АЛАШ МҰРАСЫ ҺӘМ ЗАМАНАУИ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІ

Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған«Қазақ тілі» пәнін оқытып-үйрету – білім беру жүйесі бекіткен төрт саты бойынша жүзеге асырылып келеді [1]. Атап айтсақ, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары,түрлі мекемелердегі қазақ тілі үйірмелері. Аталған сатылар арасында өзара байланыс, жалғастыра оқыту үрдісі болмағандықтан, тіл үйретуде орасан кемшіліктерге ұрынып, межеленген мерзімде күтілген нәтижелерге қол жеткізе алмай отырмыз. Соңғы уақыттары ЖОО-да(тілдік емес) қазақ тілін меңгертудің«деңгейлеп оқыту кешені»дайындалғанымен, бұл жүйе де қажетті қызметін орындай алмауда. Оған себеп – тілге бөлінген 3 немесе 6 кредиттік жүктеме сыйымдылығына кешенді оқытудағы сағат санының сәйкессіздігі, әрі мемлекеттік тілге деген талаптың қажетті дәрежеде қойылмауы. Сондықтан деңгейлеп оқытудың да «бас-аяғы белгісіз» ғұмыры шолақ болып шыға келді.

Сонымен қатар, тіл үйретуші әдіскерлер мен пән оқытушыларының өзара ынтамақтасып, бірлесе жұмыс істемеуі де тіл үйренуге кері әсерін тигізуде. Өйткені, Қазақ тілін оқытудың негізгі жүйесіәлі күнге нақтыланбағандықтан, бірі – шет тілі ретінде (екінші тіл), ал бірі – мамандық тілі ретінде, енді бірі – деңгейлеп оқыту жүйесін ұстанып, бір-бірінің жұмысын жоққа шығаруда. Ең бастысы, қазақ тілінің – мемлекеттік тіл, яғни, іс қағаздарын жүргізу тілі деген таным қалыптаспағандықтан, тіл үйретушілер ұстанымы әр қилы болып, «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп отырғаны ащы да болса ақиқат. Мұның барлығы сайып келгенде, қазақ тілін оқыту әдістемесінің дұрыс жолға қойылмауынан болған олқылықтар екені де даусыз.

Ақиқатында, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымы саласындаұлт тілін«пән» ретінде үкілеп, оны оқытудығылыми жүйеде қалыптастыруды негіздеуші– Ахмет Байтұрсынұлы.Жалпы, тіл үйретуде Алаш зиялыларының: Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы, Қошке Кемеңгерұлы т.т. қазақ тілін дамыту, оқытып-үйретудегі көрсеткен негізгі ұстанымдары әлі күнгебасты назарға алынбай, тек қазақ тілін оқыту, меңгерту тақырыбындағы бүгінгі тәуелсіздік кезеңдегі ғалымдар мен әдіскерлердің өзіндік ой-пікірлерін дамытудағызерттеу нысаныретінде қарастырылып келеді. Бұл ғылыми тұрғыдан алғанда қисынды, әрі дұрыс. Дегенмен, мұны өмір тәжірибесінде де «сынақ» ретінде қолдана білсек, ол нәтижелі болар еді.

А.Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту, үйрету, дамыту тұрғысындағы «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Методика мәселелері», «Баяншы», «Тіл – жұмсар», «Қай әдіс жақсы» т.б. толып жатқан мұрасын бүгінгі күн талабына сай, жаңартылған үлгіде толығынан пайдалануға әбден болады.Ағартушы-ғалым қазақ тілінің грамматикасы – фонетика, морфология, синтаксис салаларын бүтін бірлікте алып, ұлттық тіл ғылымын жасады. Әлбетте, бұл күні әбден қалыптасқан қазақ тіл білімінің ғылымы аз ғана уақытта қаланған жоқ. Ол талай жылғы, талай майталмандардың көз майы жегілген жұмыстардың нәтижелері арқылы жинақталды. Ғалымның өзі айтқандай, тілдің әуелі грамматикалық ілімін қалыптастырудан, сонан соң грамматикалық құрылымын зерттеп-зерделеуден басталған. Мұны замандастары «Ақаң түрлеген ана тілі», «Ақаң салған әдебиеттегі асыл сөз» деп әспеттесе, бүгінгі ғалымдар қазақ тіл біліміндегі «Байтұрсынұлы бастаулары» деп жүр[2].

