Қазақстан Еуразия материгінің орталығында орналасқан, оның жер көлемі 2 млн. 715 мың шаршы шақырым. Қазақстанның батысында Каспий теңізінен, шығысында Алтай тауларына дейін 2925 шақырым, солтүстігінде Батыс Сібір жазықытығының оңтүстігі мен Орал тауларының сілемдерінен, оңтүсітігінде Тянь-Шань биік таулы жоталары мен Қызылқұм шөлдеріне дейін 1600 шақырымға созылып жатыр. Осыған байланысты Қазақстанның табиғат жағдайлары да әртүрлі.
Мұнда жазықтық жерлердің сан алуан түрлері солтүстігінде орманды далалардан басталып, оңтүстіктегі шөл-шөлейттерге, құмды, сазды, тасты, сортаңды шөлдерге жалғасады. Қазақстан жерлерінде алуан түрлі жануарлар кездеседі.Мұнда омыртқалы жануарлардың 835 түрі бар. Соның ішінде құстардың – 500-ге жуық түрлері бар.Атап айтар болсақ: барылдауық үйрек, үлкен сұқсыр, көкқұтан, үлкен аққұтан, әупілдек немсе екішкентай көлбұқа, бұйра және қызғылт бірқазандар, ақбас үйрек, тартар, саз құладыны, отүйрек, дегелек немесе ақ ләйлек, мойнақ шағала, қызылқасқа сутатар, қамыс сары торғайы, үлкен су құзғыны, жалпақтұмсық, сұңқылдақ және сыбырлақ аққу, қылаң қарабас шағала, боз шағала, сутартар, сарыала қаз, қоқиқаз немесе қызылқаз т.б.
Барылдауық үйрек – көптеген үй үйректерінің шыққан тегі. Ата үйрек өте ашық түске боялған – басы мен мойнының жоғарғы жағы қою жасыл, ашық қоңыр кеудесі ақ қарғымен бөлінген, құйрығының үстінде жоғары қарай бұралған әшекейлі қауырсындары болады. Маңғыстаудың сусыз жерінен басқа Қазақстанның барлық жерінде кездеседі. Теңіз деңгейімен 2000 м биік тауға көтеріледі. 6-9 жұмыртқаға дейін жұмыртқалайды және 4 апта ішінде басып шығарады.
Үлкен сұқсыр – Қазақстандағы сұқсыр үйрек туысы өкілінің ішіндегі ең ірісі (салмағы 700-1400 г). Бұл дүние жүзінде кең таралған, еліміздің барлық су қоймаларында қоныстанған. Ұсақ балықтармен, сонымен қатар су омыртқасыздарымен – жүзгіш қоңыздар, қандалалары, инеліктер, маса дернәсілдерімен қоректенеді.
Көкқұтан – біздегі құстардың ішіндегі ең ірілерінің бірі (биіктігі 1 метр). Сұр түсті, ақшыл, мойнында қара жіңішке сызықтар және көзінің артында ұзын қара бұрымшалары бар.Бұл құстың ұшқанын көру ерекше қызық: ол мойнын S әрпі тәрізді қаттап, басын иығының ішіне тартып жатқандай көрінеді. Тек артқа бағытталған ұзын аяқтары мен қағылған жалпақ қанаттары анық көрінеді. Жарамды су қоймаларының бәрінде қоныстанған. Бұл керемет құтанды таяз сулардан жиі кездестіруге болады. Бір аяғымен қатып тұрып, жемтігін – балық, бақа және басқа да су жануарларын аңдып ұстайды. Жұмыртқаларын атаана кезектесіп басады. 26-27 күнде балапан ашып шығарады. Қазақстанның оңтүсітік аймақтарында қыстайды.