Солтүстік Еуропа және Орта Еуропа елдері

Солтүстік Еуропа елдері, негізінен, түбектер мен аралдарды алып жатыр. Сондықтан олардың табиғат жағдайларына, халқының қоныстануына, шаруашылығының мамандануына теңіздің әсері үлкен. Географиялық жағдайының ерекшеліктеріне байланысты. Атлант теңізі арқылы АҚШ және Канадамен, Батыс және Шығыс Еуропа елдерімен емін – еркін қарым- қатынас жасауға мүмкіндігі бар. Жылы Гольфстрим ағысының әсерінен жағалауларын шайып жатқан теңіз сулары қатпайды; бұл өз кезегінде жыл бойы теңіз арқылы қатынас жасауға қолайлы жағдай туғызады.

Еуропа жерінің 170/0 – ын алып жатқанымен, Солтүстік Еуропа аймағында халық сирек орналасқан. Мұнда еуропалықтардың тек 30/0 – ы ғана тұрады. Аймақта халықтың біркелкі қоныстанбауы табиғат жағдайларының ерекшеліктерімен және тарихи- географиялық факторларға байланысты.

Солтүстік Еуропа елдерінің экономикалық құрылымының қалыптасуы Еуропаның басқа аудандарына ұқсамайтын жолмен жүрді. Бұл елдер бәсеге төтеп беретіндей жоғары сапалы және еңбекті көп қажет ететін өнімдерді шығаруға маманданды.

Дүниежүзілік нарықта Солтүстік Еуропа елдерінің үстем болатын салаларына балық аулау мен кит кәсіпшілігі, ағаш өңдеу мен целлюлоза – қағаз өндірісі, кеме жасау, сүт тағамдарын өндіру жатады. Сонымен қатар Швеция болат балқыту мен машина жасаудан, Норвегия электр энергиясын өндіру және түсті металлургия жөнінен айрықша көзге түседі. Елдердің барлығында да теңіз көлігі жақсы дамыған, бірақ ірілігі мен жабдықталуы жағынан Норвегияның сауда флоты аймақта ғана емес, дүние жүзінде алдыңғы орын алады. Норвегияда 700- ден астам кеме бар.

Саны шектеулі бұл өндіріс салаларының күшті дамуы жергілікті шикізат негізінде және тұрғын халықтың дәстүрлі еңбек дағдыларын ғылым мен техниканың ең соңғы жетістіктерімен ұштастыра білудің нәтижесінде мүмкін болды. Экономиканың тұрақты дамуына аймақтағы өте қолайлы геосаяси жағдай да өз әсерін тигізді.

Орта Еуропа. Нидерланд

Жерінің ауданы – 41,2 мың км2

Халқы – 16,2 млн адам

Астанасы – Амстердам

Мемлекеттік құрылымы – конституциялық монархия

Мемлекет басшысы – королева

Үкімет басшысы – премьер- министр

Заң шығарушы органы – парламент

Мемлекеттік тілі – нидерланд тілі

Орта Еуропа мемлекеттері Батыс Еуропаның жоғары дамыған елдерімен көршілес орналасқан және экономикасы солармен тығыз байланысқан. Бұл топтағы елдер арасында айрықша көзге түсетін елдің бірі – Нидерланд.

Нидерланд экономикасының даму деңгейі жоғары ел ретінде батыстың күшті дамыған он елінің қатарына енеді. Халқы ЕО халқының 4,5 пайызын ғана құрағанымен, ЕО өндіретін жалпы өнімнің 5,2 пайызын береді. Ел экономикасында күрделі қаржыны сыртқа шығару, сыртқы сауда мен теңіз көлігі айрықша орын алады. Халықаралық географиялық еңбек бөлінісіндегі елдің орны азық – түлік пен сусындар, химия өнеркәсібінің өнімдері, электр техникасын жасаумен анықталады. Нидерланд экономикасындағы үш алып концерн (« Ройял Датч Шелл», «Юнилевер», «Филипс») дүние жүзіндегі аса ірі 30 компания қатарына енеді. Ірілерінен басқа мыңдаған орта және шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың арасында өндіріс көлемі жөнінен тамақ өнімдері мен темекі шығаратын кәсіпорындар алдыңғы орында.

