Егінді дәл кезінде егу – мол өнімнің негізгі бір шарты. Егу мерзімі себілетін дақылға, аймақтың ауа- райына байланысты өзгеріп отырады. Тіпті бір жердің өзінде де жыл сайын егу мерзімі әртүрлі күнге келуі мүмкін. Дақылдардың ерте егілетіндері бар, кеш егілетіндері бар. Мысалы, сұлы, арпа, бидай, люпин, нут,қыша, мақта, асқабақ, қауын, қарбыз, күріш кеш егілетін дақылдарға жатады.
Ерте егілетін дақылдарды көктем шыға салып топырақ жыли басталысымен еге бастайды. Ерте себудің пайдасыкөп ерте себілген егін ерте көктеп шығады, топырақтағы ылғал мүмкіндігінше толық пайдаланылады, дақыл жазғы ыстық, аңызаққа ұрынбай, ерте піседі.
Егу мерзімі климат ерекшеліктеріне де байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Мысалы, Қазақыстанның оңтүстік облыстарында жаңбыр негізінен көктем кезінде ғана жауады, жазда жаңбыр жоқтың қасы. Сондықтан бұл жақта егінді мүмкіндігінше ерте еккен дұрыс. Ал республикамыздың солтүстігінде орналасқан Қостанай, Көкшетау, Ақмола т.б облыстарында көктемде жаңбыр сирек болады, ал шілдеде тамыз айларында жауын көбірек жауа бастайды. Осыған байланысты егін ерте егілсе, дақылдар көп жаңбырға дейін ылғалдан тапшылық көріп, түсімін төмендетіп жібереді.Ал сәл кештеу егілсе, дақылдың ылғалды ең көп қажет ететін сабақ өсіп, гүлдейтін жаңбыр мол жауатын кезеңде тура келеді де өнім мөлшері едәуір мол болады.
Қазақстанның оңтүстік облыстарының суармалы жерлерінен жылына екі рет өнім алу үшін кейбір дақылдарды жаз ортасында егуге болады. Масақты дақылдар Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыстарында шілде айында, Оңтүстік Қазақстан облысында маусым айында пісіп, орақа ілінеді. Маусым – шілде айынан суық түскенше әлі де 3-4 ай бар. Осы уақыттың ішінде тағы бір өнім алуға болатынын ғылым да тәжірибеде көрсетіп отыр. Ол үшін бірінші дақылды жылдам орып ала салып, екінші дақылды егудің қамына едел кірісі керек. Оңтүстік облыстардың суармалы жерлеріне масақты дақылдардың ішінде ең көп егілетіні күздік бидай.
Дақылдардың биологиялық, морфологиялық ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі егу тәсілдері қолданылады. Егу тәсілдеріне байланысты дақылдардың күн сәулесін пайдалану, қоректену тәртібі де өзгеріп отырады. Егу тәсіліне байланысты дақылдарды күтіп- баптау жұмысын механикаландыруға мүмкіндік туады.
Егінді күтуге жұмсалатын еңбектің, әр гектарға сіңірілетін тұқымның мөлшері де сол егу тәсіліне байланысты әртүрлі болады.
Егу тәсілі агрономия ғылымының дамуына қарай өзгеріп отырады.
Тұқымды шашып себу ертеден келе жатқан тәсіл, қазір өте сирек қолданылады, көбіне трактор жүре алмайтын қия жерлерді, қала парктарындағы жасыл алаңды осы тәсілмен себеді.
Кәдімгі қатарлап егу жиі қолданылатын тәсілдің бірі. Барлық масақты, бұршақ тұқымдас дақылдар осылай егіледі. Осы тәсілмен еккенде дақылдардың тұқымы ылғалы бар тереңдікке түседі. Бұл тәсілмен сепкенде қатар аралығы 15-23 см болады, қатардағы өсімдіктердің аралығы 1,2-1,5 см болады. Қатар ішіндегі өсімдіктер бір- біріне тым жақын орналасқандықтан кейде қоректік зат жетіспей олардың өсуі біраз қиындайды.
Жиі аралықпен сепкенде өсімдіктердің қоректенуі жағдайы едәуір жақсарады, себебі бұл әдіспен сепкенде қатар аралық 7,5 см, ал қатардағы өсімдіктердің арасы екі есе алшақтап 2,4-3,0 см болады. өсімдіктердің қоректенуінің жақсаруы әр гектардан алатын өнімді едәуір көбейтеді.
Тоғыспалы тәсілмен егу деп кәдімгі қатарлы сеялкамен екі бағытта тігінен және көлденеңінен жүріп тұқым мөлшерін екі есе азайтып себуді айтады. Тоғыспалы егуде өсімдіктерді арақашықтығын сиректеп орналастырып, олардың қоректену жағдайын жақсарту үшін қолданылады. Соның нәтижесінде қатардағы тұқым бір- бірінен 3 см жуық қашықтыққа түседі. Сөйтіп, өсімдіктің ылғалдылық, қоректік заттардың тапшылығынан көп зардап шекпеуіне мүмкіндік жасалады. Егісті тоғыспалы тәсілмен егу кезінде танаптың тігінен және көлденең бір уақытта екі сеялка жүргізеді.