ХХ-ғасыр басында ғалым түрлеген әліпбидің ұлтты сауаттандырудағы рөлі қандай? Енді осы мәселе төңірегіндегі пайым-танымдарға үңілсек. Тура сол тұстағы қазақ оқымыстыларының алдына қойған ұлы міндеттердің бірі – ол бұдан әрі «Қазақ халқы рухани келбеті, өзіндік бағыт-бағдары бар ел бола ма, жоқ «баяғы жартас бір жартас» деп, бодан қалпында өзінің ұлттық сипатынан айырылып, болмысын жоғалта ма?» деген өзекті мәселе тұрғанеді. Осы мақсатта қыруар іс атқарған реформатор-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының Қазақ әліпбиін түзіп-түрлеудегі жетістіктерін үзеңгілес замандасы, лингвист-ғалым Құдайберген Жұбанов жоғары бағалаған. Және ол кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі «аласапыран» тұста да Қазақ әліпбиін (Байтұрсынұлы емлесін), төл тілін таптатпаған. Қ.Қуанұлы кеңес тұсында ЖОО-да оқыған дәрістерінде Байтұрсынұлы оқулықтарының 1-ші сыныптан жоғары дәрежелі мектептерге (ВУЗ-ға) дейін бәріне де «жарап» жүр. «Тіл – құралымен» оқытуға тыйым салынса да мұғалімдердің оның (А.Байтұрсынұлы) кітаптарынҚұрандай қолтықтап, керегін Ахметтен іздейтінін жазды. Қазақ ұлттық ғылымының жетістіктерін Кеңестік идеология бірде ақтап, бірде даттап, сәуегейлік танытып, алаштықтардың артында қалған мұраларын үнсіз сіңіріп, талдап-тануда «ала-құлалық» көрсетіп жүргенде, сол жүйедегі жеке басқа табыну саясатынан тайсалмастан сөйлеген Қ.Жұбанов «қара тізімге» ілінген қазақ зиялыларының мұраларына араша түскен.

Ал, Қазақ әліпбиінің жобасы талқыға түскен тұста Қ.Жұбанов қазақәрпінің негізгі арқауын араб жазуымен байланыстыра отырып, қарастырады. Мәселен, «…с 1912 г., когда впервые была выработана эта система и произошла реформа арабского алфавита, по 1930 г., когда арабский алфавит правительственным декретом был изъять, т.е., в течение 18 лет казахские слова писались по этой системе, причем никаких недостатков (…) Надо заметить, что отказ от этой системы приниятем латинского алфавита произошел (…) по нажиму ученого совета вцкна, а не по инициативе Казахстана» деген сөзі қазақтың өз жерінде, өз Отанында отырып әліппе таңдауда еркі болмағанынаашынған ызасын көрсетсе керек [3].Түркітанушы ғалым Қ.Жұбанов қазақ әліпбиінің қалыптасуын тереңдеп танытуда Ахмет Байтұрсынұлына дейін де әліпби болғанын, Ыбырай Алтынсарин түзген әліпбидегі кейбір «кемшіліктерді» Ахметтің түзегенін, сөйтіп ескіәліпбиді қазақы танымға бейімдей отырып, «қосар дыбыстарды жаңадан енгізді» деп, қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен даму сатысына сүзгі сараптаулар жасайды. Жаңа әліпбидегі сонылықты құптап, қабылдайды.Мәселен: «…возражение не выдерживают критики, потому что всякие культурное и иное достижение, оставленное нам (…) это наше законное наследие (…). Отказываться от подобного наследия так же глупо (…) мы не откажемся ни от чего, что составляет лучшее творениях предыдущей истории, если оно в наших руках может быть полезно для нас» деген айшығынан, әрбір еңбекті «заңды мұра» деп танығанын, ұрпақ тәрбиесіндегі қажетті құрал санағанын көреміз [4, 35-б.].

