ҮІ-ІХ ғғ. отырықшы және көшпелі мәдениет, олардың өзара әсері

Жартылай көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсері.

Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, Қазақ өркениеті – қала мен дала мәдениетінің синтезі болып табылады. Археологиялық зерттеулерге қарағанда, ҮІ-ІХ ғғ. Қазақстанның оңтүстік және Жетісудың оңтүстік-батыс аймақтарында қалалық мәдениет дамыған. Мәселен, Қытай жылнамаларында Исфиджаб қаласының аты кезігеді. Бұл қала Махмуд Қашқаридің жазуына қарағанда, Сайрам деп аталған. Қала қазірде де осылай аталады. Оңтүстік Қазақстанда отырықшылық мәдениет орталығы Отырар, Йасы, Сауран, Сығанақ, Құлан сияқты т.б. қалалар да болған. Ал Жетісу аймағында Тараз, Талхир, Алмалық, Қойлық қалаларының болғаны белгілі. Қалалар және олардың аймағындағы қыстақтар далалы аудандардағы көшпелілермен тікелей байланыста болған.

Қалалардың құрылыс жүйесі үш бөліктен тұрған. Мұның өзі қала тұрғындарының әлеуметтік теңсіздігін көрсетеді. Қаланың орталық бөлігі – қамал (цитадель) деп аталып, онда бай-шонжарлар тұрған. Орталық бөлікті қоршай орналасқан екінші дәрежелі үйлерде тұрмысы орташа қалыптағы қала тұрғындары, қолөнер шеберлері орналасқан. Үшінші бөлік екіншінің сыртынан қоршай орналасады. Мұнда егіншілер, кедейлер тұрған.

Тұрғын үйлердің ішінен күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар табылған. Олар — әр түрлі көзелер, қол диірмендер. Кейбір бөлмелерден астық салатын күбі, көзелер, тамақ жасауға, сақтауға, ас ішуге ыңғайлы құмыралар мен қыш ыдыстар көптеп табылды.

Қала мәдениетіне ұқсас құрылыс жүйелері: қыстақ-кенттер, қорған-қамал сияқты бекіністер. Қыстақ-кент тұрғындары негізінен егін шаруашылығымен айналысқан, қосымша мал өсірумен және қолөнермен шұғылданған.

Архитектура және өнер.

Өнердің бір саласы – архитектура (сәулет өнері). Бұл сөз латынша «құрылысшы» деген мағына береді. Тараз, Қызылөзен, Құйрықтөбе, Баба-ата, Қостөбе қалаларына жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде, бұл жерлерден іргетасы ғана сақталған еңселі тұрғын үйлердің архитектуралық құрылыс жүйелері табылған.

Дегенмен ҮІІ-ҮІІІ ғғ. арасында басталып, бітпей қалған Ақыртас ғимаратының тастан қаланған іргетасы белгілі. Бұл ескерткішті Тасақыр деп те атайды. Ол бүгінгі Тараз қаласының шығыс жағынан 40 км жерде орналасқан. Ақыртас аталу себебі, құрылыс материалына пайдаланылған тас блоктардың бір жағы ақыр сияқты ойылған. Ірге тасының ұзындығы – 160 м., ені 140 м. болып келеді. Ақыртас ғимараты тұрғын үйге арналған. Құрылыс жүйесі негізінен үш бөліктен тұрады. 1. Оңтүстік бөлігі. Ақыртас иесі мен қонақтар тұратын үй-жай. 2. Солтүстік бөлігі. Күзетшілер мен қызметшілер тұратын үй мініс ат-көліктердің қора-жайы. 3. Орталық алаң. Мұнда ойын-сауық, той-думан, діни рәсім өткізілетін болған.

Ақыртастан кішілеу сәулет өнері туындыларының бірі – Білеуті ғимараты. Ол Қазақстан ман Қарақалпақстан шекарасы арасында орналасқан. Қазақстанда керуен жолдарының бойында және көші-қон бағыттарында жолаушылардың жол тапшылығын көрмеуі үшін қазылған күмбезді ескеткіштер сақталған. Мұндай ескерткішті парсыша «сардоба» деп атайды. Ол құдық үстіне салынған ескерткіш дегенді білдіреді. ҮІ-ІХ ғғ. салынған екі сардоба белгілі. 1. Бір күмбезді және көп күмбезді Мырзарабат сардобасы. 2. Якка сардоба ғимараты.

