Ұқсатушы өнеркәсіп салаларына металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, ағаш өңдеу, цемент, жеңіл, тамақ өнеркәсібі және басқа да көптеген салалар жатады. Бұлардың негізгі түрлерін қарастырайық.
Металлургия адамзатты конструкциялық материалдарымен – қара және түсті металдармен қамтамасыз етеді. Пластмассалардың бәсекелесуі күшейгеніне қарамастан, болат дүниежүзілік экономикада негізгі конструкциялық материал ретінде қалып отыр.
Дүниежүзілік болат өндірісі жыл сайын шамамен 800 млн. тонна мөлшерінде. Бұл орайда осы мөлшердің 80 пайызына жуығы дамыған елдердің, 20 пайызы дамушы елдердің үлесіне келеді. Болатты көп өндіретін елдер – Жапония (100 млн. тоннадан астам), АҚШ, Ресей, Украина, ҚХР, Германия.
Батыстың дамыған елдерінде қара металлургияның дамуының соңғы жылдарға тән ерекшелігі болатты өндіру мен тұтынудың азаюы болып табылады. Тосыннан қарағанда мұндай оғаш беталыстың үш себебі бар. Біріншіден, дүние жүзінде өнімге жұмсалатын металдың жалпы азаюының пргресті процесі жүріп жатыр. Екіншіден, металдарды пластмассалар пәрменді түрде ығыстыруда. Үшіншіден, қара металлургияның біразы онша таза өндіріс болмағандықтан, қазірден – ақ үшінші дүние елдеріне көшірілді.
Ресейде де өнім жасауға металдың жұмсалуын азайту бағыты көзделіп отыр. Алайда ондағы машина жасауда металл емес конструкциялық материалдардың үлесі АҚШ – тағыдан аз. Металл сынықтарын пайдалану деңгейі де төмен.
Соңғы жылдары дүниежүзілік темір руда базасының географиясы көп өзгерді. Дамушы елдерден келетін бай руданың пайдаланылуы (60 пайызына дейіні – темір) және жергілікті жұмыс күшінің арзан болуы Батыс Еуропаның темір рудасы бассейндерінің біразында өндірудің тоқтатылуына әкеліп тіреді.
Руда шикізатының негізгі экспортшылары – Бразилия, Үндістан, Либерия, Австралия, ОАР. Шығыс Еуропа елдеріне темір рудасын ең көп жіберетін ел – Ресей.
Импорттық руданың ағыл – тегіл әкелінуі батыс Еуропаның көптеген елдері мен Жапонияда теңіз жағасындағы металлургияны дамытты. Батыстың дамыған елдерінен АҚШ пен Германия ғана қара металлургияның ішкі орталықтары басым. АҚШ – та олар Ұлы көлдерге жақын орналасқан (Чикаго, Детройт, Янгстаун ауданы). Әйтсе де теңіз жағасындағы металлургия да дамып отыр (Атлант жағалауындағы Балтимор, Тынық мұхит жағалауындағы Лос – Анжелес маңы). Германияда Рур және Саар металлургия аудандары алда.
Шикізат пен кокс импортынан тәуелсіз лдерде (Ресей, Украина, Қытай, Қазақстан, т.б.) және темір рудасы базалары маңында не олардың арасында орналсқан. Металл өндірушілер арасында Польша да елеулі орын алады.
Қара металлургия дамушы елдерде шапшаң қарқынмен дамып келеді. Металды көп өндірушілер қатарына Бразилия (Франция мен Ұлыбританияның алдына шықты), Үндістан, Корея Республикасы және т.б. қосылды.
Дүние жүзінің түсті металлургиясы жылына 40 млн. тоннаға жуық әр түрлі металдар өндіреді. Бұл ең алдымен алюминий (17 млн. т.), ол қазіргі заманда алуан түрлі салаларда: автомобиль жасауда, жеңіл констуркциялық материалдар өндіруде және басқа да көптеген шаруашылық салаларында көп қолданылады.
Алюминий өнеркәсібі аумақтық жағынан бір – бірінен бөлінген өндірістік буындарын құралады. Бұлардың біріншісі – глинозем (алюминий тотығы) алу, мұның географиясы ішінара боксит өндіретін елдерге қарай ойысады. Энергия көп жұмсалатын екінші буын- алюминий өндіру – көбіне дамушы елдердегі арзан электр энергиясы көздеріне жақындауға бейім.
Боксит өндіретін негізгі елдер – Австралия, Гвинея, Ямайка, Ресей, Бразилия, глинозем өндіру жөнінен – Австралия, Ресей, АҚШ, Ямайка. Ал алюминий қорыту жөнінен алда келе жатқандар реті мүлдем басқаша: АҚШ, Жапония, Ресей, Канада, Германия. Бұл елдердің бәрінде өндіріс ірі ГЭС – тер аудандарында немесе қуатты шоғырланған. Жерде жүргізіледі.
Ауыр түсті металдрдың рудаларында металл өте аз болады. Мысалы, өндіретін рудадағы мыстың мөлшері 0,5 – тен 3,5 пайызға дейін, осының өзінде барған сайын жұтаң рудалар ұқсатылатын болды. Рудаларды байыту және қара мыс өндіру іс жүзінде руда өндіретін елдердің бәрінде ұйымдастырылатын себебі осы.
Мыс рудалары қорының дені Чилиде, АҚШ – та, Замбияда, Қазақстанда шоғырланған. Мысты тазартып қорытуға электр энергиясы көп кетеді, сондықтан қара мыстың біразы дамушы елдерге жіберіледі. Тазартылған мысты көп өндіретін елдер – АҚШ, Ресей, Жапония, Германия, Қазақстан.
Металды өндіруші елдер мен қорытушы елдер арасындағы айырым қорғасын қорытып шығаруда да көрінеді. Руда өндіру жөнінен мұнда Австралия, АҚШ, Канада, Қазақстан, Ресей, одаг әрі Перу, Мексика алдыңғы қатарда. Алайда металды көп қорытып шығарушы елдердің арасында дамушы елдер жоқ десе болғандай: АҚШ, Батыс Еуропа елдері, Ресей, Қазақстан.
Машина жасау дүние жүзілік өнеркәсіптің ең күрделі және көп тармақты саласы. Машиналар мен жабдықтарға, приборлар мен өндірістік мақсаттағы аспаптарға қоса бұл сала тұрмыс және мәдениет тұрғысындағы алуан түрлі бұйымдарды шығарады. Жасайтын бұйымдарына байланысты машина жасау энергеткалық, көлік, ауыл шаруашылығы машиналарын жасайтын, өнеркәсіптің көптеген салалары үшін тенологиялық жабдықтар жасайтын, станок жасайтын көптеген салалар болып бөлінеді.
Дүние жүзінің машина жасау саласының басты бір саласы – автомобиль жасау.
Қазіргі уақытта химия өнеркәсібі қай елдің болса да экономикасының қаншалық жаңғырғанын оның ғылыми – техникалық прогресс жетістіктерін пайдалануы қалай екенін айнытпай көрсететін индикатор болып табылады.