ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫН КЕҢЕЙТУДЕ БИОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ АЛАТЫН ОРНЫ

Бүгінгі таңда жеке тұлғаны қалыптастыруды көздеген білім беру жүйесіне қойылатын талаптар күшейе түсуде. Сол талаптардың бірі — оқушының дүниетанымын қалыптастыруда елеулі ықпал жасайтын білім мазмұнын жетілдіру. Білім – дүниетанымның кәусар бұлағы. Ол неғұрлым тереңдеген сайын дүниетаным да қалыптасып, тұрақтана түседі.

Орта білім стандартында «Мектептің әрбір саласында жеке тұлғаны дамыту міндетіне сай білім мазмұнының толық жүзеге асуын қамтамасыз ету» талабы қойылып отыр [1,9-б.]. Мұнда әсіресе, оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру мәселесі басты орынды алмақ. Өйткені, заман сұранысына сай жеке тұлғаның дүниетанымын қалыптастыруда ұлттық рухани ерекшеліктерді ескере отырып, салт-дәстүрді, білімді, ғылымды пайдалану – бүгінгі таңның кезек күттірмес мәселелерінің бірі болып отыр.

Қазақстан Республикасының этникалық-мәдени білім беру тұжырымдамасында: «Жан-жақты мәдениетті тұлға, ең алдымен тұтастай дүниетанымға ие болуы қажет…»- деп тұлға дүниетанымын қалыптастыруға ерекше мән берілсе, ал Қазақстан Республикасының орта білімді дамыту тұжырымдамасында үздіксіз білім беру жүйесінің үш іргелі мақсаттарының ішіндегі ең негізгісі дүниетаным екені анық айтылған [2, 32-б.].

Бүгінгі таңда білім беру саласының басты міндеті — өскелең ұрпақтың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру екені айқын. Сондықтан да оқу тәрбие үрдісінде оқушының ұлттық мәдениет пен ел тарихын, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік жағдайын саналы түсінуге, яғни ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.

Жеке тұлғаның дүниетанымын қалыптастыру өте күрделі және ұзақ үрдіс. Сондықтан да әр адамның дүниеге көзқарасын қалыптастыру мәселесі мектепте жүзеге асырылуы тиіс. «Дүниетаным, дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршілік мәні, мағынасы туралы көзқарастың, пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы. Дүниетанымның көзі – білім. Білім неғұрлым тереңдеген сайын дүниетаным да қалыптасып, тұрақтанады. Мектеп қабырғасында алған білімнің шындығы мен ғылымилығы практика жүзінде қолдану барысында айқындала түспек. Осы арқылы адам, заттар мен құбылыстар арасындағы қарым-қатынас пайда болады.

Дүниетанымды қалыптастыру өткінші процесс емес. Ол адам өмірін түгел қамтиды. Оқушының жалпы дамуында бұл процесс тұрақты және үздіксіз өзгерістерге ұшырайды. Оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру оларды осы заманғы ғылыми біліммен қаруландыруға сүйенеді. Бұған мектепте оқытылатын биология пәнінің маңызы зор.

Жеке адамның көзқарасы оның өзін-өзі танудың ең алғашқы кезеңінен басталады. Жеке тұлғаның даму барысында эмпиризмдік түсініктер теориялық түсініктерге ауысады.

Мектепте өтілетін әр бір пән оқушыларға белгілі бір жүйеде білім, ептілік және дағды беріп, олардың ғылыми дүниетанымын тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Оқу пәні ретінде биология оқушылардың дүниеге көзқарасын қалыптастырудаүлкен және жан-жақты мүмкіншіліктер береді.

Орта мектептегі биология пәнінің негізі материяның барлық деңгейдегі құрылымдарының әртүрлі жүйелерін (молекулалық, клеткалық, организмдік, популяциялық, түрлік, биоценоздық, биосфералық, планетарлық) оқыту болып табылады. Биология сабағында берілетін материал оқушыларға тірі табиғаттың даму негізі заңдылықтарын ашып көрсетеді.

Биология пәнінің мұғалімі оқу материалын таңдау және баяндау барысында оқушыларға тірі табиғаттың құбылыстарын ғылыми негізде түсідіріп, оларды дұрыс ұғынуға үйрету үшін диалектикалық материализмнің негізгі баптарын қолдана білуі қажет.

Ботаника, зоология курстарының басым бөлігі және адам анатомиясы, физиологиясы және денсаулығы атты курсы толығымен организмнің өзін, оның құрылысы мен мүшелерінің қызмет атқаруын тікелей оқытуға көңіл аударады. Бұл кезде организм бөлшектеп қарастырылады. Сонымен қатар организмдер біртұтас жүйеде оқытылады.

Биология курстарында өсімдіктер мен жануарларды суреттеу олардың экологиясына, биологиясына, ортаның биотикалық және абиотикалық факторларына бейімдеуіне, филогенетикалық байланыстарға және табиғаттағы орнын анықтауға бағытталу керек [3, 225-б.].

Организмдердің қоршаған ортамен өзара байланысына көңіл аудару қажет. Өмірдің біртұтастығы туралы түсініктері заттың алмасуы және энергияның өзгеруін, фотосинтез және хемосинтезді, автотрофты және гетеротрофты организмдерді т.б. қарастырғанда айқындалады. Осының барлығы оқушылардың тіршілікті қамтитын жердің қыртысы ретінде биосфераның тарихи дамуын, адамның еңбек және ойлау жұмысын көрсететін жаңа экологиялық дәуірі – ноосфераны түсінуіне әкеледі. Ботаника, зоология, адам анатомиясы, физиологиясы және денсаулығы, жалпы биология курстарында тек жеке организмдердің даму заңдылықтары ғана емес, сондай-ақ, организмдердің тарихи даму заңдылықтары ашылады.

Өсімдіктер топтары мен жануарлардың типтерін оқығанда оқушылар органикалық дүниенің дамуы жайында элементарлы түсініктерді алукерек [4, 17-б.].

Қорыта айтқанда, мектепте оқытылатын жаратылыстану ғылымдары табиғаттың құбылыстары мен процестері және заңдылықтары туралы белгілі ұғым жүйесін жасайды. Ботаника, жалпы биология курстарын оқу, мектептің оқу-тәжірибе учаскілерінде, оқушылардың өндірістік бригадаларында шәкірттер жұмыс істей жүріп, өсімдіктердің даму процесін адам баласының толық меңгере алатындығына көзі жетеді.