Мал шаруашылығы.
Шаруашылықтың негізгі түрі жыл бойы тебінді жайлымда жүретін жартылай көшпелі мал шаруашылығы болды. Онымен қатар Қазақстанның оңтүстік аудандарында Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің жағалауында отырықшы мал шаруашылығы да таралды.
Қазақтар негізінен жылқы, қой және түйе өсірумен шұғылданды, ал отырықшы шаруашылықпен айналысатындары ірі қара мен ешкі де өсірген. Бойы ұзын, қысқа аяқты жылқыларды қазақтар қысы-жазы мал бағуда мініске ұстайтын, олар қазіргі “жабы” дейтін жылқылар тұқымына ұқсас келеді. Қазақтар асыл тұқымды сәйгүліктер мен арғымақтарды өсіру мен де жақсы айналысқан.
Қазақ халқы түйе өсіруге көп мән берген. Себебі көшпелі және жартылай көшпелі өмірде түйе негізгі көлік ретінде пайдаланылѓан, суыққа және шөлге төзімді жануар. Түйе жыл бойы үй маңында ашық далада жатады, тек қатты суық түскенде ғана үстіне киізден жабу жабатын. ХV-XIX ғғ. қазақтар жалғыз өркешті “нар түйелерді” өсірсе де, шаруашылыққа қолайлы қос өркешті түйелерге көбірек мән берген.
Қазақтар ірі құйрықты қойлар мен қатар ұсақ, биязы жүнді қой өсірумен де шұғылданған. Табиғи жағдайдың ерекшелігіне байланысты мерзімдік жайылымдары болған. Қыста қыстап шығу үшін өзен бойына, қамысты жерлерге, тау аңғарларына, жота бөктерлеріне, орманды жерлерге қыстау салған. Ал қоры ерте кететін жас төлдің жайылымына ыңғайлы жерлерді көктеуге қойған. Көктеуден соң жаздың нағыз ортасында қойдың жүнін қырқып, шыбыны мен масасы аз, шөбі шалғын, суы мол жайлауға көшкен. Күз түсе қайтадан қыстауларына жақындау жерге көшіп келген, оны “күздеу” дейді. Мұндай айнала көшудің себебі, мал жеп кеткен шөптің қайта өсуін қамтамасыз ету, малға жақсы жағдай жасау.
Қазақстанның шөлейт аудандарында малды қолдан суару үшін құдықтар қазып, қауғамен су алатын. Қауға теріден тігілетін үлкен шелек тәрізді ыдыс, онымен бірнеше мәрте құдықтан су алып бүкіл табынды суару оңай емес, сондықтан оны тартуға түйе мен өгізді жиі пайдаланған. Терең, тас құдықтардан қауға тарту ісі – Маңғыстау мен Үстірт жерлерінде жиі пайдаланылған.
Қазақтар малын жайылымға қыста да шығаратын болған, оны “тебінді жайылым” деп атаған. Себебі қар астында қалған шөпті мал тұяғымен теуіп, тартып, жұлып жейтін болған. Ондай жерлерге алдымен жылқыны, одан соң сиыр мен түйені жайған, олар қарын аршып бетіндегі шөбін жеген соң, аршылған жерге ұсақ малды, қойды жайып отырған.
Кейбір жерлерді қиын-қыстау кезең үшін әдейі сақтап “қарамал жері” деп қорып отырған.
Малшылар үшін ең қауіпті жағдай — малдың жаппай қырылуын — жұт дейді. Жаздың құрғақ болуы, шөптің шықпай қалуы, қыстың қатты болуы немесе ауа-райының күрт өзгеруі жұтқа ұшыратқан. Қыс қатты болған жылдары қазақтар “күрек-ашу” деген әдеті қолданып күрек, бөренелерді арқанмен атқа байлау арқылы жайылымды қардан тазартқан.
Қыстауға көшіп келген соң әр жан соғымға ең семіз малдарын сойып, бір-бірін қонаққа шақырысып “соғым басын” берген. Соғымнан қалған қазы-қарта көктемгі жаңа жыл мерекесі-наурыз тойына дейін жеткен. Наурызда жеті түрлі азық-түлік түрінен наурыз көже жасалып (халық мейрамы) ойын-сауығымен қызған халықтық мереке өткізіліп тұрған.
Егіншіліктің дамуы.
