Оғыз мемлекеті

Оғыз этимологиясының пайда болуы және оғыздардың этникалық құрамы.

Оғыз этимологиясының пайда болуы туралы осы уақытқа дейін нақты пікір жоқ. Кейбір ғалымдар оны «уыз» сөзінен пайда болды десе, ал екінші біреулері садақтың оғы «оқ» сөзіне көпше мағына беретін «уз» жұрнағы қосылып, «оғыз» сөзі пайда болған дейді. Ал үшінші бір ғалымдар «өгіз» деген сөзден пайда болған деп дәлелдеуге тырысады.

Қазақстан тарихында оғыз этникалық құрамының пайда болуы да көңіл аударарлық мәселенің бірі. Ол бойынша мынадай төрт пікір бар: 1. Оғыздар ғұн тайпаларынан немесе олардың бір бұтағы тюгю түріктерінен таратады; 2. Оғыздар қимақ-қыпшақ тайпаларынан шыққан; 3. Оғыздар – ұйғырлар; 4. Оғыздар массагеттерден тараған. Осылардың ішінде бірінші пікір шындыққа жақын келеді. Оны Күлтегін жазуындағы мына шумақтар дәлелдей түседі: «Тоғыз-оғыз халқы өзіме тон еді, … Үшінші рет оғыздармен соғыстық…. немесе Күлтегін бек – бастаушымыз құтымыз…Оғыздардың арасына кірді». Бұл шумақтардан бірінші, оғыз сөзінің дәл қай кезде шыққанын дәл айту қиын, дегенмен б.ж.с. І мың жылдығының бірінші жартысында пайда болғандығына ешкім күмән туғызбайды. Ал, екіншіден бұл сөздер оғыздардың І мың жылдықтың басында-ақ ру-тайпалық дәрежеде болғандығын айқындай түссе, ал Күлтегінді жерлеу кезінде тіпті олардың өсіп-өніп халықтық дәрежеге дейін өскендігін көрсететін сияқты, сондықтан оғыз тайпалары Қазақстанға қарай жылжыған түрік тайпаларының ішінде болған деген ой туғызды.

Олай болса, оғыз сөзінің пайда болған жері де, оғыз ру-тайпаларының қалыптасқан жері де Шығыс Түрік қағанатының жері. ҮІІІ ғ. тарихи жазба дерекердегі түрік-оғыз, тоқуз-оғыз, «усун иерте йатып» қалған он оқ одағы т.б. түрік тайпаларының аты-жөндерінің кездесуі оғыздардың Қазақстанға шығыстан келгендерін дәлелдей түседі. Оғыздардың құрамына тек түрік тілдес тайпалар ғана кіріп қоймай, Арал, Каспий бойына келіп орналасқан, тіл жағынан түріктене бастаған, арғы тегі үндіевропалықтар, фин-угорлар да кірген.

Оғыздар көптеген рулық тармақтары бар бірсыпыра тайпаларға бөлінетін. Махмұд Қашқаридың айтуынша (ХІ ғ.) әуелгі кезде олар 24 тайпадан құралып, екі фратрияға: бұзықтар мен үшұқтарға бөлінеді. Бұзықтар көптеген артықшылықты пайдаланған. Осынау екі топтың әрқайсысына 24 тайпа енген, олардың өзі тепе-тең екі бөлімге бөлінген. Оғыздардың қарлұқ, печенег, башқұр, қимақ, қыпшақ сияқты түрік тілдес көрші тайпалармен, қауымдармен тығыз байланыста болуы — уақыт өткен сайын олардың өзара жақындауына жол ашады.

Оғыз мемлекетінің құрылуы және оның әкімшілік-саяси құрысы.

ҮІІІ ғ. орта кезінде түргештер мұрасы үшін қарлұқтармен болған күресте оғыздардың едәуір бөлігі Жетісуды тастап, тау баурайлары мен Шу алқабына кетіп қалған болатын. Осы арада олардың «Көне Гузия» деп аталатын ордасы бар-тұғын. ІХ ғ. бас кезінде оғыздардың көсемдері қарлұқтармен және қимақтармен одақтасып, қаңғар-печенег бірлестігін күйретеді, сөйтіп Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірі даласына басып алады. ІХ ғ. соңғы кезінде олар хазарлармен одақ құрып, печенеггерді жеңеді де, Орал мен Еділ арасын қоластына қаратады. Осылайша Оғыз мемлекеті құрылады.

Оғыз тұрақтары мен бекіністерінің шекарасы Оңтүстік Арал мен Төменгі Еділ бойына дейін жетеді. Оғыздар жер иеленетін отырықшы облыстармен, Хорезммен, Мауараннахрмен және Хорасанмен шектесіп жататын. Х ғ. сонау Хазарияға дейін созылып жататын ұлан дала, сол сияқты оғыздар тығыз қоныстанған Сырдарияның орта және төменгі ағыстары бойы, Арал маңы, Қызылқұм даласы, Маңғыстау, Каспийге дейінгі жерлер араб деректерінде «Мазаффат әл-Ғузз» деп аталады.

