Геологияның ғылыми-танымдық және шаруашылық маңызы

Геология жаратылыстану ғылымдарының ішіндегі ең жетекшілерінің бірі. Танымдық тұрғыдан алып қарағанда, бұл ғылымның өзіндік ерекшелігі оның зерттеу нысанының мейілінше ауқымдылығымен сипатталады, себебі ол бүкіл тірі және өлі табиғаттың, соның ішінде Адамзаттың құтты мекені болып табылатын Жер планетасының құрамын, құрылысын, жаратылысын және дамуын зерттейді. Шынында да, бізді қоршаған бүкіл табиғи орта (ең қарапайым организмдерден бастап адамға шейінгі, немесе титтей тозаңнан бастап бүкіл биосфераға дейінгі барша тірі және өлі табиғат), сайып келгенде, біздің тамаша планетамыздың туындысы, оның ұзақ та бағдарлы түрде дамуының нәтижесі болып табылады. Олай болса, геология ғылымының негіздерін білмей тұрып, табиғаттың мәңгі айналысын, яғни табиғи процестер мен құбылыстарды тудыратын және “реттеп отыратын” барша заңдылықтарды түсіну және ұғыну қиынға соқпақ. Кез – келген өркениетті адам өзінің мәңгілік мекені жайлы жалпылама мағлұматтарды білуге, өте қарапайым табиғат құбылыстарының себеп-салдарын түсінуге міндетті. Мәселен, кейбір туристік нысандардың адамдарды қайран қалдыратын әдемілігі мен көркемдігі көзді ғана тояттандырады, ал сол нысанның геологиялық тегімен және даму ерекшеліктерімен жете танысу жаңағы әдеміліктен алған әсерімізді бұрынғыдан да күшейте түседі, таңғажайыптың “тасасына тығылған” талай-талай қызғылықты сырлар ашылады. Екінші жағынан, геология негіздерін меңгеру табиғаттың өте қарқынды өтетін, көп жағдайларда мейлінше қауіпті геологиялық құбылыстарға деген табиғи қорқынышты сейілтуге көмектеседі. Мұндай құбылыстардың қатарына жататындар – жерсілкіністер, жанартаулар әрекеті, сел тасқындары, өзге де мейлінше қарқынды да зауалды геологиялық процестер. Мұндай залалды да зауалды құбылыстардың туындау себептері мен өрбу заңдылықтарынан хабардар болу сол құбылыстар әрекеті кезіндегі іс-қимылымыздың сана тұрғысынан жасақталуын қамтамасыз етеді, жабайы қорқынышқа бой ұрмауға, өзімізді де, өзгелерді де зауал апатынан сақтап қалуға көмектеседі.

Геологияның шаруашылықты өркендетудегі маңызы орасан зор, себебі ол қоғамдағы оған керекті минералдық шикізаттармен қамтамасыз ету мәселесінде жетекші рөл атқарады. Кез – келген қоғамның тұрмыс -тіршілігінде минералдық шикізат ауыл шаруашылығы өнімдерінен кейінгі екінші орынды иемденеді, мұның өзі геологиялық ғылым шоқтығын одан әрі биіктете түседі.

Геология ғылымы жер қойнауындағы минералдық ресурстарды игеру барысында жүргізілетін барша жұмыстар тізбегіне (пайдалы қазба кендерін іздеп табудан бастап, оларды сапалы да тиімді түрде өндіру шараларына дейінгі аралықтағы бүкіл іс-қаракетке) жолбасшылық етеді. Әр түрлі өндірістік және азаматтық құрылыс нысандарын тұрғызуды және оларды тиімді пайдалануды инженерлік-геологиялық тұрғыдан негіздеу шаралары да мейлінше маңызды.

