Еуропа шаруашылығының қалыптасуы мен таралуы дүние жүзінің басқа аймақтарынан үлкен айырмашылық жасайды. Оның өзіне тән басты екі белгісі бар. Біріншіден , Еуропа жерінде игерілмеген бірде – бір бөлік қалған жоқ. Екіншіден, аумағының шағын болуы мен елдердің көпшілік жағдайы, шаруашылығының жоғары деңгейде дамуы Еуропада біртұтас экономикалық кеңістіктің түзілуіне негіз болды. Сондықтан да соңғы жылдары Атлантикадан Оралға дейін созылып жатқан біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы пікірлер де айтылып жүр.
Еуропа шаруашылығының даму кезеңдеріне көз жіберсек, тарихи уақыт аралығында шаруашылық орталықтарының да, жетекші елдердің де орындарының ауысып отырғанын байқауға болады. Біздің заманымыздың бас кезінен бастап Еуропа шаруашылығы теңізге жақын елдерде қарқынды дамыса, XVIII ғасырдан бастап табиғат ресурстары мен еңбек ресурсы жиі шоғырланған аудандарға қарай бет бұрды.
Орта Еуропа елдері мен Ресей жерінде ең алғашқы өнеркәсіп аудандарының негізі XIX ғасырдың ортасында қалана бастады. Бұлар Еуропадағы байырғы өнеркәсіпті аудандар болып саналады. ХХ ғасырдың бірінші жартысында осы индустриялы аудандарды одан әрі өркендету жұмыстары жүргізілді. Ең бастыөзгеріс Еуропада социалистік индустрияландыру бағытында бұрынғы Кеңестер Одағына қатысты аймақтарда жүргізілді. Мұнай өнеркәсібі мен машина жасаудың Еділ бойы жаңа ірі орталығы қалыптасты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Шығыс Еуропа елдерінде де экономикалық жандану басталды.
Қазіргі кездегі Еуропа экономикасының басты ерекшелігі – шаруашылықтың батыс пен орталықта басым шоғырланып, біртұтас Еуропалық экономикалық орталықтың құрылуы, соның нәтижесінде мемлекетаралық шекаралардың шартты жағдайға көшуі болып табылады. Тұтастай алғанда Еуропа елдері өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдері, тауарлар мен қызмет көрсету экспорты, алтын және валюта қоры, халықаралық туризмді дамыту көрсеткіштері жөнінен дүниежүзілік шаруашылықта бірінші орын алады.
Аймақтың экономикалық қуатын төрт ел – Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия анықтайды. Сол сияқты шағын капиталистік елдердің де экономикалық салмағы күннен – күнге артуда. Ал Шығыс Еуропа елдері болса өтпелі экономикалық жағдайда отырғандықтан, өзінің даму бағытында түрлі қиындықтарға кездесіп отыр. Түрлі деңгейдегі даму ерекшеліктеріне қарамастан, Еуропа елдері өзара ынтымақтастық үрдісін тоқтаусыз жүргізуде.
Өнеркәсібі. Еуропадағы ең жетекші сала- машина жасау. Аймақта өндірілетін бүкіл өнеркәсіп өнімінің 30 пайыздан және оның экспортының 70 пайыздан астамы осы саланың үлесіне тиеді. Машина жасаудың ғылыми базаға, еңбек қорларына бағдарланған электроника, электротехника, автомобиль, авиазымыранғарыш, кеме, құралдар мен станок, тоқыма машиналарын жасау сияқты салалары басым таралған.
Еуропаның химия өнеркәсібі машина жасаудан кейінгі жетекші орынды алады. Бұл салада тек осы аймақта ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі ең химияландырылған ел- Германияның алатын орты ерекше. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін химия өнеркәсібі тас көмір мен қоңыр көмірге, калийге, ас тұзына негізделіп келсе, соңғы кезеңдерде көмірсутекті шикізаттарға, яғни мұнайға ауысуы бұл өнеркәсіп саласының Солтүстік теңіз бен Шығыс Еуропа елдеріне қарай ығысуына себепші болды. Солтүтсік теңіз жағалауында орналасқан химия өнеркәсібінің өнімі бүкіл АҚШ пен Жапонияның химия өнеркәсіптерін қосып есептегендегі өніммен теңдес.
