Батыс Түрік қағанаты (603-704 жж).
Қағанаттың этникалық саяси өзегі «он тайпа» (он оқ будун) болды, олар Қаратау баурайынан Жоңғарияға дейінгі аралықта жатқан ежелгі үйсін жерін жайлайды. Шу өзенінің шығыс жағында дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында нүшебидің бес тайпасы мекендеді. Шудың жоғарғы бойындағы Суяб қаласы (Қырғызстандағы Тоқмақ қаласы маңында) елдің астанасы болды, ал қағанның жазғы ордасы – Мыңбұлақ (Түркістан қаласы жанында) еді. Қағанаттың алғашқы қағаны Тардуш (Дато) қаған болып есептеледі. 610-618 жж. Жегуй-қаған мен оның інісі Түн-жабғы қаған (618-630 жж.) билеген кезде қағанаттың күш қуатты таси түседі. Тохарстан мен Ауғаныстанға жасалған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік- батысына дейін жылжытып кеңейтеді.
Қағанат шаруашылықтың көшпелі және жартылай көшпелі әдісі басыңқы және отырықшы егіншілік түрі қоса жүргізілетін бірегей жүйесі болып табылады. Қала мен дала қағанат құрамындағы біріккен әлеуметтік-саяси ағзаның бір-біріне аса қажет, бірін-бірі толықтырып отыратын бөлшектері еді. Елдің халқы – түріктері де, соғдылары да – бәрі бірдей сауда-саттақпен, қолөнер кәсібімен, егіншілік және мал өсірумен айналысып отырған.
Қағанаттың қоғамдық-саяси құрылысы.
Қағанаттағы бірінші тұлға – жоғарғы билеуші-басқарушы, әскери бастық, бәлкім күллі жердің қожасы да – қаған болған.
Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар – жабғы, шад және елтебер – қаған әулетіне ғана тән атақ-тұғын. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарған. Қанағаттың негізгі халқы мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері болған, оларды – «қара будун» — («қара халық», «тобыр») деп атаған. Әлеуметтік жағынан тайпалар – ақ сүйек және вассал (бағынышты) тайпалар болып бөлінген. Бағыныштылар әманда алым-салық төлеп отырған. Түріктердің көрші тайпалар мен халықтарға шапқыншылық жасағандағы мақсаттарының бірі – құлдар әкету болған.
Жаулап алынған жерлерде негізінен олардың әлеуметтік, экономикалық және мемлекеттік құрылысы сақталған, бірақ қағанның орынбасарлары – тудундар алым-салық жинау және оны қаған ордасына жіберіп отыруды қадағалаған. Батыс Түрік қағанатында таптардың пайда болуы процесі және ерте феодалдық қоғамдық қатынастардың құрылуы жедел жүріп жатты.
Қарауындағы халықтар мен тайпаларды ұдайы бағынышты етіп ұстап отыруға Батыс Түрік қағанаты Орталық өкіметінің әскери-саяси ресурсы жетіспейтін болып шықты.
Қағанат ішінде өзара тартыс үздіксіз жүріп, билеушілер жиі-жиі ауысып жатты, бұл ыдыраушылықты асқындырып жіберді. Он алты жылға созылған тайпалар арасындағы соғыс пен әлеуметтік ішкі қырқыстар (640-657) Жетісуға Тан империясы әскерінің баса-көптеп кіруіне әкеліп соқты. Тан губернаторлары Батыс Түрік тайпаларын қаған әулетінен өздері қалап қойған сыбайластары арқылы басқаруға тырысты. Алайда түріктердің Тан басқыншылығы және оның сыбайластарына қарсы жүргізілген тынымсыз күресі түргештердің күшейіп көтерілуіне, сөйтіп 704 ж. Жетісуда олардың саяси жетекші күш болып шығуына себепші болды.
Түргеш қағанатының құрылуы (704-756 жж).
Арабтар жаулаушылығы басталған кезде Қазақстан және Орта Азияның басым бөлігі Батыс Түрік қағанаты өкіметінің билігінде болатын. Арабтарға қарсы күрес жүргізу ісінде Жетісуда өкімет басына келген түргіштер бірінші орынға шықты. Түргештер – Батыс Түрік қағанатындағы бес тайпа дулуға кіретін, Іле мен Шу өзендерінің аралығын жайлаған көп санды түрік тайпаларының бірі еді. Олардың билеуші әулетінің атасы Үш-Елік қаған (699-706 жж.) болды. Ол Жетісудан Бөрі-шадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Түрфан мен Бесбалыққа дейін көсіліп жатқан байтақ жерде өз үкіметін орнатты. Ол ордасын Шу бойындағы Суябқа орналастырды. Оның екінші ордасы Іле өзені жағасындағы Күнгіт қаласында болатын. Үш-Елік қаған елді 20 түтіктікке (еншілікке) бөлді, оның әрқайсысының 7 мыңнан әскері бар еді.
