Өзінің әлеуметтік- экономикалық табиғаты жөнінен дүние жүзі өте- мөте әр текті. Бір жағынан бұл барынша дамыған мемлекеттердің біршама шағын тобы, олар дүниежүзілік шаруашылықтың «арқауын» құрайды, ал екінші жағынан Азия, Африка, Латын Америкасы мен Мұхит аралдарының көптеген дамушы елдері, бұлардың көпшілігінің әлеуметтік экономикалық даму деңгейлері өте төмен.
Алайда дамыған елдер мен дамушы елдердің арасын тым нақпа –нақ шектеу қате болар еді. Неғұрлым бай (АҚШ, Жапония, Батыс Еуропа елдері, Канада және т.б.)және неғұрлым кедей( Буркина –Фасо, Орталық Африка Республикасы, Чад және т.б.) елдер – бұлар өзінше бір әлеуметтік – экономикалық полюстер ғана, олардың айналасында өтпелі көрініс құрайтын ондаған басқа елдер бар. Қазірдің өзінде дамушы елдердің тұтас бір тобын көптеген экономикалық көрсеткіштерге қарап дүние жүзінің дамыған индустриялы мемлекеттері қатарында атаған қисынды. Алайда басқадай бірқатар маңызды көрсеткіштерге қарап оларды көбіне дамушы елдер қатарында атайды.
БҰҰ әдістемесіне сәйкес қандай елдің болсын әлеуметтік – экономикалық даму деңгейінің маңызды көрсеткіштерінің арасында оның өндірген жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) және жан басына шаққандағы осы көрсеткіш аталады. ЖІӨ дегенде елде өндіріліп, халық тұтынатын тауарлар мен қызметтердің, мемлекеттік сатып алу мен іске жұмылдырылған капиталдың жиынтық құны ұғынылады.
Жан басына шаққандағы ЖІӨ жөніне дүние жүзі елдерінің арасында айырмашылық көп. Мысалы, ЖІӨ -нің абсолют көлемі жөнінде дүние жүзінде бірінші орын алатын АҚШ пен Буркино- Фасо арасындағы алшақтық 80 еселік шамаға тең. Мемлекеттердің әлеуметтік – экономикалық дамуы деңгейінің басқа көрсеткіштері де бар (өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімін өндірудің дүниежүзілік көлемі мен дүниежүзілік саудадағы үлесі, халықтық білім алуының деңгейі және т.с.).
ЖІӨ — нің абсолют мөлшері жөнінен КСРО дүние жүзінде алдыңғы орындардың бірінде болатын. Алайда жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша ол негізгі дамыған мемлекеттердің бәрінен дерлік , сондай –ақ Кувейт, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Бахрейн секілді басқа да елдерден кейін қалып қойды.
КСРО – ның күшті жағы көптеген жылдар бойы Батыстағыға қарағанда экономикалық өсу қарқынының жоғары болғандығы еді. Алайда бұған көбінесе өндіріске өсе түскен көлемде шикізат, материал, жер, жұмыс күші ресурстарын тартып, экстенсивтік әдіс арқылы қол жетіп отырды. Осыдан барып ғылыми – техникалық прогрестің қарқыны мен қоғамдық еңбек өнімділігінің артуында кейіндеп қалушылық болды.
Дүниежүзілік өнеркәсіп өнімінің жетіден бір бөлігін өндіретін болса да,КСРО – ның халықаралық еңбек бөлінісіндегі, дүниежүзілік саудадағы алған орны тым қораш (3-4 пайыз) болатын. Елдің дүниежүзілік шаруашылықтағы үлес салмағы көп болуы оның жалпы дүниежүзілік экономикалық процестерге ықпалының жоғары болуына жеткізген жоқ. Одақта Орталықтан алыстауға ұмтылушылық және осыдан соң оның ыдырауы салдарынан жаңа мемлекеттердің көпшілігі дүниежүзілік экономикалық көріністе күңгірт тартып қазіргі дүние жүзінің алыптарымен ешқандай салыстыруға келмей қалды. Шаруашылық жүргізудің күні өткен түрлерінен мүлдем бас тартып, демонополизацияны, өнеркәсіптің құрылымдық қайта құрылуын жүзеге асырғанда ғана, кәсіпкерлік пен жеке меншіктің еркіндігі туралы заңдар қабылдағанда ғана бұл жаңа мемлекеттер дүниежүзілік экономикада лайықты орын алып, халықтың тұрмыс деңгейін көтере алады.
