Вирустар табиғатта кең таралған. Ол тіршілік бар жердің бәрінде де кездеседі. Вирустар адам, мал, құс, балық, шыбын-шіркей арасында ауру таратады. Кейбір вирустар зооантропонозонды індеттердің таралуына да себепші болады.
Індеттен сақтанудырудың негізгі жолы – арнамалы дуалау вакцинамен немесе қан сарысуымен егу. Егудің арқасында организмнің арнамалы қорғану факторлары және механизмдері іске қосылады. Айта кететін бір жайт ауруға қарсы қолданған шаралардың салдарынан қоздырушы мен ауруға шалдығатын организм арасында популяциялық-экологиялық өзара байланыстар өзгерді. Аурудың өршуі, вирустардың әртүрлі қасиеттері де өзгеріске түсті. Қоздырушының бір малдан екінші малға өту жолдары да өзгереді. Осындай жағдайларда вирустардың орталыққа байланысты күшейген түрлері пайда болып, олардың иммунитетке қарсы тұрарлық қасиеттері бар түрлері дүниеге келді. Сонымен қатар вирустардың уыттылығы төмендеген түрлері де пайда болды. Сөйтіп вирустардың өзгеруіне сәйкес аурулардың жаңа түрлері пайда бола бастады.
Арнамалы дауалау. Арнамалы (спецификалық) дауалау дегеніміз малды жұқпалы аурулардан вакцина немесе гипериммунды қан сарысуы арқылы сақтандыру. Ауырып жазылған малда және вакцина егілген соң вирусқа қарсы пайда болған иммунитет әртүрлі дамиды. Мұнда гуморальдық және клеткалық факторлар әртүрлі роль атқарады.
Сондықтан да вирустарға қарсы вакцина алу үшін және ол вакцинаны қолдану үшін осы клеткалық, гуморальдық факторлардың өзара ерекшелігін ескерген жөн.
Иммунитеттің гуморальдық және клеткалық факторлары әр түрлі вакциналармен іске асады.
- Тірі вакциналар – тірі, бірақ әлсіретілген вирус штамдарынан алынған.
- Өлтірілген – немесе инактивтелген вакциналар – вирустарды физикалық және химиялық жолдармен өлтіріп алынған.
- Гендік – инженерлік вакциналар – гендік инженерия тәсілдерімен алынған.
- Жасанды, немесе синтетикалық вакциналар – вирус антигеніне полиэлектролит немесе полимер қосып, вакциналық жиынтық алынған.
Вакциналар қолдану – індетпен ауырған малдың сол ауруға қайта шалдықпайтынына негізделген. Сондықтан вакциндеу (егу) дегеніміз мал организміне қоздырушыны әдейі енгізу. Тек алдымен қозыдурышыны әлсіретіп алу керек. Егудің нәтижесінде организмде қорғану механизмдері пайда болады, яғни антиденелер синтезделеді. Сол себепті вакцина егуді белсенді егу деп, ал егу үшін қолданатын препаратты вакцина деп атайды. Демек, вакцина не өлтірілген, не тірі, бірақ әлсіретілген вирустан алынған биологиялық препарат.
Вакцинаға қандай талаптар қоюға болады?
Біріншіден, вакцина ауру қоздырушының белгілі бір түріне сәйкес болуы керек.
Екіншіден, вакцина зиянсыз, індет туғызбайтындай қасиеті болуы керек.
Үшіншіден, вакцинаның жеткілікті иммуногендік қасиеті болуы қажет, яғни вакцина еккеннен кейін 2-3 апта өткен соң сол вирусқа қарсы организмде иммунитет пайда болуы шарт.
Індеттен сақтандыру үшін 1798 жылы Э.Дженнер вакцинаны тұңғыш рет қолданды. Шешектен сақтандыру үшін сол сиыр шешегін жас балаға екті.
Француз ғалымы Луи Пастер Дженнердің құрметіне вакцина (ағылшынның vacc-сиыр) деген сөзді қолдануды ұсынды.
Әлсіретілген тірі вакциналар. Тірі вакцинаны әлсіретілген вирустардан алады.
Әлсірету (аттенуация) – вирусты немесе микробты әлсірету. Әлсіретудің салдарынан вирус індеттің ауыр түрін қоздыра алмайды, яғни қоздырушының патогендік және уыттылық қасиеттері жойылады, ал иммуногендік қасиеті сақталады. Вирусты әлсірету кезінде вирустарға арнаулы әсер етіп, олардың кейбір нәсілдік қасиеттерін өзгертіп, өзгерген түрлерін алады.
