Наймандар, Керейттер, Жалайырлар

Наймандар

ҮІІІ ғ. жазба деректерде сегіз тайпа бірлестігі Орхон өзені мен Алтай тауы аралығында өмір сүрген. Монғолша «найман» сөзі «сегіз» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан монғолдар оларды «найман» деп атап кеткен. Ал кейбір деректерде Монғолияда Секиз деген өзен бар, сол өзен бойында тұратын тайпаларды монғолдар «найман» деп атады ма деген ой айтылады.

Найман мемлекетінің аты шыға бастаған кезі – ХІІ ғ. екінші жартысы. Орталығы Орхон өзені бойындағы Балықты қаласы. Мемлекет найман ханы Наркеш Дайын кезінде (1160-1203 жж.) дами бастайды. Егін шаруашылығы дамып, отырықшы қалалық өмір салты орын алады. Ханның інісі Инанч-Білге өзінің қабілеттілігімен көзге түседі. Халықты өз төңірегіне топтастыра білген ол елді өнерге, күнкөріс-тіршілікке баулып, бейбіт өмір салтын таратады. Сондықтан халық оған Білге хан деген атақ береді. Осы ханның білімділігінің арқасында наймандар қарақытайлардың үстемдігінен құтылған. Хан наймандар одағының басын қосып, Найман мемлекетін күшейтеді.

Алайда Найман мемлекетінің бейбіт дамуы ұзаққа созылмаған. Білге хан дүниеден қайтқаннан кейін, оның екі ұлы Бұйрық хан мен Даян хандар арасында билік үшін талас басталады. Хандық екіге бөлінеді. Наймандардың әлсіреуін аңдып жүрген монғол ханы Шыңғыс хан керейттер ханы Тоғырыл ханмен бірге наймандарға шабуыл жасап, Бұйрық ханды жеңеді. Хан Енисей қырғыздарына қарай қашады.

Енді Шыңғыс ханның күшейіп келе жатқанынан қорыққан қырғыз, меркіт, найман, т.б. тайпалар 1201 ж. құрылтайға жиналады. Оны ұйымдастырушылардың бірі Бұйрық хан болды. Соғақ суаты деген жерде осы тайпалардың одақтас қолы Шыңғыс хан мен Тоғырыл хан әскеріне қарсы шайқасты. Бұл шайқаста одақтастар ойсырай жеңілді. Бұйрық хан Алтайдың оңтүстігіне жылжиды. Шыңғыс хан әскері оны қолға түсіріп жазалайды. Даян Көксу Сәуірік бастаған әскерін Тоғырыл ханға қарсы аттандырады. Мұны естіген монғол ханы 1204 ж. Даян ханға қарсы жорыққа шығып, оны біржола жеңеді. Даян ханның баласы Күшлік Жетісуға қашып кетеді.

Керейіттер

Тайпаның аты Керлин (Керулен) өзенінің бойында қоныстанғандықтан, керілер (керілендіктер) деп аталған. Жазба деректерде бұл тайпалар Орхон, Керулен, Селенгі, Аргун өзендерінің бойында тұрған. Керейттер батысында наймандармен көршілес отырған ұйғырлармен де тығыз қарым-қатынаста болған.

«Монғолдың құпия шежіресі» кітабындағы деректерге қарағанда, ХІ ғ. аяғы – ХІІ ғ. басында Керейттер хандығы мен жаңадан құрылған монғол хандығы арасында жақсы қатынас орнаған. Екі хандық одақтаса отырып меркіт, найман, т.б. тайпаларға шабуыл жасаған.

Керейттер мемлекетінің орталығы қазіргі Улан Батор қаласы жанындағы Хантәңірі тауының шығыс жағындағы Битөбе деген жерде болған. Монғол тарихшыларының айтуынша, Улан Батор қаласының орналасқан жері керейіт ханы Тоғырылдың жайлауы болған. ХІ ғ. екінші жартысында Керейт хандығының құрамына керей, жыркиы, қоңқай, сақай, тутау, албат, тунхай, қыркун атты сегіз аймақ кірген.

