы үшін өте қауіпті де қатерлі болып келеді. Жылан биологиясын білмейтін кез келген адам оны көрген бетте сескеніп қалады да, дереу өлтіруді ойлайды. Соңғы жылдары, ғалымдардың зерттеуі бойынша жылан уының медицина үшін пайдасы зор екені анықталды.
Бауырымен жорғалаушылардың ішінде жылдан-жылға саны азайып құрып бара жатқандары жыландар. Адамдардың жек көргендігі былай тұрсын, олар батпақты ылғалды жерлерді құрғатқаннан, өсімдіктердің өзгеруінен, жыландардың негізгі қорегі ұсақ кеміргіштерді, улы химикаттармен өлтіруінен көп азап шегіде. Медицинада уын пайдалану үшін оларды ұстайды. Олардан бірнеше рет у алу үшін арнайы жасалған серпентарилерде (питомниктер) ұстайды. Әрине, үнемі ұстай бергесін де олардың санына әсерін тигізеді.