Жер бетіндегі ауа үздіксіз қозғалыста болады. Жылыған ауа жоғары көтеріліп, оның орнына салқын ауа темен түседі. Ауа бір жерден екінші жерге ауысып, салқын немесе жылу алып барады.
Жер бетіндегі ауаның горизонталь бағытта бір жерден екінші жерге ауысуын ж е л деп атайды.
Желдің пайда болуының негізгі себебі — ауа қысымының жер бетінде әркелкі таралуы. Жер бетінің кез келген бір бөлігінде қысым жоғарыласа, ол жердегі ауа қысымы төмен жаққа қарай ауыса бастайды, яғни жел соғады. Өз кезегінде қысым айырмасы жер бетінің әркелкі жылынуынан туады.
Жазғы аптапта тоғайдың шетіне барған адам ол жақтан салқын леп ескенін байкайды. Оған себеп күндіз өсімдігі аз, тақыр жердегі ауа тез қызатындықтан, жоғары көтеріліп, жан-жаққа тарайды да, ол жердегі ауа сиреп, қысым төмендейді. Оның есесіне тоғайдың үстіндегі ауа ашық жерге қарағанда азырақ қызатындықтан, тығыз болады. Ол жерде қысым жоғары . Енді жер бетіне таяу тұрған ауа қысымы жоғары жерден қысымы төмен жерге қарай қозғалады. Біз оны жел соғып тұр дейміз.
Жел көкжиектің қай жағынан соқса, сол бағыттың атымен аталады: солтүстік желі, солтүстік-батыс желі, шығыс желі, т.с.с. Желдің жылдамдығы (күші) түрліше болады. Оны секундына метр есебімен есептейді (қысқаша м/сек).
Желдің жылдамдығы мен бағытын ауа райын бақылайтын станцияларда желбағар (флюгер) деп аталатын құралмен анықтайды. Онда желдің бағытын жағалай еркін айналып тұратын айыр қанат жебе көрсетеді. Оның астында көкжиек тұстарына сәйкес келетін 8 көрсеткіш таяқша бар. Олардың біреуіне С (солтүстік) әрпі бекітілген. Желбағардың ұшар басына орнатылған қалақшаға қарап желдің жылдамдығын анықтайды. Жел күшейген сайын қалақша да тік доғаны бойлап, желбіреп көтеріле түседі. Доғаның бөліктері желдің белгілі бір жылдамдық мөлшеріне сәйкес келеді:
0-1 таяқшалардың арасы 1 м/сек, 1 таяқшаның тұсы 2 м/сек, 1-2 таяқшалардың арасы 3 м/сек, 2 таяқшаның тұсы 4 м/сек, т.с.с.
Желбағар биіктігі 10-12 м темір сырықтың басына орнатылады.
Желдің бағытын сырыққа байланған шүберектің көмегімен де анықтауға болады. Мұндайда көкжиек тұстарын ажырату үшін компас қолданылады.
Жер шарының кейбір аймақтарында тұрақты түрде жергілікті желдер соғып тұрады. Олардың ішінде негізгілері — бриздер мен муссондар.
Бриз (французша — жеңіл жел) — теңіз жағалауында соғатын жел. Құрлық пен судың үстіндегі ауа әр түрлі жылынуына байланысты бағытын тәулік ішінде 2 рет өзгертіп тұрады. Күндіз күн сәулесінен құрлық теңізге қарағанда тез және қатты жылынады. Соған сәйкес құрлық үстіндегі ауа да су бетіндегіге қарағанда көбірек жылынады. Жылы ауа жоғары көтеріліп жан-жаққа таралатындықтан сирейді. Сондықтан құрлык үстіндегі ауаның қысымы төмендейді. Судың үстіндегі салқын әрі тығыз ауа қысымы көп жақтан аз жаққа қарай ағылады, яғни жел соғады. Бұл — күндізгі бриз.