АҚШ, Батыс, Еуропа елдері және Жапония күштер үшбұрышындағы арасалмақ. АҚШ, Батыс Еуропа елдері және Жапония қазіргі дүние жүзіндегі өзінше бір үлгідегі үшбұрыш құрайды. Бұл орталықтар арасындағы арасалмақ соғыстан кейінгі кезеңде тұрақсыз болды. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда АҚШ- тың Батыс Еуропа мен Жапониядан басымдығы көрінеу айқын болды: капиталистік елдердің өнеркәсіп өндірісінде АҚШ – тың үлесі 1946 жылы 56 пайыз болды (80 –шы жылдардың аяғында 38 пайызға дейін төмендейді). Алайда бұдан соң батысеуропалық және жапондық орталықтардың позициясы едәуір күшейді.
Кейіннен АҚШ өзінің позициясын біршама нығайтқанымен (ұлттық экономиканы тереңінен қайта құру, ғылым мен техника жетістектері көп енгізілетін салаларды алға шығару арқылы), оның экономикалық басымдығы бәсеңсіп қалды.
Сонда да дүние жүзіндегі бірінші нөмірлі географиялық орталық АҚШ болып отыр. Бұл мемлекет дүниедегі экономикалық тіршіліктің қазіргі интернационализациялануы процесінде жаңа беталыстардың өзінше бір генераторы күйінде. Дүниежүзілік саудада бұрынғы позицияларынан айырылған АҚШ шетелге капитал шығару саласында сөзсіз алда келеді. Ол басқа көптеген салаларда да, соның ішінде ҒТР – ді жүзеге асыруда да алдыңғы орынды иеленіп отыр. Мысалы, ғылыми зерттеулерге АҚШ – тың жұмсайтын қаржысы батыс елдерінде осы мақсатқа жұмсалатын бүкіл қаржының жартысына жуығын құрайды. Электр энергиясын өндіру жөнінен ол үлкен жетілікке кіретін өзге елдердің барлығынан асып түседі, ал шығаратын электронды жабдықтардың құны жөнінен Жапонияны, Германияны, Ұлыбританияны, Францияны қоса алғандағы шамадан артық шығарады. Бұл елдің ғылыми лабораториялар мен зерттеу орталықтарын техникалық жарақтандыру жағынан және ғылымды өндіріспен ұштастыру түрлерінің сан алуандығы жөнінен теңдесі жоқ.
Экономикалық бәсекелестіктің екінші географиялық орталығы – Батыс Еуропа. АҚШ пен Жапониядан өзгеше батысеуропалық аймақ көпұлтты сипатта. Оның дүниежүзілік шаруашылықтағы жағдайы екі ұдай. Бір жағынан,ол дүниежүзілік экспортында оның үлес салмағы АҚШ- тың деңгейінен 2 есе асып түседі. Екінші жағынан, Батыс Еуропаның позициясы ғылым мен техника көп қолданылатын өнімнің дүниежүзілік өнеркәсіптік экспортта бәсең. Мұнда орташа технологиялық деңгейдегіөнім басым, ал АҚШ пен Жапонияның өнеркәсібі роборт жасау, икемді автоматтандырылған жүйелер, жаңа материалдар, биотехнология және т.б. рыноктарында үстем болып отыр.
