Қимақтардың пайда болуы және этникалық құрамы.
Қимақтардың жеке тайпа болып құрыла бастауы, тарих сахнасына көтерілуі Батыс Түркі қағанатының шығыс бөлігінің 656 ж. ыдырай бастаған кезі. Қимақтар туралы алғашқы деректер б.д.б. қытай жылнамаларында кездеседі. Қытай тарихнамасының негізін қалаушы Сыма Цыянның жазуы бойынша солтүстік Монғолия жерін мекендеген тайпалардың ішінде қимақтардың құрамына кірген қыпшақ этнонимі болған. Күлтегін ескерткішіндегі «татаба» тайпасы қимақ тайпасы деген пікір орын алып жүр. Кейбір зерттеулер бұл пікірдің негізсіз еместігін растайды. Қимақтар туралы басты хабарлары ІХ-ХІ ғғ. араб-парсы деректерінде көп кездеседі. Сондай негізгі деректің бірі, ІХ ғ.І-жартысында өмір сүрген араб тарихшысы Абул Валид Мухаммад Әл-Азракидің «Меке қаласының жылнамасы» атты еңбегі. Бұл еңбекте Отырар аймағындағы қарлұқ жабғуының қимақ еліне қарай қуып жіберілгендігі хабарланған. Бұл хабардан Отырар аймағына арабтардың келе бастағандығы байқалса, екіншіден қимақ елінің VПІ ғ. өзінде белгілі бола бастағандығын білдіреді. Қимақ, қыпшақтар туралы мұндай хабарларда Тамим ибн Бахар, Әл-Джахиз, Ибн Хордадбех, Әл-Истархи, Ибн Хаукал сияқты т.б көптеген мұсылман авторлары қалдырған.
Қимақтар ІХ.ғ. бастап өз алдына жеке мемлекет болып өмір сүрген. «Худуд Әл-аламның» хабары бойынша, Қимақ мемлекетінің орталығы — Имақия қаласы. Жазба деректердің хабарына қарағанда қимақтардың екінші орталығы — Алакөлдің шығыс жағындағы Қарантия қаласы.
Қимақ сөзінің этимологиясы турлы ғылымда белгілі, тиянақты пікір қалыптаспаған. Бірақ та оның түрік сөзі екендігіне күмән жоқ.. Сөздің түпнұсқасы түрікше «құм» деген ұғымды білдіретін тәрізді. Деректерде қимақ, имақ (имек) болып әрқалай кездеседі. Атақты түрік тілінің маманы М. Қашқаридың еңбектерінде де имақтар деп жазылған. Әрине, мәселе бұл сөздің пайда болуында емес, басты мәселе ІХ-ХІ ғғ. қимақ тайпаларының этникалық құрамының пайда болуында, олардың бірігуі, ыдырауы, ең соңында бұл тайпалардың қандай халықтардың құрамдарына енуінде.
Қимақтардың этникалық құрамы туралы алғашқы мағлұмат Гардизидің «Зайнә-л-акбар» атты еңбегінде аңыз түрінде кездеседі. Онда «Татар хан» өліп, артында оның екі ұлы қалған. Үлкені әкесінің бар байлығына ие болса керек. Кішісі Шад қызғаныштан, ағасына қастандық жасайды. Қастандық сәтсіз болып, өз басына қатер төнген Шад бір күңімен қашып кетеді. Олар орман-тоғайы, аңға толы, жан-жануары мол бір үлкен дарияның жағасына орналасады. Кейіннен бұларға сол татар хандығынан 7 адам келіп қосылады. Олар: Ими, Имақ, Татар, Байандар, Қыпшақ, Ланиказ, Ажлад. Бұлар Шадқа бағынышты болып, оның қарамағында өмір кешкен. Міне осы жеті адамның аты келешектегі қимақ тайпаларының бірлестігін құрған тәрізді. Бұл мезгіл қимақ тайпаларының VІІ ғ. ортасында Солтүстік Алтай мен Ертіс өзенінің аралығына келіп орын тепкен кезі. Ал Гардизи бұл тайпалар жөнінде ешнәрсе ашып жазбаған. Аңыздың пайда болған мерзімі де белгісіз. Егер Ибн Хордадбектің түрік тайпаларының жазған тізімі шын мәнінде VІІІ ғ. болып табылса, онда қимақ тайпаларының бұл кезде белгілі болғандығына ешбір шек келтіруге болмайды. И. Марквартта қимақ тайпаларының бірлестігінің құрылған мерзімі VІІІ ғ. алғашқы кезі. Бірақ та И. Марквартт пікірі бойынша қимақтарды монғол тұқымдас тайпа деп көрсетеді.
Келтірілген аңыздағы хабар мен тарихи деректер қимақ тайпасының құрылған мерзімін шын мәнінде VІІ ғ. ІІ-жартысы деген ой туғызады. Шындығында, мұсылман т.б. деректерде, аңызда келтірілген 7 адамның аты, тайпалардың аты есебінде қимақ тайпаларының бірлестігінде кездесіп отырады. 840 ж. Ұйғыр қағанаты құлаған соң Эймур, Баяндыр, Татар тайпалары қимақтарға келіп қосылған. Ал аңыз бойынша бұл тайпалар бұрыннан-ақ бар.
Қоғамдық құрылысы.