Пайдалы қазба кендерін іздеу, табу, барлау және бағалау жұмыстары геологиялық зерттеулердің өте маңызды бөлігі. Нақ осы орайдағы шаралар тиімділігі, сайып келгенде, кез-келген мемлекеттің минералдық ресурстармен – металдармен, энергетикалық және бейрудалы шикізатпен, ауыз суы және техникалық шикізатпен, құрылыс материалдарымен, зергерлік тастармен т.с.с. – қамтамасыз етілу дәрежесін анықтайды. Геологиялық білім саласының ұзақ уақыттар бойына дамуы барысында пайдалы қазба кендерін іздеу және барлау жұмыстарының сапасы арта түскендігі, іс-тәжірибеге жұмыс жүргізудің тиімді де жаңа әдістері мен тәсілдері енгізіліп отырғандығы анық. Солай бола тұрса да, кендерді іздеу және барлау жұмыстары жылдан-жылға қиындай түсуде. Мұның ең басты себебі – табылуы мен өндірілуі оңайырақ, жер бетіне жақын орналасқан кендердің жыл өткен сайын азаюы, сөйтіп минералдық шикізатқа деген сұранысты жер қойнауының терең қабаттарында орналасқан кен жатындары есебінен ғана қамтамасыз ету проблемасының күн тәртібіне қойылуы. Қалай дегенде де, бүгінгі таңда жер бетіне жақын орналасқан кендер негізінен түгелге жуық табылып біткенге ұқсайды, олар пәрменді түрде игерілуде. Міне, сондықтан да, қазіргі кезеңдегі қолданбалы геологияның алдына қойылып отырған ең басты талап — әртүрлі әдістемелер мен тәсілдер жиынтығының (зерттеудің геофизикалық әдістерінің, терең кешенді геологиялық түсірімнің, терең бұрғылаудың т.с.с.) көмегімен жер қойнауының терең өңірлерін зерттеу мәселесі болып отыр.

Геологиялық зерттеулердің келесі сатысы пайдалы қазбалардың табылған кендерін игеру шараларымен байланысты. Кен көзін аршу және оны өндіру шаралары тұрақты түрде және алдын – ала жүргізіліп отыратын геологиялық зерттеулерге ұдайы зәру болып отыратындығы даусыз, себебі пайдалы қазба жататының кіріктіруші тау жыныстарымен өзара астасу ерекшеліктерін анықтау, кенді сандық және сапалық тұрғыдан бағалау, сол кеннің жалпылама қорын еселей арттыруға байланысты нақтылы шараларды жасақтау геологиялық зерттеулерге ұдайы зәру болып отыратындығы даусыз, себебі пайдалы қазба жатынының кіріктіруші тау жыныстарымен өзара астасу ерекшеліктерін анықтау, кенді сандық және сапалық тұрғыдан бағалау, сол кеннің жалпылама қорын еселей арттыруға байланысты нақтылы шараларды жасақтау геологиялық зерттеулер көмегімен ғана жүзеге асады. Мұның бәрі, әрине, өте маңызды. Дей тұрғанмен, біздің ғылыми –техникалық прогресс қарқынды дамыған бүгінгі заманымыз шаруашылыққа керекті минералдық ресурстардың жылдан-жылға молая түсуін талап етуде, мұның өзі геология ғылым алдына түбегейлі түрде шешуді қажет ететін бұрынғыдан да гөрі маңызды жаңа проблемалар қоюда. Бұл проблемалар тек қана жекелеген мемлекеттерді ғана емес, бүкіл адамзат баласын алаңдатып отырған екі түрлі ең көкейтесті мәселелер төңірегінен өрбиді.

