Дүниежүзілік шаруашылықта дамушы елдердің алатын орнын

Азияның,Африканың және Латын Америкасының дамушы елдерінде орасан мол еңбек ресурстары мен табиғи ресурстар бар. Мысал, олардың үлесіне минерал шикізаттың дүниежүзілік қорларының 50 пайызынан астамы келеді. Алайда өндірістік қуат –қарымы онша мол бола тұрса да, оларға мынадай сипаттар тән: 1) өндіргіш күштердің дамуы төмен деңгейде; оның құрылымында ауыл шаруашылығы мен кен өндіруші өнеркәсіп өте –мөте басым, ал ұқсатушы өнеркәсіп көбінесе жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларынан тұрады; 2) бірнеше әлеуметтік – экономикалық өндірістің қоғамдық формалары қатарласа дамып келеді.; бұлар көбінесе әр түрлі қоғамдық –экономикалық формацияларға тән; 3) дүниежүзілік нарықтағы бұларға тән тауар айырбасы- ауыл шаруашылығы шикізаты мен минерал шикізатты өнеркәсіп бұйымдарына айырбастау; 4) қаржы – қаражаттың барынша тапшылығы.

Дамушы елдер шаруашылығының географиясы тең құқылы емес халықаралық еңбек бөлінісі процесінде, отаршыл державалардың мүдделері басым болған кезде қалыптасты. Отарлық экономиканың салалары дүниежүзілік капиталистік нарықпен көбірек байланысты болды. Сондықтан құралып жатқан кен өндіру өнеркәсібі мен тауарлы ауыл шаруашылығының оқшау – оқшау ошақтары отар елдердің шаруашылық организмінде көбіне жат текті денелер түзгендей болды.

Отарлық географияның айырықша тән бір көрінісі – теңізге шығар жолы бар елдерде порттың шамадан тыс дамуы. Көбінесе мұндай порт елдің астанасы болатын (Сенегалда – Дакар, Нигерияда – Лагос және т.б.). Көптеген жас егемен мемлекеттердің ұланғайыр ішкі аумағы күні бүгінге дейін өте –мөте артта қалып немесе мүлдем игерілмеген қалпында қалып келеді. Автомобиль жолдары мен темір жолдар желілерінің орналасуы осыны көрсетеді; бұл жолдар пайдалы қазбалар өндірілетін аудандарды және плантациялық ауыл шаруашылығы өңірлерін тасып әкететін порттармен байланыстырады.

Бүгінде дамушы елдер өздерінің дамуында күрделі кезеңді бастарынан кешіріп отыр. Олардың кейбіреулері саяси және экономикалық дербестіктерін нығайтып, өз азаматтарын әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етуде елеулі табыстарға жете алады. Енді біреулері әлі қиыншылықтардан арыла алмай отыр, өйткені бұларға отаршылдықтан мұра болып қалған мешеулік жүгі тым зор ауыртпалық болып шықты.

Дамушы елдерді тарихи – географиялық аймақтар бойынша, мысалы, Африка, Латын Америкасы, Таяу Шығыс елдері және т.б. деп бөледі. Бұл тұрғыдан қарау дамушы елдердің ірі- ірі топтарының әлеуметтік – экономикалық дамуын зерттеп білуге мүмкіндік береді. Алайда бұлайша топтастырғаннан дамушы дүниедегі шын мәніндегі кереғарлықтардың бұрмаланған көрінісі келіп шығады. Мысалға, аталған аймақтағы мынадай мемлекеттер жұбын алып қарайық: Үндістан мен Бутан, Сауд Арабиясы мен Ливан, Сингапур мен Мьянма. Бұл елдердің географиялық ұқсастығына қарамастан, әлеуметтік – экономикалық жағынан ұқсастығы шын мәнінде аз екендігі көрінеді.

Саралау кезінде жас мемлекеттердің өндіргіш күштерінің даму деңгейі мен құрылымын және әлеуметтік – экономикалық болмысының елдердің бүгінгі жағдайын да, таяудағы болашағын да неғұрлым дәлме – дәл бейнелейтін белгі – нышандарын есепке алудың зор маңызы бар. Осы көрсеткіштерді пайдалана отырып дамушы елдердің арасында төрт топты саралауға болады.

