ІХ ғ. екінші жартысы – ХІІІ ғ. басындағы Қазақстан мәдениеті

Қалалық мәдениеттің дамуы.

Археологиялық зерттеулерде ерте орта ғасырларға (ҮІ-ІХ ғғ.) қарағанда, орта ғасырдың дамыған кезінде (Х-ХІІ ғғ.) отырықшылық мәдениет өркендеп, қалалар саны көбейген. Егер бұрын Оңтүстік Қазақстанда 30 қаланың орны белгілі болса, ал кейінгі кездегі зерттеулер бойынша, олардың саны 37 қалаға жеткен. Жазба деректерде алғашқы кезеңде 6 қала ғана аталса, соңғы кезде 33-ке жетті.

Қалалар санының өсуі Шығыстың экономикалық, мәдени байланыстар жүйесіне қатысуына байланысты қалалар маңызының артқандығын көрсетеді. Екіншіден, қала маңында жартылай көшпелі мал өсірушілердің отырықшылана бастауы қала санының өсуіне әсерін тигізген.

Оңтүстік Қазақстанда қалалардың топтаса орналасқан жерлері – Арыс өзенінің Сырдарияға қосылатын тұсындағы сағалары. Арыстың орта ағысында орталығы Осбаникет қаласы болған Кенже аймағы құрылса, ал өзеннің Сырдарияға құяр жерінде орталығы Отырар қаласы болған Фараб аймағы орын тепкен. Ал Шауғар (Йасы) аймағында Қарнақ, Қарашық, Шур (Сури), Шағылжан қалалары болған. Сырдың орта ағысында Сығанақ, Жанкент, Ашнас, Жент, Баршынкент қалалары белгілі. Қаратаудың терістігінде Балаж бен Берукет қалалары өмір сүрген.

Қалалық отырықшылық мәдениеттің тағы бір қанат жайған жері – Жетісу аймағы. Әсіресе оңтүстік-батыс Жетісудың орталығы Таразда қала мәдениеті өркендеген. Бұл аймақтан 36 қала жұрты табылды. Солтүстік-шығыс Жетісудан (орталығы Лабан, Алматы, Талхир қалалары) 70 қала жұрты ашылған. Қалалар тек сан жағынан ғана емес, көлемі, экономикалық жағынан да өсіп отырған.

Х-ХІІ ғғ. қалалар дамуының өзіне тән бір ерекшелігі – бұл кезде отырықшы мәдениеттің дамуы Қазақстанның орталық және шығыс аймақтарына қарай жайыла бастауы. Мәселен, Ұлытау етегіндегі Басқамыр, Аяққамыр немесе Кеңгір өзені бойындағы Сарайлы, Торайлы қалаларының өмір сүруі қалалық мәдениеттің дамуын көрсетеді.

Сәулет өнері. Тарихи-мәдени ескерткіштер.

Х-ХІІ ғғ. сәулетті ірі құрылыстар салына бастаған. Мұндай құрылыс жүйелерінің салынуына Қазақстанда ислам дінінің нығая бастауы себеп болды. Сәулетті құрылыс жүйелерінің сыртқы көрініс стилі Орта Азия мен Қазақстанда бірдей болды. Әсіресе діни кешендер салу ісі ерекше дамыды. Бұл кездегі ғимараттарға мешіттерді, кесенелерді, мазарларды, моншаларды жатқызуға болады.

Мешіт – мұсылман дінінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері орындалатын қасиетті ғимарат. Мешіт, мұнара салдыру билік басындағылардың ислам дініне адалдығының нышанын білдірген. Х ғ. араб-парсы деректерінде Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағындағы қалаларда мешіттердің болғандығы айтылады. Олардың кейбіреулері осы күнге дейін сақталған. Мысалы, бір кезде ірі мешіт болған Боран мұнарасы – осының айғағы.

Өзінің алғашқы құрылыс жүйелерін сақтаған ескерткіштер – Бабаджа-қатын мен Айша-бибі кесенелері. Олар Тараз қаласының батыс жағында, 18 км жерде орналасқан. Бабаджа-қатын кесенесі – күйдірілген кірпіштен шаршылап салынған порталдары бар әсем күмбезді ғимарат. Төрт жағында – қабырғаларының ішкі және сыртқы беттерінде сүйірлеу аркалы қуыстары бар. Есігі шығыс жағында. Кесене шатырлы күмбезбен жабылған. Кесене шамамен Х-ХІ ғғ. салынған. Осы кесененің жанында жартылай сақталған Айша-бибі кесенесі орналасқан. Кесененің күмбезі құлаған. Кесененің сыртқы қабырғалары түгелдей оюлы террокот кірпіштермен қапталған. Кесененің ішінде күйдірілген кірпішпен сатылап қаланған шағын құлыптас сақталған. Бұл кесене Х-ХІІ ғғ. салынған деп саналады. Көрсетілген мерзімнен бір ғасыр бұрын Отырар қаласының аймағында Арыстанбаб кесенесі де салынған.