Керейт мемлекетінің шарықтау шегі – Х-ХІ ғғ. аралығы, Маркус пен оның баласы Құршақұз хандар кезі. Құршақұз хан билігінің алғашқы кезінде татарлардан жеңіліп, баласы Тоғырыл мен шешесі Илма ханым тұтқынға түседі. Осы кезде керейттің екінші бір тайпа көсемі, Құршақұз ханның күйеу баласы Сарық хандықты қолына алып, билік жүргізеді. Ол керейттердің шет аймақта отырған Хажар ханынан көмек сұрап,татарларды жеңіп, Құршақұз ханды баласымен тұтқыннан босаттырып алады. Одан соң Тоғырыл хан ел билеген.

Монғолдың шежірелеріндегі деректерге қарағанда, керейттер мен монғолдардың арғы аталары өзара бейбіт қарым-қатынаста болған. Алайда керейттер билеушісі Тоғырыл мен Шыңғыс хан арасындағы достық қатынас ұзаққа созылмаған. 1202 ж. бұлар өзара жауласып, Шыңғыс хан керейттерді жаулап алады. Керейттердің қалған жұрты әр тайпаның құрамына қосылса, бір бөлігі Қазақстанның шығысына келіп орналасып, қазақ халқының қалыптасуына өз үлесін қосты.

Жалайырлар.

Бұл тайпаның өз алдына жеке мемлекеттік дәрежеде өмір сүргендіктері жайлы мағлұматтар араб, парсы жазба деректерінде кездеспейді. Тек монғол шежірелеріндегі кейбір деректерде ғана жалайырлар туралы сөз болады. Онда жалайыр тайпасының монғол жеріндегі Селенгі, Хилок өзендерінің бойында және Орхон өзенінің жоғарғы ағысында, Қарақорым таулы қыраттарында өмір сүргендігі айтылады.

Жоғарыда көрсетілген шежірелерде Шыңғыс ханның жалайыр тайпасының ішіндегі ең жақын адамы атақты ақын, шешен, әрі батыр Мұқылай болған. Хан өзіне көрсеткен адал қызметі үшін оған «күй үн чінсан тәйжі» деген атақ беріп, сол қанаттың түменін (әскерін) басқартқан.

Шежірелерде жалайыр Жамұқа Шыңғыс ханның бірде анда болып, серттескен ең жақын досы ретінде, бірде оның жансызы есебінде, бірде қас жауы ретінде көрінеді. Деректерге қарағанда, Жамұқа 1201 ж. Аргун өзені бойында құрылтай шақырып, өзін «гурхан» деп жариялап, таққа отырған. Бұл жағдайды естіген Шыңғыс хан Тоғырыл ханмен одақ құрып, Жамұқаны жеңіп, жалайырларды қол астына қаратқан.

Тарихшы Әбілғазы ханның «Түрік шежіресінде» жалайырларды Шыңғыс ханның қолға түсірген тұтқындары есебінде көрсетеді.Олар өздерінің адал қызметтері арқылы монғолдарға сіңісіп кеткен. Қазақтың орта ғасыр тарихшыларының бірі Қадырғали Жалайыри Шыңғыс заманында Сартақ ноян болғанын айтады. «Оның ұлы – Жалайыр Саба. Оның ұрпағы – Жалайыр Тебре бек. Оның ұрпағы – Айтөле бек. Ол атақты адам болған. Ұрұс ханның сол қолын басқарған.Ол Алаш мыңы үш сан қанат түменін басқаруынан жалғасып келе жатқан дәстүр болуы да ықтимал.

Ал тарақ таңбалы аталуы қазақ халқының құрамына кірген кезі. Бұл тайпаның өкілдері бүкіл Орта Азия жеріндегі түрік тілдес халықтардың құрамына кірген. Қазақ халқының құрамына кірген жалайырлар Жетісу аймағында орналасқан.