Бірінші проблема кен көздерін игерудің қарқындылығы жылдан-жылға еселей артуына байланысты олардың жер қыртысындағы жалпылама қорының мейлінше азаюынан және осыншама байлықты мерзімді уақыт ішінде қалыпқа келтіру мүмкіндігінің мүлдем жоқтығынан туындайды. Шынында да, адамдар санаулы жылдар ішінде, ең ұзақ дегенде ондаған жылдар төңірегінде ғана түгелімен өндіріп алатын кез-келген кен жатынын табиғат ондаған, тіпті жүздеген миллион жылдар бойына қалыптастырады. Нақ осы орайда күн тәртібіне қойылып отырған бірден-бір мәселе – жер қойнауы байлықтарына деген қамқорлықты молайту. Пайдалы қазба кендерін игеру ісінде, өкінішке орай, кейбір келеңсіз әрекеттер, тіпті түрлі-түрлі бассыздықтар мен жүгенсіздіктер жиі-жиі бой көрсетуде, олардың түп-тамыры негізінен күнделікті пайданы ғана көздеуден, яғни кен көзінің ең бай да сапалы бөлігін ғана сылып алып, оның пайдалы түрбөлшек (компонент) мөлшері мардымсыздау немесе қосалқы пайдалы түрбөлшектерді бөліп алу процесі технологиялық тұрғыдан қиындықтар туғызатын бөліктерін мүлдем ескермеуден туындайды. Мұндай тағылықтар бүгінгі таңда кешірімсіз қателік қана емес, болашақ ұрпақтар алдындағы үлкен қылмыс деп түсінілуі тиіс. Бүгінгі кездің өзінде-ақ шаруашылықты минералдық шикізатқа деген сұранысын өз территориясындағы кендер есебінен толық қанағаттандыратын жер шарында бір де бір мемлекет жоқ көрінеді. Келтірілген мәліметтер – табиғат байлықтарын үнемді пайдалану және пайдалы қазба кендерін кешенді түрде игеру мәселелері әрбір мемлекеттің ең көкейтесті проблемасы екендігін, сондықтан да бұл мәселелер нақтылы мемлекеттік саясат тұрғысынан реттеліп отырылуы тиіс екендігін дәлелдейді. Мұндай саясаттың негізінде өндірілуге тиіс кез-келген минералдық шикізат жатынының геологиялық ерекшеліктері жатпақшы, ал мұның өзі геологиялық ғылымның бүгінгі және болашақ ұрпақтар алдындағы мәртебесін бұрынғыдан да биіктете түседі.

Екіншіден проблема өндіру және өңдеу процестеріне душар болған минералдық шикізат мөлшерінің жылдан-жылға көбейе түсуімен, сол сияқты жер қойнауын игерудегі адамдардың шаруашылық әрекетімен байланысты жаппай етек алып отырған тағы бір қауіпті құбылыстан – бізді қоршаған ортаның ластануынан – туындайды. Тау-кен істері қарқындылығының артуы жер қойнауынан бөлініп алынып, бір орыннан екінші орынға жылжытылған тау-кен массасының еселей артуына әкеліп соқтыруда. Мұндай әрекеттер миллиондаған жылдар бойы сақталған табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына, сөйтіп бір өңірлерде әр түрлі жасанды қуыстар мен үңгірлердің (шахталар, ашықкеніштер, су, мұнай және газ жатындарын өндіріп алуға байланысты пайда болатын жерасты қуыстары т.с.с.), ал екінші өңірлерде тау-кен массаларының жасанды үйінділерінің (ашықкеніштер мен шахталардың үйінділері, байыту кәсіпорындарының күйінділері мен тастандылары) пайда болуына әкеліп соқтырады. Адамдардың шаруашылық әрекетінің мұндай “ескерткіштері” планета келбетін айғыздап қана қоймайды, жердің топырақты-өсімдікті жамылғысының жаппай мұжылуына және оның адамдар қозғалысқа ұшыратқан тау-кен массасының титтей түйіршіктерімен жаппай көмкеріле отырып ластануына себепші болады. Атмосфераның, топырақтың және су көздерінің зиянды қосымшалармен, солардың ішінде пайдалы қазба кендерін игеру барысында адамдар табиғи байланысынан “босатып жіберген” ауыр металдармен жаппай ластануы да өте зиянды құбылыс. Қорыта айтқанда, минералдық шикізаттарды өндіру процесі жер қыртысына әсер етудің техногендік факторларының ішіндегі ең қуаттыларының бірі, бұл процестің нәтижелерін табиғи экзогендік геологиялық процестер әсерімен салыстыруға әбден болады. Жоғарыда сөз болған мейілінше келелі мәселелер жан-жақты зерттеуді және қалыптасқан жағдайды жөндеуге бағышталған нақтылы шараларды дереу жүзеге асыруды қажет етеді, бұл орайда геология ғылыми шешуші рөл атқарады.