Түргеш қағанатының саяси тарихы.
705 ж. арабтар шауып кету тактикасынан бас тартып, Амударияның шығыс жанындағы Мауараннахр облыстарын басып алуға кірісті. Хорасанның уәли-орынбасары Кубейта ибн Муслим Балхты жаулап алып, 706 ж. Бұхараға таяу жердегі Пайкентке қарай беттеді. Түргештер дереу соғдыларға көмекке келді. Түріктер мен соғдылардың бірлескен қолы араб әскеріне ойсырата соққы берді. Кубейта ибн Муслим әккілік жолымен одақтастарды алдап, оларды бір-біріне айдап салып, өзі қоршаудан құтылып кетеді. 709 ж. Кутейба тағы да Мауараннахрға аттанып, Бұхар маңына дейін жетеді. Түрік-соғды одағы араб әскеріне талай рет аяусыз соққы береді. Алаяқ Кубейта тағы да алдау, арбау тәсілін қолданып, соғды патшасы Тархунды түріктер көмегін алудан бас тарқызады, соның салдарынан араб әскері Бұхарды басып алады.
Түргеш қағанатындағы Үш-Еліктен кейін оның мұрагері болып, баласы Сақал-қаған (706-711 жж.) таққа отырады. Түргеш мемлекетінде ішкі бірлік болмайды. Мемлекеттің сыртқы жағдайы да аса қиын еді. Олар батыста – соғдылармен бірге арабтарға қарсы табанды күрес жүргізіп жатты, оңтүстікте бұларға Тан әулетінің әскері зор қауіп төндіріп тұрды, ал шығыс жағынан Орталық Азия түріктері айбат шегумен болды. Шығыс түріктері қағаны Қапаған 711 ж. Болучу түбінде (Жоңғария) өткен соғыста түргештерді күйрете жеңеді.
Түргеш қағанатының ішкі саяси жағдай бірнеше жылдар бойы байыз таппай құбылып тұрған-ды, бірақ Сулық-қаған (715-738 жж.) таққа отырғалы бері ол күшейе түскен еді. Әскери-әкімшілік билік «қара» түргештердің қолына тиіп, олардың ордасы Таласқа (Тараз) көшірілген болатын.
Айлакер елші және тамаша қолбасшы Сулықтың екі майданда бірдей күрес жүргізуне тура келеді: батыстан арабтар елеулі қауіп төндірсе, шығыстан Тан сарайы Шығыс Түркістанда орнығып алған Батыс Түрік қағандары әулетінің таққа таласушы жұрағаттарын қолдап отырды. Елшілік жолымен (неке байланысы) және әскери шаралар арқылы Сулық шығыстан келетін қатердің алдын-алып болдырмай тастады, бұл түргештердің батыста белсенді әрекет етуіне жағдай тұғызды. 723 ж. Фергана қарлықтарымен және Шаш тұрғындарымен тізе қосып түргештер қағаны Сулық арабтарға қарсы жанқиярлықпен батыл қимылдайды, сол үшін арабтар оны «Абу Мүзахим» (Сүзеген) деп атайды.
746 ж. Жетісу жеріне Алтай мен Тарбағаттайдан қарлұқтар қара құрымдай қаптап келіп қоныстанады. Ішкі күрес-тартыстан, сол сияқты арабтармен болған ұзақ айқастан түркеш қағандары бұрынғы құдырет-қуатынан айрылып қалган еді, сол себепті де олар белсенді саясат жүргізіп жатқан Қытай империясы бұл жағдайды өз пайдасына асыра қояды. Оның Шығыс Түркістандағы уәлилері 748 ж. өз әскерін Суяб қаласына аттандырады да, оны басып алып ойрандайды, Шаштың иесі дарға тартылады. Оның баласы көмек сұрап, арабтарға барады. 751 ж. Тараз жанындағы Атлах қаласы түбінде аббасидтердің әскербасы Зияд ибн Салих пен Қытай қолбасшысы Гао Сяньжи арасында орасан зор арпалыс болды. Айқас бес күнге созылады. Шешуші сәтте қытайлардың ту сыртындағы қарлұқтар көтеріліс жасап, арабтар жағына шығады. Қытай әскері толық күйретіледі. Атлах түбіндегі соғыстың Жетісу мен Мауараннахр халықтары тағдыр-талайына үлкен тарихи мәні болады. Тан әскері енді Жетісу шебін ғана емес, ұйғырлар мен тибеттердің қысымымен Шығыс Түркістанды да тастап кетуге мәжбүр болады. Талас алқабында арабтар да табан тіреп тұра алмай, Шашқа шегініп кетеді. Бірақ ішкі қырқыс Түргеш мемлекетін әбден тұралатып тастаған еді, сол себепті де олар 756 ж. түрік тілді қарлұқ тайпаларының тегеурінді шабуылына шыдамай құлап бітеді.