Жер бетіндегі өмірдің көзі, қайнар бұлағы күн болып саналады. Оның энергиясы жасыл өсімдіктерге жиналады. Жасыл өсімдіктер оттегінің, тамақтың, киімнің т.б. нәрселердің көзі болып табылады. Жасыл өсімдіктерсіз өмір сүру мүмкін емес. Өсімдіктер табиғатта жекелеп өспей бір – бірімен әртүрлі дәрежеде күрделі байланысып қауым құрады.
Орман, шөл батпақ егіс даласы парк – бұлар өсімдіктер қауымы немесе фитоценоз (грек phyton – өсімдік, коіnos — жалпы) деп аталады. Олардың әрқайсысының құрылысында өздеріне тән ерекшеліктері бар. Өсімдіктер қауымдарының құрылу заңдылықтарын білу – оларды қорғаудың өнімділігін арттырудың және ғылыми түрде дұрыс пайдаланудың негізі болып табылады. Ағашты кесіп алған жерлерде орманды қалпына келтіру, құрғатылған шабындықтағы шөптердің құрамының өзгеруі, егіс даласындағы арам шөптермен күресудің нәтижелі тәсілдерін табу, отырғызылған ағаш, шөптесін өсімдіктердің өнімділіктерін арттыру жұмыстары өсімдіктер қауымының тіршілік заңдылықтарын арнайы ғылым фитоценология (фитоценоз – loqos – ілім) зерттейді. Геоботаника өсімдіктер жабыны туралы ілім. Өсімдіктер жабыны фитоценоздардан тұрады. Сондықтан
А.П. Шенников (1964) “Геоботаника” және “Фитоценология” терминдерін синонимдер деп қарайды.
В.Н.Сукачев (1935) фитоценозды бір – бірімен және ортамен әрекеттесетін өсімдіктер жиынтығы деп түсіндіреді. Сукачевтың түсінігі бойынша фитоценоздардың негізгі белгілері:
1). Өсімдіктердің бір – бірімен әрекеттесуі
2). Өсімдіктермен орта арасындағы әрекеттесудің болуы
Б. А. Быков (1978) фитоценозға мынадай анықтама берді. Фитоценоз –бұл өздері жасаған ортаның жағдайында тұрақты өзін — өзі жөнге салатын организмдердің бірлесіп өмір сүру формасы. “Қысқаша организмдердің тұрақты бірлесіп өмір сүру формасы”.
Б.М. Миркиннің (1986) түсінігі бойынша фитоценоз – ортаның жағдайына қатынасы ұқсастығына байланысты автотрофты өсімдіктердің популяциясының жиынтығы.
Фитоценоз немесе өсімдіктер қауымы деген біркелкі учаскедегі белгілі – бір флоралық құрамы бар ортамен және өзара белгілі қарым – қатынасы бар өсімдіктер тобы.
Фитоценоз ашық биологиялық жүйе, ол өзінен жоғары реттегі жүйелерге оның бір тармағы есебінде қатыса алады. Фитоценоз зооценоз және микробиоценозбен бірге биоценоз құрады.
Биоценоз – (грек – био — өмір, койнос — жалпы) деген тіршілік жағдайлары азды — көпті біркелкі болып келетін учаскеде мекендейтін жануарлар, өсімдіктер микроорганизмдер бірлестігі “Биоценоз” термині 1877 жылы Кильск университетінің профессоры К.Мебиустың жұмысында бірінші рет қолданылды (Федоров, Остроумова, 1984).
Биоценоз абиотикалық немесе сыртқы ортадағы бейорганикалық компоненттермен (жер бедері, температура, ылғалдық, топырақ) бірге биогеоценоз құрады.
Бейорганикалық немесе өлі компоненттерді – экотоп деп атайды.
Биогеоценоз – (грек био — өмір, гео –жер, ценоз – жалпы) деген зат алмасуы және энергия алмасуы негізінде тірі организмдер мен өлі компоненттерді біріктіретін күрделі табиғи жүйе. Биогеоценоз туралы түсінікті ғылымға енгізген В.Н.Сукачев (1940). Биогеоценоз экотоптан және биоценоздан тұрады. Экотоп климатопқа (аэротоп) және эдафотопқа (жердің қабығы жағдай) бөлінеді. Биогеоценоздың шекарасы фитоценоздың шекарасымен анықталады. Биоценозда организмдердің арасындағы әрекеттестік өсімдіктердің, жануарлардың, микроорганизмдердің деңгейінде емес, особь немесе түрлер популяциясы деңгейінде болады. Биоценоздар қоректену тәсіліне қарай автотрофты және гетеротрофты топтардан тұрады. Соңғы жылдары (Тахтаджян 1973) организмдерді төрт (прокариоттар, саңырауқұлақтар, өсімдіктер, жануарлар). Whittaker 1969 беске (прокариоттар, протисталар,
саңырауқұлақтар, өсімдіктер, жануарлар) дүниеге – патшалыққа бөледі. Осы уақытқа дейін бұл мәселе жөнінде биологтар арасында бірлік жзоқ. Сондықтан биоценоздар компоненті болған организмдерді функциональды ерекшеліктеріне байланысты екі негізгі группаға (автотрофты, гетеротрофты) бөлген дұрыс болса керек.
Экосистема – (грек – Оікоs –үй, орын, система – жүйе). Тірі организмдердің бірлестігінен және олардың тіршілік ортасынан тұратын функциональдық жүйе. Бір фитоценоз ішінде экосистемамен биогеоценоз бір – біріне дәл келеді. Фитоценоздың шекарасынан жоғары не төмен болса онда биогеоценоз және экосистема бір – біріне дәл келмейді. Практика жүзінде экосистема термині масштабы жағынан өте кішкентай мысалы, аквариум, немесе космос кораблі және өте үлкен (мыс каспий теңізі) объектілерге қатысты қолданыла береді. Экосистема терминінің авторы ағылшын экологы А. Генсли (1935).
Барлық экосистемаларды үш топқа бөлуге болады :
- Бөлектенген жүйелер қоршаған ортамен энергияда, материяда алмаспайды (жасанды экспериментальдық экосистемалар).
- Жабық жүйелер, қоршаған ортамен тек энергия айырбастайды (мыс космос караблі, станциялары).
- Ашық экосистемалар – қоршаған ортамен энергия және зат айырбастайды. Ашық экосистемалар классификациясы толығымен бітпеген. Б.А.Быковтың (1988) пікірі бойынша ашық экосистемалардың ең басты элементі биотаның автотрофтық бөлігі болып табылады. Соның үішін экосистемалар классификациясы — өсімдіктер классификациясы негізге алып жасау керек.