Қазақ кеңес әдебиетінің бастауында С.Сейфуллин, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сынды ақын-жазушылар және т.б. тұрды. Әдебиетшілердің шығармалары бүкіл Кеңес Одағында да, одан тыс жерлерде де үлкен танымалдылыққа ие болды. Шығармаларда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, Отанға деген махаббат, ана тілі мен дәстүрді бағалау, патриоттық сезім жырланды, біздің ата-бабаларымыздың өмірі, өткен жылдар өмірінің қиын кезеңдері, революциялар, көтерілістер және басқа да тарихи оқиғалар көрініс тапты.
Қазақ кеңес әдебиетінің әйгілі өкілдерінің бірі Сәкен Сейфуллин (1894-1939)– қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын әрі жазушы, мемлекеттік қайраткер, Коммунистік большевиктер партиясының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының негізін салушы [1].
Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын 1914 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастары ұйымдастырған «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліске тілектес өлеңдерін жазған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен дәріс берген. Осы жылы «Асығып тез аттандық» өлеңін жазды. Кешікпей Ақмола қаласына ауысып, «Жас қазақ» революциялық ұйымын құрған. «Тіршілік» газетін шығаруға ат салысқан. 3 айлық педкурста мұғалім болған. 1917 жылы қарашада «Кел, жігіттер» өлеңін жазып, Қазан төңкерісін қуана қарсы алады. Осы жылы Ақмола Совдепінің президиум мүшелігіне сайланды.
Поэзиялық туындыларының ішінде Сәкеннің шығармашылық ерекшелігі мен идеялық-саяси ұстанымы бедерлі айғақтайтын туындылары –»Жұмыскерлерге», «Жолдастар» (саяси лирика), «Советстан», «Көкшетау», «Альбатрос», «Социалистан», «Қызыл ат» поэмалары, «Жер қазғандар», «Айша», «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» повестері мен «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық роман. С.Сейфуллиннің «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» драмалары өз заманының революциялық рухын танытатын елеулі шығармалар болып табылады. 1923 жыл Сәкеннің ұлт мүддесін тереңінен ойлайтын, әсіресе, ұлт тағдырының тіл тағдырына тікелей байланысты екенін, онсыз тәуелділіктің толыққанды болмайтынын терең түсініп, күреске бел байлаған кезі болды.
Сәкен қазақ тілін кеңсеге, яғни мемлекеттік мекемеге енгізбей елде тұтастық болмайтынын, көсегеміздің көгермейтінін айтып, тікелей іске кіріседі. Қазақ тілінің беделін көтермей, қазақтың беделі көтерілмейтінін уағыздай бастайды. 1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген мақаласын жариялайды. Жалпы тіл мүддесін қорғайтын 9 мақала жазған екен. Өзі басқарып отырған «Еңбекші қазақ» газетін тиімді пайдаланды. Сәкеннің ыждаһаттылығының арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті декрет қабылдаған. Сол бойынша кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болған.
Сәкен – қазақ маңдайына біткен біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына айрықша еңбек сіңірді. Бұл тұрғыдан келгенде, Сәкен – халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға [2].
Бейімбет Майлин (1894-1939)– қазақ кеңес жазушысы, драматург, қазақ кеңес әдебиетінің қалыптастырушылардың бірі. Жазушының балалық шағы кедейлік пен мұқтаждықта өтеді, сондықтан ол өз өлеңдерінде кедейлердің өмірі мен болашағы жайлы көптеп жазған.
Бейімбет Майлиннің шығармашылық жолы поэтикалық шығармалардан басталды. «Мұсылмандық белгісі», «Мұқтаждық», «Мал», «Байлық», «Жазғы кеш» өлеңдерінде Майлин өмір, әділетсіздік, еңбекші халықтың ауыр халі жайлы өз ойын берген [3, 369-370 б.].
«Қанды тұман» өлеңі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оқиғаларына арналған. Ақпан революциясына үлкен сенім арта отырып, «Далада», «Қазаққа» деген өлеңдер жазған. Майлиннің «Шұғаның белгісі», «Күлтай болыс», «Кедейдің теңдігі» және басқа шығармалары оқырмандар арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. Әсіресе Мырқымбайдың поэтикалық образы – бойына ұлттық мінез қырларын сіңірген қарапайым еңбекқор қазақ кедейінің образы оқырмандар назарынан кетпеді.
