Географиялық орны. Бұл жазық Қазақстан жерінде Орал тауларында алтайға дейін ені 200-250 км жіңішке алапты алып жатыр. Ол оңтүстіктен солтүстікке қарай еңіс, яғни ылдилай береді. Оңтүстігінде Сарыарқамен шектеседі.
Жер бедері мен геологиялық құрылысы. Жазықтың оңтүстігіндегі биіктігі 200 м, солтүстігінде – 100 м. Солтүстік қазақ жазығы полеозойдың қатпарлы-жақпарлы тұғырының үстінде жатқан палеогеннің теңіз және неогеннің континенттік шөгінділерінен тұрады. Кайнозой эрасында теңіз тартылып, қазіргі жер бедері қалыптасқан. Жер беті біркелкі тегіс. Өзендері сирек. Сондықтанда көп тілімделмеген.Ондағы тұйық қазаншұңқырлар ғана ұшырасады. Олардың көбін тұзды көлдер алып жатыр. Кей жерлерде биіктігі 10-15 м-ге дейін көтерілетін жалдар кездеседе. Ішкі ерекшеліктеріне сәйкес Солтүстік Қазақ жазығының қазақстандық бөлігі төрт ауданға бөлінеді. Олар — Есілдің жазық орманды даласы, Тобыл-Обағанның жазық даласы, Есіл-Ертіс даласы Ертіс-Құлынды жазығы.
Есілдің жазық орманды даласы Есіл өзенінің екі жағын жағалай, Солтүстік Қазақстан облысының жерінде орналасқан. Бұл көлді жазық сазды жыныстардан түзілген, бетін континенттік, әсіресе өзен шөгінділері, палеогеннің жыныстары басқан. Жазықтықтың ең биік беті 130-140 м-ге же-теді. Онда көл көп, батпақты, тұзды қазаншұңқырлар да баршылық. Жер бетін шалғын, қара топырақты даланың өсімдіктері басқан. Ормандары негізінен қайың мен теректен тұрады.
Тобыл-Обағанның жазық даласы батысында Орал Сырты үстіртімен, оңтүстігінде Торғай қыратымен, шығысында Есілдің сол жақ жағалауымен, солтүстігінде орманды даламен шектеседі. Бұл да көлді жазық. Жер бетінің биіктігі оңтүстігінде 250 м. Солтүстікке қарай аласарады. Жазық саздардан түзілген. Оның бетін (неогеннің жөне плиоцен) жыныстары жапқан. Оның аумағында Үй, Есіл, Тоғызақ, Әйет, Тобыл, Обаған өзендері ағып өтеді. Тұщы көлдер аз. Оның ең үлкені — Құсмұрын көлі. Ал тұзды көлдер көп. Жері қара топырақты, шалғынды.
Есіл — Ертіс даласы Есіл — Қамысты орманды даласы мен Сарыарқаның, Павлодар облысының көлді жазығының ортасында жатыр. 100-120 м биіктегі беткейлер неоген саз балшықтарынан түзіліп, оның бетін палеоген дәуірінің құмдары мен балшықтары басқан. Батыс бөлігінде көл көп. Олардың көбі тұщы. Ең үлкені -Шағалалытеңіз көлі. Оған Шағалалы Өзені құяды. Тұзды көлдері де бар. Көкшетаудың солтүстік жағында жазық даланың бетінде ұзындығы 24 км, ені 0,5-1 км-ге, биіктігі 15 м-ге жететін үлкен жалды-қырқа жатыр.
Ертіс- Құлынды жазығы Павлодар облысының күңгірт қара қоңыр топырақты ауданын қамтиды. Ертіс Өзенінің жағалауы бірнеше террасадан тұрады. Бірінші (сортаң топырақты) және екінші террас өзен деңгейінен 4-6-дан 15-18 м-ге дейін биік келеді, жайылмасы өзеннің екі бетінде 20-25 км-ге дейін созылады. Үшінші террасаның биіктігі 28-32 м, негізінен сол жақ жағалауға орналасқан. Ол қатпарлы, ұсақ шоқылы өлкемен жалғасады. Бұл беткей ұсақ қиыршық, құмтасты болып келеді. Ал Ертістің оң жақ беткейі төртінші террасаны (биіктігі 40-45 м) құрайды. Ол құмайт топырақты аллювийлік жазық, желдің әрекетімен қалыптасқан. Онда қалың қарағай өседі. Ертістің сол жағасы мен аймақтың солтүстік-батыс бөлігінде көлдер мен көлтабандар бар. Олардың ең үлкені — Жалаулы, Шүрексор көлдері. Жағаның екінші, үшінші террасаларының қалыптасуы кезінде Ертіс осы көлге құйып, шығысқа қарай қайта ағып шыққан. Қазір бұл көлге Шідерті мен Өлеңті өзендері, Сілетітеңіз көліне Сілеті өзені құяды.
Пайдалы қазбалары. Солтүстік Қазақ жазығында пайдалы қазба байлықтары аз емес. Соколов-Сарыбай, Қашар кен орындарында темір рудасы өндіріледі. Рудный қаласында байыту комбинаты жұмыс істейді. Әйет, Лисаков кен орындарында никель мен көмірдің мол қоры табылған. Хромит, боксит, кобальт кендері барланған. Құрылыс материалдарының да қоры мол.
Климаты. Бұл өлкенің климаты континенттігімен көзге түседі. Орта Азияның ыстық ауасы еркін енеді. Жауын-шашынның 60%-ына жуығы (350 мм) жаз айларында жауады. Шілденің орташа температурасы 18°- 20°С, қаңтарда -17°-19°С. Арасында -30°-35°С-тық аязды күндер жиі болып тұрады. Қар қалың түседі, орташа қалыңдығы 30-50 см-ге жетеді.
