ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ САПА КӨРСЕТКІШТЕРІН ТАЛДАУ ЖӘНЕ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ

Қазіргі уақытта әлемдегі білім беру қауымдастығы фундаменталдық білімнен қолданбалы білім мен дағдыларға, іскерлік пен инновацияларға қарай белсенді түрде ауысып келеді. Атап айтқанда инновациялық білім беру келесі принциптерге негізделген:

— адамның шығармашылық әлеуетін дамыту, балама шешімдерді қарастыру міндеттілігі, пәнаралық байланыстарды дамыту;

— жаңа инновацияны талдау, меңгеру және оның негізінде дұрыс әрі тиімді шешім қабылдау қабілетін дамыту арқылы тез өзгермелі өмірге дайындау;

— адамның ішкі рухани құндылығын, төзімділігін, өз ісіне деген жоғары жауапкершілігін дамыту.

Аталған принциптер Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізі болып табылады. Бүгінгі таңда бағдарламаны іске асыруда білім беру сапасы, оның өлшемдері, жетілдіру мен бақылау мәселелері өзекті болып табылады [1].

Кез келген жүйе оның жұмыс істеу нәтижелерін өлшеу құралдарына бағдарланатындығы белгілі, сондықтан нәтижелерді бағалау құралдары мен рәсімдерін талдау басты мақсат. Білім беру қызметінің сапасын бағалаудың негізгі шарты бұл дұрыс таңдалған және сауатты қойылған бағалау және бақылау рәсімдерінің бағасы мен рөлі екендігін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында тұтас, көп деңгейлі ұлттық білім беру сапасын бағалау жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйе келесі элементтерден тұрады:

рұқсат беру функциясы — лицензиялау осы жүйенің негізгі элементі болып табылады. Ол білім беру қызметтерін көрсету нарығына кем дегенде қажетті материалдық, интеллектуалдық және басқа да ресурстары барлардың ғана кіруін қамтамасыз етеді. Рұқсат беру функцияларының болуы төрешілдік, әкімшілік кедергілер, сыбайлас жемқорлық туғызатынын атап өткен жөн. Сондықтан әкімшілік рәсімдерді оңайлату жұмыстары жүргізілуде. Іске асырылып жатқан іс-шаралардың негізгі мақсаты — жауапсыз жеткізушілерге тосқауыл қою арқылы азаматтарды сапалы білім беру қызметтерін алуға кепілді құқықпен қамтамасыз ету. Бұл сала бойынша әлемдік практика әртүрлі. Ол жоғары құқықтық және академиялық мәдениетке, азаматтық қоғам институттарын дамытуға байланысты. Біз білім берудегі рұқсат беру функцияларын оңтайландыруға қарай жылжып келе жатқанымызды атап өткен жөн. Мысалы, соңғы жылдары Білім және ғылым министрлігі 27 рұқсат беру құжатының 9 (33%)-ын қысқартуға ұсыныс берді.

Академиялық мәдениет жоғарылаған сайын, білім беру сапасын реттеудің қоғамдық-кәсіптік және нарықтық тетіктері мықты болған сайын рұқсат беру функциялары соншалықты азаяды. Қазіргі кезде білім беру жүйесінде лицензиялау жүйесінен алып тастауға болатын барлық рұқсат беру рәсімдері дерлік алынып тасталған. Әлеуметтік алаң және мемлекеттің жоғары базалық жауапкершілігі сақталатын мектептік және кәсіптік білім беруге қатысы бар рұқсат беру функциялары ғана қалған. Бұл ретте лицензиялаудың барлық кезеңдерінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. 2012 жылдың сәуірінен бастап біз толықтай лицензиялаудың электронды форматына көштік. Лицензиялау жөніндегі қоғамдық комиссиялар құрылды. Олар сараптама нәтижелерін қарап, тиісті шешім қабылдайды, ол сайтқа жарияланады. 2013 жылдан бастап барлық рұқсат беру құжаттары электронды форматта беріледі.

— ұлттық білім беру сапасын бағалау жүйесінің келесі өте маңызды элементі Мемлекеттік бақылау және аттестаттау болып табылады. Алғаш рет 2012 жылы Қазақстанда ұлттық деңгейде бірыңғай бақылау жүйесі құрылды. Ол — Бақылау комитетінің 16 аумақтық департаменті. Қазақстан үшін бақылдау жүйесін толық орталықтандыру қажет болды және уақытылы қолға алынды. Өкілеттікпен қоса жауапкершілікті беру есебінен білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру қажет болған басқаруды орталықсыздандыру тиімді жұмыс істемеді. Бұған негізгі себеп өкілеттіктер мен жауапкершіліктің өлшемсіздігі болды. Жергілікті жердегі білім беру ұйымының басшысы барлық өкілеттікке ие, бірақ қоғам алдында емес, жұмысқа тағайындайтын адамның алдында ғана жауапты. Сондықтан жергілікті жерлерде бақылаудың тиімді жүйесі жолға қойылмады. 16 өңірдің 9-ында бақылау бөлімшелері мүлдем болмаған. Жергілікті жерлерде өткізілген мемлекеттік аттестаттау қорытындыларының басым көпшілігі оң нәтиже көрсетіп келген. Бұл жағдайдың негізінде көп жылдар бойы мүдделер қайшылығы тұрды — білім беру қызметтерін кім ұйымдастырса, сол олардың сапасын да тексерді.