Бейімбет Майлиннің шығармашылық еңбекқорлығы таң қаларлықтай дәрежеде болды, ол 1923-1937 жылдар аралығында 55 кітап шығарған. 43 жыл ғана өмір сүріп, ол бірнеше роман, 10 повесть, 15 поэма, көп өлеңдер мен очерктер, фельетондар, 20 пьеса, либретто мен сценарийлер жазған. Бүкіл шығармашылық жолында ол жарқын болашақтың келетініне үлкен сеніммен қарады. Алайда, өз замандастарының көбі сияқты, ол да сталиндік репрессиялардың құрбаны болды.
1957 жылы Бейімбет Майлиннің жарқын аты қайтарылып, ақталды. Кітаптары оқырмандар ықыласына бөленіп, оларды қайта қуанта бастады. Қазақ әдебиетінің негізін салушы ретінде танылған Бейімбеттің есімі халық жадында мәңгі сақталмақ [3].
Қасым Аманжолов (1911-1955) – қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны, ұлттық әдебиетіміздің заңғар аспанындағы жарық жұлдызы, мәңгі сөнбес шамшырағы.
Қасым Аманжолов Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол шығармаларын 1931 жылдан бастап шығара бастады және бірнеше өлеңдер жинағы жарық көрді: «Дауыл», «Балбөбек», «Өлеңдер», «Нұрлы дүние» және т.б. Қ. Аманжолов әдебиетке келген кезінен бастап дарынды ақын ретінде танылды. Ол өз елінің өмірін жырлады, өз замандастарының батырлық істері мен рухани дүниесін, олардың Отан қорғау мен еңбек етудегі жігерлігі мен төзімділігін көрсетті. Ақын қаламынан он шақты поэма, өлеңдер мен пьесалар оқырман назарына ұсынылды. Ақын шығармашылығын ондағы лиризм мен романтика үшін, оптимизм мен патриотизм үшін сүйеді және бағалайды.
Сонымен қатар Қасым Аманжолов – көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол А.С. Пушкиннің көптеген өлеңдері мен «Полтава» поэмасын, М.Ю. Лермонтовтың «Маскарад» драмасын, А.Т. Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмасын, Байрон мен Т.Г. Шевченко шығармаларын қазақ тіліне зор шабытпен аударды .
Мұхтар Әуезов (1897-1961) – қазақтың ұлы жазушысы, драматург және ғалым, Лениндік сыйлықтың және бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлықтың лауреаты.
Әуезовтың алғашқы және ең ерте шығармасы қос ғашықтың трагедиялық тағдыры туралы ел аузындағы аңызға негізделген «Еңлік-Кебек» болды. Шығарманың сюжеті Шекспирдің «Ромео и Джульетта» пьесасындағы Монтекки мен Капулетти отбасылары арасындағы қастық туралы оқиғаға ұқсас [2, 10 б.].
ХХ ғасырдың басында ұлттық проза мен драматургия қалыптасу кезеңін басынан өткерді. Көркем әдебиетте халық ауыз әдебиетінің әсері айтарлықтай сезілді. Бұл сюжет пен композицияға, адам мінезін жасау тәсіліне әсер етпей қоймады. Сол кездегі жас жазушының прозасы ой тереңдігімен және психологизммен ерекшеленді. М. Әуезов ана тілінің бейнелеу мүмкіндіктерін кеңейтті. М. Әуезовтің 20-жылдардағы әңгімелері мен повестерінің басты тақырыбы – қарапайым адамның қайғы-қасіреті мен оған жабырқау күйін сипаттау ғана емес, сонымен қатар халықты рухани ояту, рухани қолдау. Майлинмен және Торайғыровпен салыстырғанда, М. Әуезов адамгершілік мәселесіне көптеп тоқталады.
Жазушы өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, тақырыпқа із салып, қыруар очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене ат салысып, көптеген мағыналы мақалалар жариялаған, баяндамалар жасаған, оқулықтар құраған, жоғары оқу орындарында дәріс беріп, теориялық білімін жетілдіріп отырған. Сөйте жүре, үлкен дарын өзінің шығармашылық асқарына апаратын Абай тақырыбына қалам тартады. Үлкен жұмыстың алғашқы қарлығашы болып «Татьянаның қырдағы әні» өмірге келеді. Бұдан кейін жазушы Абай образын кең аумақта алып, бірнеше жанрда бейнелеуге кіріседі. Сөйтіп, «Абай» трагедиясы туады. Бұл – ұлы ақынның образын сахнада тұңғыш бейнелеген шығарма болатын.
