Дөңгелек ауыздылардан балықтардың ерекшелігі олардың аузында қозғалмалы жақтары болады. Міне, сондықтан да балықтарды алғашқы жақтылар деп атайды.
Дөңгелек ауыздылармен салыстырғанда, балықтардың ерекшеліктеріне; біріншіден, балықтардың қозғалмалы жақтарының болуы; екіншіден, көкірегінде және құрсағында қозғалыс органы қос қанаттарының үшіншіден, иіс сезімі және тану тесіктері жұп болуы; төртіншіден, желбезектерінің жапырақшаларының экотодермадан пайда болуы; бесіншіден, балықтардың денесінің қабыршақтарымен қапталуы т.б. жатады.
Балықтар қоректерін активті түрде іздеп тауып ұстайды, тез қозғалып ортаны бағдарлап әрі оған беімделе алады.
Қазір балықтардың 20 мыңға жуық түрі белгілі.
Балықтардың түрінің көп болуы оларға жалпы сипаттама беруге қиындықтар туғызады. Сондықтан да балықтарға толық сипаттама беру үшін оларды екі топқа бөліп қарастырамыз: бірінші- шеміршекті балықтар; екінші -сүйекті балықтар.
Шеміршекті балықтар — осы заманда тіршілік ететін балықтардың ішіндегі скелеті шеміршектен тұратын қарапайым құрылысты организмдер болып есептеледі. Желбезек тесіктерінің жалпақ перделермен бөлінеді де, олар көпшілік жағдайда денесінің сыртқы бетіне келіп ашылады. Желбезек қақапақшалары болмайды. Сыртқы қабыршақтарының құрылысы күрделі емес. Жүзу торсылдақтары жоқ.
Шеміршекті балықтар екі класс тармағына бөлінеді, 1-тақта желбезектілер және 2-бүтін бастылар, немесе химерліктер.
1-класс тармағы тақта желбезекгілер (Elasmobrancbll) Тақта желбезекттілер екі отрядқа бөлінеді: акулалар (selachoidei), және скаттар (batoidei). Тақта желбезектілердін қабыршақтары плакоидты, әрбір сыртқы желбезек тесіктері денесінің сыртқы бетіне келіп өз алдына жеке сыртқа ашылады. Басының тұмсық жағында рострум деп аталатын өсінді болғандықтан ауыз басының астыңғы жағына көлденең санылау түрінде орналасқан.
Акулалардың денесі ұзынша, ұршық тәрізді болады. Басының екі бүйір жағында 5-7 желбезек саңылаулары бар. Көзінің арт жағында жұтқыншақпен жалғасатын екі тесікті көруге болады. Оларды брызгальцалер деп атайды. Денесінің бауыр жағында құйрығының түбінде клоакасы болады. Құйрық қанатынын жапырақшалары біркелкі емес. Сондықтан оны гетероцеркалдық құйрық деп атайды. Көкірегі мен құрсагында горизанталь орналасқан қос қанаттары болады.
Скелеттері өмір бойы шеміршекті болады. Скелеті омыртқа жотасынан және бас сүйегінен тұрады. Омыртқаларың дене және құйрық омыртқалары деп екіге бөледі. Бас сүйегі ми сауытының, сезім органдарының капсуласынан және рострумнан құралған.
Ac қорыту органдары. Ауыз қуысын қоршап тұратын жақтарында ірі тістері болады. Ауыз қуысы желбезек саңылауларын аралап өтіп жұтқыншаққа жалғасады. Қысқа өңеші доға тәрізді иілген қарынға ашылады, ал қарыннан ары қарай қысқа аш ішек кетеді. Тоқ ішегі жуандау ішінде спиральды қатпаршалары болады. Қатпаршалар ішектің ішкі ас қорыту бетін ұлғайтады, астың жайлап қозғалуына, толық қорытылуына әсер етеді. Екі бөлімнен тұратын бауырында өті болады. Көкбауыр қарынның иілген жағында жатады.
Тыныс органдары. Әрбір желбезек саңылауларының бір ұшы жұтқыншаққа, ал екінші ұшы денесінің сыртына ашылады. Желбезек тесіктерінің әрқайсысының аралықтары жалпақ желбезек перделерімен бөлінген. Желбезек перделердің қалың қабатында шеміршекті желбезек доғалары жатады.
Қан айналу системасы. Шеміршекті балықтардың жүрегі екі камерадан жүрекше мен қарыншадан тұрады.
Нерв системасы. Миы едәуір үлкен болады. Ол ортаңғы, аралық, алдыңғы, мишық және сопақша мидан тұрады. Миынан 11 жүп нерв тарайтындығы және олардың ми бөлімдерінің қалыптасу тәртібі жоғары дәрежеде дамыған омыртқалылардікі сияқты. Сүйекті балықтардың миынан 10 жұп нерв тарайды,
Сезім органдары. Шеміршекті балықтардың тұйық бітетін қос иіс қапшықтары болады. Көзінің өзіндік ерекшілігін аңғару қиын емес. Өйткені көзінің қасаң қабығы жалпақ, ал хрусталигі шар тәрізді жоғарғы және төменгі қабақтары болмайды.