Орта ғасырдың дамыған кезінде архитектуралық сәнділігі ерекше көзге түсетіні монша құрылысы болып табылады. Отырар қаласына жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде ХІ-ХІІ ғғ. жататын екі шығыс моншасы табылған. Тараз қаласынан да екі монша аршылған. Осы іспеттес шығыс моншасы қазіргі Түркістан қаласында ХХ ғ. 60 жж. дейін жұмыс істеген. Монша Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанында. Ол қазір мұражайға айналдырылған.

Дін және мәдениет. Исламның күшеюі.

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі қалаларға жүргізілген зерттеу жұмыстарына қарағанда, қала тұрғындарының арасында әр түрлі діни наным-сенімдердің болғандығы байқалады. Мысалы, Сырдария бойындағы ортағасырлық қалалардан қақпақ тұтқасы қошқар мүйізіне, құс айдарына ұқсас жасалған қыш құмыралар табылды. Жазба деректерге қарағанда, Сыр аймағында қойға табыну салты өріс алғандығы аңғарылады. Мұндай бейнелер зороастралық фарнға байланысты туған. Фарн түрлі халықтарда соңғы кезге дейін береке-байлық, бақыт, денсаулық, қаскөй күштерден үй ішін қорғаушы ролін атқарып келгені мәлім. Ал оғыздар мен түрікмендерде қойға табыну кең таралған. Ортағасырлық қалаларда отқа табыну әдеті де кең таралды.

Ғылыми зерттеулерге қарағанда, ертедегі діни наным дәстүрлері Жетісу аймағында кең таралған. Бұл жерде исламның таралуына қарамастан, зороастризм, христиан, буддизм сияқты діндердің салт-дәстүрлері де сақталған.

Ислам діні Орта Азия мен Қазақстанға арабтардың жаулап алуынан бастап ене бастады. Араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслим 709 ж. Бұхараны соғыссыз алады, 714 ж. Шашты басып алып, Исфиджабқа жорық жасайды. Насыр ибн Сейяр 737-748 жж. Орта Азияның бірқатар аймақтары мен Қазақстанның оңтүстігіне басып кіреді. 751 ж. Атлах түбіндегі ұрыста қарлұқтар арабтармен бірлесіп, қытайларды жеңіп шығады.

Х-ХІ ғғ. қала мәдениетінің дамуында ислам маңызды рол атқарды. Х ғ. басында Қарахандар әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғра хан ислам дінін қабылдады. Ал оның баласы Мұса хан 960 ж. исламды Қарахандар мемлекетінің мемлекеттік діні деп жариялады. Араб саяхатшысы Әл-Макдиси Х ғ. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың қалаларында мешіттердің көптеп салына бастағаны туралы жазады.

Ғылымның дамуы.

Оңтүстік Қазақстанда Х ғ. бастап ислам діні кең түрде тарай бастайды. Сайрам, Отырар, Түркістан т.б. қалаларда діни медреселер салынып, ғылым-білімге кең жол ашылады. Әдеби және ғылыми шығармалар араб тілінде жазылады.

Шығыстың аса көрнекті ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) Фараб аймағына қарайтын Отырар қаласында туған. Осы қалада алғаш қыпшақ тілінде білім алған. Араб тілін Исфахан, Бағдат, Дамаск (Шам) қалаларында игерген. Философ, музыкант, математик ғалым – дүниеге көзқарасы жағынан өз заманының озық ойлы адамы болды. Дүние жүзінде Аристотель сынды ғұлама ғалымдардың бірі ретінде танылды. Өз еңбектерінде адам дүниені және оның мәнін өзінің сезім мүшелері мен ақыл-ойы арқылы таниды деп түсіндірді. Әл-Фарабидің логика мен медицина, ғарышнама мен анатомия, философия, заң ғылымы сияқты ғылым салаларына қосқан жаңалықтары әлемге әйгілі.