Түнде керісінше, құрлық суынады. Бұл кезде су күндізгі жылуын әлі бойында сақтайды. Құрлық үстіндегі ауа су бетіндегіге қарағанда салқын және тығыз болады. Ауа қысымы күндізгіге керісінше -құрлықтың үстінде жоғары, теңіздің үстінде төмен жағдайға келеді. Құрлықтан теңізге қарай түнгі бриз соғады.
Бриз желі жағалаудан құрлықтың және теңіздің ішіне қарай ондаған километрге барады. Ол ірі көлдердің жағасында да байқалады.
М у с с о н да — бриз сияқты құрлық пен теңіздің арасында тұрақты соғатын жел. Бірақ муссон желдері бағытын бриз сияқты тәулік ішінде емес, жыл ішінде ауыстырады (арабша муссон — маусым). Бұл желдердің бағыты қыс пен жазда құрлық пен теңіздің әр түрлі жылынуына байланысты өзгереді. Қыста құрлық қатты салқынадайды да, оның үстінде жоғары қысым орнайды. Бұл кезде теңіздің үстіндегі ауа жылы, қысымы төмен болады. Қысымның осындай таралуына сәйкес қыста құрлықтан теңізге карай суық әрі құрғақ жел соғады. Жазда керісінше құрлыққа қарағанда теңіздің үстінде қысым жоғары (неліктен?). Енді теңізден құрлыққа қарай ылғалды жел соғады.
Муссондар Еуразияның Тынық мұхитпен жапсарлас өңіріне тән.
Желдің жылдамдығы мен бағытын бақылау нәтижелерінің орташа айлық және орташа жылдық мөлшерін қорыту нәтижесінде карта және жел өрнегі сызылады. Жел өрнегі картаға түсіріледі немесе жеке сызылады. Ол желдің көкжиек тұстары бойынша қайталануын және басым бағытын көрнекі түрде көрсетеді.
Жел өрнегін алу үшін белгілі бір жердегі желдің белгілі бір уақыт ішінде (ай, маусым, жыл) түрлі бағыт бойынша қайталану кестесі алынады. Кестеде желдің әр бағыттан соққан күн саны немесе қайталану пайызы көрсетіледі.
Айталық, кез келген бір айдың жел кестесін сызу қажет болды делік. Ол үшін алдымен ай ішінде желдің қандай бағыттардан соққаны және неше күн соққаны есептеледі. Қағазға көкжиектің негізгі және аралық тұстары сызылады. Осы сызықтардың әрқай-сысының бойына таңдап алынған масштаб бойынша (мысалы, 1 күн-0,5 см) күн саны белгіленеді. Алынған нүктелердің бастары сызықпен косылады.
Адам желдің күшін өте ерте заманнан бері пайдаланып келеді. Жел айдаған желкенді кемелердің арқасында бүкіл Жер шарындағы құрлықтар мен мұхиттар ашылды. Желдің күшімен жел диірмендердің қалағы айналдырылды. Қазіргі кезде жел қозғағыштар жер астынан су тартады, электр қуатын өндіреді . Жел — сарқыл-майтын қуат көзі. Оны «көгілдір отын» деп босқа атамаған. Ғалымдар жел жыл сайын бүкіл дүние жүзінде жағылатын көмірден үш есе артық қуат бере алатынын есептеп шығарған. Жел — жер бетіндегі су айналымының негізгі қозғаушы күші. Мұхит бетінен көтерілген ылғалды құрлыққа жел айдап алып келеді.
Осымен бірге желдің зиянды өрекеті де жетерлік. Жер шарының түрлі аймақтарында жыл сайын көптеген сұрапыл апатты дауылдар өтіп жатады. Олар үйлерді қиратады, электр желілерін үзеді, жол қатынасын тоқтатады, су тасқынын тудырады, көптеген адамдардың өмірін қиып кетеді. Мұндай апаттардан сақтану үшін алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыру қажет.