Енді Ахмет Байтұрсынұлы жүйелеген қазақ тіліндегі атау-ұғымдардың дәлдігі мен даралығына үңілсек. Қазақ даласында мектептің негізін салушы Ы.Алтынсарин орыс тіліндегі «Имя существительное» дегенді «Нәрселердің атауы»десе [5, 227-б.], А.Байтұрсынұлы «Зат есім» деп атайды [6, 160-б.]. Ал «Имя прилагательное», «Имя числительное» деген сөз таптарына Ыбырай «Зат-мақұлықтың қасиеттерінің аттары», «Есеп аттары»деп баламаласа[5, Б. 238, 243], Ахмет «Сын есім», «Сан есім» деген атау-ұғым берді [6, 162-б.]. «Местоимение» деген терминді алғашқы ағартушы «Ақыры өзгерілмейтін сөздер» деп аударса [5, 248-б.], кейінгі әдіскер «Үстеу», «Демеу»дейді [6, Б. 165-166]. Бүгінде бұлар қазақ тілінде қалыптасып кеткен атау-ұғымдарды білдіретін пәнсөздер. Осылайша қисын-ережелер қалыптасып, алдыңғы буын өкілдері жіберген кемшіліктер кейінгі ұрпақтың түзеп-түрлеуі арқылы қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының заңдылықтары дамып жүйеленіп отырған.

Орыстың тіл зерттеуші ғалымдары төте жазудағы қазақ әліпбиін 1924, 1931 жылдары «Байтурсуновская графика»,«Байтурсуновскийалфавит» депатап,түркі елдері арасындағы «ғылыми жүйеленген ірі жетістік »екенін мойындаған. Мәселен, 1931жылы Мәскеудің «Литературная энциклопедия» жинағына ғалым реформалаған әліпби «Казахский (Байтурсуновский) алфавит» енгізілген [7, 23-б.]. Албіздің бүгінгі жетілген қазақтіліндегі 40 (жуан, жіңішке белгіні есептеу шартемес) әріптің түпнегізі– Ахаң емлесі негізінде байта жасалғанын ескеребермейміз…

А. Байтұрсынұлының «Оқу құралы. Қазақша алифба» оқулығы 1912 жылы Орынборда жарық көрген. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» атты ғибратын оқулықтың беташары ретінде ұсынады. Кітаптың әріп үйретер бірінші бетінің үстіңгі оң жағына Құран сөзі: «Би-исми-иллаһи-рахмани-раһим» шырағдандай орналастырылған. Әрі қарай қазақ әріптері рет-ретімен беріледі де, әрбір харіптің тұсына таңбасы және сол таңбаның атауы жазылады. Және төменгі жағына оқытушыға нұсқаулығы қатар ұсынылады. Сонымен бірге, соңынақысқа әрі нұсқа оқушының ұғымына сай, түсінігіне ылайықталған қысқа мәтіндер: Туысқан-туған атаулары; Тұрмысқа қажетті киім, үй саймандары; Ыдыс-аяқ, мал мен хайуандар атаулары және ас-тағамдары; Дене мүшелері т.б. қамтылады. Оқу құралының 2-ші кітабы жалғасты оқулық ретінде толықтырылып, 1913 жылы шықса, «Әліппе – астары» әліппеге жетекші құрал ретінде 1924 жылы жазылған. Оқулықтардың бала сауаттандырудағы қажеттілікті өтеудегі зор қызметіне, оның 1912, 1913, 1914, 1916, 1921, 1922 (2 рет), 1923, 1925 жылдары жиі басылым көруі айғақ.

Ағартушының «Тіл – құрал»оқулығы негізінен, үш жылдыққа арналып, әр жылғы сыныптарға жеке-жеке жазылған құрал. Бірінші тіл танытқыш кітап:Дыбыс жүйесі мен түрлері (1914), екіншісі: Сөздің жүйесі мен түрлері (1914-1915), үшіншісі: Сөйлем жүйесі мен түрлері (1923). Әдіскер ұстаз оқулықты не себепті үш жылға бөлінгенін түсіндіре отырып, 1-ші жылы оқытылатын бөлім тілдің негізі болғандықтан, оқытушылар алғашқы жылы балаларға харіпті нық үйретулері керектігін ескертеді. Бірінші оқулықта әріптер, буындар, әріп туралы ережелер, қазақ тіліндегі сөздердің тұлғалары оқытылса, жеткілікті екенін айтады. Дүниедегі жұрт тілінің негізі үшке: Түбіршек, жалғамалы, қопармалы болып бөлінетіні, ал қазақ тілінің қай топқа жататынын әрі оның негізгі ережелерін түсіндіріп береді. Сонымен қатар, қолданылуға тиісті әдіс-тәсілдердің қандай жолмен оқытылуы керектігін ұғынықты етіп түсіндіреді. Оқулықтың тақырыбы қарапайымнан күрделіге қарай оқыту тәсілі сатылана қолданылып, кітаптың екінші, үшінші жалғасы жазылды.

