Түріктердің шығу тегі туралы зерттеулер, тарихи аңыздар мен шындық
Түркі халықтарының тұрмыс белгілері, этнографиялық шығу тегі осы күнге дейін толық анықталмады. Тарихта алғаш рет еске алынатын көшпелі халықтар қандай этнографиялық және лингвистикалық топтарға жататындығы, олардың қайсысы түркі, монғол немесе тұңғұстар болғаны туралы сұрақтың өзі даулы болып шешілмей келеді.
Ү-ҮІ ғғ. түркілер далалы аймақтарды мекендеді және оларды қытайлықтар «жужандар», еуропалықтар «аварлар» деп атаған. «Түркі» сөзі ҮІ ғ. бірінші рет көшпелі халықтың атауы ретінде пайда болды. Бұл ғасырда түркілер Монғолиядан және Қытайдың солтүстік шекерасынан Қара теңізге дейін ұлы көшпелі империяның негізін қалады.
Батыс ғалымдары түркілер сақтарға туыс немесе осы халықтың бір бөлігі деп жорамалдады. Курцийда Яксарттың сыртында тұратын скифтердің патшасының ағасы Картазис аталады. Қытайлар түркілерді хундардың ұрпақтары деп есептейді.
Соңғы жылдары лингвистикалық зерттеу негізінде түркілердің шығу тегі, көне тарихы туралы мәселе қарастырылуда. Алтай ата тілінің бар екендігі расталды, оған түркі ата тілі, монғол ата тілі, тұңғұс ата тілі барып тіреледі. Орхон жазбаларының тілі дамудың қандай сатысында тұрса, түркі ата тілі дамудың сондай сатысында тұр.
Түркі халқының шығуы туралы ешқандай айғақты деректер болмағанымен, Хун империясы ежелгі түркі мемлекеті болып саналады. Орыс ғалымы Н.А. Аристовтың айтуынша б.з.б. ІІІ ғ. Хундар түркіше сөйлеген. Хун замандастарына қаңлылар, үйсіндер, және Жетісу бойынан ығыстырылған сақтар (қытайша сэ) жатады. Сол кездегі Енисейде тұрған қырғыздар қытай деректеріндегі хундар дәуірін (б.з.б. 201 ж.) еске түсіреді.
Түріктердің қоныстануы, саяси және әлеуметтік құрылымы
Ү ғ. Түркілер деп Ашина ордасына қараған тайпалар аталды. Ал көршілес тайпалар түркілер қатарына саналған жоқ.. Түркілердің шығу тегін зерттеу ғылымда ХІХ ғ. соңына дейін көршілес қытай, парсы, грек, Византия елдерінің деректері арқылы белгілі болды. 568 ж. Земарх басқарған Византия елшілері әрқандай деректер жазып қалдырды. Жекелеген түркі халықтары мен олардың тіршілік еткен мекені туралы толығырақ мәліметті ІХ-Х ғғ. Араб географиясынан кездестіреміз. Онда «түркі» сөзі халықтар тобы және олардың тілінің ортақ иесі ретінде көрсетілген. Қытай жазбаларында түркілерді хундар тұқымы деп, қытайша «жин, жуань-жуань, жужань» деп атаған, бірақ бұл атау халықтың атауымен ешбір сәйкеспейді.
Н.А. Аристов «түркілердің бастапқы шығу тегі мен олардың ата жұрты туралы» деген мәселеде: «Түркілердің негізгі басты үлкен тайпалары алғашында Алтайды мекендеген. Алтайдағы жер-су аттары көне түркі халық аңыздарына енуі бұған дәлел бола алады. Ежелгі түркі мемлекеті хундар империясы болып есептеледі», — дейді. Орхон жазбалары бұған дәлел.
Ескерткіште хан өз халқын түркілер, ал басқаларды оғыздар деп атады. Орхон жазбаларын оқуға жол ашылғанға дейін В.В. Радлов ҮІ-ҮІІІ ғғ. Түркілер оғыз халқына жатты деген қорытындыға келіп, кейін оны жазбаларымен дәлелдеді.
Оғыздар немесе түркілер бірнеше халықтарға бөлінеді: телестер, шығыста тардуштар, батыста түркештер және т.б. Қарлұқ, қырғыз, ұйғырларды сенімді түрде түркілер деп есептейміз, бірақ сол кезде бұл халықтар өздерін түркіміз деп есептеген дәлелді дерек жоқ.. Печенектер мен қыпшақтарды орыстар да, еуропалықтар да түркілер деп атаған жоқ, «түрік» сөзі еуропада оғыз халықтарынан шыққан осман империясын білдіру үшін кеңінен қолданылды.
Соңғы жылдары лингвистикалық зерттеулер негізінде түркілердің шығу тегі, көне тарихы туралы мәселе қарастырылу үстінде. Ол туралы мәліметтердің басым бөлігі грек, парсы, мұсылман, қытай қолжазбаларында кездеседі. Грек деректерінен біз, түркілер ҮІ ғ. өзінде-ақ Шығыс Европаға келіп, Боспор мен Керч бұғазын жаулап алғанын білеміз. Парсы деректері бойынша түркілер парсылардан Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауын тартып алғаны белгілі. Ең батыс түркі халқы печенектер еді. Алғашында Еділден шығысқа қарай мекендеген олар ІХ ғ. Оңтүстік Ресейге қоныс аударған. Еділдің орта және төменгі ағысын мекендейтін бұлғарлар мен хазарлар бір тілде сөйлейтін, тілдері түркі тілі тобындағы чуваш тіліне ұқсайтын.
Еділден шығысқа қарай Қытай шекарасына дейін оғыздар мекендеген, орталықтары Сырдарияның төменгі ағысында болған. Қарлұқтардың орталығы Шу өзенінің бойында болды. Қарлұқтардан өзге Жетісуда тухси, аз, шігілдер (Ыстықкөлдің солтүстігі), яғмалар (Нарынның оңтүстігі) қоныстанды. Тоғыз-оғыздардың орталығы Турфан еді. Тоғыз-оғыздардан солтүстікке қарай қырғыздар өмір сүрді, орталығы Енисейде болды. Қырғыздардың батыс көршісі қимақтардың орталығы Ертісте болатын. Қимақтардың бір бөлігі қыпшақтар. Олар печенектермен көршілес тұрып, өз алдына жеке халық атанған.
М. Қашқаридің жазуы бойынша түркілерге шығу тегі жағынан түркі емес, бірақ түркіше білген халықтардың бәрі жатқызылады. Ол барлық түркі халықтарын солтүстік және оңтүстік деп екі топқа бөледі, әрқайсысында он-оннан халық болған. Солтүстік топқа енгендер: печенектер, қыпшақтар, оғыздар, қимақтар, башқұрттар, ябакулар, татарлар, қырғыздар, т.б. Оңтүстік топқа жататындар: шігіл, тухси, яғма, играк, чарук, жұмыл, ұйғыр, таңғұт, хитай, табғаш. М. Қашқари таза түркі деп қырғыз, оғыз, тухси, яғма, шігіл, играк, чарук халықтарын атады.