Отрядқа бейнесі жыртқышқа тән 270-тей түр бірігеді. Салмағы 60 г-нан 12 кг-ға жетеді. Жер шарының барлық аудандарында кең тараған және алуан түрлі ландшафттарда мекендейді. Күндізгі жыртқыш құстар — отырықшы, көшпенді және жыл құстары. Тұмсығы қысқа, бірақ оның түбінің шеті өткір, қиғыш, үстіңгі тұмсықтың ұшы өткір ілгек тәрізді болып келумен сипатталады. Үстіңгі тұмсықтың түбінде балсірі болады, ол кейде жасыл не қызыл түсті. Омыртқа жотасының мойын бөлімінде 14-17 омыртқа болады. Төс сүйегінің қыры жақсы жетілген. Коракоиды жалпақ, бұғанасы мықты. Аяқтары күшті, қауырсынданбаған ұзын саусақтары үлкен, иілген және үшкір тырнақпен жабдықталған. Сүйектерінің іші ауаға толы. Алдыңғы және артқы аяқтарының бұлшық еттері өте жақсы жетілген. Сұңқартәрізділердің жүрегі үлкен, миы салыстырмалы түрде дәу. Сыртқы құлақтың бастамасы болады. Көздері өте үлкен. Өңеште жақсы жетілген жемсауы бар. Безді қарын көлемді, етті қарынның қабырғасы салыстырмалы түрде әлсіз.
Америка тазқаралары отряд тармағы – Cathartae. Бұған Оңтүстік және Солтүстік Американың ірі (салмағы 12 кг жетеді) жыртқыш құстары жатады. Олардың басы мен мойнының біраз бөлігі жалаңаш, кейде бұл учаскелер ашық түске боялған және тері өсінділері бар болуы мүмкін. Алдыңғы мида үлкен иіс сезу бөлігі болады, Бұл олардың өте иіс сезгіштігін білдіреді. Үш саусағы алға қараған, ал артқы саусағы жіліншікке басқа саусақтардан жоғары орналасады. Саусақтарындағы тырнақтары үлкен, бірақ доғал және аздап қана иілген. Америкалық қарақұстар дыбыс шығармайды. Қарнында пилорикалық бөлім жетілген ішектің тұйық өсінділері редукцияланған.
Америка тазқаратектестер тұқымдасы — Cathartidae. Тұқымдаста 6 туысқа жататын 6 түр бар. Олар жартастың шетіне, шың-құзға, кейде ағашқа ұялайды.
Сұңқарлар отряд тармағы – Falcones. Бұған Антарктидадан басқа жерлерде кең тараған жыртқыш құстар жатады. Салмағы 50 г-нан 12 кг-ға дейін жетеді. Америкалық тазқаралардан ерекшелігі сұңқарлардың артқы саусағы алдыңғыларымен бір деңгейде орналасқан. Тырнағы әдетте өте күшті иілген, үшкір. Қарынның пилорикалық бөлімі ерекшеленбеген. Ішектің тұйық өсінділері жақсы дамымаған. Жабынды қауырсындарында жанама өзек әлсіз жетілген. Америкалық тазқаралардың балапандарымен салыстырғанда, сұңқарлардың балапандарын қалың мамық басқан, екі аптадан соң екінші мамық жабындысымен алмасады, содан соң қауырсындану жүреді. Балапандарына қоректі тырнағымен бүріп не тұмсығымен ұстап әкеледі. Бұл отряд тарамағына 2 тұқымдасүсті жатады. Олар: хатшы құстар (1 тұқымдас) және сұңқарлар (4 тұқымдас). Сұңқарлар отрядүстінде қазіргі кезде 268 түр бар. ТМД елдерінде 20 туыстың 50 түрі, оның 47-і ұялайды, кездессе, ал Қазақстанда 39-ға жуық түр бар деп есептелінеді және олардың көпшілігі республикамыздың әртүрлі аймақтарында ұялайды.