1995 жылы Абат Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» атты ғылыми зерттеу еңбегінде ағартушы әдіскердің еңбектерінің жазылу тарихы, әліппе мен оқулықтарының әдістемелік негізі, жалпы сипаттамасы жөнінде сараптамалық салыстырмалы талдаулар жасады. Зерттеуші еңбегінде «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қалаушы» екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп шығып, ағартушының әдістемелік оқулықтарының бүгінгі қазақ тілін оқыту ісімен сабақтастығын, тарихи тұлға мұрасының өміршеңдігін жазды [8].

Әдіскер ұстаздың «Байаншы» әдістемелік құралы мектеп мұғалімдері үшін жазған нұсқаулығы. Кітап 1920 жылы жарық көрген. Ағартушы ұстаз өзінің 14 жыл бойы бала оқытқан тәжірибесіне сүйеніп, сол тұстағы заман талабы жаңа оқу жолымен (усул сотие) қалай оқыту керектігіне: «Қазақ тіліндегі дыбыстар һәм олардың жазылу белгілері», «Дыбыспен жаттығу» деген аңдатпалық мағлұмат береді. Мұнан басқа «Тіл – жұмсар» атты екі бөлімнен тұратын әдістемелік көмекші құрал жазған. 1-ші кітап 46 бет (1928), екіншісі 90 бет (1929). Нұсқаулықтың кіріспе орнына берілген «Дәйектемесінде» құралдың қажеттілігі туралы, бұрынғы құралдардан айырмашылығы жаңа жолмен үйретуге ыңғайланып шығарылғанын айтады. Бұл кітаптың басты мақсаты – баланы сауатты сөйлеуге, оқуға, жазуға, жаңа емлені қиындықсыз қабылдауға дағдыландыру. Яғни, сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы таныту, үйрету. Бұл кітаптың 1-бөлімінде көбінесе, әріптер мен әріп таңбаларын түрлі орында жұмсалатын сөз бен сөйлем белгілерін жаза білуге үйрету болса, 2-бөлімінде осы өткендердің ауқымын кеңейте отырып, пысықтау мен бақылау жұмыстарын қатар атқару қарастырылған.

Қорыта айтқанда, Қазақ тілінің пән ретінде ғылыми жүйеде негіздеген ғалым-реформатор, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғибратын мансұқтап, жетілген тілге бөгде тілдің заңдылығын жөн-жосықсыз жапсырып, шалажансартосын жаңалық ашуды доғаруға міндеттіміз. Қазіргі қазақ тілін оқытудағы қолданынып жүрген оқулықтардың көпшілігі «іргетассыз үйлер» сықылды.Үйренуші былай тұрсын, үйретушінің өзі түсіндірме сөздіксіз түсінбейтін мәтіндерден құралған. Хакім Абай айтқандай: «…Бас басына би болған өңшең қиқым» дегендейін, айналдырған 2-3 жылда оқытушы оқулық авторы болып шығуда. Шындығында, сапасы сын көтермейтін 90 оқулықтан гөрі, білім министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша тәжірибелі әдіскер-оқытушылар тарапынан жазылған 9 оқулық маңызды болмақ. Ал министрлік нағыз қазақ тілінің нағыз әдіскер-ғалымдарынан қалған нағыз ұлттық мұраларды– жаңашыл оқыту жүйесіндегі заманауи технологияларда қайта жаңғыртуды қолға алса, «сөз бұйдаға салынған қазақ тілін» бүгінгі орыстілді дәрісхана тыңдармандарына ғана емес, барша қазақстандықтарға оқытып-үйретуде нәтижеге қол жеткізеріміз анық.