Қарахан мемлекетінің құрылуы.
Х ғ. орта кезінде Жетісу аймағы мен Шығыс Түркістанның бір бөлігінде Қарахан мемлекеті құрылды. Орталығы Баласағұн қаласы болды. Мемлекеттің негізін Білге Күл Қадыр-ханның немересі Сатұқ Боғра-хан (915-955) қалады. Ислам дінін қабылдаған Сатұқ Боғра хан саманилерден қолдау тауып, өзінің туысы Оғулшақты жеңіп шығады. Ол билеп отырған Тараз бен Қашқарды да бағындырады.Сөйтіп, бірыңғай бір орталыққа бағынған Қарахан мемлекеті құрылады. Қарлұқ қағанатының ыдырауына байланысты батыста Жетісудан Испиджабқа және Шығыста Қашқарға дейінгі Қарлұқ жерлері Қарахан мемлекетіне қарады.
Қарахан мемлекетінің этникалық құрамына жікіл, яғма, қарлұқ, оғыз, қаңлы, үйсін сияқты тағы басқа да түрік тілдес тайпалар кірген. Әсіресе, мемлекеттің құрылуында басты рөл атқарған — қарлұқ тайпасы. Одан кейін негізгі билеушілер яғма тайпасының арасынан шығып отырған. Хандардың Арыслан хан, Боғра хан деген атаулары жікіл тайпасының тотемі – арыстан, яғма тайпасының тотемі — бура болуына байланысты қойылған.
Қоғамдық құрылысы.
Жоғарғы өкімет билігі қағанның (хан) қолында болған. Билік мұрагерлік жолымен беріліп отырды. Билік иелері қатарына ханның ұрпақтары — тегіндер, ілік хандар, бектер, нөкерлер жатты. Билік иелігінде үлестік жерлер болды. Басқару жүйесі осы үлкен және шағын екі бөлікке бөлінетін үлестерге қарай жіктелді. Хан кеңесшісі ролін уәзірлер атқарды. Бұлар қарлұқ қағанаты кезіндегі «көл-еркіндерге» ұқсас еді. Махмұд Қашқаридің жазуына қарағанда, «көл-еркін» көл-көсір, ұшан-теңіз ақыл-ой деген мағынаны білдірген.
Ханның мемлекеттік саяси-әкімшілік іс жүргізетін орны орда деп аталған. Онда сарай қызметкерлері тұрған.
Қарахан мемлекетінің қоғамдық құрылыс жүйесі мұның алдындағы Түрік қағанатының басқару жүйесіне қарағанда өзгешелеу болды. Ол басқару тәртібіндегі жер иелену түрлерінен, алым-салық жинау жүйесінен байқалды.
Жер иеленудің бір түрі «иқта», ал иеленушілер «иқтадар» деп аталған. Арабша ондай жер иеленушілерді «муқта» деп атаған. Алайда иқта заңды түрде, түпкілікті бекітіліп берілмеген. Ал муқталар өздеріне берілген иқтаны түпкілікті иеленуге тырысқан. Иқтаның мәні – оны алған адамдар ол жерде отырған қарапайым халықтан алым-салық жинап, ханға әскери қызмет етуге міндетті болды.
Дінбасыларға, діни мекемелерге ірі жер иеленушілер, көшпелі әскербасылар өсиет етіп қалдырған жерлер де болған. Оларды вақфтық жерлер деп аталды. Вақфтық жерлерден салық алынбады. Отырықшы аудандарда шаруаларды қанаудың бір түрі – олардың үлеске алған жерлерінен алым-салық жинастырып отыру. Араб, парсы деректерінде ондай үлескерлерді музари немесе барзигар деп атаған. Қарахан мемлекетіндегі қанаудың бір түрі коммендация болды. Оның мәні мынадай еді: әлсіз адам өз үлесіндегі жерді күштінің қамқорлығына береді, ол (күшті адам) әлсіз адамды қорғауы тиіс. Әлсіз өзінің шамалы жерінен алған өнімін отбасын қорғағаны үшін күштіге (ірі жер иесіне немесе билік басындағыларға) салық төлеген. Төлемнің басқа да түрлері болған. Мәселен, кейбір шаруалар жауынгерлік қызмет үшін адам берсе, енді біреулері өздерін қорғаушылардың (феодалдардың) жұмысын тегін істеп берген.