Отын – энергетикалық өнеркәсіп те Еуропаның көптеген елдерінде соңғы кезде мұнай мен газға ауысуда. Мысалы, Германия мен Ұлыбританияда көмір өндіру күрт азайды, Нидерланд пен Бельгияда мүлдем тоқтатылды. Ал Шығыс Еуропа елдерінде әлі де көмірге бағдарлану сақталып отыр, тіпті тас көмірге ғана емес, қоңыр көмірге (Польша, Чехия) де сұраныс жоғары. Электр энергиясын өндіру мүмкіндігі 2 трлн кВт/сағ – тан артық. Электр Энергиясын өндіруде Батыс Еуропа елдерінде АЭС – тің үлесі артуда.Әсіресе Франция, Бельгия, Германия, Ұлыбритания елдерінде, соңғы кезде Чехия, Словакия, Венгрия, Болгарияда АЭС- тер салу жаппай қолға алынуда. Қазір аймақтағы АЭС – тер саны 80- нен астам. Дунай мен оның салаларында, Рона, Рейн өзендерінде СЭС – тер мен олардың тұтас тізбектері салынған. Сол сияқты Скандинавия елдерінде де электр энергиясын өндіру СЭС – терге негізделген. Ал жылу электр станциялары көмір өндірілетін аудандар мен теңіз порттарында сақталған. Соңғы жылдардағы ғылым жетістіктері нәтижесінде теңіз жағалауындағы елдер толысу, теңіз толықындары мен теңіз ағыстары энергиясын. Исландияда геотермальдық энергия пайдалану шараларын жолға қоюда.
Металлургия өнеркәсібі, оның ішінде қара металлургия отын мен шикізат бар елдерде, яғни Германия, Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Польша, Чехия, Ресей және Украинада жақсы дамыған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін неғұрлым жоғары сапалы әрі арзан темір кені мен металл сынықтарын импорттауға негізделген металлургия комбинаттары көбеюде. Солардың ішіндегі ең ірісі Италияның Таранто қаласында орналасқан, жылына 10 млн т- дан астам сапалы болат қорытады. Соңғы кездерде машина жасау өнеркәсіптері маңында шағын зауыттар көптеп салынуда. Дегенмен машина жасау өнеркәсібінде дайын прокатқа негізделу белең алуда.
Түсті металлургия аса маңызды салалары – алюминий мен мыс өнеркәсібі. Алюминиий өнеркәсібі боксит қоры бар немесе арзан электр энергиясын көп өндіретін елдерде шоғырланған. Жетекші елдер қатарына Германия, Норвегия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Испания, Нидерланд жатады. Соңғы жылдары алюминий өнеркәсібі теңіз жолы арқылы дамушы елдерден келетін шикізатқа бағдарлануда. Мысалы, Франция соңғы 25 жылда боксит өндіруді 20 есе азайтты, бірақ алюминий балқытудан Еуропада үшінші орынды иеленеді. Мыс өнеркәсібі жергілікті және сырттан әкелінетін шикізатқа негізделген. Жетекші елдер қатарына Германия, Италия, Бельгия, Польша, ресейді жатқызуға болады.
Жергілікті орман ресурстарына бағдарланған ағаш өнеркәсібі Швеция мен Финляндия өнеркәсібінің халықаралық маманданған саласына айналған. Сол сияқты Румыния, Югославия, Италия соңғы кезде Польша мен Беларусь елдері бағалы жиһаздар дайындау ісіне бет бұруда.
Еуропа – ежелден-ақ жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамыған аймақ. Аймақтағы индустрияландыру үрдісі де осы жеңіл өнеркәсіптен басталған. Ең алғашқы жеңіл өнеркәсіп орталықтары (Ұлыбританиядағы Ланкашир мен Йоркшир, Бельгиядағы Фландрия, Франциядағы Лион, Италиядағы Милан, Польшадағы Лодзь, Ресейдегі Иваново) әлі де өз маңызын жойған жоқ. Бірақ соңғы кезде бұл өнеркәсіп саласы неғұрлым арзан жұмыс күші бар Оңтүстік Еуропаға қарай орын ауыстыруда. Мысалы, Португалия аймағындағы тігін өнеркәсібінің, Италия былғары аяқкиім шығару, Грекия бағалы тері бұйымдарын тігу орталықтарына айналуда. Сонымен қатар әр елдің өзінің ұлттық бейнесін айшықтайтын жеңіл өнеркәсіп пен қолөнердің дәстүрлі түрлері де сақталып, одан әрі өркендеуде.