ҮІ-ІХ ғғ. Қазақстанда дами бастаған сәулет өнерінің бір сипаты діни сенімге байланысты. Ислам дініне дейінгі қазақ жеріндегі сәулет құрылысының бір түрі – киіз үйге ұқсас Дың ескеткіштері. Оның қабырғасы берік тастан қаланады. Ғимараттың бұл түрі ҮІІІ ғ. Қимақ қағанаты мен Қарлұқ қағанаты кезінде басым болған. Құрылыстың бұл түрінің көп сақталған жерлері: Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай, Маңғыстау.

Түріктердің рухани мәдениеті.

Ежелгі түрік тайпалары түрік тілінде сөйлеп, көне түрік жазуымен жазған. Көне түрік әліпбиі 35 әріптен тұрады. Түріктердің әліпбиі өздерінің ру-тайпаларының негізінде жасалған. Сондықтан да көне руналық (руна сөзі ескі, көне деген ұғымды білдіреді) жазу – түріктердің төл жазуы. Бұл пікір тарихта осы күнге дейінгі, түрік жазуы соғды жазуының негізінде жасалған деген пікірді жоққа шығарады.

Жерімізде түрік жазуының пайда болған мерзімі туралы жаңа пікірлер туды. Егер осыған дейін көне түрік жазы б.з. Ү ғ. пайда болған деген пайымдау орын алып келсе, соңғы кезде бұл пікірдің де дұрыс еместігі дәлелденіп отыр. Оған басты дәлел Алматы, Павлодар облыстарының жеріндегі сақ тайпаларының обаларынан түрік тіліндегі жазулардың табылуы. Бұл жазулар жерімізде жазудың пайда болған кезін 1000 жылға тереңдетіп қана қоймай, сақ тайпаларының түркі тілдес болғанын да айқындайды.

Жалпы көне түрік тілінде 200-ден астам жәдігерлер табылды. Олардың мән-мағынасы ертедегі түріктердің өмірі туралы мағлұмат береді. Жазу өнерінің дамуына байланысты ҮІІІ ғ. түріктердің жазба әдебиеті өмірге келді.

Түрік жазба әдебиетінің көне ескерткіштері – «Күлтегін» және «Тоныкөк» жазулары. Бұлар – нағыз тарихи дастандар. Мұнда Түрік қағанатының құрылуы мен дәуірлеуі, ақырында күйреуі жайында айтылады. Дастандағы тарихи суреттер әдеби-көркемдік тәсілдермен өрнектермен өрнектелген. Бұл алғашқы әдеби туындылар сол кездегі халықтың мақал-мәтел, жоқтау сияқты ауыз әдебиеті жанрларына бай. Мәселен, «Өлімнен ұят күшті», «Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай» деген сияқты тіркестерді кездестіруге болады. Жоқтауда: «Алып Ер Тоңа өлді ме? Опасыз дүние қалды ма? Енді жүрек жыртылар…» деген жолдар бар. Мұндай мақал-мәтелдер мен жоқтаулар қазақ халқының ауыз әдебиетінде осы күнге дейін сақталған.

ҮІІІ-ІХ ғғ. жататын әдеби шығармалар – «Қорқыт ата» кітабы мен «Оғызнама» дастаны. Бұл шығармалар алғаш ҮІІІ ғ. ауызша айтылып, ел ішінде кең таралса, тек ІХ ғ. бастап қағазға түсе бастаған. «Қорқыт ата» кітабы 12 жырдың қосындысынан тұрады. Бұл шығарма аты аңызға айналған атақты ақын, қобызшы Қорқытқа байланысты. Қорқыт есімі түрік тілдес халықтар арасында кеңінен таралған. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында Қорқыт күмбезі деген ескерткіш бар. Бұған қарағанда, ол – Қазақстанда туып-өскен адам. Тарихи деректер бойынша оның шешесі – қыпшақ тайпасының қызы, ал әкесі оғыздың Қамы деген атасынан. Кітаптың мазмұнына қарағанда, Қорқыт айтты деген нақыл сөздер жиынтығы көне түрік ауыз әдебиетінен жинастырылған. Кітап жастарды тәрбиелі болуға, жерін, елін қорғауға, батыр да батыл болуға шақырады.

Ертедегі орта ғасыр әдеби ескерткіштерінің бірі – «Оғызнама». Біздің дәуіріміздің ІІ ғ. тарихи оқиғаларға байланысты туған бұл шығарма ҮІ ғ. парсы тіліне, ІХ ғ. араб тіліне аударылған. «Оғызнаманың» ескі нұсқасын ХІІІ ғ. алғаш жазып қалдырған – тарихшы Рашид ад-Дин. Одан кейін оны ХҮІІ ғ. толықтырып жазған Әбілғазы хан. Шығарманың идеясы ерлікті, бірлікті уағыздайды. Мазмұны қазақ халқының эпос жырларымен сарындас келеді.