Қарақытайлардың этникалық тегі және олардың Жетісуға қоныс аударуы.
Қытай деректері бойынша, қарақытайлар – Орталық Азиядағы (Монғолия), Солтүсті Қытай, Маньчжурия мен Уссури өлкесін мекендеген қидан тайпалары. Қидандардың Х ғ. батысқа қарай жылжыған бір бөлігі мұсылман деректерінде қарақытайлар деп айтылады. Бұл тайпалардың этникалық тегі мен тілі туралы пайымдаулар әр түрлі. Кейбір пікірлерде қарақытайлар тұңғыс-монғол тілдес тайпа делінсе, ал екінші бір араб, парсы деректеріне жүгінсек, олардың түрік тілдес бөлігі де болғандығы аңғарылады.
924 ж. Алтайдан Тынық мұхитқа дейін алып жатқан қидандардың Ляо империясы 1125 ж. құлағаннан кейін, Елұй Даши бастаған 40 мың түтін қидандар Жетісу жеріне келіп қоныстанады. Қарақытайлар біртіндеп жергілікті тайпалармен байланыстарын күшейтіп, Жетісудың ішіне қарай ене береді. Елұй Даши қарахандардың әлсіреуін пайдаланып, 1125 ж. өзінің әскерлерін Жетісудың орталық аудандарына қарай кіргізеді. Баласағұн қаласын басып алады. Оған жақын жерде өздерінің орталығы етіп Ғұз ордасын құрады. Енді олар өздерінің билігін тек Жетісуға ғана емес, қазақ жерінің бүкіл оңтүстік аймағына жүргізеді.
Қоғамдық құрылысы.
Бұл мемлекеттің қоғамдық құрылысы Қарахан мемлекетінің қоғамдық құрылысынан әлдеқайда төмен болды. Мемлекеттік басқару жүйесі жетілмеген ел еді. Сондықтан да қарақытайлар Қарахан мемлекетінің ел басқару жүйесіне тимеді. Хандық басқару құрылысын сол қалпында қалдырды. Ханның мұрагерлігі сақталды.
Қарақытайларда мұрагерліктің өзіндік ерекшелігі болған. Тек ер адамдар ғана емес, әйел адамдар да мұрагер бола алған. Егер елбасы гурхан немесе хан қаза болса, оның орнын басатын ер адамдар болмаса, әйелі не қарындасы гурхан болып сайланған. Тек әйел жағының тегі хан тұқымынан болуы міндетті еді. Мәселен, Елұй Даши 1143 ж. қаза болған соң, билік оның әйелі Табуянға тиген. Ал жеті жылдан кейін басқаруды ер жеткен Иле алады. 1155 ж. Иле қаза болған соң, Елұй Дашидің қызы Бұсұған ел билеген.
Сыртқы саяси жағдайы.
Сонымен Жетісу аймағында құрылған Қарақытай мемлекеті енді Қарахан мемлекетінің Орта Азиядағы иеліктерін жаулап алуды көздейді. 1137 ж. Ходжент маңында Қарахан әскеріне ойсырата соққы береді. Бұл жеңілістен кейін қарахандықтар салжұқтармен бірлесе отырып, қарақытайларға қарсы шабуылға дайындалады. Шайқас 1141 ж. Самарқан қаласына жақын Қатуан даласында болған. Қарақытайлар бұл жолы да жеңіске жетіп, Бұхара қаласына басып кіреді. Бүкіл Мауараннахрдың орталық бөлігін басып алады. Қарахандар енді олардың вассалы болып, алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болған.
Қарақытайлар Хорезмге жорық жасап, оны да жаулап алады. Хорехмшах жылына 3000 алтын динар төлеп тұруға мәжбүр болады. Сонымен олар батысында Амударияның төменгі ағысын толығымен бағындырады. Ал шығыста Гансу жеріндегі ұйғырларды да өзіне тәуелді етеді. Оңтүстікте Балх пен Хотан жерлері де қарақытайларға тәуелді болған. Солтүстік-шығысы наймандармен шекаралас жатты.
Алайда 1171-1172 жж. қарақытайлардың Хорезм жеріне қайтадан жорыққа шығуына тура келді. Себебі шахтың келісім бойынша төлеуге тиісті алтын динардан бас тартуы еді. Осы кезде Хорезм шахы Әл-Арслан қаза болып, оның балаларының арасында билік үшін талас туады. Қарақытайлардың көмегімен Текеш ел билігін өз қолына алады.
Қарақытайлар Хорезм шахымен келісім жасай отырып, 1198-1204 жж. Ауғанстан жеріндегі гурид тайпаларымен соғысады. Бірақ Текештен кейінгі Хорезм шахы Мұхаммед Самархан сұлтанымен келісіге келіп, қарақытайларға қарсы шығады. Өздерін жақтаушылардан айрылған қарақытайлар гурид тайпаларымен соғыста ауыр жеңіліске ұшырайды. Ал 1208 ж. қарақытайлар шығыста наймандардан жеңіледі. 1210 ж. Хорезм шахы қарақытайларға қарсы шығады. Сөйтіп, екі жақтан шабуылға ұшыраған қарақытай өкіметі 1212 ж. құлайды.