ОТБАСЫНЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ АЛАТЫН ОРНЫ

Отбасы — бүкіл ғасырлар бойы адам баласы тәрбиесінің негізгі құралы болып келеді. Сондықтан ол — адам үшін ең үлкен орта.

Отбасы — белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралардың сақтаушысы. Онда бала алғашқы рет өмір жолымен танысады, моральдық нормаларды игереді. Сондықтан отбасылық өмір жеке адамның азамат болып өсуінің кепілі.

Отбасы – оқыту мен тәрбие жұмысындағы мектептің одақтасы. Ол бала тәрбиесі жөнінде мектеппен тығыз байланысты болуды өте жақсы түсінеді. Өйткені бала тәрбиесінің отбасында, мектепте нәтижелі болуы осындай ынтымақтастыққа негізделеді.

Отбасы тәрбиесі – бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі, мемлекет алдындағы ата — аналардың борышы. Оған дәлел: балалар мекемелері жөнінде халықтың қажеттілігін толық қанағаттандыру, балалардың еңбек, спорт лагерлерінің, жас натуралистер станцияларының, ғылыми- техникалық және көркемдік шығармашылық үйірмелерінің жүйесін кеңейту; ананы, балалық шақты қорғауға ерекше көңіл бөлу; отбасы мүшелерінің демалуы үшін санаторийлердің, демалыс үйлерінің жүйесін кеңейту; аналар жағдайын еске алып, әйелдердің халық шаруашылығына қатысуын үйлестіру [2,194-б.].

Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру. Бұған баланың күн ырғағы, міндеттері, қойылатын талаптар, оның үй еңбегіне қатысуы, оқу- әрекеті бос уақытын ұйымдастыру жатады.

Бала өмірін және іс-әрекетін ұйымдастыруда негізгі жағдайлардың бірі – ұтымды ырғақ жасау. Күн ырғағы өмір тәртібі, еңбек пен демалыстың парасаттылықпен, кезектесіп өтуі, талаптарды орындау, жақсы әдеттерді қалыптастыру.

Балалардың күн ырғағы И. П. Павловтың іліміне негізделеді. Ол жұмыс қабілетін толық сақтау үшін еңбек пен демалыстың кезектесіп өтуінің қажет екендігін көрсетті. Күн ырғағы баланы жинақтылыққа, тіл алғыштыққа, дәлдікке, мұқияттылыққа үйретеді, денсаулығын нығайтады, еңбек қабілетін жақсартады. Күн ырғағын жасауда ата-ана баланың жасын, үй жағдайын, денсаулығын, мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің кеңесін, отбасы мен мектеп ырғағының бірлігін еске алуы тиіс. Отбасында күн ырғағының негізгі элементтері – еңбек демалыс, ойын, сабаққа дайындалу, тамақтану, ұйқы т.б. дұрыс алмасып отыруы қажет. Күн ырғағын сақтау негізінде мидың үлкен жарты шарының қабында рефлекстер жүйесі (динамикалық стереотил) пайда болады. Мысалы: бала белгілі бір уақытта ұйықтауға үйренсе, оның ми қабатында тежелу процесі басым болады да тез ұйықтауға кіріседі. Сондықтан ата-аналар балалардың белгілі бір уақытта сабаққа дайындалуға, тұруға үйретулері, яғни ырғақ элементтері берік орындалуы тиіс [2,195-б.].

Сонымен, дұрыс ұйымдастырылған күн ырғағы белгілі дағдыға үйретеді, дағды әдетке айналады, ал әдет келешекке бала қажетін қанағаттандырады.

Отбасы жағдайын және баланың жас ерекшелігін ескере отырып, оны ата-аналар түрлі еңбек іс-әрекеттеріне үйретулері қажет. Бала — отбасы мүшесі, оның өз міндетін адал ниетпен орындауы — зор қуаныш. Отбасының бала еңбегіне артық салмақ түсірмей, парасатты ұйымдастырғаны жөн. Үйге берілген оқу тапсырмаларын үнемі орындап отыруға бақылау жасау, көмектесу, балаларды өз бетімен жұмыс жасай білуге үйрету.

