Жерінің ауданы – 357 мың км3
Халқы – 82,4 млн адам
Астанасы – Берлин
Мемлекет құрылымы – федерациялық республика
Мемлекет басшысы – федералдық президент
Үкімет басшысы – федералдық канцлер
Заң шығарушы органы – парламент
Мемлекет тілі – неміс тілі
Ақша бірлігі- еуро
Германия – экономикасының қуаттылығы жөнінен дүние жүзіндегі жетекші елдердің бірі. Аса зор экономикалық және ғылыми- техникалық мүмкіндіктерге ие Германия өнеркәсіп өндірісініңкөлемі жөнінен АҚШ пен Жапониядан кейінгі үшінші орынды алады. Елдегі жалпы жиынтық өнімінің 33 пайызы өнеркәсіп үлесіне тиеді. Өнеркәсібінің қазіргі дамуы мынадай белгілермен сипатталады: жергілікті шикізат негізінде қалыптасқан маманданған салалардың құрылымдық өзгерістер мен жаңа технологиялық жетістіктер енгізу нәтижесінде күшті дамуы; ғылымды көп қажет ететін әрі экспортқа бағытталған жаңа салалардың пайда болуы: өнеркәсіп өндірісінде ірі монополияның үстемдігі.
Елдегі аса маңызды өнеркәсіп орталықтарына Франкфурт, Мюнхен, Эссен, Нюрнберг, Гамбург, Дортмунд жатады. Қара металлургия кәсіпорындары елдің ішкергі бөлігіндегі Рур және Саар аудандарында шоғырланған. Болат балқытудан Германия дүние жүзіндегі алғашқы бестікке енеді. Халықаралық географиялық еңбек бөлінісінде Германия машина жасау өнеркәсібімен көзге түседі. Металды көп қажет ететін машина жасау кәсіпорындары қара металлургия орталығы саналатын Рур ауданына жақын орналасқан.
Машина мен прибор жасау, радиоэлектроника кәсіпорындарының орналасуы кәсіптік шеберлігі жоғары еңбек ресурстарына бағдарланған. Машина жасау саласындағы басты монополиялық концерндер қатарына «Даймлер- Крайслер» (Мерседес автомобильдері мен аэроғарыштық техника өндірісі), «Фольксваген», «БМВ» (автомобиль жасау), « Сименс» (электроника, электр техникасын жасау), « Дойче телеком» (ақпарат тарату техникасы), «БОШ»( электр техникасын жасау) жатады. Жеңіл автомобиль жасаудан Германия дүние жүінде Жапония, АҚШ тан кейін үшінші орында. Елдің автомобиль фирмалары жылына 5,5 млн жеңіл, 0,3 млн арнайы және жүк автомобильдерін шығарады.
Автомобиль зауыттары, негізінен, Вольфсбург маңына шоғырланған. Бұл қаланы АҚШ – тағы Детройт тәрізді « автомобиль астанасы» деп те атайды.
Германия жеңіл автомобильдерін қазақстандықтар жиі сатып алады. Кеме жасау да дәстүрлі өнеркәсіп салаларының бірі. Кеме жасаудан ел Жапония, корея Републикасынан кейін үшінші орын алады. Оның үлесіне дүние жүзі бойынша жасалатын кеменің 5,4 пайызы тиесілі.
Машина жасау өнеркәсібі – ғылым мен техника жетістіктері ең көп енгізілетін салалардың бірі. Германияда ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік- конструкторлық жобалау жұмыстарына жылдық жалпы өнімнің 2,5 пайызы жұмсалады. Әсіресе ақпараттық технологиялар мен электроника өндірісінде үлкен жетістіктер бар. 2002 жылдан бастап «Басф» концернінің дүние жүзіне белгілі аудио, видео және компьютерлік ақпарат сақтау құралдары «Эмтек» маркасымен шығарылатын болды. Химия өнеркәсібінің күшті дамуына байланысты Германияны химиялық держава деп те атайды. Алуан түрлі өнім шығаратын бұл салада «Байер», « Хехст» фирмалары көзге түседі.
Ел сыртқы экономикалық байланыстарды дамытуға айырықша көңіл бөледі, сондықтан бұл саладағы үкімет саясаты дүниежүзілік экономикалық ынтымақтастыққа және халықаралық еңбек бөлінісін тереңдетуге бағытталған. Германияда басқа ЕО елдеріндегі сияқты еуро айналымға түскен. Дюссельдорф және Майндағы Франкфурт аса ірі халықаралық қаржы орталықтары болып табылады. Сыртқы экономикалық байланыстар жүйесінде сыртқы сауда айырықша орынға ие. Әрбір үшінші герман жұмысшысы экспортқа жұмыс істейді. Ел экспорт көлемі жөнінен АҚШ- пен
Қатар алдыңғы орынды алса, импорт ауқымы бойынша АҚШ – тан кейінгі екінші орынды иеленеді. Германияның үлесіне дүниежүзілік экспорттың 10 пайызы, импорттың 8 пайызы тиесілі. Сонымен сыртқы сауда көрсеткіштері бойынша Германияға оң сальдо, яғни экспорттың импорттан басым болуы тән. Германияның басты сауда әріптестері – Франция мен Жапония, сонымен қатар Италия, Ұлыбритания,Нидерланд, Бельгия, Люксембург және АҚШ.
Германия туризмнің алатын орны зор. Ел тұрғындарының жартысына жуығы өз елінде саяхат жасауды қалайды. Туристердің 53 пайызы шетелдіктер.Туристік нысандарды ірі екі топқа бөлуге болады: біріншісі –табиғи ландшафтылар; мұндай туристік нысандарға солтүстік жағалау мен аралдар, оңтүстіктегі таулы аудандар, Боден көлі, Бавариядағы шағын көлдер мен өзен аңғарлары жатады.
Қазақстан мен Германия арасындағы өзара байланыстардың негізі 1992 жылы қаланды, кейінгі жылдары экономикалық ынтымақтастық іс жүзінде асырыла бастады. Екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға әсер ететін шешуші фактордың бірі – Қазақстан жерінде тұратын неміс диаспорасы.
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту болашағына үміт артқан Германия іскер топтары әлеуметтік – экономикалық мәселелерді шешу үшін елімізге бірнеше рет несие берді. Қазіргі кезде Германия – біздің елімізге Ресейден кейінгі басты тауар жөнелтеуші және маңызы жөнінен оныншыорын алатын сатып алушы ел. Екі елдің тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2005 жылы Қазақстан Германияға жалпы құны 409 млн АҚШ доллары болатын өнім жөнелтті, Германиядан 1300 млн АҚШ доллары көлеміндегі өнімді сатып алған.
Қазақстанға қаржылай көмек тікелей ған емес, жанама түрде Халықаралық валюта қоры, Әлемдік банк және ТАСИС бағдарламасы арқылы да көрсетіледі.Соңғы жылдары бірлескен жобалар саны 50 ден асты. Германия тарапынан қаржыландырылатын инвестициялық жобалар өнеркәсіптің әр түлі салаларын қамтыды.
Германия инвесторлары өз қаржысын көбінесе Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының кәсіпорындарын дамытуға жұмсауда. Бұл жобаларды жүзеге асыруда алдыңғы қатарлы неміс фирмалары – «Конимпэкс», «Шенн», « Пфафф», « Интерком», «Сименс» және «Даймлер – Бенц» маңызды рөл атқаруда. Жалпы алғанда Қазақстанда 435 қазақ- герман бірлескен кәсіпорны тіркелген, Германияның 57 фирмасының өкілдігі бар.