Германия, Франция, Ұлыбритания және Италия секілді үлкен жетілік елдерімен қатар Батыс Еуропа аймағында шағын елдер: Швеция, Норвегия, Дания, Бельгия, Нидерланды, Швейцария және басқалары маңызды рол атқарады. Дүниежүзілік нарықтағы бәсекелік күресте олардың халықаралық еңбек бөлінісіне қатысуының ерекше түрі — өнімнің санаулы түрлеріне мамандануы қалыптасты. Бұл елдердің бірсыпырасы мол минерал ресурстары болмағандықтан дүниежүзілік нарықта неғұрлым қуатты елдердің монополиялары әлі иеленіп ала қоймаған бос қуыстарды іздеуге мәжбүр болды. Олар ғылымға көбірек қаржы жұмсалуын, біліктілігі мол кадрларды талап ететін, қымбат тұратындай өнімдер бере алатын салалар құрды. Бұл елдердің әрқайсысының ішкі рыногы тар болғандықтан бұл салалар, әрине бүкіл әлемге жұмыс істеуге тиіс болды. Бұлардың біразында экспорттың үлесі өндірілген өнімнің 40-50 пайызына жетіп отырғаны таңқаларлық нәрсе емес.
Нидерланды мен Швейцариядағы фармацевтика өнеркәсібі, Данияда сүт өнеркәсібі мен сыра қайнатуға қажет жабдықтар жасау (ол дүние жүзінде экспортқа сыраны ең көп шығаратын ел). Швейцарияда бүкіл дүние жүзіне мәлім сағат жасау және тағамдық концентраттар шығару осындай салалар болып отыр.
Шағын елдердің әр алуан қызмет түрлеріне мамандануы да тән сипат. Бұлар – қаржы саласындағы қызмет (Швейцарияның атақты банктері), көлік қызметі (бүкіл әлемнің ең ірі порты – Роттердам – еуропаның ішкі аудандарының сыртқы байланыстарына қызмет етеді). Бұл сондай –ақ халықаралық ұйымдарға орын – жай беру (Женевада БҰҰ – дың бірқатар комиссиялары бар және қарусыздану жөніндегі халықаралық келіссөздер өтеді. Брюссель Орталық рыноктың астанасы болып отыр.
Экономикалық күш – қуаттың үшінші бір орталығы – Жапонияның үлес салмағы АҚШ пен және Батыс Еуропамен салыстырғанда жұпынырақ. Алайда Жапонияның соғыстан кейінгі алғашқы ондаған жылдардағы экономикалық секірісі шын мәнінде ғажап. Ол дүниежүзілік банкир, қаржы супердержавасы болып алды. Бірқатар аса маңызды өнім түрлерін (болат, шойын, кемелер, синтетикалық талшықтар, телевизорлар, видеомагнитофондар және т.б.) шығару жөнінен Жапония АҚШ –тан басып озды. Оның шикізат импортына барынша тәуелді екенін ескергенде бұл елдің жетістіктері одан да бетер ғажап бола түседі.
Экономикалық күш – қуаттың үш орталығы бәсекелесумен қатар халықаралық аренадағы іс – қимылдарын үйлестіріп отыру жағына да күш салады.
Үш орталықтың экономикасына ортақ сипат бұлардың экономикасында монополиялардың әчіресе трансұлттық корпорациялардың үстемдігі болып табылады. Бұл корпорациялар дүние жүзінің аса ірі өнеркәсіптік монополиялары, олардың өз елдерінен тысқары филиалдары бар.
Өнеркәсібі дамыған елдердің қатарында бұрынғы британ доминиондары (британия империясында өзін -өзі басқаратын отар)Канада, Австралия, Жаңа зеландия, ОАР, сондай –ақ Израиль бар.
Бұл мемлекеттер әлеуметтік – экономикалық тұрғыдан кемел дамыған, дүниежүзілік саудада елеулі рөл атқарады. Бұлардың әрқайсысының шаруашылығы өзінше маманданған.