Балалардың бос уақыты – бұл шығармашылыққа еліктеу, қызығу дүниесі. Бала бос уақытында қоғамдық пайдалы істерге, спорт ойындарына, кинофильмдерге, спектакльдерге қатысады.

Көптеген отбасыларында ата-аналардың балаларымен бірігіп серуендеуі ізгі дәстүрге айналған. Егер ата-аналар қоршаған табиғат пен өз өлкесінің көз тартарлық көрнекі орындары жөнінде әңгіме өткізсе, мұндай серуендердің танымдық маңызы зор болар еді.

Отбасылық тәрбиенің басты жағдайларының бірі – бұл ерлі- зайыптының өзара махаббатына, көзқарасының, мүдделерінің, сенімділіктерінің және ұжымдық іс-әрекеттерінің бірлігіне негізделген татулық. Мұндай ортада қиыншылықты жеңе білетін қабілетті, байсалды, ақжарқын адамдар өседі. Олар ұжымды, жеке басының қамын ойлайды, басқа адамдар үшін де өмір сүре алады.

Отбасында балалардың тәрбие процесіне табысты ықпал жасауда басқа да жағдайларды сипаттайтын белгілерді атауға болады. Ж.Б.Қоянбаев, Р.М.Қоянбаевтың пікірлерінше, оларға мына мәселелер жатады:

  1. Отбасының этикалық құрамы және құрамы: толық емес отбасы, бір балалы, көп балалы отбасы, бір ұлттық, көп ұлттық отбасы;
  2. Тіршілік әрекетінің және орталық жағдайлары: отбасы мүшелерінің білім дәрежесі, еңбектану, кәсіптік құрамы, бюджеті, жалпы материалдық әл-ауқаты, селолық және қалалық отбасы;
  3. Отбасының мәдени потенцияллы: күнделікті тұрмыстың жалпы мәдениеті; күн ырғағы, демалыс, оның формалары, кітапхананы, теледидарды, музыка аспаптарын пайдалана білуі, спортпен айналысу, үйелмендік дәстүрлік мерекелер;
  4. Ішкі отбасылық қатынастар отбасы микроклиматтарының сипаттамасы, үйелменде көзқарастың бірлігі және айырмашылығы, отбасы мүшелерінің өз міндеттеріне көзқарасы;
  5. Қоғамға көзқарасы: еңбек және қоғамдық міндеттерге, қоғамдық тәрбие институттарына қатысы;
  6. Отбасының тәрбиелік потенциялы: отбасылық тәрбие, қолданылатын әдістер, ата-аналардың және басқа мүшелердің педагогикалық мәдени дәрежесі Отбасының осы көрсетіліп отырған ерекше белгілерінің тәрбиелік ықпалы өте күшті, оларды тәрбие барысында ескеру қажет.

Отбасының өзіне тән ерекше функциялары бар. Олар: халық санының өсуі; адамзат ұрпағын әрі қарай жалғастыру, қажеттілік – шаруашылық функциясы, отбасының тәрбиелік функциясы отбасы мүшелерінің өзара және туған- туысқандарымен қарым- қатынас жасау функциясы [3].

Отбасылық тәрбие бірқалыпты жағдайда іске асырылып отырмайды. Тәжірибе мәліметтеріне қарағанда отбасылық тәрбиенің сәтсіздікке ұшырауының басты себебі – үлкен адамдардың педагогикалық көзқарастарының қауқарсыздығынан болады.

Біріншіден: отбасында болатын өктемдік баланы өзін-өзі билеушілігінен айырады, әрбір қадамына бақылау жасайды, ол өз күшіне, мүмкіншілігіне сенімсіз және ішкі жәй-күйі төмен болады.

Екіншіден: баланы еркелетушілік, бетімен жіберушілік, ата-аналардың бәрін кешірушілік сүйіспеншілігіне байланысты. Баланың жетегіне түсіп, еркіне жіберушілік өзімшілікке тәрбиелейді.

Үшіншіден: әке мен ананың және басқа отбасы мүшелерінің тарапынан бірыңғай талаптың жоқтығы. Осының нәтижесінде ата-аналарды немесе ересек отбасы мүшелерінің көзқарастарындағы алалықты пайдаланып, бала екі жүзді және жағымсыз нәрсеге бейім болып өседі.

