Құстар әртүрлі жануартектес және өсімдіктектес қоректі пайдалана алады. Мейлі ірі немесе майда түрлер болсын орналасқан экологиялық қуысқа байланысты, қоректің белгілі бір түріне маманданады. Кейбір түрлері өте арнайы маманданған (стенофагтар), басқаларының қоректік спектрі кең (эфрифагтар). Қоректену сипаты мен жемтігін аулау тәсілі тұмсықтың құрылысына әсерін тигізеді. Көптеген құстардың тұмсығы ұзын, қорегін жерде немесе судан ұстайды. Есте ұстайтын нәрее — тұмсықтың, аяқтың және мойынның (дегелектер, құтандар, шалшықшылар) ұзындығының бір-біріне сәйкестігі байқалады. Тропикалық ормандардың шырынды жемістерімен қоректенетін кейбір құстардың тұмсығының іші қуыс әрі үлкен (тукандар, мүйізтұмсықтар;). Шалшықшылардың тұмсығы басқа құстарға қарағанда өте ұзын болады, өйткені олар қорегін лай мен батпақ арасынан іздейді, ал гүлдің нектарымен қоректенетін балсорғыштар, колибрилердің де тұмсығы тым ұзын және қабық арасынан, әртүрлі қуыстардан насекомдарды іздейтін жарқұстар мен шиқылдауықтардың да тұмсығы ұзарған. Жыртқыш құстар мен балықшы құстардың тұмсығы қысқа (сұңқарлар, жапалақтар) немесе ұзындау (суқұзғындары), бірақ үстіңгі тұмсықтың ұшы міндетті түрде ілгек болуы керек. Бұдан басқа, нағыз түнгі және күндізгі жыртқыштар өзінің жемтігін тырнағы күшті аяғымен ұстайды. Жемтігін ауада ұшып жүріп ұстайтын насекомқоректі құстардың тұмсығы кішкентай, бірақ үлкен аузының езуінде қылтанақтары болады, олар насекомдарды ұстауға көмектеседі (қарлығаштар, ұзынқанаттар, тентекқұстар, шыбыншылар). Қылқан жапырақты ағаштардың тұқымымен қоректенетін қайшыауыздардың үстіңгі және астыңғы тұмсықтары бір-бірімен қиылысады, олар бүршіктің қабығын ашуға көмектеседі. Көптеген қунақтар мен тоқымашылардың тұмсығы қысқа әрі мықты болып, жеміс ағаштарының сүйекті тұқымын тістеп, оны ұсақтауға жәрдем береді. Қазіргі құстарды тіс жоқ, қорегі не тұмсығымен немесе мүйізтектес төсеніші бар етті қарынмен ұсақталады.
Құстардың тілі әр түрлі роль атқарады. Кейбір жағдайларда ол өте күшті редукцияға ұшыраған және ролі шамалы (бірқазандар, суқұзғындары, зымырандар, бәбісектер, түйеқұстар). Басқа жағдайда тіл ағаш сүрегі мен қабық арасындағы тар жолдардан жемтігін ұстауға көмектеседі. Әр түрлі балсорғыштардың тілі — сорғыш, ол гүл шірнесін сорады (колибрилер, шірнешілер, балсорғыштар). Тіл жемтігін, мысалы балықты ұстап тұруға жәрдемдеседі (пингвиндер) немесе үгіткіш қызмет атқарады (жыртқыш құстар). Азық ретінде майда су омыртқасыздарын пайдаланатын құстардың тілінің шеті суды сүзу және жемтігін ұстап қалатын елек қызметін атқарады (үйректер, қаздар, қоқиқаздар).