Тамақ өнеркәсібі орналасу сипаты жағынан «барлық жерде кездесетін» сала болып табылады. Оның кәсіпорындары күнделікті қажетті азык-түлік шығаратындықтан, адамдар тұрақты мекендейтін жерлердің бәрінде бар. Кез келген жерде оған қажетті шикізат — астық, картоп, көкөністер, жемістер, сүт т.б. міндетті түрде табылады.
Тамақ өнеркәсібі — тұтас салалар кешені. Тек біздің еліміздегі олардың саны 14. Оның орналасуына шешуші әсерін тигізетіндер — шикізат және тұтыну факторлары. Тамақ өнеркөсібінің жалпы алғанда барлық жерде орналасуына қарамастан, кейбір салаларының өзіндік орналасу ерекшеліктері бар. Материалды көп қажет ететін салаларында дайын өнім бірлігін шығаруға кететін шикізат шығыны үлкен. Мысалы, 1 т күнбағыс майын алуға 2-3 т күнбағыс дәні, ал май алуға — 5-5,5 т мақта дәні қажет. Ондай кәсіпорындарды көбінесе шикізат өндіретін аудандарда орналастырады.
Шикізат факторының әсерін көрсететін нақты мысалға — қант өнеркәсібі географиясын жатқызуға болады. Біздің елімізде «тәтті өнімді» дәстүрлі түрде қант қызылшасынан өндіреді. Қызылша алысқа тасымалдауға келмейді (қанттылығы жойылады). Оның 1 т өнім алуға кететін шығыны 7 т құрайды. Өндіріс көп энергия жұмсалуымен ерекшеленеді (көп энергия, бу қажет). Сонда да олар шикізат базаларына таяу орналасады. Қант дайындау технологиясы көптеген операциялардан тұрады.
Қызылшаны зауытта топырақтан тазартып, қабығын аршиды да жұқа (0,5-1 мм) етіп кеседі. Кесілген қызылшаны бірнеше рет қайталап ыстық сумен жуу арқылы қанты алынады. Алынған қант шырынын әк ерітіндісімен қоспалардан тазартып, күкіртті газбен түссіздендіреді. Тазартылған шырынды буландырады. Алынған тосапты сірне мен қантқа бөледі. Қантты жуып, қайтадан буға ұстағаннан кейін, ақ қант алынады. Онда әлі де қоспалар қалады. Оларды толық жою үшін қантты рафинадтап қайнатады да, қалыптарға құяды. Құйма қанттардың үлкен кесектерін ұсақ бөліктерге бөліп шақпақ қант жасайды.
Біздің елімізде 8 кант зауыты бар. Олар қызылша өсіретін облыстарда орналасқан, құмшекер шығарады . Таразда шақпақ қант еөндірісі бар. Бұл саладағы «бірінші скрипканы» «Қант орталығы» компаниясы ойнайды.
Қант шығару-маусымдық сала болып есептеледі, өйткені қызылшаны ұзақ сақтауға болмайды. Отандық шикізат аздық етеді, барлық зауыттар жұмыла іске кіріскенде ол 20—30 күнге ғана жетеді. Қымбат бағалы құрал-жабдықтар тұрып қалмас үшін, Бразилия және басқа елдерден қант қамысы шикізатын сатып алады. Одан Қазақстан қантының 9/10-ы алынады.
Шикізат базаларына май айыру өндірісі, яғни өсімдік майын алу бағытталып орналасады. Қуатты зауыттар күнбағыс өсірілетін (Өскемен), мақта мен мақсары өсірілетін (Шымкент) аймақтарда орналасқан. Алматы мен Ақтөбенің зауыттары негізінен тасымалданып әкелінген майды рафинадтайды. Өскемендегі май айыру өндірісі халуа шығарумен үйлестірілген.
Жеміс-көкөніс өнеркөсібі тез бұзылатын өнімдер — көкөніс, жеміс өңдеумен айналысады. Ол толығымен дерлік Қазақстанның оңтүстігінде, әсіресе, Алматы облысында орналасқан.
Шикізат көзіне бағытталатын салалардың ішінде балық өнеркәсібі ауыл шаруашылығымен тікелей байланыспағандықтан, ерекше сипатқа ие. Ол ірі көлдердің, су қоймалары мен өзендердің балық қорларын пайдаланады.