Өзендері мен көлдері. Солтүстік Қазақ жазығының негізгі өзені — Ертіс. Обьтың сол саласы Қытайдағы Монғол Алтайының оңтүстік-батыс беткейіндегі мұздықтардан басталады. Ертіс өзенінің Солтүстік Қазақ жазығында ағысы баяу. Омбы қаласына дейінгі 1000 км-ден астам болігінде Ертіске бірде-бір сала құймайды. Тобыл өзені құятын тұстан бастап Ертістің суы молайып, өзен арнасы бірнеше тармаққа бөлінеді. Омбы қаласы тұсында өзен аңғарының ені 6-8 км болса, Тобылдан сағасына дейін онан да кеңейіп, 20-35 км-ге жетеді. Ертістің төменгі ағысындағы басты салалары: сол жағынан — Тобыл, Есіл, Вагай, Қоңды, оң жағынан — Омь, Тарта, Демьянка келіп құяды.
Есіл (Қазақстан жеріндегі ұзындығы 1700 км-ден астам) — Сарыарқаның солтүстігіндегі Нияз тауынан басталып, Ертіске құяды. Суы шаруашылыққа пайдаланылады. Қыста қатады. Көктемде қатты тасиды. Арнасынан шығып, жағалауында кең жайылымдар жасайды. Жағасында бас қаламыз Астана орналасқан.
Тобыл (Қазақстан жеріндегі ұзындығы — 800 км) оңтүстік Орал тауларынан басталып, Қазақстан жерін басып өтіп, Ертіске Ресей жерінде құяды. Суын шаруашылыққа пайдаланады.
Шағын өзендерден Үй, Тогызақ, Әйетп, Обаған, Шағалалы, Сілетпі, Өлеңтпі, ПІідертпі және т.б. жатады. Олардың көпшілігі қар суымен қоректенеді де, жазда құрғап қалады. Көктемде тасиды. Кейбірі Ертіске және оның салаларына құяды.
Бұл өлкеде Құсмұрын, Шағалалытеңіз, Сілетітеңіз, Қызылқақ, Теке және т.б. ұсақ көлдер көп. Олардың сулары ащы келеді.
Табиғат зоналары. Өсімдіктері мен жануарлары. Солтүстік Қазақ жазығы орманды дала мен дала зоналарына кіреді. Топырақ жамылғысы оңтүстік қара топырақ пенлесс тәріздес саздың үстіне түзілген күңгірт қызыл-қоңыр топырақтан, бозды, бетегелі шөптесін өсімдіктерден тұрады. Қарабас пен қылтықсыз арпабас, ашық жасыл шатыр гүлді сәбізшөп басқа гүлдер өседі. Өзен аңғарларындағы аллювийлі сор мен сортаң топырақта сор шөп, ылғалды шөптесін аралас қалың қамыс кездеседі. Орманды жерлер Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында таралған. Онда ауданы кішілеу, далалық орман типі басым. Қайың мен көктерек шоқ-шоқ боп өсіп тұрады.
Жануарлар дүниесі де орман мен дала зонасын мекендейтін жануарлар түрлеріне ұқсас. Бұлан, елік, қоян, қарсақ, дала күзені, қасқыр, түлкі мекендейді, көмірушілерден сұр тышқан, дала ала қоржыны, аламан, саршұнақ сияқты түрлер тараған. Тундра жануарларының түрлері (тундра ақ кекілігі, өгіз шағала) кездеседі. Өткен ғасырларда Ертіс, Есіл өзендері аңғарын құндыз жайлаған, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай ормандарында таяу араға дейін аю болған. Қазір олар жоқ, ауып кеткен. Соңғы жылдары бұландар мен Сібір еліктері де көзге сирек түседі. Өзендер мен көлдерде Солтүстік Америкадан әкелінген ондатр жерсіндірілген. Өлке сулы, нулы болғандыктан, құстар көп мекендейді. Су айдындарында аққу, қаз, үйрек, шағала ұшып-қонады. Далада тырна, дуадақ, бүркіт кездеседі, Орманды далаларда кәдімгі сарыторғай, қараторгай, шұбар шымшық сиякты еуропалық түрлер мен ақ құр, сұр құр, ақ тұмсық қарға, тоқылдақ, сұңқар, күйкентай және т.б. құстар ұя салады. Орман шетінде, далаларда бөдене, бұлдырық, безгелдек, шәукілдек ұшады. Қысқа карай сұр жөне ақ кекіліктер келеді.
Табиғаты әсем, аң-жануарларға бай өлкенің табиғи ландшафтысын сақтау мақсатында түрлі қорықтар мен ұлттық парктер ұйымдастырылған. Соның бірі — Наурызым қорығы. Бұл қорық 1959 жылы ұйымдастырылған. Қостанай облысының Наурызым ауданында орналасқан.
Солтүстік Қазақ жазығы республиканың егіншілік дамыған аймақтарына жатады. Оның бірқатар жері тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде игерілген. Бірақ даланың сусыз өлкесі үнемі мол өнім бере бермейді. Орманды даладан басқа жерінде ылғал аз. Жылдық ылғалдың тапшылығы, топырақтың желдің өсерімен құрғауы, шаңды борандар жел эрозиясын туғызуда. Бұл — ауданның жер байлығын сақтау үшін белгілі шаралар қолданудың қажеттігін меңзейді.