ІХ ғ. «Худуд Әл-Алам» мен әл-Идрисидің хабарларына қарағанда, Ертіс пен Жоңғар Алатауының арасында 12 қимақ тайпаларының бірлестігінен Жаңа Қимақ мемлекеті құрылған. Мемлекеттің жоғары билігі хақаның қолында болған. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Хақаннан кейінгі билік қимақ мемлекетінің құрамына енген тайпалар бірлестігін басқарған жабғулардың қолында болған. Олардан кейінгі жеке-жеке ру-тайпаларды шад-түтіктер билеген. Сонда мемлекетті басқару жүйесі хақан – жабғу — шад-түтік. «Худуд әл-аламның» хабары бойынша, қимақ ханының 2 нәмеңгері (орынбасары) болған. Бұлардың үлестік биліктері де, үлестік жерлері де мұрагерлікке қалып отырған. Қолбасшылар әрбір бірлескен 8 иеліктен әскер жасақтаған.
Басқарудың жоғарыда жүргізілген жүйесі қимақ мемлекетіндегі патриархтық феодализмнің дамуынан келіп пайда болған.
Қимақтардың ішкі-сыртқы саяси жағдайы.
ІХ ғ. аяғындағы тарихи-жағрафиялық еңбектерге қарағанда қимақ мемлекеті өзінің территориялық жағынан ұлғайғандығын көрсетеді. Қимақ тайпаларының бірлестігі Орал тауының қыраттарынан Арал теңізінің далалы аудандарына дейін, Орталық және Шығыс Қазақстан мен Жетісудың солтүстік-шығыс аудандарының арасындағы ұлан-ғайыр кең алқапты алып жатқан. Алайда бұл көрсетілген территорияның барлық жерінде таза қимақ тайпалары біртұтас тығыз тұрған деген ой тумауы керек. Жазба деректер қимақтардың негізгі тығыз тұрған жерлері деп Ертістің орталық ағысы мен Жетісудың солтүстік-шығыс аудандарын көрсетеді. Соңғы кездердегі археологиялық зерттеулер қимақтардың Жетісудың көрсетілген жерлерінде тұрғандығын теріске шығаратын тәрізді.
Қимақтардың жоғарыда көрсетілген кең-байтақ жерді алып жатқандығын арабтың атақты саяхатшысы Тамим ибн Бахрдың еңбектерінен толық байқауға болады. Оның хабары бойынша Тараз қаласынан қимақ патшасы тұрған ордаға дейін атты адамның 80 күн жол жүретінін жазған. Бұл жол Талас, Шу, Мойынқұм, Бетпақ, Сарысу, Нұра, Есіл, Тобыл, Ертіс арқылы жүрген. Әл-Идриси қимақтарға баратын үш жолды көрсетеді:
- Тараз-Банжар (қимақтардың қаласы) 36-37 күндік жол.
- Ферғананың орталығы Ахсикенттен — Қарантияға дейін 24 күндік жол. Бұл оңтүстік- шығыстан солтүстік-шығысқа қарай жүретін жол.
- Туфаннан Қарантияға дейін 7 күндік жол. Бұл оңтүстіктен солтүстік-батысқа қарай Гардизидің хабары бойынша Жаңакентті басып қимақтарға бағытталады.
Араб-парсы деректеріндегі қимақтарға баратын жолдардың мұндай құнттылықпен жазылып, жол бойындағы қалалар мен қыстақ-кенттердің арасы қандай қашықтықта екендігі сондай тиянақты көрсетілуінің өзі, Қимақ мемлекетінің Орта Азиядағы елдер мен шығыстағы атақты мемлекеттермен қарым-қатынастың едәуір жақсы болғандығын көрсетсе керек.
Қимақтар бұл кездегі мәдени жағынан болсын, әлеуметтік-экономикалық жағынан болсын, саяси бірліктері де ұқсас, өздерімен терезесі тең мәні-мазмұны жағынан бірдей қырғыз, ұйғыр, қарлұқ, оғыз, қарахан мемлекеттерімен тек іргелес көрші болып қоймай, олармен де тікелей қарым-қатынаста, байланыста болды. Оған басты дәлел — жоғарыда көрсетілген жолдар болса, екіншіден, олар бірінің жеріне бірі көшіп-қонып араласып жатқан. Сондықтан да олардың әдет-ғұрпы, салт-санасы, тілі, діни наным-сенімдері де бір-біріне ұқсас. Х ғ. аяғында Қимақ мемлекеті біраз әлсірей бастайды. Басты себебі, жаңадан құрылған басқару апаратының әлі де болса нашарлығы, оның ішкі қай- шылықтардың бетін дер кезінде ашып, оған тойтарыс берілмеуі. Мезгіл өткен сайын ақсүйектердің көбеюі, күшеюі, кең-байтақ жерлерге иелік етуі, жалдамалы әскерлерінің болуы, даланың жаугер көшпенділермен байланысты болуы. Бұл көрсетілген қайшылық Азиядағы феодалдық қатынастағы қайшылықтың ең бастысы, ең негізгісі. Мұндай қайшылықтар бір ғана қимақтарда ғана болып қойған жоқ.. Қазақстанда өмір кешкен басқа қағанаттардың бәрінде болған. Қимақтардың нашарлауына, тіпті ыдырауына әкеп соққан екінші бір басты себеп, ХІ ғ. І-жартысынан бастап Орталық Азиядан батысқа қарай кейбір тайпалардың жылжи бастауы.