Каспий теңізі — Еуропа мен Азия аралығында орналасқан жер шарындағы ең үлкен тұйық көл. Үлкендігіне қарап, оны теңіз деп атайды. Аты XVI ғасырдың аяғында осы теңіз жағасында қоныстанған Каспий тайпаларына байланысты қалыптасқан. Грузияда Каспий қаласы қазір де бар. Сонымен бірге Гиркан (I ғасыр), Хазар (ІІ-Х ғасыр), Хвалын (Х-ХШ ғасыр) және т.б. тарихи атаулары бар. Олар соңғы үш мың жылдағы өмір сүрген халықтардың қойған аттары.
Каспий теңізі неоген дәуірінің аяғында жер қыртысының көтерілуінен Қара теңізден бөлінді. Бұл кезді Каспий теңізінің пайда болған уақыты деп есептеуге болады. Каспий теңізінің жалпы ауданы 376 мың км2. Оның беті теңіз деңгейінен 28 м төмен жатыр. Теңіз солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 км-ге созыла орналасқан. Теңіздің ендірек жері — 435 км, ал енсіз жері — 193 км. Каспий теңізінің жағалау сызығының ұзындығы — 7000 км. Оның суы 5 мемлекеттің жағалауын шайып жатыр. Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне 29% (2340 км), Ресейге — 16%, Әзербайжанға -20%, Түрікменстанға — 21%, Иран Ислам Республикасына -14% тиеді.
Каспий теңізіне 130-ға жуық өзендер мен ағынды сулар құяды. Олардың теңізге құятын жиынтық ағыны жылына орташа есеппен 300 км3. Осы мөлшердің 80%-ы Еділ өзенінің, 5%-ы — Жайықтың үлесіне тиеді. Ағынның 10-11%-ын Батыс жағалаудағы өзендер Терек, Сулак, Самур, Кура және т.б. береді. Қалған 4-5%-ы Иран жағалауы өзендерінен келеді. Шығыс жағалауларда тұракты ағын сулар жоқ. Каспий теңізі қазаншұңкырларының бедеріне қарай үшке бөлінген. Солтүстік бөлігінің шегі Маңқыстау түбегі бойымен өтеді. Ортаңғы бөлігі содан Апшерон түбегіне дейін созылған, қалған жері оңтүстік бөліктің үлесіне келеді. Солтүстік бөлігі таяз, көп жерінде 5 м-ден аспайды, ең терең жері 26 м, жалпы теңіз ауданының 24%-ын алады. Орталық Каспийдің орташа тереңдігі 200 м, ең терең жері 788 м, жалпы теңіз ауданының 36%-ын қамтиды. Оңтүстік бөлігінің орташа тереңдігі 345 м, ең терең жері 1025 м, теңіз ауданының 40%-ын, ал теңіз суының 66%-ын алып жатыр. Қазақстанға жататын солтүстік және орта бөлігінің солтүстігі анағұрлым тайыз болып келеді. Аралдар саны аз, жалпы ауданы 2045 км2. Қазақстан жерінде олардың 88%-ы орналасқан. Ең ірілері Төленді аралдар тобындағы (архипелаг) Кұлалы (73 км2) және Морской (65 км2) аралдары. Каспийге шығыс жақтан Маңқыстау, Түпкараған, Бозащы сияқты үлкен түбектер сұғына еніп жатыр, шығыс жағалауында шығанақтар да көбірек кездеседі. Олардың қатарында Маңқыстау мен Қазақ шығанақтары бар.
Теңіз екі климаттық белдеуде орналасқан. Солтүстігі қоңыржай континентті климатта, онтүстік батысы — құрғақ субтропиктер, шығысы Орта Азия шұғыл континентті климаттар арасында жатыр. Жазда Каспий тенізінің беті қатты қызады, температура барлық бөлігінде де бірдей: шілдеде орташа температура 24°-26°С. Қыста температура өзгеше. Солтүстігінде қысы аязды болып келеді. Қаңтар айының орташа температурасы -7-11°С. Орта бөлігінде 1°-5°С, ал оңтүстікте 8°-10°С. Қаңтардың ең төменгі температурасы -38°С-қа жетеді. Теніздің шығыс жағалауының қысы барлық ендікте де батыс жағалауға қарағанда суықтау келеді. Қыс айларында Каспий теңізінің тек солтүстік таяз бөлігі ғана қатады. Мұздың қалындығы 2 м-ге дейін жетеді. Судың жоғарғы қабаттарының қысқы температурасы солтүстігінде -1°-тан 0°-қа дейін, оңтүстігінде 10°-11°С-қа дейін жоғарылайды. Тамыз айында температура айдынның біркатар бөлігінде 24°С, ал оңтүстікте 28°С-қа дейін көтеріледі. Судың тұздылығы Солтүстік Каспийде құбылмалы, ал Еділ мен Жайық сағасына жакын жерде 0,2-2%о болса, орталық бөлігі 10-12%о-ге дейін көбейеді. Орталық және оңтүстік бөліктерінде тұз құрамы онша өзгермейді, әдетте 13-14%о болады.