Балық аулаудан Каспий теңізі (Жайык өзенімен бірге) алда келеді, сонымен қатар Балқаш, Алакөл көлдері мен Бұқтырма су қоймасын да атауға болады. Еліміздегі балық аулаудың негізгі ауданы — Атырау облысы (ауланған балықтың 3/5-і). Ол бағалы бекіре тұқымдас балықтар түрін — бекіре, қорытпа, қызыл балық береді. Саланың басты кәсіпорны — «Атырау балық» АҢ (Балықшы с.)
Осы кәсіпорын ғана бекіре балықтарының уылдырығын өңдейді. Балқаштағы ескі кәсіпорын Балқаш балық ЖШС (Шашубай).
Тұтыну орындарына өндірістік өңдеуден өткен шикізатты пай-даланатын салалар таяу орналасады. Олардың өнімдері нашар сақталатын (торт, пирожный, басқа да кондитерлік өнімдер, нан) немесе жасалған шикізатынан тасымалдануы қиын болып келеді. Мысалы, 60 тонналық темір жол вагонына 55 т үн, ал макаронның 20 т ғана сыяды.
Нан пісіру көптеген елді мекендерде бар. Оның географиясы ха-лықтың орналасуымен сәйкес келеді. Шағын наубайханалар көп, бірақ ірі қалаларда үлкен нан зауыттары да жұмыс істейді. Кондитер өндірісінің де кеңістікте таралу «бейнесі» осыған ұқсайды. Қарапайым өнімдерді қалалар мен ірі селоларда шығарады. Технологиясы күрделірек болып келетін кәмпит, әсіресе шоколад кәмпиттерін шығару 5—6 орталықта ғана шоғырланған. Сала өнімінің 90% ға жуығын 5 компания — «Рахат» (Алматы, Шымкент), «Баян сүлу» (Қостанай), «Ақтөбе кондитер фабрикасы» (Ақ-төбе), «Қарағанды кәмпиттері» мен «Хамле» (Қаскелен.) шығарады.
Макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорндар тұтынушыларға бағыт-талып орналасқан. Бірақ кейде басқаша да болады. Жоғары сапалы шикізат қатты («макарондық») бидай өсірілетін ауданда орналасқан «Сұлтан» АҚ (Петропавл) ұн тарту макарон комбинаты елімізде ең таңдаулы өнім шығарады. Елдегі жалғыз Алматы шай фабрикасы Үндістан мен Шри-Ланкадан (цейлон шайы) әкелінетін шикізатты өңдеумен айналысады.
Тамақ индустриясының бір қатар салалары шикізатқа да, тұтынушыға да бағытталып жұмыс істейді. Ұн тартатын өнеркәсіптер астық өңдеумен айналысады. Ұнға қарағанда астықты тасымалдау жеңілірек. Соған байланысты, ұн тартатын кәсіпорындар тұтыну орталықтары ірі қалаларда да, бидай өсіретін жерлерде де орналасқан.
Сүт өнеркәсібінің бастапқы сатылары (пастерленген сүт, қаймақ, кілегей, айран шығару) тұтынушыға таяу орналасады. Оның соңғы сатылары, мысалы, май шайқау (мал майы және сары май дайындау) мен ірімшік жасау көп сүт алынатын жерлерде көбірек дамыған. Еліміздің ең «сүтті» аудандары — Солтүстік пен Оңтүстік (барлық сүттің 70%-ын береді). Бұл салалар бойынша олар өзара бірінші және екінші орындарды бөліседі. Егер Қазақстандағы негізгі «май шайқау» Оңтүстікте (әсіресе, Алматы) болса, «негізгі сыр жасаушы» — Солтүстік (Солтүстік Қазақстан облысы). Ет өнеркәсібінің орналасуы екі жақты болып келеді. Ет өнімдерін даярлау (шұжық, жіңішке шұжық (сосиска), орама, сүрленген шошқа еті т.б.) өнімді пайдаланатын орталықтарға «бекітілсе», ал ет консервілерін (бұқтырылған ет) өндірісі — шикізат көзіне таяу орналасады. Бірақ, көбінесе бұл өндірістер бір кәсіпорындарға -комбинаттарға біріктіріледі. Тұрғындарды қазіргі уақытта жас етпен қалалық және ауылдық («колхоз», «жасыл») базарлар қам-тамасыз етеді.