Суармалы егіншілік. Қазақтардың шаруашылық өмірінде жер өңдеудің де маңызы зор болған. Әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Созақ аймақтарында кең таралған. Жер өңдеумен Батыс Қазақстан мен Сары-Арқаның қазақтары да айналысқан.
Қазақстанда жерді суландырудың түрлі әдіс-тәсілдері болған. Көктемі еріген қар суына да бөгеттер жасалып, егін суаруға пайдаланған, немесе сол жыртылатын егістік жерлерде бөгеп кейін сол жерді өңдейтін болған. Талас өзенінің суы азайып құрғаған салаларына да дән сеуіп “көл табан” жерлер деп атаған.
Ал тұрақты суландыру үшін арықтар қазып, тоғандар, жасанды көлдер жасаған. Оған үлкен өзен сулары арнайы арықтармен әкелініп құйылған. Сырдарияның солтүстік жағалауында жер суландыруға қажетті 2-3 жасанды көлдер жасалып, өзара арықтар мен жалғасқан. Қаратаудың оңтүстік баурайындағы егісті суаруда жер асты суларын жинайтын каналдармен өзара жалғасқан терең құдықтар пайдаланылған.
Суды бұрып пайдалану қиынға соғатын жерлерде оны арнаулы құралдармен көтеріп арықтарға құю арқылы пайдалану әдістері де қолданылған. (“Атпа”, “Шығыр” қолдану арқылы).
Қазақтарда жер суландырудың үш түрлі әдісі болған: жаппай суландыру, атыздар арқылы және бороздалар бойымен суландыру.
ХІХ ғасырдың басына қарай табиғи (құрғақшылықтың әсері) және саяси (Ресейдің отарлық саясатының күшеюінен) жағдайларға байланысты суландыратын жерлердің көлемі қысқара бастады. Бірақ Қазақстанның оңтүстігі мен орталық аудандарда Жем, Торғай, Ырғыз бойында және Қазақстанның солтүстігі мен шығысында жер өңдеу қазақтардың қосалқы шаруашылығы ретінде дами берді.
Қалалар, қалалық және селолық қоныстар.
Монғол шапқыншылығы қалалық мәдениеттің дамуына зардабын тигізді. Жазба деректерде Жетісу аймағы қалаларының қаңырап бос қалғандығы туралы жазылған. Археологиялық зерттеу жұмыстарына қарағанда, ХІІІ ғ. аяғы мен ХІҮ ғ. басында Іле алқабындағы қалалық мәдениет мүлде құрып бітсе, ал Талас пен Шу алқабындағы кейбір қалалар қайта жанданып көркейе түскен.
Қалалық мәдениеттің дамуы туралы Шыңғыс ұрпақтары арасында екі түрлі көзқарас болған. Олардың біріншісі қалалық өмірге қарсы болып, отырықшы халықты аяусыз тонап, шексіз салық төлетуге тырысса, екіншілері қалалық өмірді дамытып, отырықшылықты өркендетпей, алым-салықты көбейту мүмкін еместігін түсінді. Сондықтан 1269 ж. Талас жағасында құрылтай өткізіп, онда отырықшы халық пен қала тұрғындарынан белгіленген салық көлемінен артық алуға тыйым салынған заң шығарылды. Міне, осы заңның әсері болу керек, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Йасы, Отырар, Құмкент, Созақ, Сығанақ сияқты қалалардағы тіршілік жақсара бастайды. Қалаларда тіршіліктің жандана бастауы туралы армян патшасы І Гетум Монғолияға сапарындағы күнделігінде жақсы жазған.
Қалалық өмірдің дамыған кезі – Ақ Орда хандары Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтайлардың билік құрған тұсы. Ақ Орданың орталығы болған Сығанақ қаласы қалалық өмірдің қайта өрлеуіне үлкен әсерін тигізген. Қалалар Орта Азиядан келген саудагерлер мен жартылай мал өсірушілер бас қосатын орталыққа айналған. Сығанақта және оның аймағындағы қалаларда Ерзен ханның кезінде мешіт, медреселер салынып, қоғамдық құрылыстар көбейген.
Алайда қалалық өмір қанша өркендегенімен монғол шапқыншылығына дейінгі деңгейге жетпеген. Қайта ХҮ ғ. бірінші жартысында көптеген қалалар қаңырап, бос қалған.