Төртіншіден: ата-аналар балаларды еркімен қарым-қатынас жасаудан, өмірден аулақтауға тырысады, бөгет жасайды. Бұл баланың қалыптасуына, дамуына залалды әсер етеді.

Бесіншіден: егер әке мен ана өз баласының іс-әрекетіне немқұрайлы, жауапсыздықпен қараса, онда соны пайдаланып, кездейсоқ, күмәнді адамдармен танысуға мүмкіндік алады.

Осымен бірге тәрбие процесінде жалған беделдер де кездеседі.

А.С.Макаренко олардың бірнеше түрін көрсетті: «Басу беделі», «Мейірімділік беделі», «Сатып алу беделі», «Тақуалық беделі» т.б.

Отбасы тәрбиесінде халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірбиесін, ұлттық ерекшелігін есепке алу өте қажет. Отбасына қатысы бар адамдардың әлеуметтік орны біздің халықта өте терең жіктелген. Мысалы, ата мен әже, әке мен шеше, аға мен апа, іні мен қарындас, немере, шөпшек, жиен, жиеншар, құда мен құдағи, құда бала мен құдаша, қайын мен қайын сіңілі, жезде, бажа, т.б. жеті ата мен одан тарайтын шаңырақтар ру, жүз, т.с.с.

Адамдардың ара-қатынасын белгілейтін ұғымдар сырына терең үңілсек, адамгершілікті адамның тұлғалық жан дүниесінен орыналатын рухани байлықты байқауға болады. Адамның өмір салтын құрайтын іс-әрекет тұрғысынан қарасақ, біздің халықта бұл мәдениет әр адамның әлеуметтік орнына қарай қалыптасқан қарым-қатынастың іс-әрекеттік байлығы адам тұлғасының орынды сапалық қасиеттерінің қайнар көзі болып табылады. Отбасында, мектепте бұл қатынастар тәрбиенің пәрменді құралына айналуы қажет.

Біздің халқымыздың отбасы жағдайында жас ұрпақ тәрбиесіндегі жетекші буын ата-әже іс-әрекетінің төңірегіне шоғырланған. Себебі, отбасында әке мен шеше негізгі еңбек иелері, отбасы қажеттілігін қамтамасыз етушілер. Ал ата мен әженің өмір тәжірибесі өз дәрежесінде даналық ақыл-ойдың, орынды дүниетанымының, талғамның, денсаулық бағбанының, орынды тәртіп пен мінез-құлықтың мектебі болып табылады.

Қорыта айтқанда, күнделікті ертемен маңдайынан иіскемеген, әже бауырының ыстығын сезбей өскен бөбектің рухани жан дүниесіне нұқсан келе береді.

Өскелең жас ұрпақ — қазақ шаңырағының берік болғандығын өмірінің арқауы еткені, аға ұрпақ дәстүрінен аттамағаны жөн.

Отбасы – туысқандық байланыста болатын (күйеуі, әйелі, ата-анасы, әкесі, т.б.), бірлесіп, әлеуметтік тұрмыстық өмір сүретін адамдар. Онда мынадай функциялар жүзеге асырылады. Репродуктивтік, яғни балалардың тууы, шаруашылық-экономикалық, тәрбиелеушілік, адамгершілік-психологиялық ахуалды қамтамасыз ету; отбасындағы қарым-қатынасты ұйымдастыру; бос уақытты тиімді ұйымдастыру.

Отбасы – қоғамның алғашқы ұяларының бірі. Отбасында баланың айналасын қоршаған дүние жайлы алғашқы түсінігі, көзқарасы, сезімі, әдет- дағдылары бой көрсетіп қалыптасады.

Баланың дұрыс өсуіне қажетті жағдайлар жасау, оның орта білім алуына, мамандық, кәсіп таңдауына көмектесу, еңбекке дағдыландыру, қоғам мен өз мүлкіне ұқыпты қарауға үйрету ата-ананың басты борышы.

Баланы бүгінгі өмір талабына сай азамат етіп өсіру үшін оған жас кезінен дұрыс тәрбие беру қажет. Ата-ана өз баласының неге қызығатынын, нені жақсы көретінін, неден қорқатынын, қандай іс-әрекеттерге ынта-ықыласы барын, қандай іске бейім екенін біліп отыруға тиіс.

