Теңіз кемелері саяхатқа шыққалы бері адам мұхит түбі туралы білімнің қажеттілігін түсінді. Сондықтаи мұхит тереңдігін өлшеу көптен бері жүргізіліп келеді.
Бұрын ол ұшына салмақты зат байланған, бойына м, см өлшемдері белгіленген арқанның немесе сымның көмегімен өлшенетін. Мұндай әдіс 50 м, әрі кеткенде 200 м-ге дейінгі тереңдікті ғана өлшеуге мүмкіндік беретін. Жағаға жақын жерде жүзу және портқа кіру үшін мұндай өлшемдер толығынан жетіп жататын. Бертін келе теңіздер меи мұхиттардың түпкі бедерін анықтау қажеттігі туды. Соған сәйкес тереңдік өлшеу құралдары бірте-бірте жетілдіріле түсті. Кеменің жүзу бағытында тереңдікті тез және үздіксіз өлшейтін құрал ойлап табылды. Ондай құрал эхолот деп аталады (эхо — жаңғырық).
Эхолот мұхит түбін зерттеуге кең жол ашты. Онымен өлшеу жұмыстары дыбыстың суда таралу жылдамдығына негізделген. Кемедегі құралдан мұхит түбіне қарай дыбыс жіберіледі. Дыбыс теңіз түбіне жеткен соң, одан жаңғырығы қайтадан құралға жетеді. Дыбыстың суда таралу жылдамдығы1 секундта 1500 м Соған қарай мұхит тереңдігі неше метр екенін есептеп білуге болады. Мысалы, кемеден берілген дыбыс 6 секундтан кейін жаңғырық түрінде қайтадан естілді делік. Сонда дыбыс теңіздің түбіне 3 сек-та жеткен болады. Демек, мұхиттың тереңдігі 4500 м болғаны.
Қазіргі кезде кеме жүзіп келе жатқан уақытта мұхит түбінің бедерін қағазға түсіріп отыратын құрал ойлап табылды. Сонымен бірге фототелекамералар арқылы мұхит түбі жайында керекті мәліметтер алуға болады. Мұхит түбін соңғы кезде жердің жасанды серіктері мен ғарыш кемелерінен зерттеу ісі кең қолданылып жүр.
Мұхит түбі бедерінің алуан түрлі екенін сендер білесіңдер. XX ғасырдың 2-жартысындағы зерттеулердің нәтижесінде барлық мұхиттардан мұхит ортасы жоталары деп аталатын су асты таулары ашылды.
Мұхит ортасы жоталарының шыңдары кейде су бетіне шығады. Мысалы, Тынық мұхиттағы Пасха, Атлант мұхитындағы Әулие Елена, Тристан-да-Кунъя аралдары осындай жоталардың үстінде жатады.
Ал оқшау таулар бүкіл Дүниежүзілік мұхит түбіне шашырай орналасқан. Олардың көбі — сөнген және сөнбеген жанартаулар. Олардың да біразы су бетінен жоғары көтеріліп, аралдар құрайды. Ал кейбіреулерінің су түбінде атқылаған лавасы мен күлі су ағындарымен таралып, мұхит түбіне шөгеді.
Мұхит түбінің ең үлкен бөлігі қ а з а нш ұ ң қ ы р л а р ғ а тиеді (картадан Тынық мұхиттағы Солтүстік-Батыс қазаншұңқырын және Үнді мұхитындағы Орталық қазаншұңқырды табыңдар). Қазан-шұңқырлардың бедері жазық болып келеді.
Мұхит қазаншұңқырларының бетін шөгінді жыныстар басып жатады. Олар — әр түрлі жәндіктердің сүйек-қаңкаларының қалдықтары немесе жанартау күлінің шөгіндісі. Мұхит түбіндегі шөгінділер өте баяу жиналады (шамамен 2 мың жылда — 1 см).
Мұхит жазықтарына материктік қайраң да жатады. Қайраң — материктің мұхитқа өтпелі, 200 м тереңдікке дейінгі бөлігі (картаны пайдаланып, олар қай материктің тұсында өте енді болып келетінін анықтаңдар).
Материктік қайраң негізінен шөгінді жыныстардан тұрады. Мұнда жағаға жақын жерде малта тас, содан кейін ірі және ұсақ құмдар, ақырында сазды түзетін ең ұсақ бөліктер шөгеді. Сонымен бірге материктік қайраңнан мұхитқа құятын өзен арнасының жалғасын да көруге болады.
Материктік қайраңнан мұхит түбіне ауысатын бөлігін материктік беткей дейді. Ол 200 м-ден 2800 м-ге дейінгі тереңдікте жатады. Материктік беткейдің бедері тілім-тілім болып келеді, еңістігі 5°-тан 40°-қа дейін жетуі ықтимал.
Мұхиттардың материктерге жапсарлас өңірінде түзу бағытта немесе доға тәрізді иілген ұзын және енсіз ойыстар -шұңғымалар (науалар) жатады. Олардың тереңдігі 5-11 км аралығында, ұзындығы 2000-4000 км-дей болады. Көлденең қимасының сырт пішіні V әрпіне ұқсайтын шұңғымалардың беткейлері өте тік болып келеді. Жер шарындағы ең терең (11022 м) шұңғыма – Мариан шұңғымасы (бұл шұңғыманың географиялық координатасын анықтап, ұзындығын өлшеңдер).