Кең аралықты тәсілмен еккенде дақылдардың қатараралығы 45,60,70,90,110 см, тіпті одан да көп болады. Бұлайша егу кезінде дақыл қатараралықтары культиватормен өңделеді. Бұл тәсілмен Қазақстанда қант қызылшасы, жүгері, мақта,соя, күнбағыс, көкөніс пен бақша дақылдары отырғызылады.
Жолақтап ( ленталап ) егу деп бірнеше қатар жанастыра егіліп содан кең қатараралық тастап, тағы да бірнеше қатар жанастыра егіліп отыратын тәсілді айтады. Бұл тәсіл дақылдардың арасындағы арам шөптерді культиватормен өлтіруге мүмкіндік туады, сонымен қатар дақылдардың қоректену және күн сәулесін қабылдау режимдері жақсарады. Бұл тәсілмен тары, қара құмық, тамыр жемістілер, кейбір көкөністер егіледі.
Пунктирлі егу деп қатардағы түұқымды жалғыз – жалғыздан арасын бірдей етіп орналастыру тәсілін айтады. Мұдай тәсілмен көлемі бірдей етіліп іріктелген тұқымдар арнаулы сеякалармен егіледі. Бұл әдіспен көбіне қант қызылшасы, жүгері, мақта егіледі. Бұлай етудегі мақсат өсімдіктерді сиретуге кететін қол еңбегін жойып, күтіп- баптау жұмыстарын комплексті механикаландыруға мүмкіндік жасау.
Ұялап егу деп тұқымды бір жерге топтап тастайтын арнаулы сеялкамен егу тәсілін айтады. Бұл тәсілмен бойы биік болып өсетін, қатараралықтары кең болып культиватормен өңделетін дақылдар егіледі. Бір ұяға бірнеше тұқым түскеде, олар жер бетіне тез шығып, жарысып, жылдам өседі.
Шаршы- ұялап егу шаршының төрт бұрышына тұқымды ұялап орналастыруды шаршы ұялап егу дейді. Бұл тәсілдің артықшылығы егісті екі бағытта – бойлай және көлденең культиватормен өңдеуге мүмкіндік туады, яғни ешқандай гербецидті қолданбай-ақ егісті арамшөптерден таза ұстауға мүмкіндік болады. Бұл тәсіл жүгері, күнбағыс, мақта, т.б дақылдарды егуге қолданылады.
Себу мөлшері. Егу мөлшері деп 1га жерге кететін тұқымның санын, немесе салмағын айтады. Егу мөлшері дақылдың түріне, егу тәсіліне, егістік жердің құнарлылығына, ылғал мөлшеріне байланысты өзгеріп отырады.
Тұқым себу тереңдігі. Тұқымы өте ірі жүгеріні 7-8 см тіпті 10-12 см тереңдікке ексе де болады, бидай, арпа, сұлы, бұршақ тұқымдары әдетте 6-8 см тереңдікке себіледі.
Кейбір дақылдар өнгеен кезде тұқым жарықшағын жер бетіне ала шығады ( қант қызылшасы, соя, пияз, ас бұршақ ). Ондай дақылдардың тұқымдарын тереңге егуге болмайды. өйткені түскен тұқым жарықшағын жер бетіне шығара алмай өліп қалуы мүкін. Егу тереңдігі топырақтың түріне қарай да өзгеріп отырады. Құмдақ болып келген жеңіл топырақта тұқым тереңірек себіледі. Себебі ондай топырақтың үстіңгі қабаты тез кеуіп кетеді. Ауыр балшықты топыраққа керісінше тұқым саязға себіледі.
Астық егілген сайын тұқым себу тереңдігі аздау болуы керек. Себебі топырақ көктемде үстіңгі қабатынан бастап жылиды, сондықтан ерте көктемде егу тереңдігі аздау болса тұқым жақсы өніп- шығады. Бір дақылдың өзін- ақ себу мерзіміне қарай әртүрлі тереңдікке еккен дұрыс. Егін кеш егілген сайын егу тереңдігі арта түсуі тиіс. Тұқым ылғалы мол тереңдікке сіңірілген жағдайда ғана біртегіс өсіп шығады. Күздік дақылдарды еккенде көбіне керісінше жасау керек. Дақыл ертерек себілген сайын егу тереңдігі көбірек болуы керек. Күздік бидай көбіне парға қалдырылған танапқа егіледі. Ал республикамыздың оңтүстік – шығысында орналасқан облыстарында күз айлары құрғақ келеді де, топырақтың беткі қабаты кебу болады. Сондықтан парға егілетін күздік бидайды 8-10 см тереңдікке егу керек. Сонда ғана тұқым біртегіс өніп шығады.
Егу мерзімі кешіккен сайын тұқымды аз тереңдікке сіңіру керек. Себебі ауа салқындаған сайын дәннің төменнен өніп шығуы қиындай береді. Оның үстіне суық күзде жаңбыр көбірек болады да топырақтың үстіңгі қабатында ылғал жеткілікті болады. Аз тереңдікке 3-4 см сіңірілген тұқым ерте көгеріп шығып, суық түскенше біраз күш жинап, жақсы қыстап шығуына мүмкіндік туады.