Есту органы ішкі құлақтан ғана тұрады. Бүйір сызығы айқын байқалады. Зәр шығару органының қызметін мезанефрос деп аталатын алғашқы бүйрек атқарады. Бүйректерден шыққан зәр заты қос Вольфов каналшалары арқылы клоакаға келіп құйылады.
Бұлардың көпшілігінде аналық жыныс бездері жұп болады. Жұп жұмыртқа жолдары аналық без бездерімен жалғаспай-ақ дене қуысындағы соларға жақынырақ маңайға ашылады. Аналықтың зәр шығару және жыныс жолдары дербес болады. Бір пар аталық безі бүйрек каналдарымен және оның алдыңғы бөлімдерімен байланысқан. Бұл каналшалар бүйрек заттарынан өтіп, Вольфов каналдарына барып құйылады. Вольфов каналшалары аталық балықтарда зәр және жыныс жолының қызметін атқарады. Бүйректердің артқы бөлімі зәр шығару органының қызметін атқарады да, алдыңғы бөлімі аталық жыныс бездерінің қосалқысы болып есептеледі.
1-отряд Акулалар (Selachoidei). Акулалардың денесінің ұзындығы бір метрден 15 метрге дейін (кейде одан да ұзын) болады. Осы кезде олардың он шақты тұқымдасы белгілі. Бұлар барлық мұхиттар мен теңіздерде тараған. Каспий теңізінде ғана болмайды.
Жалпақ тұмсықты аула тұқымдасы
Осы кездегі тіршілік ететін бір-ақ түрі бар. Олардың дене тұрқы ұзын болады және 6-7 жұп желбезек саңылаулары бар. Рострумы жоқ, арқа қанаты біреу ғана болады. Жалпақ тұмсықтылар Атлантика мен Тынық мұхиттардың терең жерлерін мекендейді. Кәдімгі аула тұқымдарына 60-қа жуық түрлері жатады. Бұлардың басты өкілдері жерорта теңіздерінің көк акуласы мен кунья акуласы болып есептеледі. Ара тұмсықты акула рострумы ұзын және жалпақ сияқты бұдырлары бар.
Теңіз періштесі —акулалар мен скаттардың арасындағы аралық форма болып есептеледі. Денесі жалпақтау, көкірек және құрсақ қанаттары үлкен, құйрық қанаты кішірек болады. Бір ғана түрі Атлантика мен Тынық мұхиттың қоңыржай және тропикалық суларында мекендейді. Тіршіліктің көпшілігін судың түбінде өткізеді деуге болады. Судың беткі және терең қабатын мекендейтін акулалардың барлығы да жақсы жүзеді. Акулалардың экономикалық маңызы шамалы. Кейбір жерлерде акулаларды балық шегрені деген терісі және құрамында Д витамині болатын майын пайдалану үшін аулайды.
1-отряд Скаттар (Batoidei). Бұлардың денесі арқасынан құрсағына қарай қысылып барып бітеді де, қанаттары өте жалпақ болып көкірек қанаттары бас бөлімімен жалғасып кетеді. Осының нәтижесінде желбезек саңылаулары мен танау тесіктері, басының құрсақ жағына орналасқан. Құйрық және арқа қанаттары кішкене болады. Скаттар — жай қозғалатын, су түбінде тіршілік етуге бейімделген шеміршекті балықтар. Акулалар мен скаттардың аралық формасы болып саналатын шеміршекті балықтар. Кәдімгі скаттардың жалпақ денесі сүйірленіп барып бітеді. Құйрығы ұзын, жіңішке және құйрық қанаттары айқын байқалмайды. Бізде қар теңізде және Мурманск тұсында кездеседі. Бұлардың өкілдері, мысалы түкті скат пен сеулелі скаттар болып есептеледі.
Шанышқы құйрықты сактар тұқымдасының қанаттары дөңгелектеу болып, тұмсығымен жалғасып кеткен. Ұзын құйрығының үстіңгі жағында шанышқы сияқты органы болады. Жауынан қорғанғанда осы құйрығымен ұрып сақтанады. Бізде Азов және Қара теңіздерде кездеседі.
Скаттар су түбіндегі омыртқасыздармен және ұсақ балықтармен қоректенеді. Ұрықтанған жұмыртқа салу арқылы, ал біраз түрі туу арқылы көбейеді. Скаттардың етін тамаққа пайдаланады. Оларды арнайы ауламайды, бірақ су түбінде тіршілік ететін балықтарды аулағанда ауға олармен бірге ілінеді. Бауырында Д витаминіне бай болады.