Қазақстан Республикасының басты ұлттық саясаты – қоғамдағы барлық этностардың толықтай құқығы мен бостандығын сақтай отырып, байырғы ұлтқа негізделген жоғары әлеуетті қоғам құру. Тәуелсіз мемлекетіміз құрылғалы бері еліміздің ішкі саясаттағы ең басты бағыттарының бірі – халықаралық деңгейдегі достық пен өзара сыйластық және ұлтаралық келісімді нығайту. Ұлтаралық қатынастар үйлесімділігін, халықтар достығы мен бірлігін нығайту үшін елімізде барлық жағдай жасалған.
Еліміз егемендігімізге қол жеткізген күннен бастап, мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев осы күнге дейін халықтар достығы мен ұлтаралық татулыққа ерекше назар аударып келеді. Осы жылдар ішінде Алатаудан бастап Арқа асқан, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан ғайыр қазақ жерінде бейбітшілік пен саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім берік орнады. Қазақ даласының кең байтақ төсінде сан ұлттың баласы өсіп-өніп, өркендеп келеді. Еркіндік, бірлік, тұрақтылық – міне, мұның барлығы мемлекетіміздің ұлттық саясатының нәтижесі.
Ұлттық саясаттың басты ұстанымы – ұлттық құндылықтар негiзiнде Қазақ елiнiң экономикалық, саяси, рухани тәуелсiздiгiн, ел қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, жердiң бiртұтастығын мәңгi сақтау, жер мен жер қойнауы байлығын (ұлттық байлығын) тек халық игiлiгiне жұмсау, халықтың әлеуметтiк жағдайын үнемi жақсарту.
Қазақстанның ұлттық саясатының бір тағылымы – мәдени плюрализм: әрбір этностық топтарға өз мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін сақтауға жағдай туғызу. Қазақстан Республикасы Ата Заңының 19-бабының 2-тармағында «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқы бар» делінген [1]. Елімізді мекендеген этностардың барлығында этномәдени бірлестіктер құрылған. Қазір Қазақстанда басқа ұлттар тілінде мектептер де ашылып, ұлттық театрлары да жұмыс істеуде.
Ұлттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі – тiл саласы. Тұрақты даму – қазіргі әлемдегі қоғамдық процестердің ұтымды жүруінің негізгі өлшемі. Тұрақты дамудың алғы шарттарының бірі – ұлтаралық қатынастардың тұрақтылығы. Көп ұлтты мемлекетте этностардың жарасты өмір сүруіне, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің сақталуына тіл саясаты ықпал етеді.Тілдік саясат тарихи тамырын сақтағысы келетін әрбір тіл мен адамның құқығын қорғауға негізделеді. Біздің қоғамымыздағы әрбір адамның өз ұлтының тілін сақтай отырып, басқа тілді үйренуіне барлық мүмкіндігі бар.
Тіл өз халқының мәдениетін, өркениетін, әлеуметтік құрылысын, дүниетанымын бейнелеп қана қоймай, болашақ ұрпақты қалыптастыруда маңызды және шешуші рөл атқарады. Өркениетті қоғамда тіл адамзаттың баға жетпес құндылығы деп саналады. Әр халықтың тарихи дәуірдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени қарым-қатынасы ең алдымен оның тілінен көрініс табады. Ұлт пен ұлтты бір-біріне деген сыйластық, сенім және салт-дәстүріне көрсетілетін құрмет жақындастырады. Соңғы жылдары әр түрлі этностардың мәдени бірлестіктері де өз тілдері мен салт-дәстүрлерін жаңғыртумен қатар, мемлекеттік тілді де меңгере бастады. Адам тілді үйреніп, білген сайын өзге ұлттардың жан-дүниесін түсіне бастайды. Халқымыз «Ел мәдениеті тілден басталады» дейді.
Ұлттық құндылықтарымызды қайта қалыптастыру, жандандыру, тілдерді дамыту, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру – тіл саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала бермек.
Еліміздің тіл саясаты оның ішіндегі қазақ тілінің өркендеуі тіл мәселесінің басқа елдермен салыстырғанда қоғам бірлігін бұзбай, өркениетті түрде жүргізілуі – Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегінің жемісі.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту жөнінде арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарлама бар. «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында (Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген) нақты шаралар қолға алынды.