Ұзақ зерттеп, кең тыныспен кіріскен «Абай жолы» романдарын Мұхтар он бес жылға жуық жазады. Жазушының өзі айтқандай, «Абай» және «Абай жолы» романдарын жазу жазушының шығармашылық өміріндегі сүйікті ісіне айналады. Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осы бірлікті тарихи шындыққа сай асқан көркемдік шеберлікпен көрсету Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жеңісі еді. Сол жеңісіне сай ол туған халқының құрметіне бөленді, өз заманының ең жоғары сыйлықтары КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Лениндік сыйлықты иеленді [1].
Сәбит Мұқанов (1900-1973) – қазақ әдебиетінің классигі, ақын, қоғам қайраткері, академик.
Жалпы қазақ оқырманына кеңінен тараған «Адасқандар» романы, «Сұлушаш» дастаны, бірінен кейін бірі жарық көрген «Майға сәлем», «Сөз — Кеңестік армия» атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы, «Жұмбақ жалау» романы және осылар тәріздес толып жатқан шығармалары қазақ әдебиетінің дамуында ерекше рөл атқарады.
С. Мұқанов драматургия, сын, әдебиеттану салаларында ерекше еңбек етті. 200-ден астам әдеби сын мақалалар жазды. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды, әдебиет тарихы және ағартушы-демократтар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды, халық поэзиясының ірі өкілдері туралы толымды пікірлер айтты. Оның 1974 жылы жарық көрген «Халық мұрасы» деген тарихи этнографиялық шолуы халқымыздың мәдениеті, өнері, тілі, материалдық игіліктері жайында жазылған ерекше құнды зерттеу еңбек болды.
Сәбит Мұқанов қазақ прозасының дамуына зор үлес қосты. 20 жыл бойы әңгіме жанрында белсенді жұмыс істеп, ол терең лиризмге, ақиқаттылыққа, өндірістік мәселелерге қызығушылыққа толы, Отан қорғаушылардың рухани әлемін көрсетуге және тың игеру кезеңіндегі адамның шексіз мүмкіндіктері мен күш-жігерін бейнелеуге негізделген көптеген шығармалар легін жарыққа шығарды.
Жазушының шығармашылығында да, бүкіл қазақ прозасында да белгілі белес болған келелі туындысы кейіннен қайта өңделіп, «Ботакөз» деген атпен жарық көрген «Жұмбақ жалау» романы еді десек, оның саналы шығармашылық өмірін түгел дерлік қамтыған «Өмір мектебі» трилогиясы шын мәніндегі халық шежіресі болатын.
Ол халықтың арасынан шыққан халықтың сүйікті жазушысы болды. Оның қазақ мәдениетін өркендету саласында сіңірген зор еңбегі кезінде жоғары бағаланды.
Ғабиден Мұстафиннің (1902-1985)шығармашылығыкеңестік дәуір талантының тағдырын үлкен драматизммен сипаттады десек те болады. Бір жағынан, қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін ашық көріністермен, дәлелді оқиғалармен және алуан түрлі кейіпкерлермен көркемдеген бес романның авторы, екінші жағынан, идеологиялық та бар. Ертеректе жазылған шығармаларында («Ер Шойын», «Шағатайдың қулығы») Мұстафин 20-жылдары ауылдағы араздық пен қарама-қайшылықтардың әлеуметтік мәнін түсінуге ұмтылады. Жас жазушы әлемдік әдебиет гуманистерінің дәстүрімен зорлау мен қорлау көргендерге қолдау көрсетеді, өйткені ол мұндай өмірді кітаптан емес, шынайылықтан, басынан өткерген жайттардан көрді.
Осы жағынан алып қарасақ, жазушының «Ер Шойын» шығармасын ерекше атап өтуге болады. Ер Шойын деген жылқышының басына мұқтаждыққа толы тағдыр байланады. Оның бойында жылқышылар бастығы Қоржық тарапынан болған қорлықтан ауырлық пен шыдамдылық жылдан жылға жинала бастайды. Батырақ мұның бәрі бұлай болмау керектігін, бәрінің бір күні өзгеретіндігін жүрегімен сезеді. Біреулер қарсылық ой білдіріп жатты, енді біреулер әділетсіздікпен күресіп жатты. Ал жылқышы өмірінде ештеңе өзгерген жоқ: сол баяғы суық, баяғы ыстық, баяғы аштық күй. Алайда бір жайт Ер Шойынға қатты әсер етті. Қоржықтың сыбайластыр оның інісі Болатты жалған айыппен түрмеге отырғызады. Жылқышы осы кезде әрекет ету керектігін және әділетсіз жағдайлардың құрбаны болмау керектігін түсінеді.