Өнеркәсіп ұлттық жиынтық өнімінің 26 пайызға жуығын береді. Өнеркәсіптегі жоғары технология салаларының үлесі жөнінен нидерланд дүние жүзінде Жапониядан кейін екінші орын алады. Бұл жоспарлы түрде ғылым жаңалықтарын өндіріске енгізудің нәтижесінде жүзеге асырылады. Әсіресе биотехнология, медицина, ақпараттық технология, конструкциялық материалдар саласындағы зерттеулерге көп қаржы бөлінеді.

Өнеркәсіптің негізгі саласы – отын – энергетика кешені. Елде өндірілетін табиғи газдың жартысынан астамы шетке шығарылады, одан түскен қаржыға шеттен мұнай, тас көмір сатып алынады. Мұнай өндіру мен мұнай өнімдерін шығаруда «Ройял Датч –Шелл» ұлтаралық компаниясы айрықша көзге түседі. Ел энергетикасындағы газдың үлесі * 51,8 пайыз, мұнай мен мұнай өнімдері -37,8 пайыз, көмір 7,4 пайыз, атом энергиясы 1,6 пайыз, басқа энергия көздерінің үлесі 2,4 пайызды құрайды. Нидерландта электр энергиясын көп қажет ететін өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салалары дамыған.

Химия өнеркәсібі жалпы өнеркәсіп өнімінің 15 пайызын береді. Бұл саланың 350 компаниясында (аса ірілері – «Шелл Кеми», «АКЗО – Нобель») 90 мың жұмысшы істейді. Тыңайтқыштар мен фармацевтика шикізатын өндіру, дәрі – дәрмек, бояулар мен сабын, пластмассалар өндірісін және т.б.қамтитын химия өнеркәсібі 50 мыңнан аса өнім түрін шығарады. Өнімнің ¾ экспортқа шығарылады.

Машина жасау өнеркәсібі негізінен орташа немесе шағын машиналардыжасауға маманданған. Әсіресе мұнай химиясы мен тоқыма, полиграфия, целлюлоза –қағаз, тамақ өнеркәсібіне қажетті жабдықтар шығарумен көзге түседі. Бұл саланың өнімінің жартысына жуығы экспортқа шығарылады. Ал дүниежүзілік нарықтағы матаға өрнек басатын машиналардың 50 пайызы Нидерландтың үлесіне тиесілі. Машина жасау өнеркәсібінде қоршаған ортаны ластанудан тазартатын айрықша қондырғылар да жасалады.

Нидерландтың ірі компаниялары сан салалы мамандануымен көзге түседі. Мысалы, аса ірі «Юнилевер» ұлтаралық бірлестігі азық – түлік қана өндіріп қоймай жуғыш заттар, парфюмерия мен косметика, әр түрлі химиялық материалдар жасайды.

«Филипс» компаниясында өздерің күнделікті өмірде көріп жүрген сапалы, тұрмысқа қажетті техника, электр жабдықтары жасалады.

Нидерландтың сыртқы экономикалық байланыстарында ЕО елдері басты орын алады. Олардың үлесіне ел экспортының 73 пайызы, импортының 56 пайызы тиесілі. Басты сауда әріптесі – көршілес орналасқан Бельгия. 1948 жылы Бельгия, Нидерланд, Люксембург мемлекеттерінің экономикалық одағы – Бенилюкс құрылған.Ел, сондай –ақ Шенген келісіміне қол қойған. Елдің күшті дамыған көлік жүйесі халықаралық экономикалық ынтымақтастыққы жол ашты.Кеден мен салық жүйесінің жоғары деңгейде болуы, қолайлы әлеуметтік – экономикалық ахуал 5000 – нан астамшетел компанияларының Нидерландта жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Голландиялық консалтинг фирмалары сыртқы сауда қызметіне қатысты халықаралық дәрежедегі консультациялар береді. Нидерланд дамушы елдерге қайырымдылық көмек көрсету мөлшері жөнінен дүние жүзінде Швециядан кейін екінші орын алады.