аккредиттеу маңызды элементтердің бірі. Мемлекеттік бақылау табиғатынан тиімділік жағы шектелген төрешіл әрі жасанды рәсім болып табылады. Олардың мақсаты — білім беру ұйымдарын мемлекеттің ең төменгі талаптарына сәйкестендіру. Бұл рәсімдердің білім беру саласындағы әріптестеріміздің шығармашылығын іске асыруына тигізері шамалы, жоғары мақсаттарға қол жеткізу жолындағы бастамаларын тудырмайды. Сондықтан, білім беру сапасын реттеудің нарықтық және қоғамдық-кәсіби тетіктерін дамыту қажет. Бұл функцияны аккредиттеу орындайды. Аккредиттеу білім беру ұйымдарының даму перспективаларын, қолда бар ресурстар (материалдық, техникалық, адами және т.б.) арқылы барынша қол жеткізген деңгейін анықтайды.Қазіргі уақытқа дейін аккредиттеуге қатысты барлық нормативтік құқықтық база жасалған. Аккредиттелген органдардың тізбесі қолданысқа енгізілді. Оған екі қазақстандық және әлемге танымал төрт шетелдік агенттік кірген. Олар жоғары оқу орындарының қызметін тәуелсіз кәсіби бағалайтын болады. Ол 2015 жылға қарай мемлекеттік аттестаттауды алмастыруы керек. Аккредиттеумен қатар білім беру жүйесінің сапасын арттыруда ұтымды құрал рейтингтер болып табылады. Мемлекет басшысының саяси бағытын іске асыру нәтижелері халықаралық елдік рейтингтерде көрініс тапты.Осылайша Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің деректері бойынша Қазақстан соңғы жылдары өз орнын 21 орынға көтеріп, 72-орыннан 51-орынға шықты. Бұл ретте білім және ғылым саласы үлкен үлес қосты: 14 индикатордың 11-і бойынша жақсы көрсеткіштерге ие болды. Ол әсіресе «Университеттер мен бизнес ынтымақтастығы» сияқты позициялар бойынша 29 орынға , «Персоналдың біліктілігін арттыру» – 24 орынға, «Шешімдердің ашықтығы» — 21 орынға, «Білім беру жүйесінің сапасы» — 11 орынға жоғары және т.б. [2].

Қазіргі кезде Қазақстанның екі жетекші университеті – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет әлемнің үздік университеттерінің 400 топына кірді. Қазақстан-Британ техникалық университеті алғаш рет рейтингке кіріп, 551-600 кластеріне бірден енді [3].

Сапаны бірыңғай бақылау жүйесін құру нәтижесінде елімізде білім беру ұйымдарымен кері байланыс жасау арнасы жолға қойылды. Білім беру қызметтерін тәуелсіз сырттай бағалау жүйесі іске қосылды. Мемлекеттік бақылау мен аттестаттау университеттер үшін де сақталып отыр. Олардың қатарына Назарбаев Университеті ғана кірмейді. Оған жеке Заң құрылған және ол Қазақстанның барлық университеттері үшін бағдар болып табылады.

Қазақстан сауаттылық деңгейі бойынша әлемдегі 177 елдің арасында 14-орынды алады. Бізде халықтың 99,5 %-ы оқып, есептеп, жаза алады. 4 жыл ішінде Қазақстан 129 ел арасында ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексі бойынша көшбасшылардың төрттігіне еніп үлгерді. Зерттеу барысында жалпы бастауыш біліммен қамту коэффициенті, ересек тұрғындардың сауаттылығы, гендерлік теңдік пен оқушылардың жалпы контингентінен бесінші сыныпқа дейін оқыған мектеп оқушыларының үлесі зерделенді.

Қазақстан сапаны төмендететін жалпы білім беруді жаппайландырудың жалпы әлемдік үрдісінен қалыс қалмады. Егер 1991 жылы Қазақстанда 55 жоғары оқу орны болса, 2001 жылы олардың саны «шыңына» жетіп, 182-ні құрады, 2013 жылы 136 болды, оның ішінде ұлттық — 9, мемлекеттік — 33, акционерлік — 16, азаматтық емес — 13, Назарбаев Университеті, халықаралық (ХҚТУ) — 1, жекеменшік — 63. Мұндай көрініс қалыптасқан ұлттық экономикасы бар елдер үшін тиімді. Онда жоғары білімді тұрғындардың үлесін ұлғайту үшін стратегиялық мақсаттар қойылады. Алайда, экономикасын қалыптастырып жатқан елдер үшін жоғары білімді жаппайландыру даярлығы нашар жоғары білімді мамандарды артық шығаруға алып келеді. Сондықтан ҚР БҒМ тарапынан жоғары оқу орындарының желісін оларды біріктіру, қосу, қайта құру, сондай-ақ білім беру саласындағы заңнамамен белгіленген талаптарға жауап бере алмайтын жоғары оқу орындарын жабу арқылы оңтайландыру жұмыстарын жүргізуде. Ол білім беру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді [4].

Қазақстан бакалавриат, магистратура және докторантура арқылы үш сатылы даярлау моделіне толық қанды көшті. Бұл модель мамандар мен ғылыми кадрларды даярлаудың үздік әлемдік стандарттарына толықтай сәйкес келеді. Ендеше сапалық көрсеткіштерді мемлекеттік реттеудің жаңа құралдарын қолдану қажеттігі туындауда. Осыған орай еліміздегі жоғарғы оқу орындарының қызметін халықаралық деңгейде реттейтін механизмнің бірі бұл ұлттық аккредиттеу қызметін жандандырып жетілдіру болып табылады. Мемлекет жыл сайын 35 мыңға жуық бакалаврларды, 4 мыңға жуық магистранттарды және 500-ден астам PhD докторларын даярлауға гранттар бөледі. Яғни осы саладағы атқарылып жатқан орасан еңбектің сапалық көрсеткіштерін бағалап реттеу мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.