1941 жылы Ғ. Мұстафиннің «Өмір мен өлім» деген шығармасы жарыққа шығып, кейін ол әйгілі «Қарағанды» романының шығуына негіз болады.
Осыдан кейін лек-легімен романдар мен повестер жарық көре бастайды: «Шығанақ Берсиев», «Миллионер», «Қарағанды» және «Дауылдан кейін». Жазушының «Миллионер» мен «Қарағанды» шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылған[2].
Кеңестік заманда еңбек еткен тағы бір қазақ жазушы – Ілияс Есенберлин (1915-1983). Жазушы өз халқының тарихын зерттеуге көп көңіл бөлді. Ғылыми монографияларды оқып үйренді, мұрағаттарға барды, түпкі деректемелерді тиянақты түрде зерделеді. Ол алғашқы тарихи романына мәлімет жинақтап, өңдеу жолында үздіксіз жұмыс істеп келді. Ал 1965 жылы, шамамен үш ай ішінде әйгілі трилогиясының алғашқы кітабын – «Қаһарды» жазды, ал кейінірек бүкіл трилогияны да аяқтап, оны «Көшпенділер» деген атпен атады. Өз Отаны мен халқының тағдыры үшін жаны ауырды, міне, осы сезім жазушының өз елінің тарихи өткеніне терең үңілуіне ықпал етті.
«Көшпенділер» трилогиясынан кейін «Алтын Орда», «Қатерлі өткел» сияқты тарихи шығармалар, «Алтын құс», «Жанталас» сынды заманауи тақырыптағы романдар жарық көрді.
Ілияс Есенберлиннің шығармалары көтерілетін мәселелер өзектілігімен және оларды шешудегі батылдықпен, кейіпкерлер бейнелілігімен ерекшеленеді. Ол өз туындыларында ертеректе айтылып кеткен таныс материалды жаңаша бере алды. Кейіпкерлерінің сөзімен біздің бай тарихымыз жайлы айтты, өзіміздің ұлттық дәрежемізге жетуге көмектесті.
Әнуар Әлімжанов (1930-1993) – кеңестік әрі қазақ жазушысы, әйгілі публицист, қоғам қайраткері. Жазушы бірқатар тарихи романдар жазды, кейін бұл романдар қазақ халқының мың жыл бұрынғы тарихы мен тағдырын сипаттайтын топтамаға біріктірілді. ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап, қазақ халқының қолына қару алып, жергілікті билік органдарына қарсы көтерілгендегі құқығын қорғайды («Махамбеттің жебесі» романы), сосын жазушы XVІІІ ғасырға, оның алғашқы ширегіне үңіліп, Қазақстан тарихының орыс халқының тағдырымен тоғысқан шақты суреттейді («Гонец»), бұдан кейін көне дәуірге, Х ғасырға қадам аттайды («Ұстаздың оралуы»). Циклдың соңғы, төртінші романында өткенді, қазіргі заманды және болашақты бір сюжетке біріктіруге тырысты («Дорога людей» романы). Әнуар Әлімжанов Азия мен Африка елдеріндегі азаттық қозғалыстар тақырыбында шебер қалам тартты, сол үшін ол ордендермен және медальдармен марапатталды [3, 675-б.].
Осылайша, қазақ әдебиетіндегі әр ақын, жазушы, драматург – ұлттық мүдде мен ұлттық мәселелер жан дүниесін тереңінен толғандырған тұлға.
Ұлттық интеллегенция өкілдерін ортақ патриоттық сезім, туған жерге деген махаббат, дәстүр мен тілге деген құрмет біріктіреді. Олар қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан төл әдебиетіміздің негізін салушылар болып табылады. Өз заманында қиындық көріп, әділетсіздікке, теңсіздікке душар болса да, олар халқының көркеюі мен игілігі үшін өз ойларын жүзеге асырудан тартынбады.