Теңіз деңгейі үнемі өзгеріп тұрады. 1830-1929 жылдары 25,5 және 26,6 м көрсеткішінен айнымады. 1929 жылдан 1977 жылға дейін деңгейдің күрт төмендеуі (-29 м) байқалды. 1978 жылдан бастап Каспий қайта көтерілді, 1995 жылдың басында — 26,5 м-лік көрсеткішке жетті. Жағалауды теңіз суы қайта басты. Еділ сағасында 4-5 км, Жайық сағасында 6-12 км, Қаратон, Теңіз, Прорвада кен орындарының тұсында 35-45 км, Бозащы түбегінде 4-10 км жер су астында қалды. Теңіз суының қазіргі деңгейінің жоғарылауын климаттық жағдайға байланысты түсіндіреді. Каспий суының көтерілуі 45%-ы теңізге құятын өзендер, 16%-ы айдынға жауатын жауын-шашынның молаюы, 25%-ы теңіз үстінен булану мөлшерінің азаюы және 14%-ы Қарабұғазкөл шығанағына құйылатын суды шектеуге байланысты.
Теңізге құятын өзендер мен қоректік заттың мол тасымалдануына байланысты, Каспий теңізі балыққа бай, итбалық та көп кездеседі. Итбалық теңіздің бір кезде Солтүстік Мұзды мұхитпен байланыста болғанын көрсетеді. Балықтар мен итбалықтың үлкен кәсіптік маңызы бар. Ең бағалы балықтарға бекіре (бекіре, шокыр, қортпа) тұқымдастары жатады. Дүние жүзінде жыл сайын ауланатын бекіре тұқымдас балықтың 80%-ынан астамы Каспий теңізі үлесіне тиеді. Каспийде ауланатын бекіре тұқымдас балықтардың Қазақстан үлесіне 40%-ы тиеді. Каспийде өсімдіктердің 500 түрі, балық пен жануарлардың 769 түрі мекендейді. Мұнда балықтың 55 түрі кездеседі. Бағалы балық — қортпа (белуга) ұзындығы 6-7 м-ге, ал салмағы 1800 кг-ға дейін жетеді, 100 жылға дейін тіршілік етеді. Бекіренің (осетр) ұзындығы 2,3 м, салмағы 100 кг-ға дейін барады. Шоқырдың (севрюга) ұзындығы 2,2 м-ге, салмағы 40-80 кг-ға дейін жетеді. Каспийде олардан басқа сазан, көксерке, сыла, майшабақ, т.б. ауланады.
Каспий жағалауында қазіргі кезде құстардың 260 түрін кездестіруге болады. Тек Каспийдің шығыс жағалауында жыл сайын кәсіптік маңызы бар 2 млн құс қонақтайды. Кей жылдары суда жүзетін 3 млн-дай құс қыстап шығады.
Ақтау қаласында теңіз суын тұщыландыратын қуатты қондырғы орнатылған. Каспий теңізінің Актау порты заман талабына сай қайта жөнделіп, жабдықталды, теңіз айлағы кеңейтілді. Теңіз флоты құрылды. Басқа елдермен сауда карым-катынастар порт арқылы жүзеге асуда. Ұзындығы 150 м, биіктігі 10 м болатын ең үлкен «Астана» атты су кемесінің жылына 2 млн тонна құрғақ өнімдер мен 10 млн тонна мұнай және мұнай өнімдерін тасуға мүмкіншілігі бар. Теңіз жағалауында –Атырау,Форт-Шевченко,Ақтау, Құрық және т.б. қалалар орналасқан.