Қыпшақтардың қоныстанған жерлері және этникалық құрамы.
Қыпшақтар туралы айтқанда, біз, міндетті түрде қимақ тайпаларын еске аламыз. Өйткені бұл тайпалардың тарихы бір-бірімен тығыз байланысты. Сыртқы жауларының соққысынан құлаған Қимақ қағанатының жері ХІ ғ. жаңа құрылған Қыпшақ хандығының қолына толығымен көшеді. Ол жерлер шығыста Алтай мен Ертістен басталып, батысында Еділ мен Оңтүстік Оралға дейінгі, солтүстігінде Құланды даласынан, оңтүстігінде Балқаш көлі мен Жоңғар Алатауына дейінгі кең-байтақ аймақты алып жатты.
Қыпшақ хандығы күшейе бастаған кезінде оңтүстік жағындағы шекарасын кеңейтіп, Сырдарияның орта және төменгі бөлігін, Арал мен Каспий өңірі далаларын өздеріне қаратқан. Қыпшақ шонжарлары Сыр бойындағы қалалардың билеушілеріне айналған.
Қыпшақтар Есіл мен Тобыл, Нұра, Елек пен Сарысу өңірінде көшіп-қонып жүрген. Олар Маңғыстау мен Үстіртте қыстап, жаз айларында Жем, Сағыз, Ойыл, Қобда, Жайық өзендерінің аңғарларын жайлаған. Араб деректеріне қарағанда, қыпшақтардың тарихи қалыптасқан көшу бағыттары болған.
Сонымен, Алтайдан Еділге дейінгі аралықтың «Қыпшақтар даласы» (Дешті Қыпшақ) деп аталуының өзі бұл кең-байтақ аймақтың қыпшақтардың атамекені екндігін толығымен растайды.
Қыпшақтар этникалық құрамы VІІ-VІІІ ғасырларда құрыла бастаған. Жалпы қыпшақтардың этникалық құрамы екі бөліктен тұрған. Бірінші — қыпшақтардың батыс бірлестігі, бұлардың тайпалық құрамы он бір тайпадан тұрады: елбөрілі, тоқсоба, йетиоба, дурут,т.б. Екінші — қыпшақтардың шығыс бірлестігі, бұлардың тайпалық құрамы он алты тайпадан тұрған. Олардың сегізі негізгі тайпалар, ал қалған сегізі ұсақ тайпалық бөлімшелер. Тайпалардың ішінде ең беделдісі — бөрілер болған. Бұл елбөрілер болып та айтылады. Қыпшақ хандары осы тайпадан шығып отырған. Тайпаның бөрілер аталуы қасқырға табынуды көрсетеді. Ал мұндай салт ердегі түрік тайпаларынан бері қарай белгілі. Тоқсоба да «тоғыз тайпалы» деген ұғымды білдіретін беделді тайпалардың қаратарына жатқан.«Дурут» — төрт тайпа, «йетоба» — жеті тайпа дегенді білдіріп, олардың біріккен тайпалар екендігін аңғартады.
Жалпы Қыпшақ бірлестігіне түрік тілдес қимақ, оғыз, қуман, ежелгі башқұрт тайпалары да енген. ХІІ ғ. бастап қыпшақтар Арал маңына билік жүргізген кезде олардың құрамында қаңлылар, қарлұқтар мен жікілдер де болған.
Сонымен қыпшақтардың этникалық құрамына кірген тайпалардан қыпшақ халқы қалыптаса бастады. Бұл тайпалардан тіл, наным-сенім, қоғамдық құрылыстары, шаруашылықты жүргізу жағы бір-біріне ұқсас болды. Әрине тіл жағынан кейбір жергілікті диалектілер сақталған. Бірақ ол бірыңғай қыпшақ халқы болып қалыптасуға кедергі болмаған. Оны Плано Карпинидің «қаңлылар қыпшақша сөйлейді екен» дегені толық дәлелдейді. Тайпалар бірлестігінің ішінде мұндай жақындасу жағдайлары тығыз жүріп жатты. Сондықтан да Дешті Қыпшақта (Қыпшақтар даласында) қыпшақ халқының қалыптасуы заңды құбылыс еді. Бірақ монғол шапқыншылығы бұған үлкен нұқсан келтірді. Сөйтіп, Қазақстанда бірыңғай халық болып қалыптасу құбылысы ХV ғасырға дейін кешеуілдеді.
Қоғамдық құрылысы.
Қыпшақ хандығының қоғамдық құрылысы тікелей Қимақ қағанатының қоғамдық құрылысының жалғасы болды. Бұл хандық та да билік әкеден — балаға мұрагерлікпен беріліп отырды. Мұндағы бір ерекшелік, хан тағына елбөрілі тайпасының белгілі өкілдері ғана сайланып отырған. Сондықтан да тарихшы Жүзжани бұл хандар әулетінің тайпасы деп атаған.
Хандық биліктің орталығы «орда» деп аталды. Ордада хандық өкіметті билеушілер тұрды. Әскери басқару жүйесі бұрыннан қалыптасып келе жатқан дәстүр бойынша оң және сол қанат болып бөлінді. Күші және беделі басым оң қанаттың ордасы Жайық өзені бойындағы Сарайшық қаласының орнында болса, ал сол қанаттың орталығы Сырдария бойындағы Сығанақ қаласында орналасты. Әскери басқару жүйесінің екі қанатқа бөлінуі оң қанаттың батыстағы, сол қанаттың шығыстағы билікті мызғытпай ұстап отыруы үшін жасалған еді.
