Әбілқайыр хандығының құрылуы, оның этникалық құрамы мен жер аумағы.
Ақ Орданың ыдырауы нәтижесінде XV ғ. 20-шы жылдары Орталық және Солтүстік Қазақстан жерінде жергілікті ру-тайпа билеушілерінің қолдауымен Жошы ұлы Шибанның (Сабан, Шайбан) ұрпағы Әбілқайыр жаңа мемлекеттік құрылымның негізін қалайды. 1428 ж. Батыс Сібірдегі Тұр атты мекенде ол хан жарияланады. Ханды сайлау салтанатына сұлтан, оғлан, батыр, ру-тайпа басыларымен қатар ислам дін басылары да қатынасады. Ал Әбілқайырды қолдаушылардың арасында қыят, маңғыт, чинбай, жан, табғұт, дүрмән, құщы, утарчи, найман, өкреш-найман, тубай, таймас, чат, хытай, барақ, ұйғыр, қарлық, кенегес, үйсін, қоңырат, құрлауыт, ичкі, ичкі-маңғыт, түмен және басқа ру-тайпалардың өкілдері болады. Басқаша айтқанда, Әбілқайыр хандығының этникалық құрамы Ақ Орданың, белгілі дәрежеде Ноғай Ордасының құрамына да жақын болды. Міне осы тілі, шаруашылық түрі, тұрмыс-салты жағынан туыс тайпалар одағын дерек көздері XIV ғ. 60-шы жылдарынан жинақы атпен “өзбек” деп атады. Бұл кезде ол халық аты (этноним) емес, тек саяси мағынадағы сөз еді.
Деректер Әбілқайыр ханның Шибан тұқымы сұлтандармен бірге маңғыт жұртының билеушілеріне де сүйенгендігін айтады. Қадырғали би Жалайыр Әбілқайыр ханның маңғыт Уақас бимен арадағы достығын суреттеп “екеуі бір кесенің екі шетінен бөліп бал ішетін еді” дейді. Соған қарағанда ханның тасының өрлеуіне бидің көмегі аз тимесе керек.
Әбілқайыр ұлысы батысында Жайықтан, шығысында Балқашқа, оңтүстігінде Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысынан, солтүстігінде Тобыл мен Ертістің орта сағасына дейінгі аралықты қамтыды.
Әбілқайыр хандығының нығаюы.
XVғ. 30-40-шы жылдары Әбілқайыр хан Мауреннахр және Сырдың орта сағасындағы қалаларға бірнеше жорықтар жасайды. Хан деп жариялағаннан көп кешікпей ол Тобыл өзені бойында Шайбани әулеті Махмұд Қожаны талқандады. 1430 ж. оның әскері қысқа мерзімге Хорезмді алады. 30 жж. басында ол дұшпандары Махмұд хан және Ахмет хандарға қарсы жорыққа аттанып, жеңіп шықты. 1431 ж. Әбілқайыр Екіретүп деген жерде Тоқай-Темір ұрпақтарына қарсы шайқасып, жеңіске жетеді. Хан көптеген дүние-мүлік олжалап, одан кейін Орда-Базарды бағындырып, оны өзінің астанасы етеді. 1446 ж. Әбілқайыр Атбасар маңында Мұстафа ханды тас-талқан етеді. Бұл жеңістен кейін Әбілқайыр хан қолдары Сыр бойындағы және Қаратау етегіндегі Созақ, Сығанақ, Ақ Қорған және Өзген қалаларын өзіне қаратып, Сығанақты хандығының астанасына айналдырады.
Дегенмен, Әбілқайыр ұлысының ішінде саяси тұтастық терең тамыр жая алған жоқ-тын. Жошы ұрпағынан тарайтын сұлтандардың біразы, арасында Ұрыс ханнан тарайтын Жәнібек хан мен Керей сұлтан бар топ Әбілқайыр ханмен жараса алмай, өзара араздық отын жағады. Ішкі алауыздыққа сырттан қалмақтар тарапынан төнген шабуыл қаупі қосылады.
Әбілқайыр хандығының әлсіреуі және құлауы.
Маңғұл халқының батыс қанатын құрайтын қалмақтар (ойраттар) XV ғ. 20-шы жылдарына қарай Орталық Азиядағы елеулі саяси және әскери күшке айнала бастайды. Қалмақтардың әсіресе көз тіккен жері Жетісудың шұрайлы жайылымдары мен егіншілік оазистері болды. XV ғ. 50-ші жылдары ойраттар қолы Сыр бойына да жетеді. 1456-1457 жж. Көк-Кесене атты жерде (Сығанақ маңы) Әбілқайыр қолдары Ұз-Темір тайшы бастаған қалмақтар қолынан жеңіліс табады. Бұл шайқас Әбілқайыр ұлысының әлсіреуіне себепші болған оқиға еді. Қалыптасқан саяси ұтымды пайдаланған Жәнібек хан мен Керей сұлтан бастаған ұлыс халқының біраз бөлігі Мағолстанға қарайтын Шу өзені бойындағы Қозы-Басы атты мекенге келіп, қазақ хандығының құрылғандығын жария етеді. 1468 ж. Әбілқайыр хан Мағолстанға жорыққа аттанып, жол үстінде Алматы маңындағы Аққыстау деген жерде қазаға ұшырайды.
Сонымен, Әбілқайыр опат болған соң көп ұзамай оның құрған ұлысы да ыдырауға ұшырады. Оған себепші болған билеуші сұлтандар тобының өз арасында билік үшін жүрген таластың толастамауы, қала және отырықшы егіншілік мәдениетінің ұлыс халқы арасында кең етек жая алмауы болды. Бұл Ақ Орда, Ноғай ұлысы, Әбілқайыр хандығы сияқты мемлекеттік құрылымдардың ыдырауына негіз болған ортақ себептер еді. Қазақ хандығының құрылуымен Әбілқайыр ұрпақтары Шығыс Дешті-Қыпшақ жерінде юилік жүргізу құқығынан айрылады.