Мемлекеттің саяси тарихы.
Мемлекеттің негізін қалаушы Сатұқ Боғра хан өлген соң, ел ішінде саяси бытыраңқылық басталады. Билікті 955 ж. ханның баласы Мұса алады. Ол өзінің ықпалын күшейту үшін 960 ж. ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялайды. Мемлекеттің орталығы Қашқар қаласы болды. Алайда Сатұқ Боғра ханның екінші баласы Сүлеймен-ілік Баласағұнда билік жүргізді. Аз уақыттан соң Мұса қаза болған соң, орнына Әли Арслан (960-990) хан болды. Міне, осы кезден бастап Сатұқ Боғра ханның екі баласы – Хасан Боғра хан мен Әли Арсланның ұрпақтары арасында билік алма-кезек ауысып отырды.
Дегенмен Қарахан мемлекеті өз ішіндегі билік үшін болып жатқан таласқа қарамастан, көрші мемлекеттердің әлсіздіктерін пайдаланып қалуға тырысты. Орта Азиядағы Самани әулетінің билігі Х ғ. екінші жартысында өз ішіндегі әлеуметтік қайшылықтардан әлсіреген еді. Бұл жағдайды дер кезінде пайдалана білген Хасан Боғра-хан Исфиджабты еш қарсылықсыз басып алады. Көп кешікпей Самани әулетінің астанасы Бұхараны және Самархан қалаларын да жаулап алады. Х ғ. аяғында Қарахандардың Орта Азиядағы жорығы қайта басталады. Хасан Боғра-ханның баласы Жүсіп 992 ж. Хотанды басып алса, Әли Арсланның баласы Насыр ибн Әли 996 ж. Мауереннахрға жорыққа аттанады. Бұл жорықтан қорыққан Самани билеушісі ғазнауилерді көмекке шақырған. Алайда ғазнауилер қарахандармен бітім жасасып қойған. Ол бітім бойынша, ғазнауилер қарахандардың бүкіл Сырдария бойына билігін мойындаған болатын. Наыр ибн Әли бұл жетістіктерге қанағаттана қойған жоқ. Ол 999 ж. Бұхараны басып алып, Мауараннахрды біржолата бағындырады.
Қарахан мемлекетінің негізі үлесті жүйеде қаланып, Шығыс және Батыс – екі иеліктен (хандықтан) тұрды: 1. Шығыс хандық Жетісу аймағы мен Шығыс Түркістан жерін алып жатты. Орталығы Баласағұн қаласына жақын жатқан Орда (оны Қара Орда немесе Құз Орда деп те атаған), кейін Қашқар болды. 2. Батыс хандық Мауараннахрды биледі. Орталығы алғаш Үзкент, кейін Самархан қаласы болды. Дәстүр бойынша Шығыс хандығы негізгі бөлігі саналды. Сондықтан оның ханы ұлы хан болып есептелді.
Қарахандықтардың ішкі алауыздығын Салжұқ сұлтаны Мәлік шах пайдаланып, 1089 ж. ол Самарханды, одан соң Бұхараны басып алады. ХІІ ғ. 30 жж. шығыстан қарақытайлар басып кіреді.Олар 1141 ж. Қатуан шайқасында салжұқтар мен қарахандар әскерін ойсырата жеңеді. Осылайша екі хандықтың да билігі қарақытайлар қолына көшеді. Бірақ қарақытайлар қарахандардың ішкі ісіне араласпады, тек алым-салық алып тұрды. Қарахан мемлекеті 1210-1212 жж. батыстан хорезмдіктердің, ал шығыстан наймандардың шабуылынан біржолата құлайды.