Моғолстан мемлекетінің құрылуы, жер аумағы.
Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың ұлысы құрамына Оңтүстік Алтайдан Әмударияға шейінгі аралық, ұйғыр жерлері, Самарқан және Бұқара, яғни Шығыс Түркістан, Жетісудың үлкен бөлігі және Мауреннахр енген болатын.
XIV ғ. орта тұсында Шағатай мемлекетінің батыс және шығыс бөліктері дербес екі мемлекетке бөлініп кетті. Мағолстан атанған шығыс бөлігінің Әмір Болатшы дулат бастаған билеушілері 1348 жылы Шағатай ұрпағы Тоғлық Темірді хан сайлайды. Бұл тарихи кезеңде дулат тайпасы Мағолстанның үлкен бөлігін иемденді, сондай-ақ оның ел билеуші ақсүйектері мемлекеттің саяси өмірінде жетекші роль атқарды, тәуелсіз, тұрақты мемлекеттік орнықтыру жолында болды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар дулаттың көрсетуіне қарағанда дулаттар бұл тарихи кезеңде дәстүрлі мал шаруашылығымен қатар, отырықшы егіншілікпен де айналысқан. Дулат шонжарларының Шығыс Түркістанда ірі жер иеліктері (иқта) болған. Тоғлық Темір дулат әмірлері мен жергілікті қожалардың қолдауымен ислам дінін қабылдап, оны мемлекеттік дінге айналдырады. Ислам діні жергілікті халыққа қарақандықтар заманынан бері таныс болғанымен, билеуші топтың, сондай-ақ қара халықтың біраз бөлігі әлі де болса мұсылмандыққа өте қойған жоқ еді.
Мұхаммед Хайдардың көрсетуі бойынша Мағолстанның жері шығысында, қалмақ жерімен шектесіп, Барыскөл, Еміл, Ертісті қамтиды. Терістікте оған Көкше теңіз (Балқаш), Бұм, Қаратал қарайды. Батыста — Түркістанмен, Ташкентпен, оңтүстігінде Ферғана уалайатымен, Турфанмен шектеледі. Басқаша айтқанда Мағолстанның үлкен бөлігі оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғыз жерлерінен тұрды.
Халқының этникалық құрамы.
Моғол хандығының тағына негізінен Шыңғыс тұқымдары мен монғол ақсүйектері отырған. Әрине монғол шапқыншылығы кезінде келген арлат, чорас, калучи сияқты тайпалар алғашқы кезде өздерінің басымдылығын көрсеткенімен, уақыт өткен сайын жергілікті түркі тектес тайпалар басымдық алып, монғолдарды өзіне сіңіре бастаған. Бұл ортағасырлық мемлекет құрамындағы халқы Мағолдардың («могол», «маңғұл») атымен «Мағолстан» атанғанымен, Мағолдар оның тұрғындарының аз ғана бөлігін құрады, ал оның халқының басым бөлігі Шығыс Түркістан, Жетісу және Солтүстік Қырғызстанның жергілікті тұрғындары, яғни түркі халықтары еді. Олардың арасында дулат, үйсін, қаңлы, арғын, баарын, көне ұйғыр, керей, бұлғашы, барлас және басқа түркі тайпалары еді, яғни бұл мемлекетте бүгінгі жетісулық қазақтардың, ыстық көлдік және Шу бойындағы қырғыздардың ата-бабалары да бар еді. Мағолстанның орталығы алғашында Жетісудағы Алмалықта болды.
Моғолстанның саяси тарихы.
Тоғлық Темір өз билігін Мауреннахрға жайып, Шағатай мемлекетін қалпына келтіру әрекетін де жасайды (1360, 1361 жж.), бірақ оның мұндағы билігі ұзаққа созылған жоқ.. Баласы Ілияс Қожаны Мауереннахр тағына отырғызып қайтқан ол ұзамай қайтыс болады. Енді Тоғылық-Темірдің тірі кезінде оған тәуелділікті амалсыз мойындап жүрген Әмір Темір Ілияс Қожаға қарсы шығады. Әмір Темір мен Ілияс Қожа арасында бірнеше рет қақтығысулар болады. Моғол ханы жеңіліске ұшырайды. Соңғы жеңілістен кейін Ілияс Қожа Моғолстаннан жаңа әскери күш жинап келіп, қайта соғысады. 1365 ж. 22 маусымда Ташкент қаласының маңында «Батпақ шайқасы» болады. 10 мыңдай адам қырылған бұл шайқаста Ілияс Қожа жеңіске жетіп, Темір қашып құтылады.
Бұдан кейін Моғол хандығындағы билікті дулат тайпасының атақты әмірлері Камар ад-дин мен Шамс ад-диндер жүргізген. Камар ад-дин өзін тыңдайтын Тоғылық-Темір ұрпағы Қызыр Қожа оғланды таққа отырғызады.
Әмір Темірдің XIV ғ. соңғы ширегінде жасаған бірнеше дүркін жорығы Мағолстан мемлекетін қайтып күшею мүмкіндігінен біржола айырды. Қызыр Қожа хан Әмір Темірге өзінің тәуелділігін мойындайды. Моғолстан Әмір Темір қайтыс болғаннан кейін ғана Мұхаммед ханның кезінде (1408-1416 жж.) тәуелсіздікке қол жеткізе бастайды.
Моғолстанның шығыс жағынан ойраттардың шабуылдары жиілей түседі. Уайс хан (1418-1428 жж.) олармен талай қанды шайқас жүргізіп, тойтарыс береді. Уайс ханнан кейін Моғолстанның құлдырау шегіне жеткендігі айқындала берді. Ішкі талас-тартыста Уайс ханның ұлы Есенбұға (1433-1462 жж.) жеңіп шықты. 50 жж. аяғында Жетісуға Шығыс Дешті Қыпшақтан Жәнібек пен Керей бастаған қазақтар көшіп келеді.
XIV ғ. ортасында Ақ Ордамен бір мезгілде Мағолстан мемлекетінің өмірге келуі Қазақстан тарихындағы маңызды кезең болды. Мағолстан түркі халықтарының Орталық Азияда қуатты мемлекет құру, сол арқылы өздерінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету әрекеті ретінде тарихта өз ізін қалдырды. Сондай-ақ ол, феодалдық, ұлыстық мүдденің үстемдік алуы жалпыелдік, жалпыұлттық мүдденің аяқ асты болуына соқтырмай қоймайтындығын да көрсетті.
Әмір Темірдің әскери жорықтары Мағолстанда феодалдық бытыранқылықтың күшеюіне, ал Ақ Орданың Ноғай Ордасы және Әбілқайыр хандығы болып ыдырауына алып келді.