Төтенше жағдай дегеніміз — табиғат немесе өндіріс апаттарының зардаптарын күнделікті қызметпен, қаражатпен жоюға мүмкіндік бермейтін, ол үшін әдейі материалдық, техникалық, ақша қаражатын және адам күшін талап ететін жағдай.
Қазақстан мемлектінің орналасқан жері — орасан зор, кең байтақ. Ол жерлерде табиғат апатының неше түрі: жер сілкіну, қар тасқыны, қатты жел, су тасқыны сияқты құбылыстар жиі болып жатады.
Зілзала — бұл кенеттен пайда болатын, халықтың қалыпты тірлігін күрт бұзатын, материалдық құндылықтарды үлкен шығынға ұшырататын, сондай-ақ адамдар мен хайуанаттардың өлім-жітімі болатын табиғат құбылысы.
Әрбір зілзаланың өзіне тән физикалық қасиеті, пайда болу себебі, қозғаушы күші, сипаты мен даму сатысы, қоршаған ортаға өзіндік ықпал ету ерекшелігі бар.
Зілзала кез келген мемлекет үшін үлкен ауыртпашылық, келтірер залалы мол төтенше оқиға.
Қазақстан Республикасы аумағында мынадай зілзалалар болуы мүмкін: жер сілкінісі, сел, қар көшкіні, сырғыма, дауыл, су тасқыны, буырқасын, өрт.
Дүние жүзінде су тасқынына бүкіл зілзаланың 40 пайызы келеді екен, 20% — тропикалық циклондары, 15% -жер сілкінісіні, ал қалған 25% — зілзаланың басқа түрлері.
Экстремальдық жағдайға душар болған адам бірінші ретте сырт ортамен байланыс жасауға шара қолдануы керек. Оның құралдары: белгі зымырандары, от, факел жағу, қолдағы бар басқа да құрал-жабдықтарды пайдалану, айқайлау, ысқыру және т.с.с.
Өндіріс орындарында төтенше жағдайға арналған арнайы белгі беру құралдары болады.
Бұндай белгі беру құралдары шахталарда, кемелерде, су асты кемелерінде, ұшқыштарда және т.с.с. болады. Сол сияқты, төтенше жағдайда дабыл беретін 01, 02, 03, 04 деген телефон нөмірлері бар.
Мысал ретінде жол жүріп келе жатқандағы ұшыраған экстремальдық жағдайдағы дабылдар ыңғайы келген әдіспен беріледі:
— айқаймен (ысқырықпен);
— жарықпен (фонарь);
— қараңғы жерде ашық түсті (немесе керісінше) затты бұлғаумен;
— ашық күнде ақ түтін жіберу (отқа жасыл бұталарды, мүктерді тастаумен ақ түтінге қол жеткізуге болады);
— бұлтты, бұлыңғыр күні — қара түтін жіберу;
Тік ұшақтағы құтқарушыларға халықаралық кодты пайдалана отырып, дабыл белгілерін берген жөн. Мысалы, жоғарыдан анық көрінетін жерге қолда бар заттармен — матаның кесіндісімен, киіммен, бұтақтармен, қарды таптап із салу арқылы, отың күлін пайдаланып -белгі беруге болады.
Дабыл берудің басқа да әдістері бар. Соның бірі айнаны пайдалану. Айнадан түсетін күннің жарығы электроника мен пиротехниканың нәтижесінен кем емес. Айнаның сәулесін биіктіктегі ұшақтан 1,5 км-ден 24 км-ге дейін қашықтықтан көруге болады.
Ендігі бір әдіс — ол радиобайланыс.
Радиобайланыс арқылы өзің туралы, апаттың түрі және дәрежесі жөнінде толық мәлімет бере аласың. Байланыстың осы түрін пайдаланғанда «КОСПАС-САРСАТ» халықаралық байланыс жүйесін спутниктер арқылы пайдалануға болады. Апатқа ұшырау дабылын спутниктер жер шарының кез-келген нүктесінен қабылдап, жақын арадағы құтқару станцияларына қас-қағым сәтте жеткізіп бере алады.
Апат болғандығы жөніндегі дабылды берген соң немесе оған дайындық жасап болған соң, паналайтын баспана тұрғызуды ойластыру қажет. Бірінші ретте, оны тұрғызуға қолда бар заттарды (парашют, мата кесіндісі, қаптайтын заттар) пайдаланады. Болмаса табиғи заттардан тұрғызады. Экстремальды жағдайға тап болған кездегі баспана тұрғызудың қажеттігі жаңбырдан, күшті желден, суықтан, қайнаған ыстықтан қорғанумен айқындалады.
Баспана тұрғызуға пайдаланатын әмбебап заттардың бірі — тент. Жерге белгілі бір бұрышпен орнатылған тент жаңбырдан ғана қорғап қоймайды, сонымен бірге оттың жылуын да сақтауға көмектеседі.
Суық уақытта жатын орынды от жанып, қызуы қалған жерге салған жөн. Астына майда бұтақтармен құрғақ жапырақтар төсеген абзал. Егерде жерде түнеу қауіпті болса, жатын орынды ағаш басында орнатуға болады. Бүйрекке суық тигізбес үшін сыз жерде, қар үстінде жатуға мәжбүр болғанда, белді жылы киіммен орап тастаған жөн.
Қажет болғанда қауіпсіз баспана тұрғызған дұрыс. Ол үшін ыңғайлы орын табу керек. Біріншіден, орын құрғақ, жан-жағы ашық болуы керек, су көзіне де жақын болғаны тәуір. Егер уақытша баспананы табиғи орыннан тапса (ағаштың қуысы, үңгір т.с.с), уақыт жағынан да, әл-күшті сақтауға да үлкен көмегі тиер еді. Үлкен ағаштағы қуыста баспана бола алады.