Қыпшақ хандығының әлеуметтік-экономикалық тегі таптық құрылыс болды. Ақсүйек-шонжарларға хандар, оның туған-туыстары, тархандар, басқақтар, бектер, байлар және ру-тайпа көсемдері жатты. Ал қарапайым бұқара халық малы жоқ кедейлерден тұрды. Кедейлердің ішінде жер өңдеумен айналысатын жатақтары да болды. Қыпшақ қоғамында құлдар да еңбек етті. Мұндай басыбайлы құлдыққа малы жоқ кедейлер, қолға түскен тұтқындар түсіп отырған. Феодал-шонжарлардың баю жолындағы біршама табысы тұтқындарды Орта Азияның базарына сатудан түсетін еді.
Қыпшақ хандығында құлдықтың болғандығын Махмуд Қашқаридің қыпшақ тілінде құлды«яланкуг» деп атағандығынан анық байқауға болады.
Қыпшақ хандығының саяси жағдайы.
ХІ ғ. бастап Қазақстанның Жетісудан басқа жерлерінің барлығына қыпшақтар ие болды. Хандықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нығаюы жерін кеңейтуді талап етті. Әсіресе қыпшақтарға Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларға, Орта Азияның базарына, Орыс елінің оңтүстік далалы аудандарына шығу қажет болды. Алайда бұл жерлерге шығу оңай емес еді. Өйткені арада оғыздар мемлекетінің билігі жүріп тұрған. Х ғ. аяғы — ХІ ғ. басында Оғыз хандығының жағдайы нашарлай бастайды. Бұл жағдайды Қыпшақ хандығы дер кезінде пайдаланып, оғыздарға солтүстік және солттүстік-шығыстан басып кіреді. Сөйтіп қыпшақтар өздерінің шекарасын Сырдарияның орта ағысынан Арал теңізіне дейін кеңейтеді.
Сонымен қыпшақтар оғыздарды жеңгеннен кейін Еділ өзеніне дейінгі жерлерді иеленеді. Оңтүстік орыс далаларын, Кавказ, Қырым жерлерін алып, шекараларын Жонға дейін ұлғайтады. Ресей жерлеріне барып орналасқан қыпшақтар орыс деректерінде «половецтер» (далалықтар) деп, ал Дунай бойына барып жайғасқан қыпшақтарды венгрлер «кундар» немесе «командар» деп атаған.
Қыпшақтар Хорезм елімен де қатынасты жақсартуға әрекет жасайды. Алайда Хорезм шахы қыпшақтардың күшеюінен және олардың өз шекараларына жақындауынан қауіптене бастаған болатын. Сондықтан да шах әр түрлі саяси қулықтар жасауға тырысады. Ондай әрекеттерге кезінде Хорезм шахының мұрагері Атсыз да барған болатын. Бұлардың арасындағы саяси жағдай да өте тұрақсыз болды. Хорезм шахы кез-келген мүмкіндікті өз пайдасына шешуге тырысып отырды.
Кейбір жазба деректерге қарағанда, Атсыз қыпшақтардың қол астындағы оғыздардың жеріне бірнеше рет шабуыл да жасаған. 1133 ж. қыпшақтар жеңіліп те қалған. Бірақ Хорезм мемлекеті ешбір нәтижелі жеңіске жете алмаған. Дегенмен осы жеңілістен кейін қыпшақтар екіге бөлініп, әлсірей бастаған. Ашық майданда жеңіске жете алмайтындықтарын білген хорезмдіктер енді қыпшақтардың ішкі қайшылықтарын пайдалануды көздеді. Мәселен, қыпшақтардың ақсүйек-шонжарларын өз жақтарына қызметке тартып, сый-сияпат жасап, олардың арасынан әскери топтар құрып, өздеріне қарсы қоюға тырысқан. Қыпшақтардың арасына ислам дінін таратумен де айналысады. Сөйтіп, олардың ішіне іріткі салып, қыпшақтарды өздеріне тәуелді етуге әрекет жасайды.
Хорезм билеушілері Текеш пен Мұхаммед бұрын іске аспаған істерді іске асыруға әрекет етеді. Олар қыпшақ ханы Қадыр-Буке хан мен оның жиені Алып-Деректің арасындағы билік үшін таласты пайдаланып, Сығанақ қаласын басып алуды ойластырады. Текеш өз ойын іске асыру үшін 1195 ж. Сығанақта басқарып отырған Қадыр-Буке ханға қарсы жорыққа аттанады. Бұл жорықта Текеш Отырарды билеп отырған Алып-Деректің әскерін өз жағына шығарып, қаланы жаулап алады.
Ал ХІІІ ғ. басында Сыр бойындағы қалалар үшін Хорезм шахы Мұхаммед пен Қыпшақ хандығының арасында бірнеше шайқастар болып өтеді. Бұл шайқастарда қыпшақтар өз ішіндегі алауыздықтың кесірінен жеңіліп, солтүстікке қарай шегінеді. Бірақ олардың арасындағы жауласушылық мұнымен бітпейді. Отырар, Сығанақ, Арал теңізінің аумағы бұл екі ел үшін ұзақ жылдар бойына қақтығыс көзіне айналады. Билік үшін бәсеке тек монғолдар екі елді де жаулап алғаннан кейін ғана біржола тынады.
Қыпшақ хандығы құлағанымен, оның халқы мүлде жойылып кеткен жоқ. Олар өздерінің тарихи дамуын жалғастырумен болды. Ақыр соңында олар қазақ халқының басты этникалық құрамының біріне айналды.