«Ел болу үшін бесігіңді түзе» деген ел сенімін ақтап, ата даңқын шығарар — білімді, парасатты, ұл-қыз, немере тәрбиелеу бәріміздің басты парызымыз.

«Неке және отбасы» туралы Заңда ата-аналардың балалары алдындағы міндеттері айқын көрсетілген. Мысалы, 62-бапта мыналар көрсетілген.

  • ата-аналар өз балаларының денсаулығына қамқорлық жасауға міндетті;
  • ата-аналар өз балаларын тәрбиелеуге құқығы бар және оған міндетті;
  • ата-аналардың басқа да барлық адамдарға қарағанда өз балаларын тәрбиелеуге басым құқығы бар;
  • бала тәрбиелеуші ата-аналар өздерінің қабілеттері мен қаржылық мүмкіндіктерінің шегінде оның дене, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қажетті өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін негізгі жауапкершілікте болады.

Міне осы заң арқылы қоғам ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттырып отыр.

Ата-аналардың бала тәрбиесіне қатынасы әртүрлі болатыны белгілі. Тәжірибе барысында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі білім-іскерліктерінің қалыптасуының мынандай өлшемдері (критерийлері) анықталды: ата-аналардың балалары, мектеп, қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара байланысы, бала тәрбиесі туралы білімді меңгеру; ондағы ата-аналардың мінез-құлқы бала тәрбиесін жақсартуға бағытталған іс-әрекеттер; балаларды тәрбиелеудегі белсенділік, ынталылық және дербестік; бала тәрбиесінде жауапкершілік қарым-қатынасын көрсету; отбасындағы тәрбиеге қызығушылық; отбасы тәрбиесіндегі іскерліктері мен дағдылары; бала тәрбиесінің қажеттігін және маңызын түсінуі.

Осы аталған өлшемдер негізінде ата-аналардың бала тәрбиесіндегі білімдерінің, іскерліктерінің, дағдыларының үш деңгейі белгіленді:

Жоғары деңгейі. Бала тәрбиесінде сапалы қолданылатын, терең педагогикалық білімі бар ата-аналар жатқызылады. Оларда мінез-құлық пен іс-әрекеттің балаларына дұрыс тәрбие берудегі бағыттылығы айқын көрінеді. Отбасындағы тәрбиеге оң қарым-қатынаста болады, оған деген жоғары саналылығымен ерекшеленеді.

Педагогикалық іскерлігі мен дағдылары мол болады, бала тәрбиесі жұмыстарына белсенді қатысады, өз бетімен білімін көтереді, көп оқиды, мұғалімдердің белсенді көмекшілері, бала тәрбиесіндегі белсенділігі, дербестік көрсетіп, оған қызығушылық танытады.

Орташа деңгей. Ата-аналардың бала тәрбиесіне байланысты білімі үстірт, жеткіліксіз, нашар ұғынады және бар педагогикалық білімін отбасы тәрбиесінде сирек қолданылады. Отбасындағы бала тәрбиесіне қызығушылығы тұрақсыз, жағдайлық, сезімдік қарым-қатынасын жасайды, баланың дұрыс дамуына, қалыптасуына жол береді. Жалпы алғанда бала тәрбиесіне байланысты іскерліктері мен дағдысы қалыптасқан, бірақ қолдануда ыждағаттылық танытпайды.

Төменгі деңгей. Ата-аналардың бала тәрбиесіне байланысты білімдері жоқ, балаларын жан-жақты тәрбиелеуге талпынбайды, ол процесті жүргізуге қызығушылығы жоқ, бала тәрбиесіне байланысты іскерлігі мен дағдысы қалыптаспаған. Балаларына немқұрайлы қарым-қатынасын жасайды, оларды дұрыс тәрбиелемейді.

В.А. Сухомлинский оқушылардың ата-аналарымен жұмыс істеудің маңызына ерекше назар аударып: «Тек ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», – дейді. Олай болса, отбасы мектеппен бірге тәрбиелік ортаның тұтастай негізгі ықпал ету факторларын жасайды. Сондықтан да педагогикалық әрекетте мектептің жалпы міндеттерінің көптігіне қарамастан, ата-аналармен жұмыстың маңызы ерекше орын алуы тиіс.