Ацетон-бутил ашу процесі. Бұл процестің практикада маңызы зор. Олай дейтін себебіміз – осы процесте углеводтар өзгеріске түскенде ең ақырғы өнім ретінде бутил спирті, этил спирті, ацетон және сірке мен май қышқылдары түзіледі. Бұл процесс клостридиум ацетибутиликум микроорганизмнің көмегімен жүреді.
Клостридиум ацетобутиликум өте қозғалғыш, мөлшері 3,5-5 мк болатын, тапяқша, анаэробты, спора түзеді, клеткалары қосақталған немесе тізбектеле орналасқан. Олар дайын амин қышқылдары мен витаминдерді қажет етеді.
Қазіргі кезде өндірісте ацетон-бутил ашу процесі жүгері ұны немесе басқа да крахмалды шикізаттарды қолдана отырып, ацетон және бутил спиртін алуда қолданылады. Ацетон жасанды жібек және тері, фотопленкаларды жасауда, жасанды цементті және басқа өнімдерді өндіруде кеңінен қолданылуда. Ал бутил спиртін автомобильдерде, самолеттерде, ағаштан үй жиһаздарын жасауда қолданады. Ацетон-бутил ашу процесі барысында түзілетін газдан метил спиртін жасайды.
Этил спиртінің сірке қышқылына дейін тотығуы. Табиғатта органикалық заттардың оттек әсерінен тотығуы кең таралған. Бұл процеске де микроорганизмдер қарқынды қатысады. Әрине олардың қарқыны клеткадағы ферменттердің болуына байланысты. Егер клеткада тыныс алуға қажетті ферменттердің барлық топтары болса, органикалық заттартез тотығып ең соңғы өнімге дейін ажырайды. Бұған керісінше, ферменттер тобындағылардың кейбіреулері жетіспесе, ортада аралық өнім – органикалық қышқылдар немесе сол сияқты басқа да заттар түзіледі.
Тотығу процесінің ішінде тұрмыста кең таралған сірке қышқылы ашу процесі. Бұл процестің де биохимиялық табиғатын 1862 жылы Л.Пастер ашқан болатын. Қандай да болмасын құрамында аздаған мөлшерде спирті бар сұйықты ауалы жерде қалдырса-ақ болғаны оның бетінде сірке қышқылы бактерияларынан жұқа қабат пайда болады да, ортада сірке қышқылы түзіледі. Этил спиртінің тотығуы 2 сатыда жүреді. Алдымен сірке альдегиді түзіледі де, соңынан ол сірке қышқылына дейін тотығады.