Бірінші топты көбінесе мұнай экспорттаушы елдер құрайды; бұлардың бірегей ресурстары бар және, бейнелеп айтқанда, мұнай долларларын толтырып алған (Катар, Кувейт, Бахрейн,Сауд Арабиясы,БАӘ және т.б.). Оларға тән нышандар: жан басына шаққанда өте – мөте мол табыс, дамудың мол табиғи – ресурстық қуат – қарымы, Батыстың энергетикалық шикізат пен қаржы –қаражат нарығында үлкен рөл атқаратыны, тиімдіэкономикалық – географиялық орын – жағдайы. Жан басына шаққандағы табыс бұларда да мол, шағын (халқының саны 0,5 млн. адамнан кемірек) мемлекеттерді деайтылған топқа қосуға болады (Багам аралдары, Фиджи және т.б.). Әлеуметтік даму үлгісі бойынша олардың көбі капитализм орташа дамыған елдерге ойысады. Олар плантациялық шаруашылықтың, туризмнің транзиттің өркендеуі арқасында халықаралық еңбек бөлінісіне әбден сіңісіп алды. Бұл елдердің әл – ауқатты арттыруда жеткен жетістіктерінатап айта отырып, сонымен қатар қайсыбіреулерінің әлеуметтік жағынан артта қалғандығын және әсіресе ауыл шаруашылығында феодалдық қалдықтардың бар екенін атай кетейік.

Екінші, саны неғұрлым көп топ жалпы экономикалық дамуы, жан басына шаққандағы ЖІӨ мөлшері дамушы елдер үшін орташа болып табылатын деңгейдегі елдерді қамтиды (Колумбия, Гватемала, Парагвай, Тунис және т.б.). Бұл елдердің ауыл шаруашылығында индустриялыққа дейінгі еңбек формалары басым, ал ұқсату өнеркәсібінің кәсіпорындары бар болғанымен аз және техникалық жағынан жарақталуы өте нашар. Бұл топқа қамтылатын елдер әлеуметтік тұрғыдан өте – мөте әркелкі.

Үшінші бір ерекше топқа аумағы мен халқының саны жағынан зор, табиғи – ресурстық қарым – қуаты және экономикалық жағынан даму мүмкіндіктері мол үш елді – Үндістан, Пәкістан, Индонезия елдерін – саралауға болады. Бұл мемлекеттер халықаралық экономикалық байланыстар жүйесінде көрнекті орын алып, шетел капиталының жұмсалуы түрінде сыртқы ресурстардың көптеп келуіне қол жеткізді. Алайда жан басына шаққандағы өндіріс пен тұтыну шамаларының төмен болуы олардың әлеуметтік – экономикалық ілгерілеуін едәуір тежеп отыр.

Төртінші топқа жататындар – дүние жүзінің дамуы өте баяу елдері (Ауғанстан, Бангладеш, Бенин, Нигер, Сомали, Орталық Африка республикасы, Чад, Экваторлық Гвинея және т.б.). Бұлардың бірсыпырасының теңізге шығар жолы жоқ, сондықтан сыртқы дүниемен байланысы нашар. Бұл елдерде жан басына шаққандағы табыс өте – мөте төмен, барлық жерде еңбектің индустриялыққа дейінгі түрлері басым, ал экономикаларында ауыл шаруашылығы үстем жағдайда. Нақ осы топтағы елдер дүние жүзінің дамуы ең баяу елдерінің БҰҰ бекіткен тізімінің негізін құрайды. Сонымен, дамушы елдер – дүние жүзі елдерінің сан жағынан неғұрлым көп тобы; бұл топқа географиялық ерекшеліктер тән және кереғарлық көріністері өте –мөте анық байқалады; бүкіл азамзаттың болашақ игілігі дамушы елдердегі әлеуметтік – экономикалық прогестің қарқыны мен нәтижелеріне көп байланысты.