Оғыз мемлекетін «жабғу» басқарған, билік мұрагерлікке қалып отырған. Жабғудың «инал» атты мұрагері болған. Оларды арнайы сайлап қойған «атабектер» тәрбиелеген. Оғыздарда жабғу әйелдері де мемлекеттің саяси істеріне араласып отырған. Олар «қатын» атаққа ие болған. Оғыз мемлекеті әскери демократияға сүйенген. Сондықтан да «сюбашы» деп аталатын әскер басыларының қоғамдағы ролі жоғары болған. Жабғудың «Күл еркіндер» деп аталатын кеңесшілері болған. Тарихи деректерге қарағанда «халық жиналысы» болған, бірақ ол феодализмнің дамуына байланысты біртіндеп шақырылудан қалып, оның орнына Күл-еркіндердің кеңесі (қаңқаш) шақырылатын болса керек.

Ал кейіннен Оғыз мемлекетінде ел басқарудың ең жоғарғы орны ұлы және кіші құрылтай жиналысына айналған. Мәселен, «Оғызнамеде» «Оғыз қаған ұлұғ құрылтай чақірді» деген хабар бар. Ұлы құрылтайда мемлекеттік маңызды істер қаралса, ал кіші құрылтайда кішігірім жұмыстар қаралатын сияқты. Ұлы құрылтайда Оғыз қаған өзінің ұлдарын боз оқ, үш оқ деп екі топқа бөліп, боз оқтарды оң қанатқа, үш оқтарды сол қанатқа отырғызған. Қаған сайлауда бозоқтардың артықшылығы болған.

Оғыздардың саяси тарихы.

Оғыздар Сырдарияның орта және төменгі ағысы мен Арал бойына орын тепкен соң, өзінің батыстағы шекарасын да кеңейте түседі. ІХ ғ. аяғында хазарлармен келісімге келіп, Еділ мен Жайық аралығындағы печенектерді біржолата жеңіп, олардың жерін өзіне қаратады. Еділ бойындағы бұл шайқас «Оғызнамеде» «Итіл өзені» деген бір өзен бар еді. Итіл өзенінің жағасында Қаратау маңында ұрыс басталды. Жойқын ұрыс болды. Итіл өзенінің суы қып-қызыл сіңгірдей болды» деуі оғыздардың печенектерді ойсырата жеңгенін дәлелдей түседі. Х ғ. аяғында орыс деректерінде оғыздардың Киев князы Святославпен келісім жасап, Хазар қағанатын да ойсырата жеңген. Бұл көрініс те «Оғызнамеде» біршама суреттелген. Мұнда «Урусбек оғлы Сақлаппен татулыққа, келісімге келді» дегенде Святославты айтып отырғандығы белгілі.

Оғыздардың жер үшін ұрыстарының көп жағдайда сәтті болуы олардың саяси беделін де көтере түскен. Орыс шежірелерінің хабарлары бойынша, князь Владимир 985 жылы түркі-оғыздармен келісе отырып, Еділ, Кама бойындағы бұлғарларды талқандаған.

Алайда ұзақ жылдарға созылған соғыс, соғыс үшін алынған алым-салық оғыз тайпаларының әр жерден бас көтерген наразылықтарын туғыза бастайды. Сөйтіп, Х ғ. аяғы – ХІ ғ. басында Әли ханның басқаруы кезіндегі оғыз мемлекетінің жағдайы нашарлай бастайды. Осы кезде Жент қаласының маңында пайда болған салжұқтар оғыздардың ішіндегі әлеуметтік қиын жағдайды пайдаланып, Жент қаласын басып алады. Деректерге қарағанда салжұқтар көп ұзамай қаланы тастап шыққан. Оғыз мемлекеті Әли ханның мұрагері Шахмәліктің кезінде біраз уақытқа қайта көтеріле бастайды. Ол 1041 жылы Хорезмді жаулап алған. Бірақ та Шахмәлік те көп ұзамай, оғыздарға қарсы қайта көтерілген салжұқтардың қолынан Хорезм түбінде қаза табады. Оғыз мемлекеті өз ішіндегі талас-тартыстардан әлсірей бастайды. Көрші жатқан қыпшақ тайпалары оларға ауық-ауық шабуылға шығып тұрған. ХІ ғ. екінші жартысынан бастап күшейе бастаған қыпшақтар оғыздарды Сырдария, Арал бойынан біржола ығыстырады. Қыпшақтардың қысымына шыдамаған оғыздардың бір бөлігі Еуропаның шығысына, Кіші Азияға қарай жылжыса, кейбір бөліктері Қарахан әулетінің қарамағында қалды, біраз бөлігі Хорасан салжұқтарының қол астына кірсе, қалғандары қыпшақтардың қарамағында қалып, олармен сіңісіп кетеді.