Әлсірету үшін әртүрлі мутагендер қолданылады. Вирустарды клетка өсінділеріне бірнеше рет себудің немесе тауық эмбриондарына, зертханалық жануарларға бейімделуінің арқасында вирустардың нәсілдік қасиеттері өзгереді.
Тірі вакциналардың басқа вакциналарға қарағанда тиімді ерекшеліктері бар. Олар: мал оргнаизміне егудің арқасында ұзақ уақыт сақталатын, ауруаға қарсы тұру қасиеті пайда болады. Себебі вакцинадағы әлчіретілген вирус организмде өсіп-көбейеді. Сондықтан да ұзақ уақыт бойына вирус антигендері организмде өз қызметін атқарады.
Сонымен бірге бұл вакциналар тек бір рет қана егіледі. Тірі вакцинаның тағы бір ерекшелігі – оларды малдың тек тері астына егу жолымен емес, тыныс жолдарына жіберуге де және ішкізуге де болады.
Сонымен қатар тірі вакциналардың кемшіліктері де бар. Олар:
- әлсіретілген вирустардың вируленттік қасиеті өсіп кетуі де мүмкін. Тірі вакцинаның әлсіреген қасиетінің бірқалыпты болуын қадағалау өте қиын жағдай. Ондай қасиеттің ұзақ жылдар бойы сақталуы да екіталай. Сондықтан вирустардың әлсіреген штамдарының нәсілдік қасиеттерінің тұрақты болуы шарт.
Инактивтелген вакциналар. Белсенді қасиеті жоқ, өлтірілген немесе инактивтелген вакцина деп тазаланғанвирустық химиялық немесе физикалық жолмен өлтірілген вакцинаны айтады. Өлтірілген вирустар организмде өсіп-көбейе алмайды, демек клеткада көбею қасиеті жоғалады да, антигендік қасиеті сақталады.
Суббөлікті вакциналар. Тірі және өлтірілген вакциналар бүтін, толық вириондардан тұрады. Өздеріңізге белгілі күрделі вирустардың құрамында әртүрлі белоктар, көмірсулар, липидтер болады. Ал вирус белоктарының тек 10 пайызы ғана вирусқа қарсы тұру қабілетін туғызады. Ол қарсы тұру қабілеті вирустың сыртында орналасқан антиденелерге сай болады, ал қалған белоктар мен липидтериммундық жүйеге ртық “жүк” болып есептеледі. Сондықтан да вирустың тек ауруға қарсы тұру қабілетін туғызатын құрамынан алынған вакцина – тазартылған вакцина болып саналады. Қазіргі кезде тұмауға қарсы суббөліктерден тұратын вакцина қолданылады. Ол вакцина вирионның сыртқы жағында орналасқан гемаглютинин мен нейраминидазадан тұрады және толық вирионнан алынған өлтірілген вакцинаға қарағанда зиянсыз болып есептеледі.
Жасанды вакциналар. Жасанды немесе синтетикалық вакциналар алу инфекциялық аурулардан сақтандырудың яғни алдын алудың жаңа түрлеріне жатады. Жасанды вакциналардың негізі ретінде вакциналық жиынтық құру болып есептеледі.вирус белоктарының пептидтеріне синтетикалық полиэлектролиттерді қосып, олардың иммуногендік қасиетін күшейтеді. Мысалы, тұмау вирусының сыртындағы гемглютинин мен нейраминидазаға синтетикалық полиэлектролит – акрилқышқылының сополимері N – ВПД мен коваленттік байланыс жолымен қосады. Осылай алынған коньюгаттық (қосындының) иммуногендік қасиеті зор.
Гендік инженерлік вакциналар. Гендік инженерлік әдісті биологиялық өндірісте вакцина ал үшін қолдану да жаңа бастама болып табылады. Көптеген ферменттердің көмегімен (рестриктазалар) ДНҚ молекуласы белгілі бір жерінде кесіліп, одан оларды керісінше лигазалардың көмегімен ДНҚ фрагменттерін құрайды. Осы ферменттердің көмегімен белгілі бір қажетті ген бөлініп алынады, ал ол ген антигендік қасиеті бар белок құрайды. Осы генді бактерия плазмидіне (хромосомнан тыс орналасқан сақиналы ДНҚ) енгізсе, онда бактерия өзіне қажеті жоқ, бізге қажетті белокты түзей бастайды. Бактерия плазмиді генді жеткізу ролін атқарады.
Қазіргі кезде гендік инденерияға медицина мен мал дәрігерлері үлкен үміт артып отыр. Гендік инженерлік вакциналарды тұмауға, аусылға, вирус гепатитіне қарсы алу үшін ғылыми жұмыстар жүргізілуде.