Бөлшектену дегеніміз ұрықтанғаннан кейін болатын зиготалардың бірнеше рет бөлінуі. Бөлшектену ұрықтың көп клеткалық сатысының құралуына əкеліп жеткізеді.
Бөлшектенудегі клетка бөлінуінің екі белгісі бар:
1) бөлінген клеткалар өспейді;
2) кəдімгі митоздағыдай ДНКның саны əрбір бөлінуден кейін екі есе көбейіп тұрады.
Бөлшектену бластулалардың құралуымен аяқталады. Бластула көпклеткалы бірқабатты ұрық. Бастулаларды құрайтын клеткалар бластомерлер деп аталады.
Бөлшектену кезінде ядролардың саны тез көбейеді де, цитоплазманың көлемі өзгермейді. Мұның өзі ұрықтық клеткаларының ядролықцитоплазмалық қатынасын соматикалық клеткаларына жақындатады.
Бөлшектенудің екі ережесі бар. Ол ГертвигСакстың ережелері:
- Клетканың ядросы цитоплазманың сарыуыздан бос бөлігінің дəл ортасында орналасады.
- Бөліну ұршығы цитоплазманың сарыуыздан бос бөлігінде ұзына бойы орналасады.
Бөлшектену сызығымен бластомерлер біріненбірі ажырайды. Бірақ, олар бірге қалады. Сызықтар бағытына қарай меридианалдық, экваториалдық, латитудиналдық жəне тангенциалдық болып бөлінеді. Меридионалдық анималдық полюстан басталып вегетативтік полюсқа қарай жүреді. Экваториалдық экватормен, латидудиналдық экваторға параллельдік бағытпен өтеді, ал тангенциалдық сызық зиготаның сыртқы бетіне параллельдік бағытпен жүреді.
Бөліну сызығының бағытына, тереңдігіне жəне жылдамдығына қарай бөлшектенудің бірнеше түрлерін ажыратуға болады. Ол сарыуыздың мөлшеріне жəне оның клеткалардың ішінде орналасуына байланысты болады. Сарыуыз бөліну сызығының қалыптасуына қарсы əсер етеді. Клеткалардың сарыуызы көп бөлігінде сызық құралмайды.
Бөлшектенудің екі түрі болады:
1) толық бөлшектену (голобластикалық);
2) жартылай бөлшектену (меробластикалық).
Толық бөлшектену біркелкі (теңіз кірпілерінде, ланцетникте) жəне біркелкі емес бөлшектену (қосмекенділерде) болып бөлінеді. Жартылай бөлшектену: диск тəрізді бөлшектену (құстарда, бауырмен жорғалаушыларда) жəне зиготаның беткі бөлшектенуі болып бөлінеді (бунақденелілерде). Бөлшектену нəтижесінде бластула құралады (18 сурет). Бластуланың қабырғасы бластодерма деп аталады. Ішіндегі қуысын бластоцель дейміз. Бластуланың үстіңгі анималдық жағы – төбесі болады, астыңғы вегетативтік жағы – түбі.
Бөлшектенудің толық біркелкі бөлінуінен целобластула пайда болады. Ол дөңгелек (тікентерілілер, ланцетник) немесе созылған (кейбір ішекқуыстылар) пішінді үлкен бластоцелі бар бірқабатты бластула.
Толық біркелкі емес бөлінуден амфибластула пайда болады. Майда (анималдық) жəне ірі (вегетативтік) бластомерлерден құралған, бірақ бластодермасы көпқабатты бластула түрі. Губкаларда, сирекқылтанды құрттар мен амфибияларда кездеседі.
Жартылай бөлінуден – дискобластула пайда болады. Бөлшектенбеген сарыуызда жатқан бірнеше клетка қабаттарынан тұратын диск тəрізді бластула. Сүйекті балықтар, рептилиялар мен құстар телолециталдық, полилециталдық жұмыртқаларының дискоидалдық бөлшектенуі нəтижесінде пайда болады.
Перибластула бөлшектенбеген сарыуызды қоршаған бірқабатты перидермасы бар бластула. Сарыуызында ядролар көрінеді. Перибластула центролециталдық, полилециталдық буынаяқтылар жұмыртқаларының беттік бөлшектену нəтижесінде қалыптасады.
Морула қуысы жоқ бластула.
Стерробластула қалыңдығы біркелкі, қалың қабырғалы жəне өте кішкентай ортада орналасқан бластоцельді бластула (моллюскілер, құрттар, плаценталы сүтқоректілер).
Плакула екі қабатты пластинка түріне ұқсас бластула. Толық бөлшектенгенде бластомерлер екі параллель жазықтықта орналасуы нəтижесінде пайда болады. Құрлық олигохеттері дамуында кездеседі.
Бөлшектену ұзақтығына қарай синхрондық жəне асинхрондық болып екіге бөлінеді. Синхрондық бөлшектену – тез жүретін, бірыңғай циклдар. Ең қысқа циклдар 10ақ минут бунақденелілерде кездеседі. Олардың Sфазасы 35 минут жүреді, ал G1, G2 фазалары болмайды. Ассинхронды бөлінуде анималдық бластомерлер тез, ал вегетативтік бластомерлер ұзақ бөлінеді. Бөлшектену бластомерлердің орналасуына қарай: радиалдық, спиралдық, билатералдық болып бөлінеді.
Радиалдық бөлшектену хордалы жануарларда (ланцетник, дөңгелекауыздылар, амфибиялар) жəне ішекқуыстыларда, тікентерілерде болады. Əрбір жоғарғы бластомер төменгі бластомердің дəл үстінде орналасады. Соның нəтижесінде шардың радиустарына сəйкес қатарлар пайда болады.
Спиралдық бөлшектену моллюскаларда, буылтық жəне кірпікшелі құрттарда кездеседі. Мұнда əрбір жоғарғы бластомер төменгі екі бластомердің ортасында жатады. Əр бөлінуден кейін жаңа пайда болған бластомерлер 90о бұрылып тұрады. Сонда барлық бұрылған бластомерлердің бөліну ұршықтарын бір сызықпен көрсеткенде спираль құралады.
Билатералдық бөлшектену нематодаларда, коловратка, асцидия жəне аскаридаларда болады. Билатералдық типте ұрықтың оң жағындағы əр бластомерге сəйкес сол жағындағы бластомер болады.