Қазақ халқының қоғамдық ұйымы.
Қазақтардың әлеуметтік ұйымдасуы адамдар арасындағы бір-бірімен байланысты қарым-қатынас түрлерінің әр алуандығына негізделді. Олар: қандас туыстық, отбасылық, шаруашылықтық, әскерлік, мәдениеттік, этникалық және басқа байланыстар еді. Мұндай байланыстар қоғамдық өмірдің әртүрлі өрістерінде туып, тұтастықты өз-өзінен реттеуші ретінде қоғамның іс-әрекетін қамтамасыз ететін түрлі-түрлі әлеуметтік организмдер мен солардың салт-ережелерінің күрделі жүйесін құрды.
Көшпелі қауымның тірлік-тынысы көп жағдайда малды жайып бағудың маусымдық ырғағымен айқындалды. Жылдың әр маусымындағы көшіп-қону сипатының өзгешелігіне қарай Қазақстанда қауымдасудың екі түрі қалыптасты. Қысқы, ерте көктемгі және күзгі кезеңдерде көлемі жағынан әдетте орта есеппен алғанда қысқы қой отарына (300-400 бас) сәйкес келетін (5-6 үй қожалығы) шағын қауым деген дамыды. Жылдың бұл мезгілдеріндегі қауымның көлемі қыстау маңайындағы жайылымдық жерлерден азығын тауып жеуге қабілетті мал санымен айқындалып отырды және олар сол төңіректегі шөптің шығымдылығына барынша тәуелді болды. Қыстаудың 2-4 шақырым төңірегіндегі жайылымдық учаскелер – тек еңбекті және жекешелерді бірлестіру түрі ғана емес, сонымен бірге жерді иеленуші және жерді пайдаланушы бірлестік саналған осы қауымның меншігі болып табылды.
Қауымның екінші түрі жылдың жылы кезеңінде ұйымдасты. Бұл кезде көшпелілер басым жағдайда малды сумен неғұрлым ұтымды қамтамасыз ету мүддесі негізінде едәуір ірі шаруашылықтық топтарға бірікті.
Мұндай жағдайда кеңейтілген қауымның көлемі жайылымдық жерлердің сыйымдылығына оның тәуелдігінен гөрі, малдың су көздерімен қамтамасыз етілуі арқылы айқындалды. Сондықтан ол әдетте екі-үш шағын қауымның бірлесуінен тұрды. Суды пайдалану мәселерін реттеудегі жалпы қажеттік негізінде су көздеріне меншіктік қатынастар пайда болды.
Кеңейтілген қауым өз кезегінде әртүрлі қауымдық топтардың жерді пайдалану, жайылымдық жерлер мен су көздерін бөлу, көшіп-қону бағыттарын үйлестіру жөніндегі қарым-қатынастарын реттеп отыратын неғұрлым аумақты әлеуметтік топтарға енді. Бұл әлеуметтік топ тарихи әдебиетте “ру”, “тайпа”, “қамқоршы”, “жайылдық-көшпелі қауым” деген аттарымен белгілі. Ол жазғы уақыттары барлық қауымдар шоғырланатын бүкіл жайылымдық жерлердің тікелей иесі болды. Қауымдар арасындағы жер мен суға байланысты қарым-қатынастарды экономикадан тыс реттеу міндеттері, міне, қауымдардың осы ассоциациясы дәрежесінде шешіліп отырды және сондықтан да ол іс жүзінде көшіп-қонудың бүкіл жүйесінің тәртібін белгілеп, жүзеге асыратын.
Қазақ хандығының әлеуметтік топтары.
Қазақ қауымының XV — XҮІІІ ғ.-дың орта шені аралығындағы қоғамдық топтарға бөлінуіне жеке адамдардың “ақ сүйек” және “қара сүйек” дегендерге жатқызылуы ерекше тән болды. Бірінші әлеуметтік топ қоғамдық қатынастар құрылымында өздерінің әлеуметтік оңашаланғандығы мен жоғары қоғамдық мәнділіктеріне қарай сырттан ешкім өте алмайтын жеке адамдардың артықшылықтармен пайдаланатын жабық корпорациясы тұрғысында танылды. Оларға екі ақсүйектік топ – төрелер мен қожалар жатты.
Ақ сүйектен өзгешелігі “қара сүйектің” сословиелік-бірлестік топтары жеке басының сапасы мен мүліктік жағдайына қарай кез-келген жеке адамның қол жеткізуіне болатын ашық статус саналды. Оларға билер, тархандар, батырлар, ағамандар (ақсақалдар) дәрежесіндегілер жатқызылды. Бірақ қазақ халқының ерікті қауымдастар деп саналатын үлкен бөлігі сословиелік белгілері бойынша ешбір жіктеле қоймады. Міне, бұл оларды қазақтардың үстем табынан айыра ерекшелендірді.
Көшпелі қоғамның ерекше пұрсатты іріктелген қалаулы тобын “ақ сүйектің” негізі саналатын төре (сұлтандар) аристократиялық тобы құрды. Ол Шыңғыс әулетінің аға тармағы – Жошы ұрпақтарына жататын адамдар тобын біріктірді. Төре сословиесі қазақтардың қоғамдық және саяси өмірінде үлкен рөл атқарды. Төрелердің ортасынан қазақ қоғамының саяси ұйымына негізгі басшылықты жүзеге асыратын хан, яғни жоғарғы өкімет сайланды. Сұлтандар сословиесіне жату өзінің дүниеге келуінен бастап жеке адамның іс жүзінде үстем тапқа жататындығын білдіретін және оның қоғамдық қатынастарды тәртіпке келтіру мен жөнге салуда айрықша құқықпен пайдаланатындығын алдын-ала шешетін.