Ғұлама дүниеге келген Фараб өлкесінен ондаған Фарабилердің еңбектері мен есімдері белгілі болып отыр. Олардың ішінен ХІІ ғ. өмір сүрген Исхақ әл-Фараби, Жауһари әл-Фараби, Ахмад әл-Фараби сияқты ғалымдар бар.

Жүсіп Баласағұни (1021-1075). Ғұлама Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туған. Толық аты Жүсіп Хас Хажип Баласағұни. Ол өзінің атақты «Құтағду білік» («Құт негізі – білік») атты еңбегімен белгілі. Бұл еңбек алғаш рет түрік тілінде жазылған. «Құтағду білікте» түрік тілдес халықтардың тарихы мен қоғамдық-саяси өмірі, әдет-ғұрып, наным-сенімдері туралы мағлұматтар көптеп кездеседі.

Жүсіп Баласағұнидің бұл еңбегінде ғылымның философия, астрономия, алгебра т.б. салаларына да тоқталуы оның жан-жақты білімді адам болғандығын көрсетеді. Кітапта халық ауыз әдебиетінің үлгілері мол пайдаланылған. Аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер көп кездеседі. Мысалы, қазақтардың «Сөздің көркі – мақал», «Жастығымда бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» деген мақал-мәтелдерінің арғы төркіні тым тереңде жатқандығынан дерек береді.

Махмұд Қашқаридің (1030-1090) шын аты Махмұд Хусейн ибн Мұхаммед Қашқари. Әкесі Қашқар қаласында туған. Махмұт алғаш Қашқар қаласында, кейіннен Орта Азия мен Иранның ірі қалаларында білім алады. Араб тілін жетік білген ғұлама ғалым саналы ғұмырын өзінің туған халқының тілін зерттеуге арнаған. Махмұд Қашқаридің үш кітаптан тұратын «Түрік тілдерінің сөздігі» («Диуани лұғат ат-Түрік») атты мәңгі өшпес мұра қалдырды. Бұл кітап — түрік дәуірінде өмір сүрген түрік тайпалары сөздерінің жиынтығы. Оның айтуы бойынша бұл еңбекті жазудан бұрын ол бүкіл түріктердің елі мен жерін түгел аралап шыққан. Атақты орыс ғалымы Н.А. Кононов Махмұд Қашқаридің бұл кітапты жазудағы басты мақсаты түрік тілінің мәртебесін көтеріп, оның араб тілінен ешбір кем түспейтінін дәлелдеу болды дейді. Ал екінші бір түрік тілінің маманы Н.А. Баскаков Махмұд Қашқари өзінің бұл еңбегін жазуда түрік тілдерін өзара салыстыра зерттеушілердің көшбасшысы болды деген пікірді айтады. Ғұлама өз еңбегінде түрік тілдес тайпалардың тілін ғана зерттеп қойған жоқ. Бұл кітаптан бүгінгі ғалымдар сол кездегі түріктердің мекендеген жерлерінің аты-жөні, олардың тарихы, этнографиясы, ауыз әдебиеті жайлы көптеген мағлұматтар алады. Сондықтан өзінің деректілігі жағынан бұл ешбір баға жетпес еңбек болып табылады.

Қожа Ахмет Йассауи (1103-1167) Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибрахим атақты ғұлама адам болған. Шешесі – Мұса шайқының қызы Айша (бір деректерде Қарашаш). Ахмет жастайынан шешесінен, жеті жаста әкесінен жетім қалған. Ол өзінің әпкесі Гаухар Шахназдың қолында өседі. Алғаш әкесінен оқып, сауатын ашып, кейінірек ислам дінінің шариғат қағидаларын үйренген. Бала кезінен Йасы (қазіргі Түркістан) қаласын мекен етеді. Кейін осы қаланың атымен Ахмет Йассауи атанады. Бұхара қаласында Юсуф Хамаданиден діни білім алып, Йасыға оралады. Мұнда ол сопылық ілімнің насихатшысына айналады. Арыстан бабты пір тұтады.

Қожа Ахмет Йассауиден қалған мұра оның «Даналық кітабы» — «Диуани хикмет» болып табылады. Кітап түрік тілінде араб әліпбиімен жазылған. Бұл еңбекте адамды даналыққа, адалдыққа, кішіпейілділікке, имандылыққа шақырады. Аллаға адал болуға баулиды, дін жолында таза болуға үгіттейді. Ақын өз заманының билік иелерін қатты сынға алады.