Азияның орасан зор аумақты алып жатуы, табиғат жағдайлары мен ресурстарының алуан түрлілігі, тарихи – мәдени дамуының ерекшеліктері оның экономикалық кеңістігінің ала- құлалығына әсерін тигізді.Азияның экономикалық кеңістігін кейбір ғалымдар бейнелі түрде адамға теңейді. Оның аяқтарын табиғи – ресурстық мүмкіншіліктері аса мол Қытай мен Үндістан, Ресей құраса, алдыңғы қатарлы ғылыми – техникалық жетістіктердің сынақ алаңына айналған Жапонияны Азияның басы деуге болады. Қазіргі заманғы өнеркәсіп өнімдерін шығаруға маманданып, жедел дамып келе жатқан жаңа индустриялы елдер Азияның қолдары қызметін атқарса, тұтас организмнің тыныс – тіршілігі белгілі дәрежеде осындағы ірі қаржы орталықтары мен мұнайды сыртқа шығаратын елдерге тәуелді болады.
Экономикалық кеңістіктің ала – құлалығына Азия елдерінің басым көпшілігінің кезінде Батыстың дамыған мемлекеттерінің отары болғаны да себепші. Бұрынғы отарлардың әлі күнге дейін өз метрополияларымен экономикалық байланыстары күшті. Азия аумағында біртұтас көлік жүйесінің жасалмауына тарихи себептермен қатар, өте күрделі табиғи жағдайлар (биік таулар, шөлдері) да кедергі болуда. Соңғы онжылдықтарда Жапония мен Қытайтың әлемдік экономикадағы маңызының күрт артуы Еуропа мен Тынық мұхит аралығындағы теңіз көлігі қатынасын одан әрі жандандыра түсті.
Азияның экономикалық кеңістігінде әлеуметтік – экономикалық дамудың бірнеше айрықша үлгілері бар. Дамудың әрбір үлгісінде дәстүрлі және қазіргі заманғы элементтер өзіндік үйлесімін тапқан.
Жапондық немесе шығысазиялық даму үлгісі Жапония мен Шығыс Азияның жаңа индустриялы елдерінің экономикасына тән. Мұнда нарықтық экономика жағдайында міндетті түрде басшылыққа алынатын ұстанымдар бар. Елде экономиканы қатаң түрде мемлекеттік тұрғыдан реттеу, экспортқа бағдарлану, шетелдік күрделі қаржыны кеңінен тарту және сыртқы нарыққа шығатын ірі ұлттық монополиялардың құрылуы көрініс тапқан. Шығыс Азия елдерінде мұнымен қоса, жергілікті халықтың ұзақ уақыт бойы философиялық, діни және адамгершілік құндылықтар негізінде қалыптасқан еңбекке деген дәстүрлі көзқарасы есепке алынады. Шығыс Азия халықтарына тән айрықша еңбексүйгіштік, еңбек тәртібінің қатаң сақталуы, төзімділік пен ұқыптылық, материалдық қажеттіліктің шектеулі болуы экономиканы ұйымдастыру және басқару ісіне өте қолайлы. Бұл елдерде білім беру және мамандарды дайындау ісіне айрықша көңіл бөлінетіндіктен еңбек ресурстарының кәсіби шеберлігі де өте жоғары.
Қытайлық немесе дамудың үшінші жолы деп аталатын үлгі орталықтан басқарылатын нарықтық экономика мен ескі саяси жүйенің айрықша ұштасуымен сипатталады.
Сыртқа мұнай шығаратын елдердің даму үлгісі Оңтүстік – Батыс Азияда орын алған. Оған ел шаруашлығының мұнай өндіру мен өңдеудің негізінде қалыптасуы тән болды. Дамудың осы үлгісі тән елдерде біртіндеп ұлттық шаруашылық кешені күрделеніп, мұнай химиясы мен энергияны көп қажет ететін салаларды өркендету бағыты басымбола бастады.; өндірістік емес сала (қаржы жүйесі, білім беру, туризм және т.б.) қазіргі заманғы сипат алған.
Басқа даму үлгілері арасында ирандық үлгі көзге түседі.. Оның негізінде жергілікті табиғат ресурстарын (ең алдымен мұнайды) игеру, мемлекеттік монополия, экономиканың қатаң орталықтандырылуы, шаруашылықтың милитаризациясы жатыр. Иран қоғамында діни басшылықтың үстемдігі мен исламның айрықша орны даму үлгісінің әлеуметтік бейнесін айқындайды.
Халықаралық еңбек бөлінісіне Азия елдерінің өзіндік орны бар. Олар дүниежүзілік нарыққа металлургия, кеме және автомобиль жасау дәстүрлі салалардың ғана емес, ғылымға негізделген жаңа салалардың (электр техникасын жасау, электроника және т.б.) өнімдерін; ауыл шаруашлығы өнімдерін (шай, табиғи каучук,джут, тропиктік және субтропиктік дақылдар, дәм – татымдық қоспалар) шығарады.