Көшпелілердің екінші бір іріктелген қалаулы тобын мұсылман діні қызметкерлерінің сословиесі – қожалар құрды. Мұрагерлік артықшылықтарымен пайдаланатын қожалар қазақ қоғамының рухани өмірінде маңызды рөл атқарды. Қожалардың көшпелілер қоғамындағы саяси ықпалы шамалы болды, міне, мұның өзі ислам дінінің далаға әлсіз тарағанынан-ақ байқалды.
Көшпелілер қоғамының үстемдік етуші бөлігін құрайтын әр түрлі сословиелік топтарымен және ерікті қауымдастармен қатар Қазақстанда тәуелді халықтар категориялары – құлдар мен төлеңгіттер µмір сүрді.
Төлеңгіттер деп сұлтандар сословиесіндегі қызметтерде жүретін адамдарды атады. Бұл әлеуметтік топтың шығуы жоңғарлармен тартысқа және екі арадағы көп жылғы соғысқа байланысты болды, сол кездері жоғарғы өкімет пен оның өкілдері – сұлтандардың “әскери міндеттерді атқаратын” адамдарға деген сұраныстары арта түсті.
Тәуелді халық категориясына сондай-ақ, тұтқынға алынған ресейліктер, қалмақтар, ирандықтар арасынан іріктелген құлдар да жатты. Алайда, қазақтарда құл иеленушілік кең таралмады және ол патриархалдық үй құлы шеңберінен шыға қойған жоқ. Құлдар негізінен жеке үй шаруашылығында пайдаланылды; олар иелерінің малына қарады, егістіктерін өңдеді, үй іші шаруасын істеді.
Қазақ қоғамының мемлекеттік-әкімшілік құрылымы.
Қазақ қоғамының мемлекеттік-әкімшілік басқару құрылымы жеті сатыдан тұрды:
- Ауыл бойынша билік жүргізу. Бұл қазақ халқының ең бірінші қоғамдық басқару жүйесі болып табылады. Бұл ұйым туыстас жақын адамдардың бірнеше жанұясынан құралады. Ауылды ауылбасы басқарды. Ондай адамның ауыл ішінде беделі күшті болды. Оның атқаратын міндеттері: ауылдастарының шаруашылығын басқару, көші-қон уақытын белгілеу, ауылдың адамкүші мен көлік күшін дұрыс райдалана білу, ауылда дау-жанжал болса, оны әділ, дұрыс шешу, жоғарыдан келген бұйрық-жарлықтарды өз кезінде орындау.
- Ақсақалдар билігі ата-аймаққа жүрді. Бұған бір атаға жататын, жеті атаға дейінгі бірнеше ауылдан құралған ата-аймақ жатады. Ақсақал ата-аймақ ішіндегі неке мен отбасы, жақын туыс ағайын арасы,мұрагерлік пен еншіт.б. мәселерді шешуге құқылы болды. Ата-баласы ішіндегі дау-жанжал болса, кінәлі жағын жазалауға құқылы болған.
- Рулық басқару ұйымы. Бұл – он немесе он бес аймақтан құралатын басқару жүйесі. Руду — рубасы басқарды. Ру билігіне өз қасиетімен не аталарынан мұрагерлікпен жеткен адам билік жүргізді. Ол ақсақалдарын жиып алып, оларға кеңес беріп, жоғарыдан келген бұйрық-жарлықтарды орындап отырды.
Рубасы көпті көрген шешен, ақылды, тәжірибелі адам болды. Сондықтан да рудың тағдыры рубасының тапқырлығы мен қабілетіне байланысты болды.
- Ұлыстық билік. Қазақ қоғамының бұл ұйымына бірнеше ру кірген. Ұлысты ұлыс биі билеген. Ұлыс биі өз ұлысы жерінен жаугершілік жағдайда он мыңдай әскер шығара алды. Ұлыстың бас билігі, сыртқы саясаты және әлеуметтік өмірге басшылық ұлыс сұлтанының қолында болды. Ұлысқа билік жасап отырған хан немесе сұлтанның ақылшы кеңесшісі болған. Хандар өз ұлдарын көп жағдайда сұлтандыққа сайлап отырған.
- Жүздік билік. Жүз бірнеше ұлыстан құралған. Жүзді хан басқарды. Қазақ жүздері шамамен ХҮ-ХҮІ ғғ. тайпалардың жер жағдайына байланысты құрылған. Жүздің басында отырған билер – ордаби атанып, олар аса ірі мәселелерді шешуде ханға көмектесіп, ақыл-кеңес беріп отырды.
- Хандық билік. Қазақ ұлтының хандық өкіметі үш жүзден құралған. Билік осы хандық өкіметтің басындағы Ұлы ханның қолында болды. (Түркі дәуірінде қаған деп аталған).
- Қазы (Мәслихат немесе Құрылтай жиын). Бүкіл қазақ ұлтының басқосқан кеңесі. Ел басына күн туғанда жауапты мәселелерді талқылауға үш жүздің бас көтерер азаматтары түгел қатынасады. Мұндай кезде «Жарғының» талабы бойынша азаматтың бес қаруы, ат-сайманы бойында болуы керек. Қаздың (құрылтайдың) кеңесінде көрші елдермен соғысу, не одақтасу, не мойынсұну т.б. бойынша шешімді бекіту не бекітпеу мәселесі қаралған.