Бұл бағдарлама әкімшілік, білім беру, қызмет бойынша жоғарылау, қызмет көрсету және басқа да өмірдің әр түрлі салаларына арналған бірнеше арнайы және жеке бөліктерді қамтиды. Бағдарламаны жүзеге асырудың үш кезеңі бар. Бірінші кезең – 2011-2013 жылдар, екінші кезең – 2014-2016 жылдар және үшінші кезең – 2017-2020 жылдарды қамтиды. Нәтижесінде мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің көрсеткішін 20 пайыздан 80 пайызға дейін, кейін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. Бағдарламаны кезең-кезеңмен іске асыру өз нәтижесін беруде.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аса маңызды үш мемлекеттік бағдарлама атап өтілді. Басты бағдарламалардың бірі – тілдерді дамыту, мемлекеттік тіл мәртебесін одан әрі нығайтудың міндеттері белгіленді. Жолдауда Елбасы «Біз сол сияқты орыс тілін және өзге де қазақстандық этностар тілін дамытатын боламыз. Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін» деп жастардың шет тілдерін тереңірек меңгеруіне ерекше көңіл бөлу керек екенін және қазақстандықтардың үш тілді білуінің заман талабына сай екенін нақтылады [2].
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңы 1997 жылғы 11 шiлдеде қабылданды. Осы Заңда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» — деп бекітілген. Сонымен бiрге, «Үкiмет, мемлекеттiк органдар мемлекеттiк тiлдi, яғни қазақ тiлiн барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы мен дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi» — деп көрсетiлген [1].
Мемлекеттік тіл мемлекеттік және қоғамдық өмірдегі неғұрлым маңызды функцияларды атқаратын, осы мемлекеттің барлық заң актілері қабылданатын тіл. Бұл – ресми іс-шараларда, қызметтік хатхабарда, іскерлік қарым-қатынаста қолданылатын міндетті тіл. Мемлекеттік тілде барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар, Қарулы Күштер жұмыс істейді.
Елбасы өз сұхбатында «Ең алдымен, қазақ азаматтарының намысына салмақ салмай болмайды. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс. Осы 17 жылдың ішінде ол өзінің ана тілін үйренуге міндетті еді. Бұл талап ешқандай да адам құқығына қол сұғу ретінде қаралмауға тиіс. Бұл – парыз, адамдық парыз. Перзенттік парыз. Қазақ елі бар да қазақ тілі де болады. Өседі. Өркендейді. Мен «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген сөзімді қайталағым келеді. Қазақ тіліне қамқорлық жасау менің перзенттік те, президенттік те парызым» деп ашылып айтты [3, 3].Қоғамның толыққанды мүшесі болғандықтан әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс. Қоғамымыздың тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жақтан да жаңғыруына, дамуына сәйкес, ана тіліміздің қоғамдық, әлеуметтік, мәдени қолданыс өрісінің кеңеюіне байланысты сөйлеу мәдениетін арттыру, сөздерді әдеби норма талаптарына сай қолдану, дұрыс жазу, сөйлеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлудің қажеттігі айқын болып отыр[8. 1-б.]. Мемлекеттік ұлттық саясат қазақ тілін дамытуға, оның жүзден астам этносты біріктіріп, ұйыстырушы ролін күшейтугебағытталған. Ұлт ұстазы А. Байтұрсыновтың «Тілі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» дегені көп ойларға жетелейді. Тәрбие негізі отбасынан, балалар бақшасы мен мектептердегі терең тәлімнен қаланады.
Биылғы Жолдауда «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» делінген [9].
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметке тұрудың қажетті шарты ретінде мемлекеттік тілді білу де талап етілуде. Елбасының биылғы Жолдауда жарияланған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы – бұл біздің ортақ құндылықтарымыз, біздің ортақ үйіміз – Қазақ елінің көркеюі. «Мәңгілік елдің» жеті қағидаларының бірі – қоғамдағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Қоғамда бірлік және елде тұрақтылық болмаса, даму да болмайтыны белгілі. Сондықтан ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету ұлттық саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала бермек.
Ендігі мақсат – Елбасы атап көрсеткендей, «Мәңгілік елге» бастайтын абыройлы да асқақ жолымыз – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру.