Көлік дегеніміз дүниежүзілік шаруашылықтың күрделі организміндегі қан тамырлары жүйесі. Ол мемлекет ішіндегі және халықаралық еңбек бөлінісінің материалдық негізі болып табылады. Аумағы өте кең елдер үшін көліктің дамытылуы ерекше маңызды. Аумақтың үлкен болуы көлік саласындағы құрылысқа көп қаржы жұмсалуына себеп болады.
Ғылыми – техникалық революция көліктің негізгі түрлерінің бәрін – автомобиль, темір жол, теңіз, өзен, әуежолдарын, құбыр желісін – түгел қамтыды. Жылдамдық қауырт артты, жүк көтергіштік көбейді, жылжымалы тасымал молайды. Осының бәрінің нәтижесінде толып жатқан көлік артерияларымен шырмалған дүние жүзі «сығылғандай» болып, қарым – қатынас оңайлайды. Бүгінде әуе жолдары тіпті Солтүстік полюстің өзін басып өтеді. Су астындағы теспе жолдар (тюннельдер) Жапон аралдарының бүкіл тізбегін жалғастырып қосты. Теңіздердің түбімен газ , мұнай құбырлары төселді, ал мұхиттар түбімен кабель тармақтары тартылды. Дүние жүзіінң электрлендірілген таңдаулы темір жолдарындағы жылдамдық бүгінде сағатына 200 километрге жақын және тіпті бұл шамадан асып түседі. (Жапония, франция, Германия, және т.б.). Жолаушы таситын теңіз лайнері Атлантиканы 3,5 -4 тәулікте кесіп өтеді, ал дыбыстан ұшқыр «Конкорд» ұшағы бұл аралықты 3,5 сағатта алады. 40-50 мың тонна жүк көтеретін танкерлердің орнына 200-500 мың тонна жүк тиеп алатын супертанкерлер шықты.
Дүние жүзінің әр түрлі елдері мен аймақтарының көлігінің өз ерекшеліктері бар, мұның өзі оның аумағының мөлшері мен игерілгендігіне, экономикасының қаншалық дамығандығына , халықаралық еңбек бөлінісіне қамтылу дәрежесіне байланысты. Мысалы, аумағы жағынан шағын көптеген елдерге ішкі әуе көлігін дамыту тиімді емес, өйткені олардың бір шетінен екінші шетіне автомобильмен санаулы сағатта –ақ жетуге болады. Ал АҚШ туралы бұлай деуге болмайды, өйткені жүк машинасы оның батыс шетінен шығыс шетіне жету үшін 3,5 тәулік бойы жүруі керек болады. Ресейдегі көлік маршруттары одан да бетер ұзақ: Мәскеу – Владивосток пойызы бұл аралыққа 7 тәулік бойы жүреді. Өнеркәсібі дамыған елдердің көлігі құрылымы жағынан өте күрделі және оларда электронды көлікті қоса, әдетте көліктің барлық негізгі түрлері болады. Бұл елдерде көліктің жаңа түрлері және ескі түрлерінің жетілдірілген нұсқалары кеңінен дамытылған, олар астында ауа жастығы бар су және жер үстімен жүретін көлік, аспалы жалғыз рельсті және аспалы жолдар , сусылма жүктерге арналған құбырлар және т.б. Кемел дамыған елдер көлік жұмысының барлық көрсеткіштері бойынша да, соның ішінде жүк айналымы мен жолаушы тасу жөнінен де алдыңғы орындарда келеді.
Әсіресе «үлкен жетілік» елдері: АҚШ. Жапония, Германия, франция, Ұлыбритания, Италия, Канада елдерінде көліктің дамытылуы өте биік деңгейде. Бұған таңдануға да болмайды, өйткені бұлар жүзеге асыратын құрлықаралық және мемлекетаралық шикізат , отын, дайын өнім тасымалдарының көлемі орасан зор. Бұл орайда саланың дамуы ол елдерде көліктің жекелеген түрлері , елдері, көлік тораптары арасындағы бір – бірімен өлшеусіз бәсекеге жағдаында жүреді. Мысалы, әуе көлігі Атлантика арқылы жолаушы тасымалын іс жүзінде түгелдей дерлік өздеріне алды, ал бұл аралықтағы ірі теңіз лайнерлері қазір бірен – саран ғана болуға айналды.
Шығыс Еуропа елдерінің және әсіресе Ресейдің көлігі жол желілерінің жиілігі жөнінен болсын, оның сапасы мен жүк айналымы жөнінен болсын Батыс Еуропа елдері мен АҚШ – тан көп артта. Сонымен қатар бұрынғы КСРО республикаларындағы темір жолдардағы жүк тасқыны АҚШ – тағыға қарағанда бірнеше есе артық , ал мұның қолайлы жағы да, қолайсыз жағы да бар.
Дамушы елдерде қазіргі заманға лайық көлік желісінің әзірге тек сұлбасы ғана жасалады, ал олардың көбінде көліктің ежелгі замнадардағы ескі түрлері малға теңдеп арту, мал жегіп тасу секілді амалдар көп қолданылады. Бұлардағы бар көлік түрлерінің техникалық деңгейі дамыған елдердегіден анағұрлым төмен. Бұл елдердің кейбіреулерінде темір жолдар мүлдем жоқ ( Ауғанстан, непал, Таяу Шығыстағы мұнай өндіретін кейбір елдер, Мұхит аралдары мен Кариб бассейні аралдарындағы кішкентай мемлекеттері). Теңіз жағаларындағы дамушы елдердің сыртқы байланыстарында бірді –екілі порттар ерекше рөл атқарады.
Көліктің барлық түрлерінің ішінде жүк айналымы жөнінен теңіз көлігі дүние жүзінде бірінші орын алады. Ол жүкті автомобиль көлігінен едәуір аз таситын болса да, мұның есесіне анағұрлым алыс аралықтарға тасиды.
Оның негізін автомобиль, темір жол және құбыр көлігі құрайды. Осының өзінде АҚШ – та автомобиль көлігі, ал Ресейде темір жол көлігі көрінеу басым. Көліктің бұл екі түрінің даму беталыстары да қарама –қайшы. Мысалы, Ресйде темір жол желісі едәуір ұлғайды. АҚШ – та ( сондай- ақ Ұлыбритания мен Германияда) автомобиль көлігінің бәсекелестігі себепті темір жол желісі едәуір қысқарады.
Темір жолдары ең ұзын ел – АҚШ , алайда жолдардың барынша жиілігі жөнінен Батыс еуропа елдері алда; мұнда 100 шаршы километрге 10 км – ден астам темір жол келеді.
Дамушы елдерде темір жолдар желісінің жиілігі анағұрлым аз. Осының өзінде көптеген жолдар өзара мүлдем байланыспайды және жол табанының ені әр түрлі ; мұның өзі ауданаралық және мемлекет аралық экономикалық байланыстарды қиындатады.
Дүние жүзінде автомобиль көлігі өте қауырт дамып келеді. Оның үлкен бір артықшылығы жүкті әкеліп бере алатындығында. 90 – шы жылдардың басында дүние жүзінің автомобиль паркінде шамамен 0,5 млрд. автомобиль болды, мұның 80 пайызы Батыстың дамыған елдерінде болған еді.
Соңғы жылдары құбыр желісі автомобиль көлігінен де гөрі қауырт дамыды. Дамыған елдердегі құбырлар мұнай мен газ өндірілетін аудандарды олар ұқсатылатын аудандармен жалғастырылады. Дамушы елдерде олар шикізат өндірілетін жерден теңіз порттарына жетеді, ол жерден мұнай көбіне ұқсатылмаған күйінде әкетіледі. Дүние жүзінде ең ұзын құбырлар Ресейде, Канада мен АҚШ – та тартылған.